Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз – береке бастауы

1989
Наурыз – береке бастауы - e-history.kz
Ұлттық музейде «Наурыз — береке бастауы» атты дөңгелек үстел өтті.

Наурыз — шығыс халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі. Ол табиғаттың қайта жаңғыртылуын кейіптей келе, саяси, нәсілдік, діни айырмашылықтарына қарамастан қоғамның бірлігіне көңіл аудартады. Осы орайда 16 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Наурыз — береке бастауы» атты дөңгелек үстел өтті.

8be650d58ee158dded986f0fdd055712.jpg

 «Қауышу» рәсімінен басталған іс-шараға ҚР Ұлттық Музейінің директоры Д.Мыңбай жетекшілік етті. Дөңгелек үстел отырысында Түрік академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. С.Негимов, мәдениеттанушы, публицист Серік Ерғали, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының кандидаты З.Сұрағанова және Ұлан Үмітқалиев сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. 

Олар Наурыздың гуманистік фәлсафасын, оның жарқын және төл мазмұнына тоқтала келе, әлемдік мәдениетке әсер еткен жалпыадамзаттық игілік екендігін атап айтты.

Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хаямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Кеңес Үкіметі кезінде Наурызда Құран оқылмаса да, діни мереке ретінде бағаланып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тиым салынған еді. Содан ұзақ жылдар бойы мемлекеттік-деңгейде тойланбады. Бірақ ескінің көзін көрген қарияларымыз ауылдық жерлерде наурыз көже даярлап, отбасылық мереке ретінде тойлап келген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке ретінде тойланып келе жатыр. Дана халқымыз Наурыз мейрамын «жер бетіне жақсылық ұялаған күн» деп құрметтеген.

 — БҰҰ-ның Наурыз мерексін тойлауды қолдауы, өркениеттер қақтығысы туралы жалған стереотиптерді жоя келе, барша әлем шығыс халықтарының сан ғасырлық дәстүрлерін құрметтейтінін көрсетті, — деді музей директоры Д.Мыңбай.

Қатысушылар, әсіресе, «Қауышу» рәсіміне ерекше тоқталды. 

— Қыстың қиын тіршілігінен аман-есен шыққан халық Наурыз мерекесі қарсаңында қауышып, төс түйістіріп көріскен екен. Кейбір жерлерда қауышуды көрісу немесе амал мерекесі деп атайды. Ұлы, ақын Абай Құнанбаев: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жазғандай, қазақ халқы бұл айтулы күнді асыға күткен, — деді өз сөзінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. С.Негимов.

Наурыз мерекесінің тарихы сонау ежелгі түркі дәуірінен басталатындығына егжей-тегжейлі тоқталған мәдениеттанушы, публицист Серік Ерғалидың баяндамасы да әсерлі әрі қызықты фактілерге толы болды. Ол ежелгі түркілік дәйектер арқылы Наурыз мерекесінің тарихи көріністеріне жан-жақты тоқталып, жуырда сайтымызда жарық көретін мақалаға арқау болатын бірқатар қызықты мәліметтермен бөлісті. 

082a90676557d18a4ed7956fc8b87739.jpg

Іс шара соңында дөңгелек үстел қатысушылары мейрам күндері бірігіп, баршаны «Біз біргеміз! Мы вместе!» акциясын өткізуге үндеді. Акция аясында Наурыз күні адамдар бұлақ көзін ашады, тал егеді, жетімдерге көмек қолын созады. Мейрам алдында елді мекенді тазалау, көріктендіру жұмыстарын жүргізеді. Наурыз мейрамында аламан бәйге, көкпар тарту, теңге алу, қазақша күрес, аударыспақ ұлттық ойындар, көңілді думан өткізуге шақырады.

 Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?