Конференцияға Мәмбет Қойгелдиев бастаған отандық тарихшылардан бастап, АҚШ-тың саясаттанушы, сарапшы маманы, Window on Eurasia блогының авторы Пол Гобл және Алжирден ғалым, қоғам қайраткерлері қатысты, жұмыс барысында, Отандық тарихтың қазіргі кезеңдегі дамуы, әлем тарихының өзекті мәселелері, ұлттық құқық жүйесінің қалыптасуы мен дамуының мәселелері, тарих ғылымының әдістемесі мен технологиясы, бүгінгі егеменді еліміздің даму стратегиясының алғы-шарттары, сыртқы және ішкі саяси үрдісіндегі жетістіктері, халықаралық қатынастардағы басымдықтары тағы сол сияқты өзекті мәселелер арнайы секцияларда талқыланды.
Халықаралық ғылыми конференцияға ресми мемлекеттік мекемелердің, ғылыми институттардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, ғылым-білім, зиялы қауым өкілдері мен ізденуші жас ғалымдар және БАҚ қатысты.
Ғылыми конференцияны ұйымдастырушы «Әлем тарихы» кафедрасының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мереке Төлекова, биылғы конференцияның ерекшелігіне тоқтала келе, ғылыми жұмыстар алдын ала жинақталып, аталған жиында «Тәуелсіз Қазақстан және әлемдік қауымдастық» атты ғылыми жинақтың көпшілікке таныстырылып, таратылғаны туралы, қатысушы ғалымдар тарапынан жағымды сын-пікірлер білдіріліп, қолдауға ие болғандығын жеткізді.
Сонымен қатар, конференция аясында жас ғалымдардың баяндама-мақалалары да әлде-қайда белсенді талқыланып, көп қатыстырылғанын жеткізді.
Дәулет ІЗТІЛЕУ