Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың ұлттық ою-өрнектері

9572
Ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі. Бұл өнердің пайда болу бастаулары ежелден бері келе жатыр.

Ою-өрнек – ежелгі халық өнерінің бір түрі. Бұл өнердің пайда болу бастаулары ежелден бері келе жатыр. Ою-өрнектердің сюжеттік мазмұны және атауы халықтың әрбір жаңа дәуіріндегі өмірлік бағдарлардың ерекшеліктеріне сәйкес ауысып отырды және жетілдірілді. Бүгінгі күні ою-өрнектерді жасау өнері сапалы жаңа бай мазмұнға және жаңашылдыққа ие бола отырып, қазақ халқының рухани және материалдық қазынасына айналды.

 Шығармашылық қызметтің өзге түрлері секілді, ою-өрнекті жасау өнері игерілген білімді жетілдіруге көмек көрсете отырып, интеллектуалдық деңгейді арттыруға ықпал етеді.

Қолданбалы өнер – қазақтың  этномәдениетіндегі негізгі бөлімдердің бірі. Қолданбалы өнердің пәні халықтың ежелгі мәдениеті туралы ақпараттарды жинақтаушы болып табылады. Олардың үлгілері археологиялық қазбалардың ежелгі экспонаты ретінде мұражай қорларында сақталады.

Жазбаға дейінгі кезеңдерде көшпелілер қолданбалы өнер бұйымдарының көмегімен өздерінің өміріндегі және тұрмысындағы ерекшеліктерді көрсетті. Ежелгі қолданбалы өнер туындылары ата-бабаларымыздың өткен өмірі туралы жан-жақты мәліметтер береді. Ою-өрнекпен әшекейленген қолданбалы өнердің барлық туындылары Қазақстан аумағына археологиялық қазбалар жүргізу барысында табылды. Бір ерекшелігі, әрбір дәуірдің даму деңгейіне сәйкес шеберлердің – ою-өрнекті жасаушылардың үлгілік ерекшеліктері де ауысып отырған. Егер ою-өрнек түрінде айтатын болсақ, онда олар ашылмаған көптеген құпияларды өзінде сақтауда. Басқаша айтқанда, ғылыми көзқарас тұрғысынан алып қарағанда көптеген ою-өрнектердің тотемдік және сиқырлы символдар мен мазмұндық мағынасы дәлелденген жоқ. Қазіргі таңда символдық мағынасын жоғалта отырып, тұрмыста тек қана эстетикалық көзқарас тұрғысынан қабылданады. Қазақ даласында ою-өрнектер әртүрлі бағыттарда жетілдірілді. Қазақстанның әртүрлі өңірлері ерекшеліктерімен, оларға тән ою-өрнектермен, олардың өзіндік стильдерімен ерекшеленді. Соған қарамастан, барлық ою-өрнектердің негізгі элементі, құқықтық негізі мүйізге ұқсас, доға тәрізді желілерде басым болған «Мүйіз» ою-өрнегі есептеледі. Қазақ халқының дәстүрлі бұйымдарында: қару өнерінде, киіз үйлерді жинауда, зергерлік бұйымдарда, кілем тоқуда, алаша өргенде, жүн бұйымдарында, қоржындарда, ыдыстарда, өру, тігу әдісімен дайындалатын киімдерде,  пұшпақ тіккенде, ерітуде, кесуде ою-өрнектермен әшекейлеу кеңінен қолданылды. Ғалымдардың пайымдауынша қазақ ұлттық ою-өрнектерінің, әзірше 230-дай түрі ғана анықталған. Біз солардың ішіндегі халық арасында ең көп тараған «мүйіз» тектес ою-өрнекті айтуға болады. «Мүйіз» оюы қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деуге болады, өйткені барлық жаңа элементтер соның негізінде жасалып, тек атаула­ры ғана өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқар мүйіз», «арқар мүйіз», «бұғы мүйіз», «қырық мүйіз», «қос мүйіз», «сыңар мүйіз», «сынық мүйіз», «төрт құлақ», «түйе табан», «сыңар өкше», «қос алқа», «құс қанаты», «қаз-табан». Колөнер шеберлері осы элементтердің сан түрлі композициясын жасап, бұйымдарға ұтымды пайдаланып келеді.

Қазақ оюларының мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нұсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек  жасап, оған  ат  беріп, оны тұрмыста қолданған.  Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер.

Мүйіз тектес ою-өрнектер кейде өте ұсақ, кейде өте ірі болып келеді. Ұсағы зергерлік, кесте тігу, ағаш, сүйек, мүйіз ұқсату сияқты нәзік істерге қолданылса, ірісі кілем, алаша, терме алаша, текемет, сырмақ, ши орау, қоржын, киім-кешек, құрылысқа қолданылады.

