Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Зингер» қазақ даласына қашан келді?

1883
«Зингер» қазақ даласына қашан келді?    - e-history.kz

Қайбір жылы интернет дүкендерінде «Зингер» тігін машинасының бағасы аспандап кетті. Неге дейсіз ғой? Оның инесі аса бағалы металдан, тағы бір құрылғысы палладийден жасалған деген қауесет тарады.

Сол-ақ екен 1917 жылға дейін шыққан «Зингерді» жұрт жер-көктен іздеді. Бұл тігін машинасы туралы жалпы не білеміз? Ол қазақ жеріне қалай келді? Әлихан Бөкейхан «Зингерді» не үшін қазаққа үлгі қылды? Шерхан Мұртаза шығармаларында неге «Зингерді» қайта-қайта еске алады? Осы сұрақтарға жауап іздедік...

 ПАРИЖДЕГІ ЕХРО КӨРМЕСІ

Әсілінде алғашқы тігін машинасының жобасын XV ғасырда Леонардо да Винчи ойлап тапқан. Алайда 1845 жылы америкалық өнертапқыш Элиос Хант қарапайым тігін машинасын өмірге әкелді.1850 жылдары тағы бір америкалық Исаак Зингер Ханттың машинасын жетілдіріп заманауи тігін машинасын жасап шығарды. Ол 1851 жылы сатушыларымен келісімшартқа отырып, тігін машиналарын франшиза арқылы сатуды қолға алды. Қазіргі бизнес әлемінде жиі айтылатын франчайзингтің (белгілі бір компаниямен келісімшартқа отыру арқылы оның тауарын сату) негізін қалаған осы Исаак Зингер болатын. Ол франчайзингтен бөлек тауардың ақысын бөліп қайтару мүмкіндігін жолға қойды. 1870 жылы «Зингер» фирмасы ашылып, тігін машиналарының сатылымы ұлғайды.

«Зингердің» атағының аспандауына 1878 жылғы Париждегі ЕХРО көрмесі де әсер еткен секілді. Себебі дәл осы көрме кезінде сол уақыттағы техниканың озық жетістігі ретінде «Зингер» фирмасы шығарған іс тігетін машиналар көрсетілді. Сол-ақ екен халықаралық нарықта зор сұранысқа ие болды.

Ұзамай тігін машиналары Ресейге де жетті. Алайда оны мұхиттың арғы жағынан тасымалдау қиынға соқты. Сол себепті Подолск қаласынан «Зингер» фирмасының зауыты салынды. 1905 жылы осы зауыттан 5000-нан астам тігін машинасы шығарылса, 1914 жылдан бастап зауыт өнімін 600 мыңға дейін жеткізді. Осылайша «Зингер» фирмасы Еуропадағы алпауыт тігін өндірісіне айналды. Енді ол Ресейден Түркия, Қытай, Орта Азия елдеріне тарай бастады. Ұзамай «Зингер» тігін машиналары Қазақ даласына да жетіп, ауқатты отбасылар шаңырағының төрінде тұрды.

2.JPG 

ГАЗЕТТЕРДЕГІ ЖАРНАМАЛАР 

«Зингер» қазақ даласына қашан келді? Мұны сол уақыттардағы мерзімді басылымдардан байқауға болады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне жарияланған мақала түріндегі жауап хатында: «Зауыд ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс ұста болуына байлаулы. Қазақ білетін атақты «Зингер» киім машинасы Америкадан келеді. Мұны біздің Россияда істеуге қызмет атқаратын жұрт шеберлігі кем» дей келіп, өнеркәсіптің өркендеуі мәдениетке тікелей байланысты екенін алға тартқан.

«Біздің Россияда мәдениеті төмен. Жақсы нәрсе шығаратын зауыт, фабрика жоқ. Істеген ісі сарт шегесі, сарт бөзі сияқты. Жақсы киім, жақсы нәрсе ұстайтын адам бұларды Англия, Белгия, Франция, Германиядан алғызады. Бұлардың саудасында ұрлық, ісінде қаяу жоқ. «Зингер» машинасы қалыпты» деп машинаның мақтауын асырған (Әлихан Бөкейхан, «Жауап хат», «Қазақ» газеті», №122, 1915 жыл).

