Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркінің бір бұтағы - Мажарлар

1862
Түркінің бір бұтағы  - Мажарлар  - e-history.kz
Атырау өңіріне қарасты Қызылқоға ауданы Миялы қорғанынан табылып отырған «темір сауытты» баһадүрдің қабірі қазақ ғалымдары ғана емес шетелдік зерттеушілердің үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Зерттеушілердің айтуынша, бұрын-соңды Қазақ даласы аумағында дәл мұндай асы құнды тарихи құндылық табылып көрмегенге ұқсайды. Табылып отырған адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі сауыттың жасалу үлгісі де өзгеше, бұрын-соңды еш жерде кездеспеген шеберлікпен, ерекше үлгіде жасалыпты. «Табылып отырған адамды «темір адам» деп атауымызға да болады. Соған қарағанда, жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таң қалдырғаны – темір сауыттың ұрланбай сақталғаны. Мұндай дүниелердің мыңдаған жылдар бойы ұрылардың тимей, сақталуы – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық әлі бірде-бір рет табылған жоқ», - дейді «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым Алтынбеков.

Басынан аяғына дейін өте ерекше үлгідегі темір сауытпен жабдықталған адам қаңқасының ұзындығы - 175 см. Ал табылған қабірдің ұзындығы – 2 м 40 см, ені - 80 см.

Сондай-ақ, мүрдемен бірге ұзындығы 1 метр болатын семсері, жебе ұштары мен қорамсағы, қорғану қалқаны, патера, ат әбзелдері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер табылған.

Қазіргі уақытта қазба және зерттеу жұмыстары Алтынбеков мырзаның басшылығымен жүргізіліп жатыр. Зерттеу тобының мәліметінше, табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алтын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұйымдардың бар екені анықталған.


Антропологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта мүрденің бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.

Басында айтып өткеніміздей өте сирек кездесетін тарихи жәдігерді зерттеу жұмыстарына басында айтып өткеніміздей, сонау Мажарстан елінен арнайы мамандар тобы келіп қосылып жатыр. Осы мақсатта Атырауға арнайы ат басын бұрған мамандар тобын Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы, Мажар-Тұран қорының президенті Андраш Жолт Бироның өзі бастап келіпті. Айтпақшы, бұл зерттеу тобында Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Жолт Бернерт пен Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің археологы, сарапшы-техник Норберт Гогош секілді ғалымдар бар екенін айта кету керек.


Андраш Жолт Бироның айтуынша, венгрлік мамандар табылған «темір сауытты» баһадүрдің бас сүйегіне антропологиялық және радиокорбондық зерттеулер жүргізіп, реконструкциялық мүсінін жасамақ екен.

«Қазақстан біз үшін екінші Атамекеніміз. Өйткені, бабаларымыз өз дәуіріне осы ұлы даладан қоныс аударды»,-деді Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Андраш Жолт Биро. Оның сөзінше, көшпенділер өркениеті адамзат үшін әлемдегі теңдессіз жетістіктердің бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол  «Біз сонау ғұн тайпаларынан бастап зерттеу жүргізіп келеміз, негізінен мажарлар мен қазақтардың араларында тарихи ұқсастықтар көп. Бес қаруын сайланған батырлардың өмір жолдары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды, мүмкіндік болса алда көптеген жұмыстар күтіп тұр деп ойлаймын»,- дейді Андраш Жолт Биро.

Иә, Мажар бауырлардың сонау Еуропаның төрінде жатса да Қазақ даласына бүйрегі бұрып тұратыны жайдан-жай болмаса керек. Өйткені, Мажарстан яғни Венгрия мемлекеті өздерін түрік жұртының бір бұтағы санайды. Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін «Мадиярлармыз» деп атайды. Ал мадиярлар қазіргі Венгрия аумағына ұлы даладан, яғни Алтай өңірінен қоныс аударып барған.

Тарихи деректерге сенсек, қазіргі мажарлар мекен етіп отырған Дунай жазығына көне қыпшақ тайпаларының алғашқы буыны ІХ ғасырларда барғанға ұқсайды. Яғни 895-896 жылдары қыпшақ жұртының бір тайпасының патшасы Арпадтың басшылығымен мажар халқының жеті бірдей тайпасы қазіргі Венгр даласына қоныс аударып келеді. Ұзамай жеті тайпа ынтымағы жарасқан үлкен елге айналып, Мадияр корольдығының негізін қалаған.

Кейін бұлардың қатарына ХІІІ ғасырда моңғол шап­қын­шы­лы­ғы салдарына күйрей жеңілген қыпшақ ханы Кө­тен келіп қосылады. Осылайша Карпат асып келген Көтен ханның артынан ере келген мырық мыңдай адам Мадияр корольдігінің айбынын одан сайын асқақтата түседі.


Мадияр королы Бэла ата жұрттан қоныс аударып келген қыпшақтарды туған бауырындай құшақ жая қарсы алған. Онымен тынбай ол өз ұлына Кө­тен ханның бой жетіп отырған қызын алып береді. Бұл екеуінің кіндігінен тараған Ласло деген ұлдары корол атанып мажарлар тарихын мүлдем жаңа сатыға көтереді.

