Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Тарих және мәдениет» халықаралық фестивалі

1564
«Тарих және мәдениет» халықаралық фестивалі  - e-history.kz
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Астанада «Тарих және мәдениет» атты этникалық мәдениеттердің халықаралық фестивалі өтіп жатыр

Елорда төрінде «Тілеп қобыз сарайы» концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан халқы ассамблеясы, Совет Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы халықаралық қоғамдық-қайырылымдылық қордың қолдауымен «Тарих және мәдениет» атты этникалық мәдениеттердің халықаралық фестивалі өткізіліп жатыр. 

Үш күнге созылған байқау бүгін мәресіне жетпек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырған байқауға алыс-жақын шетелден әр түрлі номинация бойынша өнерпаздар бақ сынады. Байқау вокал, хореография, музыкалық аспаптық жанр ұжымдарының қатысуымен өтіп отыр. 

66abc86e489ffb60f4e12f94b98642f6.jpg

Фестивальдің мақсаты – жер шарының түпкір-түпкірінен келген өнерпаздарды біріктіріп, және олардың ұлттық мәдениетін, тарихын насихаттау болып табылады. Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, байқау этникалық музыканы үгіттеп, этникалық топтардың үздік композициялар мен шығармаларын дәріптеу, көпмәдениетті қоғамды құру және мәдени өсуін дамыту мақсаттарын көздейді.

Өнер байқауына әлемнің 16 елінен қатысушылар мен қонақтар шақырылып отыр. Атап айтсақ, Қазақстан, Болгария, Қырым, Украина, Дағыстан, Солтүстік Кавказ федералдық округі, Қарашай-Черкес Республикасы, Кабардино-Балкария, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Башқұртстан, Венгрия, Моңғолия, Қытай, Сирия. 

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақтың халық және Қазақстан композиторларының әндері мен шығармаларын орындаған. Артынша екінші кезеңге өткен жүзден жүйріктер өз елінің шығармаларын орындаған. Байқаудың екінші кезеңіне өткен өнерпаздың бірі Кабардокова Зухра Қазақстанның астанасын көріп, өнерлі жастармен мәдени байланыс орнаттым дейді. 

Зухра Кабардокова (Кабардино-Балкария): «Қарашай-балқарлардың халық әні «Айтжаяқты» орындадым. Ол – біздің халықтың жастарына арналған ән. Бір сөзбен айтсақ, махаббат тақырыбындағы. Байқаудың осындай керемет Астанасы бар елде өтуі мені таңғалдырды. Көңіл-күйім керемет. Әр түрлі мемлекеттерден келген өнерпаздармен танысып, мәдени байланыс орнаттым». 

Байқауға шетелдегі қазақ ағайындар да бақтарын сынапты. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтап, алғысын жаудырған қандастармыздың қатарында Моңғолиядан келген Сәттігүл Құмарханқызы да болды. «Мен бұл байқауға вокаль номинациясы бойынша қатысып отырмын. Өнерімді халыққа паш ете отыра, екінші кезеңге жолдама алдым. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы құтты болсын. Осындай айтулы той қарсаңында шетелдегі қазақтарды да бүгінгі байқауға шақырғаны үшін алғыс айтамыз. Біздің өнерімізді сыйлағаны үшін, үлкен іс-шараға алғысымызды айтамыз», – деді қандасымыз. 

8a9fd313b57abd65a57bb744ea38f0f6.jpg

Фестиваль қорытындысы кешке шығып, гала-концертке ұласатын болды. Фестиваль жеңімпаздары мен дипломанттары бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақыға ие болады. 

Манапбек Кәдір (Қазақстан): «Бүгін еліміздің мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған халықаралық байқау өтіп жатыр. 16 елдің өнерпаздары бас қосқан байқау үш түрлі номинация бойынша, өз жеңімпаздарын анықтауда. Бәріне сәттілік тілеймін. Өзім риза болып отырмын. Талантты, талапты өнерпаздародың өнерін тамашаладық. Енді кешке гала-концерт өтіп, жеңімпаздар марапатталады». 

Байқау номинацияларының жүлдесін анықтайтын қазылар құрамында «Тарих және мәдениет» халықаралық фестивалінің бас демеушісі Сапар Ысқақов, көмейімен ән әуелетер әнші, сазгер Еділ Құсайынов, елімізге белгілі өнер қайраткерлері, танымал орындаушылар, композиторлар бар. 

Еділ Құсайынов, әнші, композитор: «Елорда төрінде екі-үш күнге жалғасқан халықаралық фестиваль өтіп жатыр. Осындай бастама көтеріп «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аясында өткізіліп отырғаны қуантарлық жағдай. Бірақ бір өкініштісі, байқауды түсіріп жүрген БАҚ тым аз. Неге ұлттық арналарымыз келіп, бұл байқауды түсірмеді. Елге көрсетуіміз керек еді. Әр елдің орындаушылары қатысқан байқау ғой. Қорытындысы кешке шығады. Естіп білетін боласыздар». 

73f7ecf03b1ff17689820e1535e06399.jpg

Фестиваль ұйымдастырушылары үш күнге созылатын байқау әсерлі де қызықты өтетініне кәміл сенеді. Іс-шараның ашулы мен Гала концертінде қатысушыларға Қазақстанның өнер жұлдыздары, сонымен қатар «Көк түріктер» этно-фольклорлық ансамблі өз өнерлерін паш етеді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?