Иә, сол кездегі «Қазақ», «Қазақстан» газеттерінде «Зингердің» жарнамасы көзге ұрып тұрды. Мәселен, «Қазақстан» газеті 1912 жылдың наурызындағы №8 санында «Зингер» жайлы «Іс тігетұғын машина» деген шағын мақала жариялаған. Мақалада «Хатерлеріңізде болсын, іс тігетін машинаның ең жақсысы һәм ең мықтысы «Зингер» атты компанияның магазиндерінде ғана саналады. Хақдары арзан, 20 сомдықтары да бар, һәм несиеге де сатылады. Айға бір сомнан, яки екі сомнан беріп тұрсаңыз, «Зингер» қарай береді. Және бір файдасы, машине алған адамдардың хатуны, яки қыз балалары кесте тігісін үйренгілері келсе, «Зингер» бір тиын ақша алмай, түрлі әдемі кесте тігулерін үйретіп шығарады. «Зингердің» магазиндері барлық шаһарларда бар» деп жазылды. Осы мақалаға қарап-ақ аталған тігін машинасының барлық қалада сатылып, тіпті несиеге де берілгенін байқауға болады. Қазақ ауқаттыларының бағасының қымбаттығына қарамастан тігін машинасын сатып алуына газеттерде жарияланған осындай жарнамалардың да әсері болған секілді. 

ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ «ЗИНГЕР» ДҮКЕНДЕРІ 

«Зингерді» жарнамалаудан «Қазақ» газеті де қалыспады. Газеттің 1915 жылдардағы сандарында «Зингер жібінің бір ағашы 6 тиын. Сатылады: Зингер компаниясының барлық магазиндерінде» (№93, №104) деген қысқаша жарнама жарияланып тұрды.

«Қазақ» газетінің осы жылғы №94 санында «Зингер компаниясының киім тігетін машиналары өз магазинінде ғана сатылады. Несиеге алушылар жұмысынан бастап төлейді. Қол һəм аяқ машиналарының əртүрлісі бар. Басқалардың алдастыруынан сақтаныңыз! Магазиндері Русияның хама шаһарларында бар» деп тігін машинасы жайлы толығырақ мәлімет берген.

3.jpg  

Осы газеттердегі деректерден байқағанымыздай, «Зингер» тігін машиналарын сататын дүкендер қазақ даласында да болған. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев бір сұхбатында сондай дүкеннің бірі Ақмола облысында болғанын алға тартады.

«Қараөткелдің ортасында атшаптырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ азаматтарының мақтанышы болды. Тек қана мақтанышы емес, бұл фабрика қазақ балаларын кәсіпке тәрбиелейтін, еңбекке баулитын, кедей азаматтарға күн көріс тауып беретін орталыққа айналды. Қосшығұловтар мұнымен шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасып, олардың өндірістеріне капитал салды. Қазіргі орталық алаңдағы «Сине Темпоре» ғимаратының маңдайшасында Қосшығұлов деген жазу болған» дейді Жамбыл Артықбаев («Қазақ тарихын көк түріктерден бастау қажет», «Астана ақшамы» газеті, 13 желтоқсан, 2013 жыл). 

«ЗИНГЕР» – ӘДЕБИ ШЫҒАРМАЛАРДА

Бұрынғылардың ұғымында, киім тігу қыз-келіншектер істейтін нәрсе секілді, еркектің ине мен қайшы ұстап киім тігуі ерсі секілді көрінетін. Алайда Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романындағы Шәйін ағай сол ұғымды бұзды. Сәбең шығармасында іс тігетін машинаға әйелдер ғана емес, еркектер де құмар болғанын алға тартқан.

«Біздің елге «Компания Зингер» аталатын іс машинасын алғаш әкелген адам — Шәйін... Қолмен атқаратын істі машинаның атқаруы және қолдан әлдеқайда жылдам атқаруы көшпелі надан ауылды қайран қалдырған... Киімді бұлай тігу, ауылдың кейбір адамдарының, әсіресе жастардың көзін қызықтырады. Күші бар адамдар, сыртқы киімдерін Шәйінге тіктіреді. Ол тіккен киімдер ауылға жаңалық болады» деп жазады Сәбит Мұқанов.

