Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аяулы жарлар – орыс қыздары

2027
Қазақта орыстан әйел алған абзал азаматтар жетерлік. 

Феодосия Велинская (Ғұбайдолла Шыңғысханның жары), Елена Севостьянова (Әлихан Бөкейханның жары), Александра (Бадрисафа) Ивановна (Ахмет Байтұрсынұлының жары), Ольга (Зайра) Константиновна (Жаһанша Досмұхамедовтің жары), Мария Горина (Мұстафа Шоқайдың жары), Таисия Кошкина (Қаныш Сәтпаевтың жары), Валентина Кузьмина (Мұхтар Әуезовтің жары), Елизавета Лукьяненко (Жанайдар Сәдуақасовтың жары), Надежда Чепковская (Қажымұқан Мұңайтпасұлының жары) секілді орыс қыздары қазақ қайраткерлерінің аяулы жары болды. Орыс қыздары қазақ ерлері үшін отқа да, суға да түсіп, қиын шақтарда қасынан табылды. Текті тұлғалардың теңі болған жеңгейлер жайлы жылы сөз арнадық...

ФЕОДОСИЯ ВЕЛИНСКАЯ-ШЫҢҒЫСХАН

 Феодосия Велинская.jpg

Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла Шыңғысханның қазақ үшін жасаған қамқорлығы ұшан-теңіз. Ғұбайдолла Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітіріп, императордың адъютанты болды. Телеграф департаментін басқарып, генерал-майор шенін алды. Өмірінің соңғы жылдарында императордың Азия мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Ғұбайдолла Шыңғысхан Мәскеуге, Петерборға оқуға барған қазақ жігіттеріне қаржылай қолдау көрсетіп, олардың қызметке орналасуына себепкер болды. Қажылық парызын өтеп, мұсылмандарға арналған қайырымдылық мекемелерін ашты.

Міне осы Ғұбайдолла Марин театрының актрисасы Феодосия Велинскаяға (1858-1931) үйленді.

Феодосия 1870 жылдары Киев, Харьков опера театрында қызмет етті. 1877-1887 жылдары Петербордағы Марин театрының опера әншісі (сопрано) болды. Феодосия Велинская Марин театры қабырғасында Римский-Корсаковтың «Снегурочкасында» – Снегурочка, «Мамыр түнінде» – Панночка-Русалка, Цезарь Кюидің «Кавказ тұтқынында» – Фатима, Михаил Глинканың «Патша үшін өмірінде» – Антонида, Модест Мусоргскийдің «Борис Гонуновында» – Марина Мнишек, Антон Рубенштейннің «Мыстанында» Тамара рөлдерін сомдады.

Феодосия Ғұбайдоллаға тұрмысқа шыққаннан кейін өмірінің соңына шейін оның жанынан табылды. Тегін де Шыңғысхан деп өзгертті. Осылайша жарына, қазақ мәдениетіне құрмет көрсетті.

Жары дүние салғаннан кейін қайын атасы Жәңгір хан мен жұбайы Ғұбайдолладан қалған мол мұраны – қазақ үшін құнды дүниелерді көзінің қарашығындай сақтап, Петербордағы Ресей этнографиялық музейіне табыстады.

«Өмірінің соңғы кезеңінде опера әншісі, актриса Феодосия Велинская (1858-1931) жұбайы болды. Велинскаяға империяның жоғарғы басшылығы күйеуі қайтыс болғаннан кейін фамилиясын Шыңғысхан деп жазғызуына пұрсат берген. 1920 жылдары Феодосия Никитична Шыңғысхан ері Ғұбайдолла Жәңгірханұлының ұлттық-этнографиялық маңызы жоғары бұйымдарын музейге өткізді» дейді тарихшы Бейбіт Қойшыбаев. Сол бұйымдардан бүгінге дейін сақталғаны – Ресей этнографиялық музейіндегі Жәңгір ханның дулығасы.

ЕЛЕНА СЕВОСТЬЯНОВА 

Елена Севостьянова.jpg

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның аяулы жары Елена – омбылық ағартушы Яков Севостьяновтың қызы. Әлихан Яковты «Степной край» газетінде істеп жүрген кезінен білетін. Кейін қызы Еленаға үйленді.

Алайда Елена Әлиханға тұрмысқа шықса да, өз дініне адал болды. Содан болар Әлиханның анасы оны келін ретінде қабылдамай, «Мойнында кресі бар әйеліңді ауылға әкелуші болма» деп тыйым салған көрінеді.

