Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ басылымдарының негізін қалаған Ерғали Алдоңғаров

2492
Қазақ басылымдарының негізін қалаған Ерғали Алдоңғаров - e-history.kz

Қазақта жарқ етіп көрініп, тез сөнген қайраткерлер көп-ақ. Соның бірі қазақтың алғашқы журналистерінің бірі Ерғали Алдоңғаров еді. ХХ ғасыр басындағы ұлттық руханиятымыздың бастауы болған қазақ басылымдарында қызмет етті. Көптеген қазақ баспасөзінің өмірге келуіне сеп болды. Қай басылымда қызмет етсе де елдік мұратты көкседі. Өзі басшылық еткен басылымдардан Алаш арыстарының отты мақалаларына орын берді.

ДРАМА ҮЙІРМЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Ерғали Баймұхамедұлы 1901 жылы Қостанай облысының Шұбартеңіз ауылында дүниеге келді. 1910-1916 жылдары Тройцкідегі алты жылдық орыс мектебінде оқыды. Кейін Челябідегі реалдық училищеге қабылданды. Училище қабырғасында оқи жүріп түрлі қоғамдық істердің ұйытқысы болды. «Балапан» атты қабырға газетін шығарды. Ерғалидың жазу-сызуға деген осы құштарлығы оны қарымды журналист болуға жетеледі. 

Ерғали алғашқы қызметін педагогикалық саладан бастады. Қостанай уезінің халық ағарту бөлімінде қызмет істеді. 1918-1920 жылдары Орынбордағы қазақ интернатының директоры болды. Осы кездері өнер-білімге құмар қолы қысқа қазақ жастарының түрлі саяси науқандарға қатысуына жәрдемдесті. Кедей және жетім балалардың білім алып, тәрбие көруіне қолдау танытты. Сондай-ақ драма үйірмесін ұйымдастырды.

Сәбит Мұқанов естелігінде Ерғалимен 1922 жылы танысқанын айта келіп: «Бұл жігіттің естен қалмайтын екі қылығы бар еді: бірі – өте ұшқыр қаламгерлігі, екіншісі – мәдениет жұмыстарына, әсіресе театры жоқ Қазақстанда спектакльдер және сауық кештер ұйымдастырудағы өте белсенділігі мен шеберлігі» деп атап өтеді. Шынында Ерғали бастаған ел жанашырлары сол кездегі астана Орынборда мәдениетке бейім жастардың басын қосып, драма үйірмесін ұйымдастырды. Бейімбет Майлиннің «Бетім-ау, құдағи ғой!», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» секілді бірқатар пьесаларды көрсете бастады. Спектакльдердің бірінде сол кездегі техникум студенті кейінгі атақты артист Серке Қожамқұлов ойнаса, енді бірінде Ерғали Алдоңғаровтың өзі ойнаған екен. 

Сәбит Мұқанов бұл жайлы: «Бір сәтте осы мектеп Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына» аталатын пьесасын көрсетті. Сонда пьесаның басты рөлі Ержанды – Ерғали Алдоңғаров, Ержанның сүйіктісі Мүсілиманың рөлін Ерғалидың туған қарындасы Сақып атқарды. Осы ойынды көргендер мына екеуінің де болашағы зор, талантты артистер шығады екен деп тарасты. Солай болуы мүмкін де сияқты еді, егер 1923 жылы Сақып, 1930 жылы Ерғали сырқаттан қаза таппаса. Бірақ өзі өлгенмен, өнерпаз Ерғалидың есімі өлген жоқ. Ол өте көркем дауысты әнші болатын еді» дейді (С.Мұқанов, «Жалынды жастар», «Лениншіл жас» газеті, 25 тамыз 1970 жыл).

КӨРКЕМ ДАУЫСТЫ ӘНШІ ЕДІ 

Рас, Сәбең жазғандай, Ерғали Алдоңғаров талантты актер ғана емес, елді аузына қаратқан көркем дауысты әнші де болды. Әсілінде Ерғалидің әкесі Баймағамбет те өнерсүйгіш адам болған екен. Қойшы-қолаңдардың басы қосыла қалған кезде Баймағамбет үйіне жиналып, ән салдырады екен. Сол секілді Баймағамбет баласы Ерғалидың бойында да әнге деген құмарлық жас кезінен қалыптасты. Ерғали қазақ халқының мың бір әнін жинап, нотаға түсірген Александр Затаевичпен достық байланыста болды. Оның Затаевичті ел ішіндегі әнші-күйшілермен таныстырып, көптеген әндерді бірге жинасқаны айтылады. Сара Есова естелігінде: «Орынборда болған күндерімнің ішінде мен көптеген партия, совет қызметкерлерімен, мәдениет қайраткерлерімен таныстым. Бұлардың басым көпшілігі 19-24 шамасындағы жастар болушы еді, сондықтан да ән салып, өлең айтуға қашанда уақыт табушы едік. Алма Оразбаева мен Ерғали Алдоңғаров жастар кешінің гүлі болатын» деп жазды («Қазақстан азамат соғысының от-жалынында», Қазақ мемлекет баспасы, 1960 жыл). Тағы бір естелігінде Сара Есова 1921 жылы Орынборда Ерғали Алдоңғаровтың үйiнде бір топ жастар (Ғани Мұратбаев, Ерғали Алдоңғаров, Алма Оразбаева, Мәдина Оразбаева, Сара Есова т.б) жиналып, Затаевичке қазақ әндерін шырқағандарын атап өтеді.