1.jpg 

Алайда қазақ қаламгерлері арасында «Зингер» жайлы көбірек қалам сілтеген жазушы болса, ол Шерхан Мұртаза секілді көрінеді. Себебі Шерағаң шығармаларында «Зингердің» атын атау арқылы өмірінің ауыр сәттерін күрсіне еске алады. Жазушы «Бір кем дүние» кітабында бала кезде басынан өткен бір оқиғаны атап өтеді. 1937 жылы әкесі Мұртаза тұтқындалып, анасы Айша екеуі Борандының түрмесіне іздеп келеді. Кішкентай Мұртаза қарауыл теріс айнала қалған сәтте жүгіріп барып түрменің тесігінен айқайлайды. Сол кезде әкесі тесіктен шиыршықталған бір қағазды ұсынады.

Бұл оқиға жайлы Шерағаң: «Сол сол екен, бір алып күш шапанымның желке тұсынан бүріп ұстап алып, шиіріп тұрып лақтырып кеп жіберді. Басым үйінді қарға кіріп кетіпті. Айша мені қардан суырып алып, үсті-басымды қаққылады. Жұдырығым қатты жұмылып қалған екен, алақанымды әрең ашып, әлгі шиыршықталған қағазды анама бердім. Былай шығып, қағазды ашып қараса, «Зингер» тігін машинасының төрт инесі екен. Бұл не сонда? Ненің белгісі? Содан бері де жетпіс жылдан асып кетті. Әлі күнге дейін сол жұмбақ шешілмейді. Шығыс Сібірдің Зея деген өзенінің жағасында қалған Мұртаза не айтпақ болды? Бір кем дүние» деп күрсінеді.

Мұны біз қайран әкенің өзі абақтыда азап шексе де, бала-шағасын уайымдап, солардың қамын ойлағаны болар деп шамалаймыз. Себебі ол уақытта «Зингер» машинасының инесі қат. Ал жұбайы Айша үшін «Зингер» – ардақты жандардан қалған аяулы дүние, іс тігіп нәпақа табар тіршілік көзі. Шерағаң бұл жайында өзінің «Ақындар мен әкімдер» кітабының алғысөзінде атап өтеді. «...Менің анам Айша шебер тігінші еді. Баяғыда бай бабадан қалған «Зингер» машинасымен бүкіл ауылдың киім-кешегін осы Айша тігетін. Сонда әр түрлі маталардан қалған қиықтарды құрастырып, мақталап, түрлі-түсті, әп-әдемі көрпешелер жасайтын» дейді. Ардақты жандардан қалған аяулы дүние деп отырғанымыз сол. Аяулы болмаса Айша алыстағы қыстақта қалған «Зингер» машинасын ақ қар, көк мұзға қарамай, азып шегіп алып келер ме еді? Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында анасы Айшаның тігін машинасы үшін жердің түбіне баруға бел байлаған сол бір көзсіз батырлығын керемет суреттейді.

«Қара сыры әр жерінен көшкен қара шойын. «Зингер» деген латынша жазуы бар. Баяғыда-баяғыда, алыстан-алыстан жеткен мүлік. Саудагер ұзын Дембай әкеп берген. Әрине, Бердімбет бабамыз бен Күнікей анамыздың малын сатып, қымбатқа алған мүлік. Темірдің аты – темір. Темір тозған жоқ, ал оның бастапқы иелері бұл жалған дүниеден алдақашан озған. «Зингерді» ата-бабамыздан қалған белгі еді деп көзінің қарашығындай сақтаған Айша. Сол Айша мен оның ұлы Барсхан қазір әлгі «Зингерге» бола өмір мен өлімнің арасында, тағдыры бір талшық шашқа ілініп қалғандай боп келе жатыр».

