Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи тұлға және көркем бейне: Науан хазірет

3425
Тарихи тұлға және көркем бейне: Науан хазірет  - e-history.kz
Науан хазірет асқақ тұлғасымен, ең алғашқы діни ұстаз ретінде халқының ағартушылық жолында бақытты болашағы үшін күресіп, оны оқу-білімге, жарыққа, дінге шақырып, еліме нұр шашамын деп талпынған

Қараңғы қазақ көзін дінмен тазартып, өмір сәулесіне, тарих сахнасына, заман тынысына алғаш дінді уағыздап, діни ағартушылық жолда ерен еңбек еткен тарихи тұлғалар да бар. Солардың бірі – Наурызбай хазірет Таласұлы. Оның көркем образы Сәкен сері Жүнісовтың «Ақан сері» шығармасында бейнеленген. Ол – өз заманында халқын дінге шақырған, медресе ашып, қазақтың ұл-қызын оқытуға үлес қосқан, ұлтының арын жоқтаған нағыз азаматы. 

Советтік идеология мен тап өкілдерінің керітартпа кесірлерінен тарихи бағасын ала алмай келді. Біздің театр сахналарында берілген әдеби пьесалардың кейіпкерлерін зерттеп талдай отыра, олардың қоғамда жасаған жағымды жаңалықтарын ашатын кез келді. Әдебиет тарихында бір кезде мадақталған, советтік идеология талабында жазылған шығармаларды түзетіп, қайта жаза алмаймыз. Бірақ тарихи тұлға мен көркем бейне мәселесінде шындық ашылуы керек. Ол біздің әдебиетімізде көркем образдар болып табылады. 

cc5ff0b93c0a90f99aa05f158a4145a2.jpg

Мысалы, біз қазір «Ақан серіні» оқитын болсақ, сондағы Науан хазіретті сол баяғы идеологиямен діншіл, тап жауы етіп көрсеткен екен деп дәл солай қабылдауымыз керек. «Абай жолын» оқығанда да Құнанбайды сол баяғы кертартпа деп түсінуіміз керек пе? 

Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлғаларды танытудағы ірі шығармалардың бірі сал-сері, діни қайраткерлер, қоғам зиялыларына арналған туындылар қатарын жатқызуға болады. Әрине алдымен ойымызға Ақан сері, Балуан шолақ, Мәдилер оралатыны анық. Ендеше Сәкен сері Жүнісовтың «Ақан сері» романы, алаш зиялыларының Ақан сері жайлы пікірлері, Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесалары оқырман қауымға жақсы таныс. Бұл шығармаларда да советтік құрсаудың тұсауында қалып, көркем шығарма бойындағы тарихи тұлғалардың көркем бейнелері толық дәрежеде тиісті бағасын алды деп айта алмаймыз. Жоғары да айтқандай советтік идеология саясаты хандар мен сұлтандарды, би-шешендерді, сал-серілерді, діни қайраткерлерімізді халық санасынан ұмыт қылдыруды көздеді. Сондай тарихи тұлғаның бірі – Науан хазірет. 

Науан хазіреттің бейнесі қазақ әдебиетінің тағы бір классигі Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында, сондай-ақ жазушымыз С. Жүнісовтың «Ақан сері» атты дилогиясында да орын тапқан. Өкінішке қарай, осы басылымдарда сол кезден солақай саясат пен большевиктік идеологияның салқын талабына сәйкес Науан хазірет халық арасында қара түнек сепкен реакцияшыл молла ретінде сипатталған. Дей тұрғанмен Науан хазірет оның замандас-тұстастары Ақан сері, Әлихан Бөкейханов, Мәмбетәлі Сердалин, т. б. пікірлерінде ерекше тұлға, қоғам қайраткері, ғұлама ұстаз, имандылық иесі ретінде көрінеді. Халқымыздың жадында да дәл осындай тарихи тұлға ретінде сақталуда. 

Осы жұрт Наурызбайды біле ме екен?! 

Науан хазірет есімін бүгінде бүкіл қазақ жұрты біледі деген бекершілік. Бүгінде аға ұрпақтан қалған некен саяқтар білетін болмаса, кейінгілердің Науан хазіреттен хабары жоқтың қасы. Ал енді дара тұлға Науанның өмірбаянына, тарих сахнасында атқарған қызметіне көшетін болсақ. Әлі де тың деректердің аздығы көзімізге ұрынады да тұрады. 

Бүгіндері Көкшетау қаласындағы орталық мешітке есімі берілген Науан хазіреттің бүкіл дүйім жұрт білуі шарт. Сонда да тарихшы ғалым, профессор Қ. Абуев ағамыздың «Науан Хазірет» кітабында келтірілген өмірбаянына қысқаша тоқталсақ: «Ол соңғы дерекке, атап айтқанда, қабір басына қойылған құлпытастағы жазбаға қарағанда, 1843 жылы Баратай ауылының маңындағы Жылкелді деген қарағай қайың басқан нулы да сулы өңірінде Талас Құтболатұлының отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі Қарауыл руының Есембай Шұңғырша тармағынан» дегенді айтады. 

