Ағымдағы жылдың 8-10 мамыры аралығында қазақстандық майдангерлер Мәскеудегі Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа және басқа да бірқатар мерекелік іс-шараларға қатысты.
Ресей Федерациясына Астанадан, Алматыдан, Қарағандыдан, Павлодардан, сондай-ақ Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан Ұлы Отан соғысының алты ардагері барады. Соғыс ардагерлерін медицина қызметкерлері алып жүреді. Біздің ардагерлеріміздің Мәскеуге сапары және әскери парадқа қатысуы — жан тебірентерлік оқиға. Өйткені 70 жыл бұрын дәл осы қалада ардагерлердің көбі Ұлы Жеңісті қарсы алған еді.
Сонымен қатар еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан Ұлы Отан соғысына қатысқан 250-ден аса ардагер 6-9 мамыр күндері елордада өтетін Жеңіс мерейтойы арналған мерекелік іс-шаралардың құрметті қонақтары болмақ.
Деректер бойынша биыл сәуір айының басында елімізде 4715 Ұлы Отан соғысының қатысушылары тұратыны анықталды. Мұрағат мәліметтеріне сәйкес 1941 жылы майданға барлығы бір жарым миллионға жуық қазақстандық аттанған. Олардың жартысынан көбі ұрыс даласындағы шайқастарда және фашистік концлагерлерде тұтқында қаза болды. Сонымен қатар қазақстандықтар тылда армияны отынмен, қарумен, оқ-дәрілермен, тамақпен және киіммен жадбықтау үшін тынбай еңбек етіп, үлкен қайсарлық танытты.