Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дәрмен Құзыкейұлы: Алыстағы ағайын Қазақ хандығы тойынан тыс қала алмайды

1513
Дәрмен Құзыкейұлы: Алыстағы ағайын Қазақ хандығы тойынан тыс қала алмайды  - e-history.kz
Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау шарасын қолға алған уақыттан бастап, біз қазақ хандығының 550 жылдық құрметіне орай «550 тауға шығу» акциясын бастадық

Құрметті Дәрмен Құзыкейұлы, Қазақстанға қош келдіңіз. Сонау Моңғолияның батыс өлкесіндегі Баян-Өлгей қазақтарының сәлемін арқалап, Хан Абылай заманындағы баһадүр батыр, жүздікті басқарға қолбасшы, ұранға айналған Байтайлақ батырды еске алу шарасына қатыстыңыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өтіп отырған маңызды тарихи шараның ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледіңіз. Байтайлақ батыр жайында аз-кем айтып өтсеңіз? Батырдың көп ұрпағы Моңғолия өңірінде өмір сүріп жатыр. 

Жалпы тарыдай шашылған қазақ халқының басынан небір зұлматты-зобалаң кезеңдер өтті. Қазақ хандығы дәуіріндегі Жоңғарлармен бітіспес жаугершілік заман. ХХ ғасырдың бас кезіндегі саяси қуғын-сүргін, ашаршылық нәубеті. Ақыры осы зобалаң-зұлматтардан тайсалмай батыр бабаларымыз жеңіске жетіп, яғни қазақ ұлты дербестік алды. Сондай-ақ жоғарыдағы зұлматты-зобалаң қасіреттер бірлік пен берекенің ошағына айналып, бір отбасыдай ұйып отырған халқымызды тарыдай қылып жан-жаққа көшуге мәжбүр етті. Сондықтан әлемнің кез-келген пұшпағында қазақтың саны көп болатындығы. Соның бірі – Моңғолияның батыс өлкесіндегі Баян-Өлгей аймағы. 

Қазір бұл аймақтағы қазақ ағайындар өздерінің тілі мен ділін, мәдениеті мен әдебиетін сақтап, әлеуметтік тұрғыда да, рухани тұрғыда да алдыңғы орындарда келеді. Ал енді өз басым, кешелі бері Қазақстанға сапар жасап, алдымен Қатонқарағайдағы Қаратай батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына қатыстым. Одан кейін Ұлы Алтайды дүние жүзіне танытқан қаламгер Қалихан Ысқақтың 80 жылдық мерейтойына, енді міне, Байтайлақ бабамыздың кесенесін тұрғызып, есімін құрметтеп, ұлықтау шарасына жүздесіп отырмын. Бұл шаралардың барлығы, айналып келгенде қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Өз басым бұл шараларға қатысып жатқаныма шын жүректен ризамын. Бұл батыр тек қана Керейлердің батыры емес. Не болмаса қазақтың тойлайтын тойы емес. Күллі алаш жұртының тойлайтын тойы, қазақ мемлекетінің хандық құрғанына 550 жылдық тойының қарсаңындағы үлкен маңызды іс-шара деп білемін. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, еліміздің алыстығына қарамай алыс-жақын шетелден ат арылтып келген қонақтардың қарасы көп болды. Бұл бабаларымыз болмаса, қазақ хандығы болмаса біз бүгін осындай ұлы бабамызды еске алу шарасына жиналмас едік. Бұл шараның негізгі мақсаты – дүние жүзінің қазақтарының ел бірлігін сақтаудағы маңыздылығын көрсетіп, жастарға ұлттық тәрбие беру мәселесін айғақтайды. 

439d8f4098354cdb30b42de27a3c8c4e.jpg

Жалпы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бүгінде елімізде кең ауқымды ұлттық шараға айналды. Моңғолияның батыс өлкесіндегі ағайындар Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қандай шараларды қолға алып жатыр? Шетелдегі қазақтардың ұлт тойына қосқан сүбелі үлесі қандай? 

Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлт тарихы үшін үлкен тарихи серпіліс. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен іске асқан ауқымды маңызды шараның алар орны ерекше деп білемін. Өйткені бұл мерейтой ең алдымен дүние жүзіндегі қазақтардың бірлігін артқызып, нығайтуға зор ықпалын тигізеді. Алыстағы қазақ ағайындар 550 жылға татитын ата тарихымыз бар деп әлемге жар сала алады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлау – тек қана қазақстандықтардың тойы емес, күллі қазақ халқының тойы. Бұл – біріншіден қазақ деген ел болғандығын айғақтайтын ұлы мерекенің бастауы. Азат ел болғандығымыздың, тәуелсіздіктің айғақты белгісі. Бізге осы орайда тәуелсіздік пен егемендік қалай келді деген сұрақ туады. Ол оңай бағымызға орнай салған жоқ. Бұл ата-бабаларымыздың қасық қаны мен өжет өрлігінің арқасында біздің бағымызға орнады. Бұл тойдың ең басты мақсаты жалпы қазақ халқын, ел бірлігін сақтауға арналып отыр. Қазақ деген ел бар екенін, қазақ халқы болғанын дүние жүзіне паш ететін кезең. Оның тарихы көптеген батырлардың ерлігі арқылы насихатталып, ұлы хандар мен ұлы тарихтың шежіресі арқылы жасалатын анық. Біз шетелде жүріп, жырақта жүрсек те, алыста еліміз, жеріміз бар деп, ұлы бабаларымыздың ұлы қонысы, кіндік қаны тамған жер деп еске аламыз. Ұлы тойдың дүбірін ел болып қарсы алуға әзірміз. 

Ал енді өзіміздегі маңызды шараларға тоқталсам, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Моңғолияның қазақтар қауымы көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында кең көлемде тойлануды қолға алып жатырмыз. Енді мемлекеттік деңгейде аталып өтпесе де, ұлтымыздың тарихи тойын еске алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Яғни Баян-Өлгейдегі ағайындар кесене тұрғызу, орын белгілеу, тарихи батыр тұлғаларымызға ас беру шараларын жасап келеміз. Және бір айтарлығы, Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау шарасын қолға алған уақыттан бастап, біз қазақ хандығының 550 жылдық құрметіне орай «550 тауға шығу» акциясын бастадық. Оған жоба жетекшісі ретінде этнограф, альпинист Жанарбек Ақыби бас болып, өзі алғашқы тауларды бағындырып, тау жорығына шыққан болатын. Бүгінгі таңда бұл шара өз жалғасын тауып, аяқталуға шақ қалды. Бүгінде 360-ға жуық тау сілемдері бағындырылып, барша қазақ халқы болып жұмылуда. Толықтай 550 тауға шығу бағындырылған тұста шараны қорытындылап, маңызды марапаттау шарасын жүзеге асырамыз. 

Сөз соңында барша қазақстандықтарға айтар тілегіңіз? 

Сөз соңында айтарым, Моңғолия Республикасының батыс өлкесі Баян-Өлгейде тіршілік ететін баян-өлгейлік қазақтар атынан және де аймақтық басшылар атынан барша қазақ халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын. Мерейлеріңіз үстем болып, Қазақ елі «Мәңгілік елге» айналсын. Ұлт тойы ұлықтала берсін! 

Сұхбаттасқан Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?