Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлы даланың ұлы тұлғалары (1 бөлім)

14408
Ұлы даланың ұлы тұлғалары (1 бөлім) - e-history.kz

Әрбір халықтың ұлы тұлғалары бар екені баршаға мәлім. Олар өз елінің мақтаныштары және сол елдің тарихын жасаушы тұлғалары. Түріктер Мұстафа Кемалды, мажарлықтар Шандор Петефиді, немістер Гетені, қытайлықтар Конфуцийді, үнділер Тагорды, өзбектер Науаиды, орыстар Пушкинді, ағылшындықтар Шекспирді, америкалықтар Джордж Вашингтонды, әзірбайжандар Низамиді, түркімендер Мақтымқұлұлын, аустриялықтар Моцартты, моңғолдар Шыңғысханды, қазақтар Абайды ұлылық деңгейіне көтерді. Есімдерін ұрпақ санасына сіңіртті.

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», - деп жазады ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. 

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыдағы мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» жаңғыртуды тапсырған болатын. Ашық аспан астында энциклопедиялық саябақ ашуды міндеттеді. «Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек»,- деді Елбасы.

Қазақта ұлт тағдырын өз тағдырынан биік қойған ұлы тұлғаларымыз жетерлік. Олардың халық жадында есімдері жаңғырып, үлгі болып та келе жатыр. Тарихшы Алмас Жұмаділов «Тарихи жазба деректердегі тарихи тұлғалар бейнесі» атты мақаласында тарихи тұлғалар туралы былай дейді: «Тұлға деген ұғым - тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел, халық үшін орасан зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай бағаны беріп отырған. Міне, қазақ тарихының белесінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған ұйымдастырушы болған, әйтпесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар - халықтың тұғырлы тұлғасына айналып отырған».

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, әр ғасырда қазақ ұлтының ертеңі үшін туған ұлы тұлғалар, жаужүрек батырлар, дана би-шешендер, ел бастаған көсемдер, ақын-жазушылар жетерлік. Биыл 1150 жылдығы аталып өтілетін ғалым, ойшыл Әбу-Насыр әл-Фараби, түрік қағанатының негізін қалаған Күлтегін, Тоныкөк, ұлы хандар Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов, қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Барлыбек Сыртанұлы сынды тұлғаларымызды тізбектей беруге болады. Осы орайда «Қазақстан тарихы» интернет-жобасы тарихта ізі қалған, елдің тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы тұлғаларымыз туралы «Ұлы даланың ұлы тұлғаларын» оқырман назарына ұсынады. Бүгінгі алғашқы бөлімде ежелгі дүние және ғұн дәуіріне дейінгі  (VI ғасырдың ортасына дейін) тұстағы ұлы тұлғаларымыз туралы сөз етпекпіз.

i (1).jpg

Анахарсис (б.з.д. VII – VI ғғ)

Анахарсис (қазақша Анақарыс) - Анахарсис – сақ патшалары әулетінен шыққан, Грецияға сапар жасаған сақ оқымыстысы, белгілі тарихи тұлға.

Анахарсис біздің заманымызға дейінгі VII – VI ғасырларда өмір сүрген (әдебиетте өмір сүрген кезеңдері деп түрлі жылдар көрсетіледі: б.з.д. 605-545, 613-539, 620-555 жж). Тарихта із қалдырған ұлы тұлға, философ әрі данышпан болған.

Анақарыс немесе Анахарсис – «жарақаттанбайтын» деген мағынаны береді ana (жоқ) + hvar (жарақат). Ол – Гнур патшаның баласы, Савлий мен Кадиудтың бауыры. Оның есімі грек тілінен аударғанда «аспан үні» деген мәнді де берген. Ол туралы тарихтың атасы Геродот: « Анахарсис - скифтердің патшасы Спаргапистің шөбересі, Ликтің немересі»,-деп жазады. Ол жастайынан-ақ Эллада тарихшыларының, философ, мемлекеттік қайраткерлерінің еңбектерімен танысып, өздігімен зерделеген.

Афиныда Анахарсис саясатшы, ақын және данышпан Солонмен және дәрігер әрі оқымысты Тоқсармен танысып, дос болады. Платон Анахарсистің еңбектерін Гомердің еңбектерінен де жоғары қойған. Анахарсистің 10 хаты белгілі. Оның екеуі Лидия патшасы Крезге, қалғандары афиналықтарға, Солонға, тиран Гиппархқа, Медокқа, Фракия билеушісі – Терейге және т.б. арналған.

