Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Айгүл Ниязованың шығармашылық жолы

1338
Айгүл Ниязованың шығармашылық жолы - e-history.kz
«Табысты тұлғалар – Қазақстан тренді». «Астана Операның» жетекші солисі Айгүл Ниязованың веб-порталымызға берген эксклюзивті сұхбаты

Айгүл ерекше даустың иесі, ол «Біржан — Сара» операсындағы Сараның және «Евгений Онегиндегі» Татьянаның жетекші партияларын орындайды. Бүгінгі таңда қазақ операсының негізін қалаған Күләш Бәйсейітовадай қазіргі қазақ опера өнеріне өз үлесін қосуда. 

— Музыкаға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? 

— Фортепианоны алғаш рет бала кезімде көрдім. Ол маған ғажайып әсер қалдырды. Ақ пен қара клавиштер өзіне еліктіріп әкетті. Бірінші көргеннен оған деген сүйіспеншілігім оянды! Менің өтінішім бойынша әкем 1 қыркүйек күні мені музыка мектебінің бірінші сыныбына апарды. Әнге әуестену қазақтың қанында бар. Өйткені халқымыз музыкаға өте бейім. Отбасымызда әжем жақсы ән салған, мен де бұл дәстүрді жалғастырдым. 

28c155d205908be891c0b6df686956a4.jpg

— Операға қалай келдіңіз?

— Барлығы Павлодар музыка училищесінен басталды. Оқу мекемесінде фортепиано сыныбын тәмамдап, он екі жыл бойы пианист болдым. Содан соң болашағым туралы ойлана бастадым. Әнші болуды әркез армандадым, сондықтан да оқытушымен ақылдасып, келешекте классикалық вокалмен айналысамын деп шештім. Менің жолым болды — жақсы вокалдық дайындығымның және қабілетімнің арқасында Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға «Опералық ән» мамандығына қабылдау емтихандарын тапсырдым. Жоғары ұпай жинап, ҚР халық әртісі Хорлан Қалиламбекованың шәкірттерінің қатарына қосылдым.


— Италия — опера өнерінің отанындағы «Ла Скала» академиясына оқуға қалай түстіңіз? 

— 2007 жылы Италияға тұңғыш рет барып, бұл елге 2010 жылы екінші рет сапар шектім. Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мәдениетіне деген ықыласының арқасында ұсынылған мемлекеттік бағдарлама ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған. Мұндай бағдарламаның аясында Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының атынан «Ла Скала» академиясында білім алу үшін жіберілген он солистің қатрына кірдім.


— Операның жетекші солисі ретінде қалай қалыптастыңыз? 

— Біртіндеп. Аянбай тер төгіп, көп еңбек еттім. Сабақтардан қалмай, қатысу керек, дауыс жаттығуларын жасау қажет. Барлық мүмкіндіктерге қарамастан, қазіргі жас буын өкілдеріне шыдамдылық пен еңбекқорлық жетіспейді.

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен табысқа жетпейсіз. Әсіресе, бұл сөздер біздің кәсібімізге қатысты, өйткені дауыс — күрделі әрі бірегей құрал. Қазақ ұлттық музыка академиясының үшінші курс студенті болып, Күләш Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында тағылымдамадан өттім. Мен «кішкентай» рөлдерден бастадым. «Біржан — Сара» операсындағы Сара партиясына көзқарасым ерекше. Оны диплом жұмысым үшін дайындап, 16 жыл бойы бұл партияны орындап келемін.

3f629546f061e0c41884bd130deb4d3d.jpg

— Қай елдің сахнасында ән шырқауды жақсы көресіз — Қазақстанда әлде шетелде ме? 

— Қазақстан сахналарында ән салғаннан рақат аламын. ҚР көрермендері шығармашылығымызды бағалап, өнеріміз және еңбегімізді жылы қабылдайды. Әртістердің міндеті — көрермен қаумын тәрбиелеп, талғамның биік үлгісін, өнер туралы жоғары дәрежелі түсінік қалыптастыру, классикалық музыкаға деген сүйіспеншілігімен бөлісу.

— Әңгімеңізге рахмет! 

Суреттерді «Астана Опера» ұсынды. Фотограф — Қарла Нұр 

Сұхбаттасқан: Диляра Сейдахметова

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?