Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алашорда тарихына көзқарас

5270
Алашорда тарихына көзқарас - e-history.kz
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси үрдістердің тоғысында туындаған «Алаш қозғалысы» қазақ қоғамының саяси тағдырында маңызды қадамдарға бастаған кезең болды

Отандық тарих ғылымында тарихшы-ғалымдардың тұжырымдары бойынша бастауын 1905 жылғы саяси оқиғалардан алатын «Алаш қозғалысы» идеясы аясында «Алаш партиясы» құрылып, «Алаш автономиясы» жарияланды және осы мемлекеттік құрылымды басқаратын «Алашорда үкіметі» жасақталғаны тарихи зерттеулерден мәлім.

ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтын бір мемлекеттің шаңырағына ұйыстыруды мақсат еткен Алашорда үкіметі 1907 жылы құрылып, 1920 жылға қарай дербес мемлекеттік құрылым ретінде біржола өмір сүруін тоқтатты. Бұрынғы патшалық Ресейдің орнын басқан большевиктер билігі орнағаннан кейін, Ресей және Орталық Азия территориясындағы антибольшевиктік күштерге қарсы қарулы күреспен қатар, баспасөз бетінде ақпараттық шабуылдар ұйымдастырып, олардың саяси тұғырнамасын терістеу мақсатында арнайы кітаптар шығара бастады. Міне, Алаш қозғалысына, оның ішінде Алаш партиясы мен Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметіне саяси баға беру, ғылыми контекстпен қарағанда зерттеу мәселесі ХХ ғасырдың 30-жылдарында басталды. Мақалада ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің қызметіне қатысты арнайы партиялық тапсырыспен даярланған ғылыми басылымдардың тарихнамалық зерттеудегі маңызы қарастырылады.

Алаштанушы-ғалым Кеңес Нұрпейісовтың тұжырымдауы бойынша, бұл «зерттеулердің» мақсаты – «совет үкіметіне қарсы әрекеттер жасады» деген жалған айып тағылған қазақ зиялыларының саяси қуғын-сүргінге ұшырауын «ғылыми» негіздеу еді [1, 11 б.].

Алаш қозғалысы мен Алашорда тарихына қатысты сыни пікірлер, талас-тартыстар мен сараптамалық материалдар кеңестік билік орнағаннан кейінгі кезеңде мақсатты түрде баспасөз беттерінде жариялана бастады. Бұл тарас-тартыстар негізінен Кеңес үкіметі жағына өткен Алаш қайраткерлері мен большевиктік тұғырнамадағы қазақ зиялыларының арасында өрбіді.

Атап айтар болсақ, 1919 жылы 3 тамызда большевиктік «Жизнь национальностей» газетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Революция және қазақтар» атты тақырыбымен мақаласы жарық көрді. Мақалада А. Байтұрсынов қос төңкеріс тұсындағы қазақ қоғамының көңіл-күйі мен Алаш автономиясының құрылу қажеттіліктерін және антибольшевиктік саяси күштермен байланысын ашып көрсетті [2].

Бұл шағын мақалаға жауап ретінде жоғарыда аталған басылымның 1920 жылғы 25 қарашадағы санында Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ интеллигенциясы туралы» атты мақаласы жарияланды. «Манап Шамиль» деген бүркеншік есіммен жарияланған бұл мақалада қазақ зиялыларының ұлттық мүдде үшін саяси бірігу жолы, яғни 1905 жылдан бастап белсенді әрекетке көшуі, әсіресе «Қазақ» газетін саяси мінбер ретінде пайдаланып, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтарды идеологиялық тірек санап, соңынан еруін сипаттап жазады [3]. Қазақ мүддесі үшін қызмет етсе де, өмірдің екі ағысымен жүрген қос қайраткердің арасындағы пікір қайшылығы осы мақалаларында айқын көрініс берді.