Бірақ та бұл айтылғандармен қоса кейбір зерттеушілердің пайымдаулары да басқаша. Белгілі алаш қайраткері, ұлы тұлға Әлихан Бөкейханов: «Ол Көкшетау уезінің кедей қазағының баласы еді» деп тұжырым айтады. Міне осы келтірілген тарихи фактілер, қазақ тарихындағы ұлы тұлға Науан хазіретті анық анықтап береді деген бекершілік. 

Жасынан зерек Науан хазірет ауыл молдасынан хат танып, кейін Қызылжар медресесіне оқуға барған. Медресені үздік окып бітірген соң ол ерекше дарынды түлек ретінде сол кездегі діни жоғарғы оқу орны болып саналатын Бұхар медресесіне жолдама алады. Еліне келіп, Баратайға жақын Бесқарағай деген жерде мешіт салу жұмысын ұйымдастырып, бірер жыл сонда имамдық жұмысын атқарады. Әйткенмен білімге, оқуға деген құштарлық талабы Науанды одан әрі жетелейді. 

e62e09af49f9f8ed1945535c07578d09.jpg

Ауыл молдасынан хат танып отырған қазақ балалары. Көне сурет

Профессор Қадыржан Абуев өзінің зерттеуінде: «Он бес жыл оқып, Бұхар медресесін үздік бітірген Наурызбайдың үлкен дарын иесі екендігін таныған медресе ғалымдары оны бүкіл мұсылман дінінің орталығы болған Бағдат шаһарына жібереді. Ол жерде білімін сонша тереңдеткен Наурызбайды Бұхар медресесі өз қабырғасында ұстаз етіп қалдырады. Бірақ көкшетаулық мұсылмандар қауымы Бұхарға арнайы делегация жіберіп, Солтүстік Қазақстан өңірінде мұсылмандықты уағыздайтын бірде-бір жоғары білімді имамның жоқтығын тілге тиек етіп, Наурызбайды еліне қайтаруды өтінді. Осы жағдайларды ескерген медресе басшылары көкшетаулықтардың талабын орынды деп тауып, Наурызбайды еліне қайтарады» деп көрсетеді. Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханов былай деп жазған: «Науан 15 лет учился в Бухаре, закончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру, исключительно благодаря своему необычайному дарованию. В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе, откуда его вызвали кокчетавские киргизы (казахи), послав особых делегатов». 

Орыстың ырқына көнбеген 

Ал осы тұста оларға қарсы шығып, орыс мәдениетіне құшақ жаймай, осы бір айтусыз халықты қасиет көрмеген, баласын шоқындырып, қызын орысша иландырып бара жатқан қазақ қоғамына қарсы шығып, орыс халқына ыңғай бермеген ұлы тұлға ретінде танылады. 

Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бағдат пен Бұхар жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап елге оралғанда Науан хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып қалыптасумен қатар жәдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген. Міне, енді сол оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады. 

Және де шәкірттерді жамалия, джұғрапия, жамиғат тауарихты оқытып, Пайғамбар, сахабалар, сол замандағы сүннилер, шииттери тарихынан басқа ұлы хакимдердің ғылымдарын үйретіп қараңғы қазаққа алғаш діни сауаттылықты ашып, білім үйретуді көздеді. Тіпті орыстанып, шоқынып бара жатқан халқы үшін, анау Түркияғада хат жолдап, әр тараптан білімге кенелудің жолын іздеген. Профессор, әдебиетші ғалым Ж. Смағұловтың «Ұлттық әдебиеттану әлемі» кітабында Науан хазірет туралы былай делінген: «Көкшетау мешітінің имамы атақты Науан хазірет (Наурызбай Паласов) пен осы мешіт жанындағы интернат мұғалімі Шаймерден Қосшығұловтың Россияның отаршылдық саясатына, діни мекемелерді, мешіттерді жауып, дін иелерінің мұсылман дінінің шариғат жолымен қызмет жасауына тиым сала бастаған жаңа тәртібіне қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында жер-жердегі ел сыйлайтын адамдармен байланыс жасады. Бізге Ш. Қосшығұловтың Абайға жазған екі хаты белгілі. Алғашқысы – ақынның баласы Тұрағұлға беріп, ол «шылым орау» үшін болыс Р. Құдайбердинге беріп, тінткен кезде соның қалтасынан шыққан хат. Екіншісі – Абай Семейдің уезд бастығы Новроцкийдің қатысуымен Арқат почта бөлімінен алып берген хат. Абай үйін тінту – 1903 жылы болған оқиға. Науан хазірет пен Ш. Қосшығұлов бастаған адамдардың қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы іс-әрекеті ертерек басталған болуы керек. Арқада шоқындыру басталып кеткенде Науан хазіретпен бірге қарсы тұрғандардың Шаймерден Қосшығұлов. Өмірзақ Озғанбайдың кітабында былай делінеді: «Елдіктен кетіп барамыз. Дінбұзарлар келді. Жаназа шығарудың өзін поптар атқарып жатыр» деген сипатта. 

