Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз мерекесінің көне дәстүрлері

5755
Наурыз мерекесінің көне дәстүрлері - e-history.kz
Наурыз шығыс халықтары үшін – өзіне ғана тән қайталанбас ерекшеліктері бар айрықша мереке.

Наурызды тойлау дәстүрі адамның ізгі қасиеттерін — ашық мінезділікті, мейірбандылықты, ілтипаттылықты, жанашырлықты өркендетуге бағытталған. Оның келуін асыға күтетін бір себебі де сол. Енді Наурызға байланысты жекелеген халықтық салт-дәстүрлерге тоқталып өтейік. 

34f2bfa7801c1a0cf798daa8939b6521.png

Қыдыр ата (Қызыр ата). Қыдыр ата — қасиетті қарт, халық қамкоршысы, ол бақыт пен игілік, табыс әкеледі, қорғайды, сонымен қатар өмір сыйлайды. Наурыз күні ол барлық жерді аралап, әрбір үйге кіріп, тұрғындардың бәріне батасын береді. Сол себептен оны әрбір үй іштей және сырттай тазарып, күтумен болады. Бұл күні ағаш отырғызып, гүл егіледі. Наным бойынша, ондай үйлерге Қыдыр ата міндетті түрде келіп, батасын береді.


a670b086923b3d35956c6431595418f3.png


Әз. Наурыздың алғашқы күндердің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінен ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынадай қанатты сөз бар: «әз болмай, мәз болма».

Наурыз тойы — көңілді әрі қуанышты мереке. Наурызды қуанышпен атап өту туралы Абайдың қолжазбаларында да бар. Қазақстанның кейбір өңірлерінде бұл мейрам Наурыз той деп аталған. Бұл мейрамға келгендердің барлығы, үлкен де, кіші де міндетті түрде шаттанып, көңілденіп, өзгелердің де көңілін көтеруі тиіс болған. Мерекенің тәртібі бойынша, той тойлаушылардың көңіліне қылау түсіретін ішімдік ішу, дау-дамай, әртүрлі келеңсіздіктерге тыйым салынған. Мерекелік бағдарламада спорт жарыстары, бәйге, түйе балуандар күресі болған. Әрине, ән мен бисіз, ойынсыз өтпеген. Арнайы ғұрыптық жырлар айтылған. Дереу айтыс ұйымдастырылып, тапқырлық пен әзіл-қалжың түрінде сөз сайыстырып, жұмбақ жасырған. Үлкендердің жастарға бата беру дәстүрі бар. Наурыз күні осындай бата алу зор мәртебе саналған.

ecbb4d3d318a54bf4237458e9c3832ce.png


Наурыз көже — дәстүрлі ұлттық жылдық тағам. Бұл мейрам күндерінде ас мол дайындалады, келер жылда молшылық, құт-береке болсын деген тілектің көрінісі. Наурыз көже деп аталатын ғұрыптық асты дайындауға зор мән беріледі, оның құрамына міндетті түрде жеті дәм қосылады. Наурыз көже — ұлттың қонақжайлығы мен жомарттығының көрсеткіші іспетті. 

Наурыз бата. Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі — осы Наурыз бата. Наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз» көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. 

Наурыз жұмбақ — Наурыз құрметіне шығарылған жұмбақтар. Наурыз жұмбақ табиғат құбылыстарына, жер-анаға, көктемгі күн теңелуіне арналады. Қыздар мен жігіттер өнер жарастырып, табан астында өлеңмен жұмбақ айтысқан. 

58a019f24e68ef916cffb9dd1906866e.png

Наурыз төл — наурыз айындағы төл. Наурыз төлі —төлдің басы болғандықтан, қазақтар алғашқы қозыларды бұзаулар мен құлындарды ерекше күтіп бағады. Оларды өскеннен кейін де ешкімге сыйға тартпайды. Әдетте мұндай малды тек өз отбасына, отбасылық мерекелерге немесе айт кезіндегі құрбан шалуға байланысты ғана сояды. 

Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Көлемі шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырады, жем шашады. Наурызкөкті ешкім құмайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады. 

Наурыз есім — ат қою. Наурыз күні туғандарды халық құдіретті күш пен аспандағы жұлдыздар қолдайды, бақытты, ерекше адамдар болады деп ұсынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы, қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар боған. Алтын ордада Наурыз есміді хан (1359-1360) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурызшешек — гүл (бәйшешек). Наурыз айында ол бірінші гүлдейді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі, наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін өсімдік. 

Наурызша. Наурыз айында кейде күн жылыда көз қарықтарындай аппақ, жұқа, әдемі қар жауады. Күннің көзінде аз уақыт қана жалт-жұлт етіп құбылып, тез еріп кетеді. Өте ұлпа қар. Оны наурызша деп атайды. Наурызша — көктемнің алғашқы тынысы, шуақты күндердің хабаршысы. 

Мұхаррам — араб сөзі. Ертеде Шығыс елдері Наурызды «Мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі: қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек, мұсылман елінде наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн есебінде ерекшеленген. Самарқанның көк тасы. Самарқанның көк тасы деген ұғым Наурыз күнімен тығыз байланысты, оның бірнеше мағынсы бар. Аңыз бойынша, әйгілі астроном Ұлықбектің обсерваториясында сақталған көк тас болыпты, наурыздың 22-сі күні тасқа күннің сәулесі түсіп, оны жұмсартады — мыс. Дәл осы күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылады. Егер ренжіген адам кешірім еткісі келмесе, оған: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, тастан қатты емес шығарсың?» дейтін болған. Ерте заманда әртүрлі жазаға тартылған қылмыскерлерге қателегін түсініп, кешірім сұраса, Наурыз күні оларға кешірім жасайтын болған. 

Саумалық. Жаңа жыл келген күні саумалық жырын айтатын дәстүрі бар. Ол былай айтылады:

Саумалық, Саумалық, 

Қап тауының көк құсы, 

Ұйқыдан көзін ашты ма? 

Саумалық, Саумалық,  

Самарқанның көк тасы 

Жіберді ме, көрдің бе? 

Ауыл аналары мен әйелдер жаңа сауған сүтті шөмішке құйып қояды: 

Саумалық, Саумалық, 

Жаңа келген жақсылықты 

Көрдік пе, көрмедік пе? 

Саумалық, Саумалық, 

Сүті көп, көмірі аз. 

Жаңа жыл, жарылқа, ескі жыл, есірке! 

Содан кейін олар үйдегі ыдыстардың екеуін сындырады, бұл барлық жаманшылық осы сол ыдыспен кетсін дегенді білдіреді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?