1922 жылы Алашорда тарихына баға беру «Степная правда» басылымында жалғасын тапты. Аталған басылым бетіндегі қызу тартысқа себеп болған «Н.Ш.» бүркеншік есімімен жарияланған «К истории революционного движения в Восточной Киргизии» [4] атты мақала түрткі болды. Бұл мақалада Алаш мәселесіне қатысты негізгі деректерді қасақана бұрмалап көрсету арқылы қоғамды қарсы қою мақсаты көзделгені айқын аңғарылады. Аталған жарияланымға жауап ретінде кезінде Алашорда тілегінде болған Ә. Байділдин [5] мен А. Кенжиннің [6] мақалалары жарық көрді. Мақала авторлары мәселеге үстірт, әрі біржақты қарамау керектігін, Алаш қозғалысының қызметіне сол кезеңдегі қалыптасқан саяси жағдай тұрғысынан баға берудің қажеттігін баса айтты. Сол жылы «Қызыл Қазақстан» журналында М. Атаниязовтың «Алаш партиясының тарихи сыны» тақырыбында жарық көрген мақаласы негізінен «Алаш» партиясы мен алашордашылардың қызметін теріс бағалай келе, оларды контрреволюциялық күштерге жақтасқандығын сынға алады [7].

Осы кезеңде «Алаш» партиясы мен Алашорданың қызметін сынаған мақалалардың саяси салмағы ауырлай түсті. Мәселен, И. Грушин есімді большевиктік қызметкер А. Кенжинге тойтарыс беру мақсатында жазылған мақаласы арқылы алаштықтарды кеңестік жүйе алдында қылмыскер ретінде көрсетуге тырысты [8, 7-8 б.]. Байқап отырғанымыздай, Ә. Байділдин мен А. Кенжиннің жоғарыда келтірілген қарымта жауабынан кейін, Алаш қозғалысына деген ақпраттық шабуыл жаңаша сипат алды. Бұлай болуы түсінікті болатын. Себебі енді ғана орнай бастаған Кеңес үкіметі барлық өңірлерде қарулы күреспен қатар, жергілікті ұлтшыл топтарға қарсы идеологиялық майдан ашқан болатын. Бұл сол жылдары кеңестік баспасөздік негізгі тақырыбына айналды. Орын алып отырған жағдай большевиктік тұғырнамада қызмет жасап жүрген қазақ ұлтшылдарына да жүйеге қарай икемделуге түрткі болды. Атап айтар болсақ, 1923 жылы «Известия Киробкома РКП(б)» басылымында жарық көрген мақаласында А. Кенжин бастапқы көзқарасынан бастап тартып, «Алаш» партиясының бағытына буржуазиялық-демократиялық сипат беруі [9, 10-13] саяси қысымның салдарынан екендігін аңғару қиын емес.

1925 жылы Қазақстан басшылығына Ф.И. Голощекинннің келуімен Алашорда қайраткерлеріне шабуыл партия комитетінің негізгі ұстанымына айналды. Осы кезеңде өлкелік партия комитетінің басшылығында жүрген қазақтан шыққан тұлғалар да ұлтшылдықты айыптау бойынша сыни мақалалар жаза бастады.

1927 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында О. Исаұлының «Ұлтшылдықтың аты «Алашорда» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада алашордашылар мен кеңестік жүйеде қызмет жасап жүрген қазақ ұлтшылдарының сынай келе, өлкедегі негізгі партия жұмысын жүргізудегі негізгі кедергілерді қазақ ұлтшыл топтарының әрекетімен байланыстырды [10]. 1927 жыл қазақ тарихындағы қасіреті зор саяси-экономикалық науқанға дайындықтың басы болатын. Осы жылы қазақ байларын тәркілеу науқанын іске асырудың тарихи негіздемесі жасалды. Аталмыш тарихи құжатты жасаған большевиктік қызметкер А.К. Бочагов еді. Алаштанушы-ғалым К. Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде: «1920 жылдары жекелеген адамдарға Алашорданың «контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін» әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілгендігін және Қазақстан партия ұйымының атынан сондай тапсырма алғандардың бірі ретінде А.К. Бочаговты» атап өтеді [1]. 1927 жылдың 27 қаңтарында А.К. Бочаговтың «Советская степь» басылымында «Алашорда» тақырыбындағы мақаласы жарық көрді [11]. Мақалада автор Алашорданы байлар үкіметі ретінде сипаттап, ақиқаттан алшақ кетті. Бұл айыптау мақсатында жазылған тапсырыс мақала екендігі талас тудырмайды.

Алаш қайраткерлерінің Қазақстанда кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қоғамдық-саяси қызметіне арналған алғашқы еңбек А.К. Бочаговтың 1927 жылы жарық көрген кітабы болатын.