Халық шеберлері мүйіз өрнегінен сан қилы мәнерлермен құбылта, бір элементке екінші, үшінші элементтерді қосып, молықтырады да, қүлпырған әдемі де мазмұнды композиция жасайды. «Мүйіз» тектес ою-өрнектердің негізі қойдың, арқардың, ешкінің, сиырдың, бұланның, бұғының, қодастың, еліктің мүйіздерін тұспалдаудан пайда болған.

Шеберлер жаңа ою-өрнектерді тұрмыс тіршілігіне өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап пайдаланып келеді.

Қошқар мүйіз оюы неше түрі формалаға еніп, қазақ бұйымдарының көбінде кездеседі. Әсіресе киіз үй жасауларының барлық түріне де салып тоқуға болады. Мәселен, текеметтің ортасына “қошқар мүйіз” шет-шетіне “тұмар”, “шаршы” немесе “су” оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман – тілегі, Омыртқа – мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынады. Мұндай оюлардың формасы қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз тәрізденіп келеді де, кейде осы мүйіздің қолтығында қойдың құлағын долбарлаған шолақ мүйіз тәрізді тағы екі буын тұрады. Байқап қарағанда бұдан қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.

«Композиция» сөзі латын тілінде қандай да бір затқа кесте және ою-өрнек салу дегенді білдіреді. Мысалы, кестені кестемен және ою-өрнекпен әшекейлеген кезде, олар өте ұсақ және ірі сурет болмауы, кестенің көлеміне сай келуі тиіс. Сондықтан, шебер бірінші кезекте, ою-өрнек салатын бұйымның кеңістік көлемін анықтап алуы тиіс.

Ою-өрнек салу үшін симметрия заңын сақтау өте маңызды: екі жағы да тепе-тең болуы тиіс. Белгілі бір бұйымға ою өрнек кесіп алу үшін, біріншіден қағаздан үлгі жасалады. Ою-өрнек салған кезде сыр оған ерекше сұлулық беретінін білу қажет. Қазақтардың қолданбалы өнерінде шеберлер көптеген жылдар бойы қолданып келген дәстүрлі түстер: қызыл, көк, сары, жасыл, ақ және қара түстер қолданылады.  Бұл түстер тек оларға тән бір символға ие. Көк – аспан түсі; ақ – шындық символы; сары – даналық, адамгершілік, мұң белгісі; жасыл – жастық, көктем және т.б. белгісі.

Түстердің бір-біріне сәйкес келуін, олардың келісімді қиылысуын колорит деп атайды. Көптүстік кестелі ою-өрнекте көбіне нақты колорит кездеседі. Ою-өрнектерді салған кезде симметрия заңынан басқа, ритмді де сақтау қажет.

Ою-өрнекте бір немес бірнеше элементтерді қайталау ритм деп аталады. Мысалы, «қошқар мүйіз» элементін – қошқардың мүйізін бірнеше рет қайталау – бұл ритм. Егер, «қошқар мүйіз» 5,6,7,8 рет және шексіз қайталанса – «шетой» - жиекті ою-өрнек деп аталады.

Ою-өрнектерді дайындау – көптеген ғасырлар бойы дамып келе жатқан ежелгі өнер. Қолданбалы өнердің әртүрлі пәндерінде ою-өрнектер өзінің ерекшелігін сақтай отырып, тек қана нақты өзіне тән тәртіпте орналастырылады. Ежелгі үлгілердегі ою-өрнектерде спецификалық элементтер: құстың, гүлдің және жануарлардың суреті көрсетіледі. Ежелгі түркілердің сеніміне сәйкес құс аспанның символын, балық – судың, ағаш – жердің белгісін берген.

Ежелгі ою-өрнектердің мазмұнына көпетеген ғасырлар бойы сақталып келген, қолданбалы өнер шеберлердің толық көлемдегі дәстүрлері енгізілген. Қолда бар деректерге сүйенсек, шеберлер өздерінің біртумасын құра отырып, оған табиғаттың өзінен алынған үлгілерді нақты беруге тырысты. Суреттерде жануарлар денесінің бір бөлігі: мүйізі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, қасқырдың құлағы, иттің құйрығы, сонымен қатар көптеген өсімдік түрлері бейнеленді. Ою-өрнектер ауызша халық шығармашылығына іспеттес, қазақ халқының мәдени шежіресі болып табылады. Біздер уақыт өте келе жоғалып бара жатқан өнер түрлерімен таныс болуымыз қажет. Ол өзге өнер түрлерінің: қолданбалы, бейнелеу, сәулет және т.б. өнерлердің арасында өзіне лайық орынға ие болуы тиіс.  


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?