Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байтайлақ батырдың ұраны атой салған күн

2533
Байтайлақ батырдың ұраны атой салған күн  - e-history.kz
Абылай хан заманының батыры, қолбасшы Байтайлақ Бәйімбетұлының құрметіне кесене ескерткіші ашылып, баба рухына тағзым етілді

27 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы Қалбатау етегінде Абылай хан заманындағы жүздікті басқарған қолбасшы, баһадүр батыр, Керейдің 7 ағайынды шеруші руына ұран болған Байтайлақ Бәйімбетұлының кесене ескерткіші ашылып, баба рухына тағзым етіліп, ас берілді. 

0f79792652573cbc54eb2418313152d3.jpg

Ертеден керей мен найман тайпаларына мекен болып келген Қалбатаудың баурайында бұдан бұрын да Ер Жәнібек Бердәулетұлының ескерткіші тұрғызылып, батырдың 300 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілген болатын. Сол дүбірлі тойдың жалғасындай болып, сол Ер Жәнібектің бауырындай Байтайлақ батырдың ерлік рухына арнап сән-салтанаты жарасқан кешенді ескерткіш тұрғызылды. Тіпті кейбір тарихи деректерде Ер Жәнібек өмірден өтер шағында Байтайлақ батыр ағасының қасына жерлеуді аманат еткен көрінеді. Енді міне, артында қалған батыр ұрпақтары сол аманатты орындап, ертеден қалбатаулықтар «Байтайлақ қорымы» деп аталатын жерге кесенесі бой көтерді. Ер Жәнібек пен Байтайлақ батыр кесенелері аманат бойынша бір-бірлеріне менмұндалап жақын орналасқан. 

94bdbe2d5fa00c6d9c44d4f6a54f3323.jpg

Қытайда тұратын белгілі ғалым, қоғам қайраткері Қадыс Жанәбілұлының бастамасымен өткен еске алу шараларына шығысқазақстандықтармен бірге Қытайдан және Моңғолиядан келген белсенді қазақ азаматтарының делегациясы да қатысты. 

Ақын-жазушы, Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі Шынай Рахметұлының атап өткеніндей, Қазақ мемлекетінің 550 жылдық мерекесі қарсаңында қазақ халқының ұлт-азаттық майданының атақты сардарларының бірі, аруақты батыр бабамыз Байтайлақтың даңқын ұлықтауымыз маңызды оқиға. 

c8d909a5b813b2b349790deae0560273.jpg

«Өткен жылы Абылай ханның оң тізесінен орын алған, Қабанбай, Бөгенбай, Ақтанберді, Үмбетай батырлардың қандыкөйлек қаруласы Ер Жәнібек бабамыздың даңқын төрт төңіректе ұлан-асыр тойлап белгілеген едік. Енді сол Жәнекеңнің ақылдас жан серігі Байтайлақтың да елі үшін жасаған ерлігін ұмытпайық, ол да ұлт күрескері еді, аруағын қуантайық, ұрпақтарын ұлттық жігермен рухтандырайық деп желпініп шыққан барша қандастарға, отандастарға Алла разы болғай! Байтайлақтың аруағы қолдасын», – деп ағалық лебізін білдірді. 

Ал зерттеуші ғалым, этнограф, т.ғ.д., профессор Ахмет Тоқтабай «Байтайлақ қорымы» деген жер атауының ертеден қалыптасқанын тілге тиек етіп, осы төңіректегі ертедегі абыз ақсақалдар Ер Жәнібек пен Шеруші Байтайлақтың есімі жиі айтып отыратынын айтты. 