Анахарсис және оның еңбектері туралы Диоген, Цицерон, Плутарх, Эзоп және басқа да ежелгі грек және ежелгі рим ғалымдары жазған. Өзінен кейін бай мұра қалдырған Анахарсистің басқару өнері арнайы зерттеуді талап етеді.

1_ifRz250jHActHOr68mWDLA.png

Томирис патшайым (б.з.д. VI)

Томирис (б.з.д. VI) – сақ-массагеттердің аты аңызға айналған патшайымы. Томирис патшайымның ахеменид патшасы Кирді жазалауы әділдік пен батылдықтың символы ретінде көптеген халықтардың жадында қалды.

Массагеттер патшайымы Томиристің өмірі мен қызметі жайлы деректер, өкінішке орай, тек Геродот, Страбон, Полиэн, Кассиодор және Иордан сияқты грек-римдік авторлардың шығармаларында ғана сақталған. Кей деректер бойынша, Томирис - скифтердің көсемі Ишпакайдың ұрпағы, Мәдінің шөбересі, аты аңызға айналған Сыпыра (Спаргапис) патшаның немересі немесе қызы болған.

Томирис патшайымның парсы бақыншысы Кирді жазалауы батылдық пен еркіндіксүйгіштіктің нағыз символына, көптеген көркем әңгімелер мен картиналардың негізгі сюжетіне айналды.

Томиристің тарихы батыс өнерінде де танымал болған, Рубенс, Аллегрини, Лука Феррари, Маттиа Прети, Гюстав Моро сияқты ортағасырлық суретшілер және мүсінші Северо Кальзетта де Равенна суретін салып қалдырған. «Қазақфильм» киностудиясы «Томирис» атты фильм түсірді. Civilization VI компьютерлік ойынында Томириске скифтер басшысының рөлі берілген. Томирис есімімен Шымкентте көше аталған. Астрономияда Томирис патшайымның құрметіне 1906 жылы ашылған астероидқа «Томирис» есімі берілген. Нұр-Сұлтан қаласында массагет патшасы Томириске арнап монумент тұрғызылған.

loaqdg2hsdvuzhekrek4tyvit(1).jpg

Зарина патшайым (б.з.д. V – IV ғғ)

Зарина (б.з.д. V – IV ғғ) Доннан бастап Сырдарияға дейінгі даланы мекендеген сақтардың патшайымы. Ерекше жауынгерлігімен көзге түскен, елінің әл-ауқатын ойлаған қамқор басшы болған.

Зарина туралы алғашқы мәлімет ежелгі грек тарихшысы Ктесийдің деректерінде кездеседі. Зарина – сақ патшасының қызы, сақтар патшасы Мәрмәрдің жары болған. Сақ әйелдерінің ерекшелігі – олар елін-жерін қорғау керек болған сын сағатта күйеулерімен бірге әскерге аттанған. Зарина теңдессіз сұлу болған, алайда, ол сақтарды басып алмақшы болған көрші елдерді қарудың күшімен бағындырғанымен танымал болды.

Зарина патшайымның батылдығымен қатар, дереккөздерде оның қала салуды дамытуға қосқан үлесі және өз халқына деген қамқорлығы туралы айтылады.

Зарина қайтыс болғаннан кейін оған деген құрмет ретінде сақ халқы әр жағы үш стадияға (әр стадия – 60 м) тең болатын пирамида түрінде мазар орнатып, ең ұшына алтын жалатылған мүсін қояды.

photo_81256.jpg

Мөде қаған (б.з.д. 234 – 174 жж шамасы)

Мөде (б.з.д. 234 – 174 жж шамасы) – Ұлы ғұндар империясының негізін қалаушы, б.з.д. 209-174 жж империяны басқарған Тәңірқұттың баласы ретінде танымал.