0dc053592ff29ad0a2dc5a999d3b81d7.jpg

Шаймерден Қосшығұлов

Бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Осы хаты үшін Науан хазірет екеуі 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Кейін алаш арыстарының араласуымен бес жылдық жаза екі жарым жылға азайтылады. Бұның бәрі мына жылдардағы қараулы оқиғасынан басталған. 1902 жылы қазақ даласында қазақтарды жаппай шоқындыру туралы қаулыға қол қойылып, бұл қаулы ісіне кірісіп кеткен. Осы кездегі қараңғы қазақтың көзін дінмен ашып, ағартушылық идеяны насихаттаған тұлғалар, дін иелері Шаймардан Қосшығұлов пен Науан хазірет Абайға хат жазады. Бұл хат Абайдың мұрағатында бар. Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, үш ай мырза қамақта отыратыны – осы мұсылмандық қозғалысқа байланысты шаруа. 

Әйгілі заңгер, Алаш арысы Жақып Ақбайдың петицияларға жазған жауаптарындағы тың деректердің бірі, сөз басында айта кеткендей «...1903 жылы Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Соның барысында тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр. Ол ол ма, Көкшетау уезінің беделді қазақтары Наурызбай Таласов пен Шәймерден Қосшығұлов өздерінің діни сенім-нанымы үшін алғашқысы Енисей губерниясына, соңғысы Якут облысына жер аударылды» деген жолдарға зер салып көрейік. Атап айтқанда, Семей уезінде 1903 жылғы сәуірдің 25 күні Абайдың үйі тінтілген болатын. Сол жерде уезд бастығы Навроцкий акт жасап, Абайдың бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетті. Кейін «Қағаздар араб әрпімен жазылған қолжазбалар, газеттер мен журналдар, кітаптар екенін және олардан үкіметке қарсы ештеңе табылмағанын» көрсеткен Омбыдағы чиновниктер сол сандықты қайтармады. 

10 жылға жер аударылып кеткен Науан хазiрет 1904 жылы елге оралады. Ұлды болған қуанышты патша кешiрiм жасаған. Екi жарым жыл айдауда жүрген Шәймерденге де кешiрiм болды. Алайда, елге келген оны Тынышұлы мен Шипабекұлы Петерборға шақырып алады. 1905 жылғы «халық қалаулыларының бас қосуын шақыруға, халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат берген «17 ақпан манифесі» қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, Ш. Қосшығұлов, Науан хазірет, Р. Марсеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжановтардың саяси сахнаға шығуы да тікелей осы қозғалыспен байланысып жатты. 

Экономист, тарихшы әрі адвокат Мәмбетәлі Сердалиннің Науан хазірет пен Ш. Қосшығұловты ақтап алуы – тарихтың бір ақтаңдағы. Мәмбетәлі Сердалин туған жерінде де біраз азаматтық қызметтер атқарды. «Елін, жерін білім мен қасиетті дініміз жолына бұрған, мектеп, медресе ашқаны үшін Сібірге жер аударылған көкшетаулық Науан хазірет атанған Наурызбай Таласұлы мен ақмолалық молда Шаймерден Қосшығұловты (кейін бұл кісі Ресей Мемлекеттік ІІ Думасына депутаттыққа үміткер болған) айдаудан босату жөнінде Петерборға барып, Ішкі істер министрлігіне дейін кіріп, ақтап алған. 

Науан хазірет – тарихтың беттерінен алар орны айрықша, әдебиетіміздегі көркем образдардың қасиеттері жинақталған тарихи тұлға. Этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметұлы еңбегінде «Ахмет ел ішіне ағартушылық жүргізу үшін оқымысты молдаларды пайдаланған. Мысалы, Торғайда Байту молда дейтін адам болды. Осы кісі тура Торғайдың өз басына мектеп-медресе ашты. Жарықтық бертінде Кеңес үкіметінің көзін көріп барып дүниеден өтті. Байту молда мен Бейіс хазіретіні ақ патша заманында 1895 жылы оқу инспекторлары Алекторов, Григориев дегендер «ұлықсатсыз медресе ашты» деп сотқа берген. Тегі, бұл Ильминскийдің тапсырмасы болуы керек. Содан медресесін жаптырған. Өздерін сотқа берген. Осы науқанға Көкшетаудағы Науан хазірет те ілініп кеткен» дейді. 

9c3bb701b869a22b8bdcb5f9cbd7b097.jpg

Науан хазірет атындағы мешіт. Көкшетау қаласы

Науан хазірет асқақ тұлғасымен, ең алғашқы діни ұстаз ретінде халқының ағартушылық жолында бақытты болашағы үшін күресіп, оны оқу-білімге, жарыққа, дінге шақырып, еліме нұр шашамын деп талпынған.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?