Ерғали Алдоңғаровтың Ауыл ұйымдарына жолбасшы кітабы.JPG

Дегенмен Ерғали Алдоңғаровтың атын шығарған актерлігі, әншілігі, тіпті мұғалімдік қыры да емес, журналистік қызметі болатын. Ерғали журналистикадағы жолын 1921 жылы «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінен бастады. Темірбек Жүргенов, Әбдірахман Байділдәұлымен бірге «Еңбекшіл қазақ» газетінің жұмысын ұйымдастырды. Газеттің 1924 жылғы қараша айындағы санында басқарма атынан «Еңбекшіл қазақтың өзегі» деген мақала жарияланып, «Еңбекшіл қазақты» аяғынан тұрғызып... не қиыншылыққа шыдап, басқарманың бар жұмысын мойындарымен сүйреп, қызмет істеген, 21-22 жылғы «Еңбекшіл қазақтың» өзегі мына төмендегі үш жолдас еді» деп үшеуінің осы еңбегін ерекше атап өтіп, суреттерін басқан екен. 

ЖАСТАР БАСЫЛЫМДАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ 

Ерғалидың тағы бір ерекше қызметі – жастар жұмысына белсене араласып, комсомол топтарын ұйымдастырды. Қазақстан комсомолын құруға белсене кірісіп, 18 жасында Республикалық Жастар одағының Қазақ бюросының мүшесі болды, бюроның баспа бөлімін басқарды.

1921 жылдың қыркүйегінде Орынбордан «Қызыл Қазақстан» журналы (қазіргі «Ақиқат») жарыққа шықты. Ерғали Алдоңғаров осы журналдың іргесін қалап, айтарлықтай ізін қалдырды. Журналда қазақ халқының сол дәуірдегі тәлейлі тағдыры жазылды. Аштық жылдарында «Қызыл Қазақстанда» «Аштық бөлімі» деген арнайы айдар болды. Алаш қаламгерлері сол кездің ащы шындығын журналда ашық жариялап, жұртшылықты аш-жалаңаштарға жәрдем беруге шақырды.

Дәл осы жылы комсомол ұйымы Ерғалиды жастар газетін ұйымдастыру үшін Ташкентке жіберді. Сөйтіп жастардың басылымы «Жас қайрат» газетін шығарды. Темірбек Қожекеев бұл жайлы: «1921 жылы облыстық комсомол комитеті бюросының мүшелігіне сайланып, жастар мен балалар баспасөзін дамытуға кірісті. Артынша комсомол орындары оны Түркістан жастарының «Жас Алаштан» кейінгі органы «Жас қайрат» газетіне редактор етіп жіберді. Ташкентте комсомолдардың жігерлі жетекшісі Ғ.Мұратбаевпен танысып, онымен тізе қосып еңбек етті. Газет бетінде жастарды, пионерлерді жаңа салт-сана рухында тәрбиелеуге, оларға ғылым, техника, өнер-білім жаңалықтарынан мағлұмат беруге күш салды. «Жас қайрат» газетінің жұмысын жолға қойғаннан кейін, Ерғалиды Орынборға қайта алдырып, «Жас қазақ» журналын шығаруды тапсырады. 1924 жылдың февралінен «Еңбекші қазақтың» төртінші беті аптасына бір рет шығатын жастардың бетіне айналдырды. «Лениншіл жас» деп аталған осы беттің де редакторы Е.Алдоңғаров болды» деп жазады (Т.Қожекеев, «Жұлдыздай аққан жыр ғұмыр», «Пионер» журналы, №1, 1988 жыл). 

Осы жерде нақтылай кететін бір нәрсе: негізін Ғани Мұратбаев қалған советтік алғашқы жастар баспасөзі «Жас Алаш» газеті 1921 жылдың наурызында жарыққа шықты. Алайда газеттің «Алаш» атауына үрке қараған совет өкіметі түрлі желеумен «Жас Алаш» газетін жауып тастады. Сөйтіп 1922 жылдың қыркүйегінен бастап оның орнына Түркістаннан «Жас қайрат» газеті шыға бастады. Атауы өзгерген жаңа басылымға Ерғали Алдоңғаров редакторлық етті. 1924 жылы газет «Жас қайрат» журналына айналды. 

Бұдан бөлек 1923 жылдың қазанында Орынбордан «Жас қазақ» журналы шықты. Осы журналдың да алғашқы шығарушысы Ерғали Алдоңғаров еді. Смағұл Сәдуақасов бұл кезде журналдың редакция құрамында болды. Ерғали басылым бетінде жастармен жұмысты жетілдіріп, оларды өнер-білімге баулыды. 