А.К. Бочагов бұл еңбегінде Алаш қозғалысының төңкерістен кейінгі саяси дағдарыс кезеңінде қазақ халқы сенім артқан саяси күшке айналғанын объективті түрде бағаласа да, жалпы Алашорда үкіметінің қызметін кеңестік биліктің ұстанымы тұрғысынан таптық, буржуазияшылдық сипатта қарастырды [12, С. 8-11]. А.К. Бочаговтың еңбегі жарыққа шыққан 1927 жылы қазақ қоғамының орта және ауқатты топтарын тәркілеп, жер аудару жөнінде қаулы дайындалып жатқан болатын. Автор кітабында Алашорданы буржуазиялық контрреволюциялық күштердің ұйымы деп қарастыруы тәркілеуге ұшырағандардың да, алаштықтардың да істерін ауырлата түсті. Ақиқатында Алаш қозғалысына қазақтың текті әулеттері мен ауқатты топ өкілдерінің ниеттес болғандығын, қиын кезедерде Алаш қайраткерлерімен бір қатардан табылғандығын жоққа шығаруға болмайды.

Алаш қайраткерлері мен Алашорда үкіметінің қызметін тарих беттерінде жағымсыз сипатта қалдыруды мақсат тұтқан бұл еңбектер кеңестік билікті мемлекеттің идеологиялық күрес науқанындағы арнайы тапсырыстар еді.

А.К. Бочагов өзінің 1971 жылы жарық көрген естелігінде Алашорда тарихы туралы кітапшаны дайындау партия тарапынан түскен тапсырыс екендігін ашып көрсетеді [13]. Партияның нұсқауымен дайындалған еңбектен әрине Алаш қозғалысы, Алашорда тарихы туралы объективті көзқарас күту қисынсыз болар еді. Себебі енді антибольшевиктік күштер қатарында болған Алашорда үкіметінің саяси тұғырнамасы да, бағыты да коммунистік жүйеге кереғар болатын. Сондықтан Кеңес үкіметінің партиялық идеологиялық күрес бағытындағы жұмыстары бұл еңбекпен тоқталып қалмады.

1929 жылы Н. Мартыненконың құрастыруымен, О. Исаев алғысөзін жазған «Алашорда» құжаттар жинағы жарық көрді [14]. Бұл жинақ бүгінгі күнге дейін деректік маңыздылығын жоғалтпаған басылым ретінде кеңінен қолданылып келеді. Ал Кеңес үкіметі тұсында Алаш қозғалысы тарихына қатысты басылымдар мен мұрағат құжаттары сақталған қорлар жабық болғандықтан, Н. Мартыненко құрастырған құжаттар жинағы негізгі дерекөз ретінде саналғаны жасырын емес. Алайда жоғарыда айтып өткен маңызды жақтарына қарамастан, бұл жинақ партиялық идеология тұрғысынан дайындалған еңбек екендігін естен шығармағанымыз жөн. Атап айтар болсақ, құжаттардың мағынасы қасақана бұрмаланып берілген, көптеген құжаттар қысқартылып берілген және «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінен алынған мақалалардың орысшаға аударылуы сәтсіз шыққан. Дегенмен де, бұл жинақты құрастырушының құжаттар арқылы Алашорда үкіметінің қызметін терістеу әрекеті сол кезеңдегі саяси жүйе үшін өз нәтижесін берді деп айтуға толық негіз бар.

Бочагов пен Мартыненко еңбектерінің шығуымен бір мезгілде алаштық инттелигенцияны қудалау және сотқа тарту ісі қатар жүрді. 1927 жылы қазан айында ОГПУ орындарының Е. Омаровты тұтқынға алып, тергеу жүргізуінен басталған бұл процесс 1930 және 1932 жылдары ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің үлкен тобын (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев жіне басқалар) түрлі ауыр жазаларға кесумен аяқталды [8, 11-12 бб.]. Осылайша, кеңестік билік Алаш қайраткерлеріне қарсы сот процестерін баспасөз беттеріндегі большевиктік ұстанымдағы мақалалардан басқа ғылыми құжаттық жинақтар мен зерттеулер арқылы бекітіп отырды.

Кеңес Нұрпейісов қарастырған саяси қуғын-сүргіннің 6 кезеңі бойынша айтсақ, 1920 жылдардың екінші жартысын қамтыған Кеңес Одағында сталиншілдік, әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің нығая бастаған тұсындағы Қазақстандағы Ф. Голощекиннің «Кіші октябрь» аталған авантюристік саясатын жүзеге асыруға кіріскен уақыты мен 1930 жылдардың басындағы Алаш қозғалысы жетекшілері мен қатардағы мүшелерін жаппай түрмелерге жабу мен соттау белең алған кезеңі [15, 25-26 бб.]. Жоғарыда келтірілген басылымдардың жарық көруі Алаш қайраткерлерін қуғындау саясатына іске қосқан негізгі тетік болғандығы талас тудырмайды.

