Жошының бесінші ұлы Шибан ұрпақтары үшін бұл күрес неғұрлым табысты болды. Шибан әулетінің өкілі Әбілқайыр 1428 жылы жаңа саяси құрылымның билеушісі болып жарияланды, бұл мемлекет тарихи әдебиетте хандықтың негізін салушының есімімен «Әбілхайыр хандығы» немесе «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деген атау алды. 1459 жылы Әбілқайырмен болған көпжылғы күрестен кейін, Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпақтары, Орыс ханның немерелері, Керей мен Жәнібек қоластындағы тайпалармен Жетісу жеріне көшіп кетті. Олар 1465/1466 жылдар шамасында Қазақ хандығын құрды. 1468 жылы қарсыластарының күшейіп кетуінен қорыққан Әбілқайыр хан қазақ хандарына қарсы жорыққа шықты, алайда, жолда ауырып, қайтыс болды. Ол өмірден өткеннен кейін Әбілқайыр хандығы құлады. Бұл жағдай 1469-70 жылдары қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ жеріне қайта оралуына мүмкіншілік берді. Бұл жерде оларға қарсылық ұйымдастыру Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шейбанидың ғана қолынан келді. Қазақ хандарының онымен күресі алма-кезек нәтижемен ХV ғасырдың соңына дейін созылды. Өзбек тайпаларының бір бөлігін басқарған Шибан ұрпақтары Мұхаммед Шейбани басшылығымен ХVІ ғасырдың басында Қазақстан аумағынан Орта Азияға кетті, онда олар Әмір Темірдің ұрпақтарын талқандап, жаңа мемлекет құрды.
XV ғасырдағы Қазақ хандығы
27.09.2013
4142
ХV ғасырда бүгінгі Қазақстан аумағында Шыңғысхан ұрпақтарының – Орда, Шибан және Тоқай-Темір әулеттері арасында күрес жүріп жатты.