Бэ­ланың немересі әрі Көтен ханның жиені Ласлоның тұсында Мадияр еліндегі   қыпшақтардың даңқы аспандайды. Қыпшақ тілі сарай тіліне айнала бас­тайды. Алайда, тегі түркі қыпшақтардың күшейіп кетуінен секем алған мадиярлар король Ласлоға у беріп өл­тіреді. Осылайша, мадиялар еліндегі қыпшақтардың ықпалы азая бастайды. Сонымен бірге қыпшақ тілі де қолданыстан шыға береді.  

Кейін Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрғаннан кейін бұл процесс тіптен жеделдеп кетеді. Ақыры Папа ІХ Иннокентий мажар қып­шақтарына арнайы манифес шығарып «киіз үйде тұруға, көшпелілер секілді көшіп-қонуға, Тәңірге сыйынуды доғарып, христиан дінін қабылдауға мәжбүрлі түрде көндіреді. Осылайша ғасырлар бойы үстемдік құрған қыпшақ тілі мен далалық, көшпелі мәдениет еуропалық дәстүрге бой ұсынады.

Бірақ соған қарамастан, ол жердегі қыпшақтар тілінен толықтай айырыла қоймады. Есесіне көшпелі дәстүрді, ділін, салт-дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келді. Мажарстанның тұрғылықты халқының біраз бөлігі өздерін «Мадиярлармыз» деп атағанымен өздерін еуропа аумағына  келген қыпшақ тайпаларының ұрпағы екенін мақтанышпен айтады.

Әрі олар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. Бүгінде мажар бауырлар үшін қазақ, қыпшақ, мажар, мадияр ұғымдары өзара үндес, синоним сөздер болып табылады. Бұақаралық ақпарат құралдарында да «шынтуайтына келгенде, мажар-қыпшақтар қазақтың ұрпағы» деген секілді көзге жас алдырарлық жылы пікірлер үнемі жарияланып жатады. «Мажарлар өздерін қазақтармен туыс халықпыз деп санайды.

«Мадиярлар – ғұндар мен қыпшақ текті түркілердің тұқымы. Мажарстан – Батыс ғұн мемлекетінің мұрагері. Біздің бабаларымыз да киіз үйде тұрған. Жылқы ұстау, киім-кешек, көшпелі мәдениетімізде де өте көп ұқсастықтар бар. Аталарымыз Еуропаға көшіп келгеннен кейін «бөгде мәдениеттің» ортасына келгенін түсініп, өз ата-салттары мен мәдени құндылықтарын сақтауға барынша тырысты. Әскери сайыс, садақ ату, қылыштасу, қамшы үйіру өнер түрлері ұлттық дәстүр деп саналады. Аталарымыз Еуропаға шығыстан келсе де, 1200 жыл бұрынғы тарихын, тiлiн, мәдениетiн жоғалтпаған, ешкiмге бодан болған емес» дейді белгілі антрополог, «Тұран-Мадияр» Халықаралық қорының президенті Биро Андраш Жолт мырза.


Биро Андраш демекші, ол екі халық арасындағы туыстық байланысты алғаш рет ғылыми негізде дәлелдей білген адам. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан ғылым академиясының академигi Оразақ Смағұлмен бірге Торғай жерінде тұратын мадиярлардың Венгрияда тұратын мажарлармен байланысы бар-жоғын анықтаған.  Біраз жылға созылған жұмыстарының нәтижесінде мадияр мен мажарлардың гендік жағынан өте жақын туыс екенін дәлелдеп шықты.

«Мажарстандағы мадиярлар мен Торғайдағы мадияр-қазақтардың арасында туысқандық байланыс бар ма, әлде бұл тек қана этнонимдiк ұқсастық па? Осы сұраққа жауап iздедiк. Сонымен, ғылыми экспедицияға шығатын болып келiстiк. Бұл ғылыми экспедицияға бiр жыл дайындалдық. 2006 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тұрғындарына, дәлiрек айтқанда, мадияр руынан шыққан ер-азаматтарға антропологиялық зерттеулер жүргiздiк. Олардың ДНК-сын Мажарстанның 2-3 генетикалық зертханасында зерттедiк. Одан бөлек Мажарстанның сот-сараптамалық орталығы да талдау жасады. Ата-тек бойынша берiлетiн у-хромосомаға генетикалық талдау жасадық. Өйткенi бұл хромосомадағы ақпарат мыңдаған жыл бойы өзгермейдi. Зерттеу нәтижесiн 44 халықпен, оның iшiнде славян, корей, Орталық Азия, Еуропаның өзге де халықтарымен салыстырдық. Нәтижесінде Торғайдағы ма­диярлар мен Мажарстан мажарларының генетикалық нәтижесi өте жақын екені анықталды», - дейді Биро Андраш.