1930 жылдары Алаш қозғалысына қарсы шабуыл жаңаша сипат ала бастады. Түрлі ғылыми конференциялар, өткізіліп, баспасөз беттерінде большевиктік ұрандағы мақалалар легі толастамады. Осы саяси идеологиялық науқанның басы-қасында жүргендердің негізгілері С. Брайнин мен Ш. Шафиро болды. Алашорда тарихына арналған ғылыми науқанның екінші кезеңі осы кезеңнен бастау алды.

1920-1930 жылдары Алашорданы айыптауға қазақтан шыққан большевиктік қызметкерлер де белсене араласа бастады. Солардың ішінде аталған тақырып турасында көптеген сыни сипаттағы мақалалар жазған Ілияс Қабылов таза кеңестік жүйенің өнімі болатын. Оның 1929 жылы жарық көрген «Байшылдық, ұлтшылдық салт-санаға қарсы аттаныс» атты мақаласынан [16] партия саясатының ұстанымын аңғару қиын емес.

Алаш қозғалысы мен Алашорда қайраткерлерін айыптау бағытындағы жұмыстар осылайша кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Осы жылдары Алаш қозғалысына қатысты объективті тұрғыда жазылған мақалалар мен еңбектерді табу мүмкін емес еді. Өйткені, барлық талас-тартыстар мен сыни мақалалар, тарихи еңбектер партиялық идеологияның нәтижесі болатын. Мәселен, тарихшылардың 1930 жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары Алашорданы қаралаудан әрі аспады. 1933 жылы Қазақ марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафироның баспасөз беттерінде Алаш қозғалысына қатысты жарияланған мақалалары ғылыми шығармашылық ортада үлкен пікірталастарға себеп болды. Жоғарыда аталған авторлардың «Большевик Казахстана» журналында басылған мақалалары негізінен Алаш қозғалысының Ақпан төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамындағы рөліне теріс баға беріп [17], қозғалыстың бастау көздерін байшылдық элементтермен байланыстырды [18]. 1930 жылдары Алаш мәселесіне қатысты бірқатар авторлардың солардың ішінде І. Қабыловтың, Н. Тимофеев ен С. Брайниннің тарапынан баспасөз беттерінде сыни жарияланымдар көрініс тапты. І. Қабыловтың «Большевик Казахстана» журналында жарияланған мақалаларында «Алаш қозғалысының саяси сахнада кадет партиясының филиалы ретінде пайда болды» дей келе, бұған дәлел ретінде Әлихан Бөкейханов пен Мұхаметжан Тынышпаевтың бірінші және екінші Мемлекеттік думаға кадет партиясының жергілікті аймақтағы өкілі ретінде депутат болғандығын алға тартады. Сондай-ақ алашордалықтардың Ақпан төңкерісінен кейін ақгвардияшылардың көмегімен контрреволюциялық Алашорда үкіметін құрғандығын, кеңестік билік орнағаннан кейінгі кезеңде сәдуақасовшылдық, қожановшылдық, меңдешовшілдік сынды ұлтшыл топтардың дем берушісі болғандығын атап, Кеңес үкіметінің қас жауы ретінде көрсетуге тырысты. Әсіресе, кеңестік жүйеде қызмет жасаған Алаш қайраткерлерінің қызметін партия жұмысына кереғар, іріткі салушы деп сипаттады [19].

Ал Н. Тимофеев пен С. Брайнин болса, Алаш қайраткерлерінің патшалық билік пен Уақытша үкімет тұсындағы қазақ халқының мүддесін қорғау жолындағы іс-әрекеттерін большевиктерге қарсылық сипатында көрсетіп, 1920 жылдардағы алашордащылар мен ұлтшыл қазақ коммунистерінің қызметіне жапон-герман агентурасының тыңшысы деген жала жапты [20]. Осы жылдары алашордалықтарға жазаларын ауырлата түсу үшін небір ақылға қонымсыз айыптар тағылып жатты. Сондай айыптардың бірі жоғарыда айтылған «жапон-герман агентурасының тыңшысы» деген негізсіз, нақтыланбаған жала болатын.