Мөденің арғы тегі Ғұн империясын билеген люаньди тайпасынан шыққан. Тарихи деректер бойынша Мөденің әкесі Түмен «шаньюй» атағын алған алғашқы билеуші және ғұндар империясын жоғары деңгейге шығарғантарихи тұлға болған. Тарихи деректерге сәйкес, б.з.д. 209 жылы Мөде әкесін өлтіріп, ғұндарға өзі билеуші болады. Билікке келісімен ол алдымен шығыстағы тынымсыз көршісі дунхулер мемлекетін жаулап алады. Мөде Ұлы даланың солтүстік және солтүстік-батысындағы аудандардағы ғұндардың басын біріктіруге көп күш жұмсайды. Біздің жыл қайыруымызға дейінгі 201 жылы Мөде Алтай тауларының төрт өңірін толығымен өзіне бағындырады. Хуньюй, Цюйшэ, Динлин, Гэкунь және Синьли сияқты елдерді бағындырады. Б.з.д. 177-176 жж Мөде юэчжилерге қарсы соңғы жорығын ұйымдастырып, жеңіске жетеді. Сол жылы ол Шығыс Түркістанды және көрші 36 князьдықты, сонымен қоса үйсіндерді бағындырады. Өзі билік жүргізген тұста Мөде оңтүстіктегі көршісі – Хань империясын үнемі жеңіп отырған. Б.з.д. 174 жылы Мөде қайтыс болып, билікке оның ұлы Цзичжоу (Лаошань шаньюй) келеді.

Ел билеген отыз жылдың ішінде Мөденің өмірі түрлі жеңістерге толы болды. Мөденің басты еңбегінің бірі – жеңілмес империяға дейін көшпенділердің мәртебесін көтеруі. Шығысында Корей түбегінен бастап батысында Орталық Азияға дейін, солтүстігінде Байкал көлінен бастап оңтүстігінде Қытай қорғанына дейінгі ұлан-ғайыр жерге ғұндар иелік еткен. Мөде «Жер – мемлекеттің негізі» деп санаған. Ол осы алып территорияда тұрып жатқан халықтарды біріктіріп, олар өздерін «сюньну» (ғұн) деп атай бастаған. Мөде көшпелі қоғамның рационалды әскери және әкімшілік жүйесін жасаған.

Аттила (Еділ патша) (шамамен 395 – 453 жж)

Аттила (шамамен 395 – 453 жж) – ғұндар патшасы, Ғұн державасының императоры, әскербасы (434 – 453 жж аралығында билік еткен). І мыңжылдықтың ең көрнекті тұлғасы деп айтуға толық негіз бар.

Аттила (шамамен 395 жылы туып, 453 жылы өмірден өткен), 434 – 453 жж аралығында билік еткен. Грек және латын дереккөздерінде Аттила ғұндарға билік жүргізген патша әулетінен шыққан делінген. 434 жылы Ругила (Руа) қайтыс болғаннан кейін ғұндарды оның ағасы Мундзуктың балалары Аттила мен Бледа басқарады. 444-445 жылдары Бледа қайтыс болғаннан кейін Аттила ғұндарға жалғыз өзі басшы болады. Бұл кезге дейін ол дарынды әскербасы ретінде «magister militum» (әскердің бас қолбасшысы) лауазымына ие болған.

Аттила ұлы істер жасаған ірі мемлекет қайраткері, дана басшы, шебер дипломат әрі әділ қазы болған. Оны І мыңжылдықтың ең көрнекті тұлғасы деп айтуға толық негіз бар. Аттиланың кезінде қос Рим империясымен (Шығыс және Батыс Рим империялары) болған соғыс кезіндегі жеңіс ғұндардың соғыс өнерін одан сайын асқақтата түсті.

435-436 жылдары Аттила бастаған ғұндар Майн мен Рейн ортасындағы бургундар корольдығын жаулап алады. Бұл оқиға кейіннен Германияның эпикалық шығармасы «Нибелунгтар туралы жырдың» сюжетіне негіз болды, бұнда Аттила халықты Рим езгісінен құтқарған құтқарушы ретінде бейнеленеді. 448 жылы ғұндар патшасына келген византиялық елшіліктің ішінде болған V ғасырдағы византиялық хронист, тарихшы және дипломат Приск Панийский өзінің «Византия тарихы» деген еңбегінде Аттиланы ірі мемлекеттік қайраткер, данышпан билеуші, шебер дипломат және әділ қазы деп суреттеген.

Ғұндар державасымен одақтас болуға ұмтылған тек Шығыс және Батыс Рим империясы ғана емес, басқа да халықтардың корольдері мен көсемдері олардың көмегіне жүгінген.

