Жезқазғанды кесіп өтетін Қаракеңгір өзенінің алқабындағы ескі қала, бүгінде ескі қорымға айналды. Қала биіктеу жерге орналасқан, жан-жағы қазылған ормен және топырақ бекінісімен қоршалған. Сыртқы қоршаудың солтүстік-шығыс жағы – 28 м, оңтүстік-шығысы – 32 м, оңтүстік-батысы – 28 м.
Ұлытау-Кішітаудың етегінде ертеден қала салынып, ескі қорымдар, ошақтар орналасты. Оның айғағы – бүгінгі күнге жеткен Ұлытау өңіріндегі тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер. Ұлытауда ертеден үлкен 9 қала болған. Бұл туралы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи-қорық мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Г. Балдуова: «Ел аузындағы аңыздарға, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның болжамына сүйенсек, осы өңірде дәулетіне сәулеті сай, жан-жақты дамыған тоғыз қала болған екен. Оның ішінде, Сарыкеңгір өзенінің бойындағы «Ордабазар» қалашығы, Арғанаты тауының шығыс жақ етегінде жатқан «Домбығұл сарайы», «Аяққамыр», «Шотқара», «Қарадөң», «Нөгербек дарасы», «Келінтам ордасының» ғана аттары белгілі. Олар да, өкінішке қарай, әлі толыққанды зерттелген жоқ. Сонымен қатар, көне сәулет өнерінің тамаша жәдігерлері – «Алашахан», «Жошыхан», «Домбауыл» ескерткіштері жұртшылық тәу ететін киелі орындар. Осы тектес ескерткіштерді түбегейлі зерттесе, ұлттың қатпарлы тарихынан тың әрі құнды деректер табылуы әбден мүмкін», – дейді.
Расымен де бұл 9 қала бүгінде толыққанды зерттеліп, тарихтан бағасын алды деу бекерлік. Әлі де тың зерттеулерді қажет ететіні анық. Сондықтан да былтырғы Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі сұхбаты» осы мәселе төңірегінде үлкен ғылыми-зерттеу экспедициясын жасауға ықпал етті. Тарихи жәдігерлер толыққанды зерттеліп, бағасын алатын болды. Бұл тұрғыда біз сөз етіп отырған Шотқара қаласы да бар. Шотқара – ертеден баба қонысы болған, талай тарихтың куәсі.
Ең алғаш Шотқара қалашығы туралы мәліметті зерттеуші ғалым, академик Әлкей Марғұлан жариялаған болатын. Жалпы Ұлытау, Жезқазған өңірлеріндегі көп мәдени-тарихи ескерткіштерді ұрпаққа таныстырған да Ә. Марғұлан. Ол Ұлытау өңірінің ортағасырлық қалаларын зерттеу жұмысы барысында 1972 жылы С. Жолдасбаевтың басшылығымен Аяққамыр қалашығын зерттеуді бастады. Орталық Қазақстандағы ортағасырлық қалалары мәселесін арнайы ғылыми бағыт ретінде қалыптастырған Ә. Марғұлан ізденістері барысында белгілі болды.
1980-1990 жылдары Ж. Смайылов басқарған экспедиция Орталық Қазақстандағы басқа да көптеген қалалармен бірге осы ескерткішке де арнайы археологиялық қазбалар жасап, оның деректерін жазба еңбектердегі мәліметтермен салыстыра отырып, кешенді түрде зерттеді. Шотқара Кеңгір өзеніне шағын жылғаның құяр тұсындағы жазыңқы төбешік іспеттес алаңқайда орналасқан. Ол айналасын ор және бұрыштарында қарауыл мұнараларының шөккен қирандылары бар жалдар қоршаған, бұрыштары әлемнің 4 тарапына қаратылған тікбұрыш пішіндес құрылыс түрінде салынған. Ескерткіштің оңтүстік-батыс шетіне салынған ауданы 200 шаршы метр қазбаның нәтижесінде қаланың балшықпен бойлай отырып, тастан қаланған қабырғалары мен тас балшықтан тұрғызылған жалдың, бір қарауыл мұнарасының құрылымы анықталды.
Қазба деректеріне қарағанда, қабырғалардың сол кездегі жалпақтығы 3-3,5 м болған, ал мұнара қабырға бойынан 1,8-2,2 м-ге сыртқа қарай шығандау етіп салынған да, тұрғындар ішкі жақтан бұл мұнараның үстіне тас баспалдақпен көтерілген. Аз мөлшерде ғана табылған заттай деректерді қолдан иленген және құмырашы дөңгелегінде жасалған қыш ыдыс бөлшектері құрайды. Қазбаның табанын тазалау барысында оңтүстік-батыс қабырға іргесінен байқалған ұзындығы 2,45 м, ені 0,5 м қарайған дақтың астынан атымен бірге жерленген жауынгер қабірі табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, Х-ХІ ғасырларға мерзімделетін бұл қабір қала өмір сүрген уақытқа емес, оның алдындағы кезеңге жатады.
Кезінде Ә. Марғұлан кеңінен пайдаланған жазба деректердің бірінде, яғни Хафиз Таныштың Бұқар әмірі Абдаллах ІІ туралы жазбаларында Орталық Қазақстан өлкелеріне жорыққа шыққан осы билеушінің Жошы хан мазарының алдында орналасқан Сарай бекінісінің жанында болғанын атап өтеді. Ә. Марғұланмен келісе отырып, Смайылов осы жазба деректерде аты сақталған Сарай бекінісінің қазіргі Шотқара қалашығы болуы мүмкін деп есептейді. Типологиялық тұрғыдан күшейтілген бекініске жататын Шотқара қалашығы Алтын Орда дәуірінде, атап айтқанда ХІІІ-ХIV ғасырларда салынған. Бізге жеткен Шотқара тарихы осы. Ал Сарай бекінісінің Шотқара қалашығы болуы әлі де зерттеуді талап етеді.
Дайындаған Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