Бұл жайлы алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы: «...ұлт мұңын жанымен түсінген азамат «тең құрбы» табам деп, қиналды ма, жоқ жаза басты ма – мұны бір Алла біледі. Біздің білетініміз: осы Елена Яковлевна Әлиханға болашақ жолы ауыр ашылса да ұрпақ ізін жалғастыратын Сергей атты ұл және «қазақ» десе қоң етін кесіп беруге бар абзал жан боп өскен, кейін елшіл тұлға – Смағұлдың жары Елизавета есімді қыз сыйлады. Ә.Бөкейханның ұлтпен байланысқан тамырының әсері ме екен, әлде ұятының күштілігі ме екен, ел ортасында Сергей – Үгідай, Елизавета – Зейнеп аталды. Сөз жоқ, Е.Я.Севостьянова бұра тартса, өзге діннің тар ұстанымымен шектеушілікке барса, Ә.Бөкейханның қайраткерлігіне зиянын да тигізер еді, балаларын (әсіресе, Елизаветаны) тамырсыз да қылар еді. Абыройына қарай, олай болмады. Ол маңдайын иіскемеген енесінің – Әлихан анасының мысын сезінгендей боп өмірден өтті» дейді (Д.Қамзабекұлы, «Алаштың діни талғамы мен рухани менталитеті», «Ақиқат» журналы, №8, 2012 жыл). Иә, Елена Әлиханға адал жар болды, Алаш көсемінің ұл-қыздары Үгедей мен Зейнепті дүниеге әкелді. Зейнеп кейін Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың етегінен ұстады.

Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова естелігінде Еленаның дерт дендеп, дүние салған сәтін былайша еске алады: «Кейінгі кезде үйдегілердің сөзі тек ауру төңірегінде өрбитін. «Әне тәуір болады, міне жазылады» деп үміттерін үзбейтін. Бірақ жақсы тілек-үміттері орындалмай, бастарына қайғы-қасірет орнады. Әлихан атакемнің сүйікті жары, балаларының қадірлі анасы Елена Яковлевна дүние салды. Бұл 1924 жылдың күзі болатын. Жиырма жыл бірге өмір сүрген, күйеуінің басына түскен қиын-қыстау кездерінде (түрме, айдалу) бірге бөліскен, қолынан келгенінше жәрдемін аямай, демеп-сүйіп жүрген қосағынан айырылған Әли ағаларыңның қайғысына ортақ болып, көңіл айтуға келгендер тобы құшақтасып, көрісіп жатты» (Г.Дулатова, «Алаштың сөнбес жұлдыздары», Алматы, «Мектеп» баспасы», 2012 жыл). Сондай-ақ Гүлнар Дулатова осы естелігінде Әлихан Бөкейханның шіркеуден лауазымды қызметкер алдырып, Еленамен қоштасуға арналған христиан дінінің рәсімдерін үйінде өткізгенін атап өткен.

АЛЕКСАНДРА (БАДРИСАФА) ИВАНОВНА

 Бадрисафа Ивановна.jpg

Орыстан әйел алған тағы бір арысымыз – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол жырында неге орыс әйел алғанын былайша түсіндіреді.

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,

Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.

Бір кәпірді мұсылман қылып сауап тапсам,

Тұрмай ма он молданың иманына.

Иә, Ахаңның жарының шын аты Александра Ивановна болатын. Ахметке ұзатылғаннан кейін есімін Бадрисафа деп өзгертті.

Деректерде Бадрисафаның 1878 жылы туғаны, Ахаңмен Қарқаралы түрмесіне түскен кезде танысқаны айтылады. Сол кезде Бадрисафа Ахметке тамақ тасып, қызмет көрсеткен көрінеді. Ахметті Семей түрмесіне қамаған кезде де артынан іздеп барып, көмектесіпті. Академик Рабиға Сыздықова Бадрисафа бұл жайлы: «...А.Байтұрсыновтың жұбайы Александра атты орыс әйелі ешкімі жоқ, пәтерде жүрген жетім қыз болатын (тіпті фамилиясы да белгісіз еді). Ахмет түрмеде жатқанда, тамақ тасып, кір-қоңын жуып оған қызмет көрсетеді. Ар-ұяты, адамгершілігі зор азамат мұндай қайырымдылықты, адал көңілді аттап кетуді ар санап, түрмеден шыққан соң, сол жетім қызға үйленеді. Ол кезде өзге діндегі әйелмен мұсылманның некесін қиғызу қиын іс болғандықтан, Александраға Бадрисафа деген мұсылманша ат беріп, татар қызы еді деп некеге отырады» дейді (Р.Сыздықова, «Ахмет Байтұрсынов», Алматы, «Білім» қоғамы, 1990 жыл).

Алайда Ахмет Байтұрсынұлы өмірін зерттеуші Байтұрсын Ілияс Бадрисафаның ешқандай да жетім емес, қорықшының қызы екенін айтады. Оның жазуынша, Ахмет пен Бадрисафа Қостанайдан 100 шақырымдай жердегі Әулиекөл деген мекенде кездесіпті. Бадрисафа Әулиекөл маңындағы Аманқарағай орманы қорықшысының қызы екен.

