Алғашқы Ғұн империясы б.з.д. IV ғасырдан бастап б.з.д. 55 жылға дейін өмір сүрді. Мемлекеттің ең күшейген тұсы Мөде қаған ел билеген мезгіл. Тарихи деректерде ғұндар Хань имериясынан 100 жылға дейін алман-салық алып отырғаны айтылады. Табылған жұрт осы алғашқы Ғұн мемлекетіне тиесілі орданың жұрты. Қытай деректерінде Ғұн ордасы – Лун-Чен немесе Луут деп жазылып, қала қат-қабат қорғанмен қоршалғандығы, өте үлкен жасанды су қоймасы болғандығы жазылған. Сонымен қатар қорған қақпасына «Тәңірдің ұлы шаньюй» (Тәңірқұты) деген жазу бәдізделгені жайлы айтылған.
Археологтар арасында осы деректерде айтылған бойынша «ғұн ордасы Луут Қанғай үстіртінде орналасқан» деген болжам басым орында болып келген. Орданың Қанғай (Архангай) аймағынан табылуы туралы мақала авторы Бекен Қайратұлы мынадай пайым жасайды: «Қала тағаны табылған орын көне түркілердің құт мекен, қасиетті қонысы Өтукеннің кіндігі, Орхон өзенінің аңғарында жатыр. Бұл өлке көне түркі мұраларының ұйығы істептес. Жаңадан табылған Луут қаласының оңтүстік шебі 80 шақырым жерде Күлтегін ескерткіші тұрса, оған жалғас Білге қаған кешені менмұндалайды». Бұл белгілі деңгейде көне түрік мемлекеті өздерін ғұндардың заңды жалғасы санағанын да меңзесе керек.
Нысанға қазба жұмыстарын жүргізген топ жетекшісі Ұланбатыр универсиетінің ғалымы Т.Идерқанғайдың айтуына қарағанда, олар әуелі ежелгі қытай жазуы бәдізделген жәдігер тапқан. Осында таңбаланған иероглифті оқыған мамандар бұл «Тәңірдің ұлы шаньюй» деген сөз екенін анықтаған.