1933 жылы желтоқсан айында қазақ өлкелік комитеті жанындағы марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында Алаш қозғалысына арналған пікірталас өткізілді. Мәселеге объективті қарауды емес, керісінше Алаш туралы халық жадындағы естеліктер мен рухты түбегейлі құртуды, ұлттық демократиялық идеяға деген сенімді жоюды мақсат тұтқан бұл жиында аталмыш институт қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро баяндама жасады [21, с. 12]. Бұл Алаш тақырыбына баға беруге бағытталған үлкен, әрі даулы ғылыми науқанның басы еді.

1935 жылы С. Брайнин мен Ш. Шафиро жазған еңбек жарық көрді. Кітап негізгі 5 бөлімі Алаш қозғалысы мен Алашорда тарихын терістеу тұрғысында жазылса, қалған бөлімдерінде зерттеу нысанына арналған құжаттар орын алды [22]. Алайда бұл еңбек жарық көрісімен партиялық және шығармашылық ортада үлкен дүрбелең туғызды. Мазмұны алдыңғы басылымдар сияқты партияның сара жолын насихаттау тұрғысында Алаш тарихын сынап, таптық сипат беру тұрғысынан идеологиялық ұстаным шеңберінде жазылып шықты. Бірақ зиялы қауым мен партия қызметкерлерінің назарын аударған бар мәселе еңбектің құжаттар топтастырылған бөлімдерінен шықты. Кітаптың құжаттар жинағына Алаш қозғалысы мен Алашорда қызметінің объективті қырын ашатын құжаттар енген болатын. Атап айтсақ, Қарқаралы петициясы, «Алаш» партиясының бағдарламасы, уездік және облыстық съездердің қаулылары, Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінің шешімі, Алашорда үкіметінің телеграммалары, Сібір үкіметімен байланыстары туралы құжаттар және т.б. даудың негізгі себептері болды. Бұл құжаттарда Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің демократиялық ұстанымдарын айқындайтын мәселелер көрініс тапқан еді.

         Осыған байланысты баспасөз беттерінде сыни мақалалар қарша борады. Көп ұзамай сынға ілліккен еңбек ғылыми айналымнан алынып тасталды.

Алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің тұжырымдауы бойынша, қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеу 20-30 жылдары партиялық идеологиялық еңберде жүрді. Ал 1937-1938 жылдары қазақ зиялыларына қарсы бағытталған саяси қуғын-сүргін саясаты Алаш қозғалысын зерттеуге тиым салынған жабық тақырыптар қатарына қосты [8, 16 б.].

Кеңестік тарихнамада Алаш қозғалысы мен Алашорда тарихына қатысты көптеген зерттеулер мен баспасөз беттерінде мақалалар жары көрді. Партиялық идеология тұрғысынан жазылғандығына қарамастан, бұл зерттеулердің де Алаш қозғалысы үшін маңызы зор. 1920-1938 жылдар аралағында жарық көрген еңбектер негізінен Алаш қайраткерлерінің көзін жойып, Алаш қозғалысының қызметін тарих беттерінен түбегейлі өшіру миссиясын ойдағыдай орындап шықты. Одан кейінгі кезеңде бұл мәселе тұрғысында айтуға да, жазуға да тиым салынды.

Бұл шағын мақалада негізінен Алаш қозғалысына қатысты кеңестік тарихнамада үлкен дүмпу тудырған ғылыми зерттеулерді ғана қарастыруды жөн санадық. Әрине баспасөз беттерінде бұл тақырып бойынша қызу айтыс-тартыстар, пікірталастар, рецензиялар жарияланып жатты. Ол материалдардың барлығы да Алаш қайраткерлерінің тағдырын шешуде үлкен рөл атқарғаны белгілі. Алайда жоғарыда қарастырған үш еңбек ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ тарихында, оның ішінде Алашорда тарихында, Алаш қайраткерлерінің өмірінде маңызды орын алатын оқиғалармен астасып жатыр. 1928 жылғы тәркілеу саясаты, 1929-1932 жылдары жүрген Алаш қайраткерлерін қудалау науқаны осы үш еңбекте негізделген ғылыми тұжырымдар жүйесінде іске асырылған болатын.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Кеңес үкіметі өз билігін нығайта түсу өзін барлық әрекетке барды. Азамат соғысы жылдарында антикеңестік бағытта күрес жүргізген саяси топтармен күрес кеңестік билік орнағаннан кейін коммунистік партияның негізгі ұстанымдарына айналды. Осы тұрғыда баспасөз беттерінде арнайы тапсырыспен ұйымдастырылған айтыс-тартыстар, сыни мақалалар Алаш қозғалысы мен оның мүшелерін қаралауға бағытталды. 1920-30 жылдары жүзеге асырылған саяси науқандардың алдында халықты сендіру үшін, өздерінің істерін ақтау үшін баспасөз арқылы ақпараттық шабуыл жасады. Осындай идеологиялық науқанның нәтижесінде 1928 жылы қазақ байларын тәркілеу саясаты, соның салдарынан туындаған 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылық, 1929-1938 жылдар аралығында жүргізілген саяси қуғын-сүргін науқаны іске асырылды. Алайда бұл үрдіс қуғын-сүргін науқаны аяқталғаннан кейін де тоқтап қалмады. 1988 жылға дейін Алаш қозғалысы тарихи әдебиеттерде тек жағымсыз сипатта бейнеленді.