Мұхтар Әуезовтің 1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Ахаңның елу жылдық тойы» мақаласында да Ахаңның осы Әулиекөл болыстық мектебінде бір жылдай оқытушы болып, Бадрисафаның жүрегін баурап алғаны баяндалады.

Ахмет пен Александраның некесі Троицк қаласында қиылды. Ахаңа ұзытылғаннан кейін Александра Ислам дінін қабылдап, есімін Бадрисафа деп өзгертті. Ахаңның азапты күндері басталғанда Бадрисафа жеңгеміз де небір зұлматтың зәбірін тартты.

Рабиға Сыздықова: «Ахаңмен бірге көп қиындық кешіп өткен Бадрисафа 1943 жылы қайтыс болған. Бұлардың өз балалары болмайды, Ахметтің туған інілері Қали, Кәкіш, Мәкендердің екі ұл, екі қызын бауырына салады. Олар: Кәтез, Аумат, Қазихан, Шолпан» деп жазған екен. Осындағы қызы Шолпан естелігінде Бадрисафа шешесі жайлы: «Бәдрисафа апам аса реңдi, бойшаң, қазақшаны тұтығып сөйлейтiн, көгiлдiр көздi, ақ шашты, төгiлдiрiп көйлек киетiн кiсi едi. Көйлегiнiң етегiне бiр белдеу бүрме салатын. Басына ылғи шет-шетiн суыртпақтап кесте жүргiзген мережкелi ақ бәтес орамал салатын. Орамалына, көйлегiнiң омырауына жiбек жiптен өрнек жүргiзiп қоятын iсмер кiсi едi. Бiзге кесте тiгудi, мережке салуды үйрететiн» дейді.

Мұны естелігінде Гүлнар Дулатова де қуаттайды. «...Бізді баласынып, жанынан қалдырмай, қыдыртып үйіне апаратын. Үй жиһаздарымен қоса алған жалдамалы пәтерін жеңгей күтіп, таза ұстайтын. Өздеріне қараған дүние-мүліктері жоқтың қасы. Жеңгейдің қымбат санайтын нәрсесі – «Зингер» тігін машинасы. Өзі іс тігуге шебер» дей келіп, киім-кешек пішуді, тігуді, машинамен кесте шалуды үйреткенін айтады.

ОЛЬГА (ЗАЙРА) КОНСТАНТИНОВНА

 Ольга Колоссовская.jpg

Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің де жұбайы – орыс қызы Ольга Константиновна. Жаһанша Мәскеу университетінде оқып жүрген кезінде Черняев (қазіргі Шымкент) уезінің басшысы Константиннің отбасымен араласып тұрған. Константин қазақ халқының тілі мен танымын тереңірек білген. Ол қазаққа екі қызын берді: Ольгасы – Жаһанша Досмұхамедовке, Надеждасы Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шықты.

Тарихшы Дәметкен Сүлейменованың жазуынша, Ольга Мәскеуде дәрігерлік курста оқыған, өте жақсы музыкант, тамаша билейтін, жаны таза сұлу қыз болған. Ольганың ағасы Жаһаншамен жақын жолдас болған көрінеді.

«Жаһаншаның белнемересі Бисенғали ағай: «Ольга әжеміз өмірбойы «атаң келеді» деп махаббатын күтіп өтті дейді. Ольга Жаһаншаның заңды қосағы болғаннан кейін елге келіп, үлкен той өткізген. Осы тойда жас келіннің некесін мешітте қиып, оған Зайра деген есім беріледі, басына жаулық салынады. Ауылдастарымен таныстырып, тума-туыстарына сәлем салдырады. Осы салтты, күйеуінің тума-туыстарын құрметтеуді Ольга әжеміз өмір бойы ұстанып жүрді», – дейді Бисенғали аға, елден барған барлық қазақты, қарақұнандарды төріне шығарып, қонақ қылып, көше аралатып, сәлем-сауқат беріп жіберіп отырды» деп еске алады. Бисенғали ағаның өзі де жас кезінде Мәскеуге бірнеше рет барғанын айтып, «сол кезде Ольга әже бәрімізге құрақ ұшып отыратын» деп еске алады. Осындай жылы қарым-қатынас Ольга әжейдің Жымпитыдағы тумаларына жазған бірнеше хаттарында да анық байқалады» дейді тарихшы (Д.Сүлейменова, «Жаһанша сүйген ару», «DANA.kaz» журналы, №1, 2012 жыл).