Пионер журналының алғашқы сандары.jpg

1924 жылдың ақпанында «Еңбекші қазақ» газеті ішінен «Лениншіл жас» арнаулы беті ашылды. 1925 жылы Түркістан құрамындағы Сырдария, Жетісу губерниялары Қазақ АССР-іне қосылуына байланысты «Еңбекші қазақтың» «Лениншіл жас» беті жеке газетке айналып, оған «Жас қайрат» пен «Жас қазақ» журналдары қосылды. Жастардың жаңа басылымы «Лениншіл жастың» да алғашқы редакторы Ерғали Алдоңғаров болды. 

«АҚ ЖЕЛКЕННІҢ» АЛҒАШҚЫ РЕДАКТОРЫ

1925 жылы Ерғалидің тікелей атсалысуымен Қазақстан пионерлерінің төл басылымы – «Пионер» журналының (қазіргі «Ақ желкен» журналы) алғашқы саны жарық көрді. Журналдың алғашқы нөмірі Ерғалидың беташар мақаласымен ашылды. Ол мақаласында жаңа басылымның мақсат-мұратын түсіндіре келіп, жас жеткіншектерді өз міндетін орындай алатын етіп тәрбиелеу қажеттігін, сол тәрбие құралы жастар әдебиеті, жастар баспасөзі екенін атап өтті. «Неше жүз жылдар ұдайы ел-жұрт атанып, өмір сүрген қазақ елінің тарихында жаңа ізін түсірген, тағы да алға басқан бір қадамымыз – осы балалар әдебиетін («Пионер» атты журналды) жарыққа шығарып отырғандығымыз. Өзінше басқа ұйым болып, өртең шөптей қаулап, көбейіп келе жатқан пионерге бұл журналдың шығып отырған уақыты – нағыз дәл уақыт» деп жазды (Е.Алдоңғаров, «Тарихтың жаңа бетін аштық», «Пионер» журналы, №1, 1925 жыл). Ол «Пионер» журналын балалардың өзін-өзін тәрбиелеуіне, үлкендерге жәрдем беруіне, мектеп мәдениетін сақтауына жәрдемдесетін пайдалы басылымға айналдырды.

Ерғали Алдоңғаров өзі қызмет еткен басылымдарда түрлі түйткілді тақырыптарды көтерді. Бейсенбай Кенжебаевтың жазуынша, жиырмасыншы жылдары өзі шығарып тұрған газет, журналдарда болсын, басқа партия, совет баспасөздерінде болсын, Ерғалидың мақала, очерктері үнемі шығып тұрған. «Оларда Ерғали түрлі саяси, шаруашылық, мәдениет мәселелерін қозғайтын, әдебиетті, жастардың мінез-қылығы, міндеті, іс-әрекеті туралы сөз ететін осының бәрін ол партиялық жөнмен, жастарды коммунизм рухында тәрбиелеу тұрғысынан баяндайтын. Ерғали мақала, очерктермен қатар фельетон, көркем әңгімелер де жазатын. Оның әңгіме, фельеотондары да көбінше жастар, пионерлер туралы, солардың тәлім-тәрбиесі, мінез-қылығы, іс-әрекеті, міндеті туралы болып келетін» (Б.Кенжебаев, «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті», Алматы, 1961 жыл). 

29 ЖАСЫНДА ДҮНИЕ САЛДЫ

Ерғалидың газет-журналдарда жарияланған мақалаларынан бөлек бірнеше кітабы жарық көрді. 1922 жылы Ташкенттен «Ауыл ұйымдарына жолбасшы», 1926 жылы Алматыдан «Тілшілер құралы» жинақтары шықты. Осы еңбектері арқылы Ерғали қазақ жастарын әдебиет пен өнерге баулып, баспасөз ісіне атсалысуға шақырды. Бүгінде ол еңбектер Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы тұр. 

1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясы жаңа астана Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) ауысты. Бұл уақытта «Еңбекші қазақтың» редакторы Смағұл Сәдуақасов болатын. Ерғали осы кезде бұрын өзі қызмет істеген «Еңбекші қазақ» газетіне қайта оралды. Өкінішке қарай баспасөз саласындағы тынымсыз еңбегі Ерғалиды ауыр дертке шалдықтырды. 1928 жылдан бастап жабысқан өкпе ауруы уақыт санап асқына берді. Ақыры емге көнбеген ауыр дерт қаламгерді 1930 жылдың мамырында, небәрі 29 жасында қайтпас сапарға алып тынды. 

Келер 2021 жылы қаншама қазақ басылымдарының негізін қалаған Ерғали Алдоңғаровтың туғанына 120 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай жоғарыда аталған жинақтарын, өзі құрып, қызмет еткен басылымдарында жарияланған мақалаларын, түрлі бүркеншік аттармен жарық көріп, жұртшылық жылы қабылдаған әдеби шығармаларын жүйелеп-жинақтап шығарып, кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?