 

Әдебиеттер:

  1. К. Нұрпейісов. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
  2. Байтурсынов. Революция и киргизы. Жизнь национальностей, 1919. 3 августа, №29 (37).
  3. О киргизской интеллигенции. Жизнь национальностей. 1920. 25 ноября.
  4. Н.Ш. к истории революционного движения в Восточной Киргизии // Степная правда. 1922, 2627 июля. (№ 160-161)
  5. Байдильдин А. По поводу революционного движения в Восточной Киргизии. // Степная правда. 1922, 2 августа (№ 168)
  6. К исторической оценке деятельности «Алаш-Орды». // Степная правда. 1922, 14 ноября (№ 247)
  7. М. Атаниязов. Алаш партиясының тарихи сыны // Қызыл Қазақстан. – 1922. № 12-13
  8. М. Қойгелдиев. Алаш қозғалысы. – Алматы, Санат, 1995. – 368 бет.
  9. А. Кенжин. К исторической оценке деятельности партии «Алаш». // Известия Киробкома РКП(б). 1923. №1.
  10. О. Исаұлы. Ұлтшылдықтың аты «Алашорда» // Қызыл Қазақстан. 1927. № 10-11. 21-25 б.
  11. Бочагов А.К. Алаш-Орда // Советская степь. – 1927. 27 января
  12. Бочагов А.К. Алаш-Орда. Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919 гг. Кзыл-Орда. 1927.
  13. Бочагов А.К. У истоков. Воспоминания. Алма-Ата, 1971.
  14. Алаш-Орда: Сборник документов /Сост. Н. Мартыненко. – Алма-Ата: Малое издательство «Айкап», 1992 г. 192 с.
  15. Саяси қуғын-сүргіндер және олардың зардаптары. Естеліктер мен мақалалар жинағы – Политические репрессии и их последствия. Сборник воспоминаний и статей / Сост. Е.М. Грибанова, Г.Н. Мурзагалиева, Е.В. Чиликова. – Алматы: Архив президента Республики Казахстан, 2009. – 158 с.
  16. И. Кабулов. Байшылдық, ұлтшылдық салт-санаға қарсы аттаныс // Қызыл Қазақстан. 1929. № 3. 32-43 б.
  17. Брайнин С., Шафиро Ш. К вопросу о роли казахской националистической интелигенции в 1917 году // Большевик Казахстана. 1933, № 4. 17-28.
  18. Брайнин С., Шафиро Ш. Об истоках алашского движения // 1933, № 6. С. 44-53
  19. Кабулов И. Сосредочить огонь против казахского национализма. // Большевик Казахстана. № 1. 1937. С. 47-53, От Советской автономной – к Советской союзной. // Большевик Казахстана. № 4. 1937. С. 73-79, До конца выкорчевать национал-фашистское охвостье // Большевик Казахстана. №6-7. 1937. С. 72-76
  20. Тимофеев Н., Брайнин С. О националистической агентуре японо-германской разведки (Историческая справка) // Болшевик Казахстана. № 9-10. 1937., Большевистская работа в Казахстане до Октябрьской революции // Большевик Казахстана. № 1. 1938.
  21. Аманжолова Д.А. На изломе. Алаш в этнополитичекой истории Казахстана. – Алматы: Издательский дом «Таймас», 2009 – 412 с.
  22. Брайнин С., Шафиро Ш. Очерки по истории Алаш-Орды // Под общ. ред. Н.Н. Ванаг. Алма-Ата – М., 1935.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?