Ольга Ислам дінін қабылдап, Жаһаншаның жан серігіне айналды. Алайда олардан бала болмады. Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашаш Досмұхамедова естелігінде: «...Жаһаншаның әйелі Ольга Константиновна маған: «Біз осындай аласапыран күннің туатынын білдік. Сондықтан да тағдырдың тәлкегіне ұшырайтын баланы өмірге әкелуді керек деп таппадық. Ол ұсталатын күні демалыс паркіндегі қазақтарға қатысты әлдебір шараға барды. Мен қарсы болып едім, көнбеді. Келген соң: «Біреулердің қабағы маған ұнамады, бір қатер жақын сияқты», - деді. Сол күні түнде ұстап әкетті» дегені есімде» дейді (Т.Жұртбай, «Ұраным – Алаш!», 2-кітап, «Кітап» баспасы, 2019 жыл).

Жаһанша ату жазасына кесілгеннен кейін, Ольга Константиновна  қалған өмірін Мәскеуде өткізді. Сәкен Сейфуллин романында Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерді сынаған кезде Ольга Қазақ ССР үкіметіне хат жолдап, наразылығын білдірген екен. Оның жарына деген адалдығын осыдан-ақ аңғаруға болады. «Жаһанша мен Зайраның махаббаты өмірлік болды, өте ауыр сын сағаттарда олар бір-бірінен бас тартпады, бір-біріне сенді» дейді Дәметкен Сүлейменова. Рас, Ольга өмірінің соңына дейін Жаһаншаға адал болды, екінші рет күйеуге шықпады. 1987 жылы Мәскеуде дүние салды.

МАРИЯ ГОРИНА-ШОҚАЙ

 Мария Горина.jpg

Қазақтың қайраткер ұлдарының бірі Мұстафа Шоқайдың жары Мария Горина да орыс қызы еді. Деректерде Марияның 1890 жылдары Вильнюсте дүниеге келгені айтылады. Мария Мәскеудің өнер институтында оқып, Одесса опера театрының әншісі болған. Кейін тағдыр айдап Ташкентке келіп, қаладағы опера театрында қызмет істеген. Мұстафамен осы жерде танысқан.

«Мен Мұстафа Шоқаймен генерал Сақыпкерей Еникеевтің (қазан татары) қасында таныстым. 1916 жылы мобилизацияланған жұмысшылардың бас көтеруі болды. Көтеріліс басылғаннан кейін Түркістанға Петербургтен Мемлекеттік Думаның мүшесі Керенский мен сенатор Тевкелев бастаған тексеру комиссиясы келді. Мұстафа осы комиссияның құрамында тілмаш болатын. Осы комиссияның Түркістандағы тексеру жұмыстары кезінде ол біздің үйге бірнеше рет келген еді, біз оның Ташкент гимназиясында оқыған кездегі достарымен бірге қызықты күндер өткізгенбіз. Еникеевтің балалары онымен жолдас еді. Мұстафа ол кезде Петербургте оқитын. Астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі екені көрініп тұратын. Өте ұқыпты болатын. Оның қасында жүру өте қызықты көрінетін», – дейді Мария Горина «Менің Мұстафам» естелігінде (Мұстафа Шоқай, Таңдамалы, Алматы, «Қайнар» баспасы, 1999 жыл).

Мұстафа мен Мария 1919 жылдың көктемінде бас қосты. Ерінің талабы бойынша Мария Ислам дінін қабылдады. Бұл жайлы шоқайтанушы Дархан Қыдыралиев: «Отау тігіп шаңырақ көтерген қос жүрек үндесіп, бұдан былай айырылмасқа анттасып, қол ұстасты. Мұстафаның тегін адам емес екенін білген Мария ендігі өмірін Түркістанның ұлы тұлғасына қызмет етуге іштей серт берді.

Мария сертіне берік болып шықты. Ол Мұстафаға адал жар бола білді. Кейін қиын-қыстау күндері жападан жалғыз қалып, қақаған қыстың ортасында ұлы сахараны кесіп өткенде де ол сертінде тұра білді...

Ол сүйікті Мұстафасынан көз жазып қалғанда да сертінен тайған жоқ. Мұстафаның мұраларына адал болып оның келешекке, тәуелсіз Түркістанның жеткіншектеріне түгелдей аман-есен жетуіне жағдай жасады» деп жазады (Д.Қыдыралиев, «Мұстафа Шоқай», Астана, «Фолиант» баспасы, 2007 жыл).

Иә, Марияның жарына деген құрметі Мұстафа дүниеден өткеннен кейін кемімеді. Ерінен қалған мол тарихи мұраны сұрыптап, архивке өткізді. Деректерде оның өмірінің соңғы кезеңінде қарттар үйін паналағаны айтылады. 1969 жылы «Менің Мұстафам» деп жан тапсырды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?