Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Конституция және қоғам трансформациясы

2110
Конституция және қоғам трансформациясы  - e-history.kz
Конституциямызға 20 жыл толды. Егеменді елдің зайырлы, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік сипаты – бүгінгі күн тиянағы

Сонау «Егемендік декларациясынан» бастап, 1993 жылғы және 1995 жылғы конституциялар мен сол конституцияларға енгізілген түзетулер демократиялық бағыттың кепілі. Бара келе президенттік республикадан президенттік-парламенттік формаға дамуы; Парламенттің құзыретінің көтерілуі, жергілікті мәслихаттардың құзырының өсуі – тіпті жеке шенеунікті қызметтен тайдыру хақының пайда болуы; жергілікті бюджеттің өсуі, оны жұмсау хақының пайда болуы жергілікті жерде өз мәселелерін өз қолымен шешуге мүмкіндік ашып отыр. 

Өткен 20 жылдың ішінде біршама елеулі жетістіктер байқалды. 

Біріншіден, Егемен еліміз саяси егемендігін сақтады, Ресейге қайта жұтылмады. 

Екіншіден, қазақтың постсоветтік саяси және экономикалық элитасы мен истеблишменті қалыптасты. Жоғарғы деңгейдегі элита мен истеблишмент қазақ буржуазиясына айналды. 

Үшінші, ортанқол тап қалыптасты. Олардың үлесі – қырық-елу пайыз. 

Төртінші, қазақ қалаға келді. Қала қазағының үлесі 60 пайыз болды. Кейбір қазақтан шыққан орысшылдар қазақты қалаға жібермеген жөн, бәрін бүлдіреді. Қазақ қаптаса Алматыны үлкен ауылға айналдырады деп байбалам салды. Бүгінгі Алматыға қарасаң қазақ көп болса да бүлініп жатқан дүние жоқ. 

Әлі де болса бүгінгі күнде түзететін ірге, бекітетін қапқа, бағатын мал, қарасатын көрші бар. 

962a6e60fcc266bb0a19d7180f360ed6.jpg

Тіл мәселесі – тауқыметтердің бастысы. Саяси тұрақтылықты сақтап отырып, арнайы заңға қосымша бап енгізбей-ақ Конституциялық Кеңестің конституциялық құзыреті-ақ жеткілікті болар еді. Айталық, егерде Конституциялық Кеңес: мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдаланады. Басқа жағдайда қызметтен шеттетіледі. Мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекемелер (жеке меншік асханадағы даяшылар, дүкеншілер, қоғамдық көліктегі қызметкерлер, полиция қызметкерлері )бәрі де алдымен қазақша, азамат қазақша білмесе, орысша қызмет көрсету керек. Осы мәнерде АҚШ-тың Жоғары Сот шешімі болды. Кезінде АҚШ-та қара нәсілді және ақ нәсілді мектептер бөлек болды. Бұл жағдай нәсілдік сегрегацияны күшейтті, АҚШ-тың Жоғары Соты бұл жағдайға тиым салғаннан кейін бұл мәселе тез шешілді. Ақ нәсілді мектеп директорлары арнайы автобуспен қара нәсілді балаларды өз есебінен өз мектептеріне таситын болды. 

Ұлттық доктринаға мынадай ұсынысым бар. АҚШ-та позитивтік дискриминация деген заңгерлік категория бар. Бізге де сол керек. Біздің мультикультурализмге «позитивтік дискриминация» жетпейді. Олай болса қазақша сөйлегісі келмейтін қазақтар алдымен қызметінен кетер еді, қалғандарына үлкен сабақ. Президентімізге тіл саясатын жүзеге асыруда қолдау керек. Ондай қолдауды мен «Жанашыр» бағдарламасы деп атар едім. Басқа ұлт өкілдерінен құралған қазақ тілді жанашырлары өз міндетін пәрменді орындар еді. Кейін олар қазақ тектілер қатарын толтырар еді. 

Жалпы айтқанда мектеп сегрегациясы жақсылыққа әкелмес. Орысша мектеп бітіріп қазақша білмей, мемлекеттік қызметке жарамаушылық Қазақстан орыс мектебінің үлкен кемшілігі. Қазақстан мектебінде орыс кластарында сабақтардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде жүргені абзал. Ұйғыр, өзбек – диқаншы халық, бірақ олардың маңдайына егемен елімізде тек кетпенші болу жазылмаған: бастық болсын, әкім болып Әзімбайға мемлекеттік тілді қастерлеу туралы дәріс оқып, қазақ дәстүрі туралы жөн айтса... 

Бірегей, еншісі бөлінбеген ұйғыр-өзбек осы қазақтың бірі ағасы бірі інісіндей. Бұл жағдай еліміздегі теке тіресті емес ішкі конкуренцияны көтереді. Өзбек пен ұйғырдың еңбекқорлығы мен діндарлығы қазақтың дархандығы мен қосылып қайта дүркіресе, бірақ қазір ұмытылып бара жатқан Алты алашты жаңғыртқандай болар еді. Алты алаштың қайта түлеген күнге құдай бізді жетелесін! 

Әзімбай ҒАЛИ, ғалым-демограф 

Abai. kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?