Аттила – Ғұн державасының императоры. Ғұндар - ежелден Орталық Азия аумағында өмір сүрген түркітілдес тайпа.

Аттиланың билігі кезінде Ғұн державасы территориясын мейлінше кеңейтіп, қуаттана түсті. Оның кезінде Ғұн державасы төрт бөліктен тұрған: солтүстігінде ол ғұндар патшалығынан батысында Германияға дейінгі жерді алып жатты. Орталық Азиядағы Ғұндар одағы кейіннен қазақ этносының және басқа да түркітілдес халықтардың қалыптасуына септігін тигізді.

Аттила бастаған ғұндар 451 жылдың басында Батысқа жорығын бастайды. Аттила Галлиядағы бургундардың, вестготтар мен франктардың бай жерлерін жаулап алуды мақсат тұтты.

VI ғасырдағы гот авторы Иорданның айтуынша Аттилада жарты миллионға жуық әскер болған. Алайда қазір Аттиланың әскері жүз-жүз жиырма әскері болды деп айтуға болады, қарсыласының да әскері осындай шамада болған.

scale_1200.jpg

Дегенмен, Аттила Парижге дейін жетпеген, ғұндар сол қапталынан Орлеанға жетіп, оны шабуылдаған. Шампаньдағы Каталаун даласындағы шайқас шешуші шайқас болған. Иорданның жазуынша: «ешкiм мұндай керемет оқиғаларды басынан өткермеген, бұл оқиғаларды жан-жақты жеткiзу үшiн кереметтiң тiкелей куәгерi болу қажет. Қариялардың айтуынша, аталған далада ағып жатқан өзеннің төменгі жағалауы өлгендің қанынан арнасынан шығып кеткен». Осы шайқасты көзімен көрген Проспер Тиро былай деп жазған: «бұл шайқаста екі жақ та жеңіске жеткен жоқ. Мерт болғандардың саны шексіз...».

Галл жорығынан оралған соң Аттила Шығыс Рим империясына бұрынғы көлемде салық төлеуін қайтадан талап етті. Шағын отрядын Византияға қарсы жіберіп, өзі негізгі күшпен Италияға қарай жорыққа шықты. Ғұн әскері Аквилея, Конкордия, Альтин, Патавий (қазіргі Падуя), Вицетия (қазіргі Виченца), Верона, Бриксия (қазіргі Брешия), Бергамо, Милан, Тицин (қазіргі Павия) сияқты қалаларды басып алды.

Батыс Рим империясының басына күн туған осы қиын-қыстау кезінде оның билеушісі Валентиниан ІІІ ешбір әрекет жасамай, болып жатқан оқиғаларды үрейлене бақылаумен болады. Ақыр соңында римдіктер Аттила Лев І папа бастаған елшілерді жібереді.

Ғұн державасы билеушісінің Рим Папасы бастаған елшілердің сөзіне құлақ асып, жеңіліп тұрған Римнің алдына келіп тоқтауы – Аттиланың даналығын көрсетеді.

Аттиланың кезеңі Еуразия тарихында өшпес із қалдырды, оның аты тарихи шығармаларда, хроникаларда, жыр-дастандарда сақталған. Германдықтардың батырлық эпостары мен скандинавтықтардың сагаларының кем дегенде 18 шығармасында ғұндар мен олардың билеушісінің ұлы істері сипатталған.

Аттила қайтыс болғаннан кейін оның ұлдары тұсында Батыстағы ғұндар державасы ыдырап кетеді. Ғұндар төменгі Дунайдың солтүстігінде қалады, көпшілігі Қара теңіз жағалауына қарай кетіп, одан әрі Еуразияның шығысына Орал мен Арал теңізіне қарай, яғни алапат Ғұн империясының бағзыдан бергі шығыс иелігіндегі жерлерге қарай ойысады.

Халықтардың ұлы көші заманында Ғұн империясы жаңа заман мен өркениетке өтуде еуропаның, еуразияның тарихи тағдырына объективті түрде өз әсерін тигізгені хақ.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. «Ұлы Даланың Ұлы есімдері. Мақалар жинағы» кітабы

2. "Егемен Қазақстан" газеті Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы

3. Қазақша Уикипедия деректер базасы. 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?