e9a00dc6037c07e80ba9b1fd6149d6e2.jpg

«Біздің жас кезімізден құлағымызға сіңірген есімдердің бірі Жәнәкем дейтін Ер Жәнібек батыр мен Байтайлақ батыр болды. Ауыл ақсақалдары Наурызда, Құрбан айтта жиылғанда осы екі батырды тастамай, соның есімін айтқанда жігерленіп, көздеріне жас алушы еді. Содан осы батырларды таныту барысында біраз шаруалар істедік. Бүгінгі шара – егемен еліміздің ертеңі үшін қуанышты мереке. Әсіресе Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ашылып отырған салтанатты кесене. Енді бір айтатын мәселе, Байтайлақ батырдың кіндік қаны тамған жері – Ресей Федерациясының Ор қаласы. Осы қаланың маңындағы Керей жұрты деген жерде орналасқан. Ресей Ор қаласын салып, қазақ даласына қақпа ретінде отарлау саясатын жүргізгені анық. Ал Байтайлақ батыр Ор қаласына алғашқы жорықтарын жасаған. Жоңғарға қарсы атой салып, жеңістің туын тігіп, Керейдің елін Алтайға орналастыру бұл кемеңгер саясаткер Абылай ханның тікелей тапсырмасы болған. Бұрынғы ата-мекеніміз, түтінін түтетіп, даласын думанға бөлеткен ұлы бабаларымыздың қонысын қайтарып алу. Ер Жәнібек, Қодырақ, Байтайлақ бастағана батырлардың сіңірген еңбегі зор. Болашақта Батыр бабамыздың туған жері Ор қаласына бір белгі тас қою керек. Осы шаруаларды болашақта жүзеге асырамыз деп ойлаймыз», – деді А. Тоқтабай.

Шеруші Байтайлақ батыр кесенесінің ашылу салтанатында Жарма ауданының әкімі Айдар Маратұлы, Байтайлақ батырдың ұрпағы, ҚХР, Алтай қазақ аймағының бұрынғы әкімі, тарихшы Қадыс Жәнәбілұлы, Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей қазақ аймағының әкімі Дәрмен Құзкейұлы, кесенені өз қаражатына салғызып, батырдың асын өткізген кәсіпкер Ділдехан Дәлелұлы, ақын, қоғам қайраткері, «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнінің сөзін жазған Алмасбек Ахметбекұлы өз қуаныштарымен бөлісті. 

fd3a6edbe825d8739b7266f4d42d5dda.jpg

Батыр ескерткішін тұрғызған кәсіпкер Ділдехан Дәлелұлының айтуынша, бұл ескерткішті салғызуға ұлттық рух әсер еткен. «Мен құрылысшы емеспін. Бірақ кесенені тұрғызуда бірнеше идеалы символдарымды жүзеге асырдым. Бірнеше айда біткен композицияның биіктігі 17,3 метр. Ол батырдың туған жылын көрсетеді. Кесененің басында мұсылманша ай. Астында жұдырықтай жұмылған қазақ халқы. Германиядан арнайы әкелген көк шынылы әйнек үш қырлы безендіріліп, қазақтың үш жүзін көрсетіп тұр. Оның астында аспанмен тілдескен қазақтың қара шаңырағы тұр. Онда 13 уық тігілген. Ол – он екі абақ керей мен ашамайлы керейдің символикасы. Сондай-ақ алты алашты танытатын алты қырлы гранит тастан құрылған жеті діңгек тұр. Бұл шеруші руының жеті баласын ишаралайды». Бұдан бұрын аталған азаматтардың көмегімен Қалбатау баурайында Байтайлақ батырдың бейітіне таспен қоршау жасалып, жолаушыларды бағыттайтын жол көрсеткіші де қойылған болатын. 

f72d70d64e5e87cf6b997de4d1f07c17.jpg

Салтанатты шара барысында Жарма ауданы орталығында «Нұр» кафесінде Шеруші Байтайлақ батырға арналып құдайы ас беріліп, «Байтайлақ батыр» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Айта кетейік, Шеруші Байтайлақ батырды еске алу шарасы Астана мен Алматы қалаларында да өз жалғасын табады деп күтілуде. Келер жылы Қытайдағы шеруші ұрпақтары мен Моңғолиядағы шеруші батыр ұрпақтары дүбірлетіп той жасап, құрмет көрсету, тағзым ету шараларын жүргізеді. 

Ал 29 қыркүйек күні Елордамыз Астана қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ақтабан шұбырынды» заманында Абылай хан басшылығындағы қазақ батырларының бірі және Ер Жәнібек батырдың ақылшысы, сенімді серігі болған Байтайлақ батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасады. Белгілі ғалымдар, әдебиетшілер мен тарихшылар қатысатын жиында батыр бейнесі жан-жақты сөз болып, тың деректер айтылады. Конференция қатысушылары Шеруші Байтайлақ Бәйімбетұлының дара тұлғасына тоқталып, Абылай хан заманындағы батыр тұлғалардың тарихына тоқталады.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ 

Астана-Семей-Жарма-Астана

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?