Ол аз десеңіз, Шерағаң «Қызыл жебе» романында да «Зингердің» атын тағы атайды. «Сәлиманың да өз шаруасы бар. Абыр-сабыр басылған соң «Зингер» машинасын зарылдатып, шибарқыттан, тас барқыттан камзол, көкірекше тігеді. Заман аумалы-төкпелі болса да, елдің салт-санасы, әдет-ғұрпы бәз-баяғы қалпында. Байлар қыз ұзатады, келін түсіреді. Сәлиманың қолынан шыққан киім өтімді». Осындай жазбаларына қарағанда Шерағаң үшін «Зингер» тігін машинасының орны бөлек болған секілді. 

ЕҢ ЖЫЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

Қарап отырсақ, азапты сәттер ғана емес, ең жылы естеліктер де осы тігін машинасымен тікелей байланысты екен. Мейлі қаламгер болсын, мейлі қайраткер болсын, өткен шағы, жақын адамдары туралы айтқанда «Зингерді» қоса атайды. Тігін машинасының талай шуақты күндердің куәсі болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Заманында жігіттің қалыңдығына сыйлаған ең құнды дүниесі де, әкенің қызының жасауына қосқан қымбат сыйы да осы «Зингер» болған екен. Абайдың шөбересі Ищағы Жағыпарқызының «Санамда жаңғырады бейнелерің» деген әдемі естелігі бар («Жұлдыз» журналы, №7, 1999 жыл). Сол естелігінде Ищағы апамыз Мұхтар Әуезовтің Ленинградта оқып жүрген кезінде жұбайы Кәмила Мағауияқызына іс тігетін «Зингер» машинасын сыйлыққа әкеп бергенін атап өтеді. Соған қарағанда ол уақыттағы ең құрметті сыйлық осы тігін машинасы болған ба деп қаласың.

 5.jpg 

Рас, ол кездің әйелдерінің ең қымбат бұйымы осы «Зингер» еді. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова естелігінде Ахмет Байтұрсынұлы мен аяулы жары Бадрисафа туралы айта келіп, Бадрисафаның ең қымбат дүниесі «Зингер» тігін машинасы екенін атап өткен. «Бадрисафа жеңгейдiң қазақша сөйлеудi жаңа ғана үйренiп

жүрген кезi едi, бiзбен тек орысша сөйлесетiн. Бізді баласынып, жанынан қалдырмай, қыдыртып үйіне апаратын. Үй жиһаздарымен қоса алған жалдамалы пәтерін жеңгей күтіп, таза ұстайтын. Өздеріне қараған дүние-мүліктері жоқтың қасы. Жеңгейдің қымбат санайтын нәрсесі – «Зингер» тігін машинасы. Өзі іс тігуге шебер» дей келіп, киім-кешек пішуді, тігуді, машинамен кесте шалуды үйреткенін айтады. (Г.Дулатова, «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Алматы, «Мектеп» баспасы», 2012 жыл).

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де майдангерлер елге қайтарда біздің жақтан табыла бермейтін таңсық бұйымдарды ала келуге тырысқан. Майдангерлердің, оның ұрпақтарының естеліктерінен мұны анық аңғардық. Мәселен, Кеңес Одағының батыры атағын 3 рет алған атақты ұшқыш Иван Кожедубтің жеке механигі болған майдангер апамыз Мәдина Ысқақова соғыстан оралғанда өзімен бірге «Зингер» тігін машинасын алып келіпті. Қазір бұл машина Көкшетаудағы Аякөз деген қызының қолында екен.

Мәдина дегеннен шығады, марқұм мақпал дауысты әнші Мәдина Ералиева да «Зингер» машинасын еншілегендердің бірі болыпты. Мәдинаның нағашы атасы тігіншілік десе ішкен асын жерге қойған ісмер әрі ұста кісі болған екен. Содан болар қызын ұзатарда жасауына «Зингерді» қосыпты. Сол тігін машинасы қыздан қызға өтіп, Мәдинаның қолына тиген екен. Қазіргідей киімнің түр-түрі болмаған уақытта әнші анасынан қалған осы тігін машинасымен керемет киімдер тіккен көрінеді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?