Оның айтуынша,  Мажарстан ғалымдары Қазақстандағы Торғай аймағында ма­дияр руының бар екенiн сонау алпысыншы жылдары білген екен.  Осы мақсатта арнайы ғалымдар тобы құрылып Қазақстанға бiрнеше мәрте келiп, осы мадияр руын зерттеуге кiрiскен. Бiрақ мажарлардың шығу тегiн түркi елiмен байланыстыруға сол кездегі саяси жағдайларға байланысты жалғасын таба алмай аяқсыз қалыпты.

«Осылайша мажар мен мадияр руының туыстығын дәлелдеу мүмкін болмады. Біздің есебімізше, Торғайдағы мадиярлары 350 жыл шамасында Торғай бассейнiнде тұрған. Генеологиялық аңыздар­ға сүйенсек, олар Қаратау, Оң­түс­тiк аймақтарда өмiр сүрген. Мiне, осы антропологиялық-генетикалық зерттеулер олар расымен де оңтүстiкте тұрғанын, сол халықтың антропологиясына жақын екенiн көрсеттi. Жалпы, мадиярлар кезiнде үлкен аумақты мекендеп, көш­пелi халық болған. Кейiннен халықтың бiр бөлiгi Батысқа қарай қоныс аударса, бiр тобы сол­түстiк пен солтүстiк шығыста қалап қойған. Соңғы 20 жыл iшiнде антропология үлкен жетiстiктерге қол жеткiздi. Сөйтiп, мажарлардың түрiк халқымен туыс екенi ғылыми түрде дәлелдендi. Антропология мажарлар Х ғасырда Карпат бассейнiне қоныстанған кезде олардың бет-әлпетi түр-тұлғасы, бас сүйегiнiң өлшем­дерi түрiк халқына ұқсас болғанын көрсеттi. Тiптi лингвистикалық талдау жасайтын болсақ, барлық ғалымдар мажар тiлi алтай тобына жақын екенi анықталды.», - дейді «Тұран-Мадияр» Халықаралық қорының президенті Биро Андраш Жолт.

Мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірді ХІХ ғасырдың басынан бастап венгр ғалымдарының өздері айта бастады. 1835 жылы Шамуель Брашшаи атты венгр ғалымының «Қырғыз-қазақтар» атты зерттеу еңбегі жарық көргенін білеміз. Бұл расы керек мадияр ғалымдарының қазақ халқына деген құлшынысын күшейтіп жіберді. Нақтысын айтқанда, қазақ және мажар халықтарының туыстығы мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналып сала берді. Мәселен Дьердь Алмаши есімді ғалымдары 1900 жылы Қазақ жеріне кең көлемде саяхат жасап қайтты. Ұзамай жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты зерттеу кітабын жазып шығады. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағлұмат келтіреді.


ХХ ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі руларды, қазақтар мен мадиярлар (мажар) арасындағы туыстық байланыс жайында көлемді еңбек жазады.

Сол секілді осы саланың пайғамбары атанған Иштван Мандоки Қоңыр ағамыз да артына біршама құнды мұра қалдырып кетті. «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тіл­де­ріндегі тұрмыстық қолданыстағы бес жүз­ден аса сөз бен жер-су аттарының көне қыпшақ, қа­зіргі қазақ тілімен ұқсас­тығын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Мы­сал ретінде арқан, арпа, балта, алма, ұр­шық, қобыз, тезек, шанақ, ұнтақ, шолаққанжыға, пышақ секілді сөздерге тоқталады. Сол секілді Өте­міс, Тазлар, Шеңгелі, Жыланшық де­ген жер-су аттары да ұқсас болып шыққан. Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін қыпшақ тілінде сөйлеген.  Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің орталығындағы тарихи қаланың атауы Қарсақ деп аталуы да тегін болмаса керек.

Керек болса, мақал-мәтел­дері­не дейін ұқсастық бар: «Аттың төрт аяғы болса да сүрі­неді», «Аузы күйген сүтті де үрлеп іше­ді» секілді мәтелдер күнделікті пайдаланып жүрген мақалдарымызға ұқсайды.

Бүгінде кез-келген мажарлық өзінің түп-тегінің Орталық Азиядан шыққан­дығын жақсы біледі. Әсіресе, олардың бұл құлшынысы қазақтар мен мажарлардың генетикалық жағынан ұқсас екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген кейін тіптен артып барады деуге болады. Өздерінің тарихи отанын көруге келетін мажар бауырлардың да қарасы көбейді деуге болады. Осының арқасында мажарлық атқа мінер азаматтардың ұйымдастыруымен «Ат жалындағы тарихи сапар» аталатын дәстүрлі экспедиция өтіп келеді.

Венгрия, Хунгария немесе Мажар Республикасы деп аталатын бұл мемлекет дәл  Еуропаның орталығында жатыр. Халқының саны он миллионның үстінде. Оның 90 пайыздан астамы мажарлар. Яғни бір ұлтты мемлекет саналады. Мемлекеттік тілі – венгр (мадияр) тілі. Тағы бір айта кетерлігі, мажар бауырлар өздерін әлі күнге дейін қыпшақ немесе құмандар деп атап тiлi мен ділін, ата салтын көздерінің қарашығындай сақтап келе жатқан ұлттық мемлекет.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?