Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құнды оқулық – ұлт мерейі

1801
Құнды оқулық – ұлт мерейі - e-history.kz
Ұлт тәуелсіздігі қоғамдық-әлеуметтік салалармен бірге руханият арналарына да кең өріс ашып,соны серпін берді.

Ұлт тәуелсіздігі қоғамдық-әлеуметтік салалармен бірге руханият арналарына да кең өріс ашып,соны серпін берді.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай  20 қадам» атты кең көлемді,терең мазмұнды мақаласында, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағытында  ел дамуының  болашағы,мақсат -  мұраттары  жан -жақты айқындалды.Ұлт пен ұрпақ қамы,мәдени - рухани аспектілер,біліми- ғылыми арналар,тәлім- тәрбие тағылымдары  да негізгі назарда болды.

Мемлекеттік хатшы  М.Тәжиннің  қатысуымен өткен(2013, 5 маусым) еліміздің ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында: «Тарихты сақтап қалу – ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы» екендігі баса айтылды.Сонымен бірге: «Нағыз ұлттық қадір- қасиет  ұлттық тарихтан  басталады» деген қағидалы көзқарас пен  түйінді тұжырым батыл білдірілді.Бастысы,Мемлекеттік хатшы М.Тәжин Отан тарихын оқытудың өзекті мәселелерін алға тартты: «...Тарихшының міндеті-ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей,ұлттық тарихтың жанды,бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну.

...Түптеп келгенде,бүгінгі күннің биігінен  өткен дәуірді дұрыс бағалау –біздің өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз.Мұндайда бір қиырдан бір қиырға шығып кетудің қаупі бірдей.Біріншіден,өткен дәуренді дәріптеудің қажеті жоқ.Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей,жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек.Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан, тоталитарлық мемлекетте «ұлт мәселесін шешудің» барша ғажаптарын ашып көрсету – біздің тарихшыларымыздың тікелей парызы.Екіншіден,өткен күнге обьективті қарауымыз қажет,аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай,тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек.

...Бұл міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек.Ол стандарт ең осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне  негізделуі тиіс» (Тәжин М.Тарихты сақтап қалу-ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы.-  «Ақиқат»,2013,№  7.-  5-9 беттер).

Ақиқатында,ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы-оқулық хақында әркез-ақ айтылып, кеңінен жазылып келеді. Көбінде,оқулық тақырыбы мен мазмұнында алшақтық бары, мәтін мен тапсырманың тым ауыр, әрі тартымсыз, түсініксіз болатындығы ойға оралып, тілге тиек етіледі. Оқулықтардағы тақырыптық һәм мәтіндік қайталаулар, дәйек пен дерек көздеріндегі сәйкессіздіктер де назардан тыс қалмайды. Авторлар құрамындағы ала - құлалық та әркез айтылып келеді. Оқушы-студентке берілген жаттығулар мен тест тапсырмалардан тайыздық пен түсініксіздік орын алды. Оқып-үйрену, танып-түсіну қиынға соқты.

Арыдағы арналардан сыр суыртпақтамай-ақ, ХХ ғ.б. қайраткер- қаламгерлердің бағыт-ұстанымдарына, көзқарас-қолтаңбаларына мән берсек, ұлттық мұрат пен елдік белгі-ерекшеліктерге, Отандық тарих пен біліми-ғылыми арналарға, мәдениет пен өнер мәселелеріне, тәлім-тәрбие ісіне,қысқасы руханият әлемінің мың сан иірімдеріне көз жеткізер едік.

Еске түсірсек, ХХ ғ.б. ұлт элитасы,қайраткер-қаламгерлер (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев,Ж.Аймауыұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов т.т.), елдік мәселелерге (мысалы,оқу-ағарту, біліми-ғылыми, мәдени-рухани арналар мен діл-дін, тарих-таным  салаларына т.т.) жіті ден қойды. Әр алуан біліми-ғылыми салаларға еркін барып, соның жауапты, шынайы адамы ретінде ерен еңбек етті. Қоғамға, ел-жерге қажетті маңызды мәселелермен айналысты. БАҚ жүйесіне еркін араласты. Оқу-ағарту ісіне, мәдени-рухани арналарға батыл барып, ұстаздық-ғалымдық қырларымен кеңінен көрінді. Оқу құралы мен оқулықтар жазды. Ұлт пен ұрпақ қамына қатысты маңызды мақалалар мен әр алуан ғылым салалары бойынша елеулі еңбектерді қалың көпшілікке тарту етті. Бастысы, әрине ұлт азаттығы мен тәуелсіздігін арман-аңсарларына айналдырып, осы бағытта елдік-қоғамшыл қасиеттерін, батылдық пен табандылықтарын, жауапкершілік пен жанкештіліктерін терең танытты. Негізінен, ұлтқа қызмет етудің, ел-жерге адалдықтың үлгі-өнегесін кеңінен көрсетті.

Тұтастай алғанда, Отандық оқулықтар қалай жазылады? Оқулықты кімдер жазуы тиіс? Оқулық ұлт пен ұрпаққа қызмет етіп, қымбат қазынаға айналу үшін не істеу керек? Тегінде,құнды оқулық  – ұлт мерейі емес пе?!

Біздіңше, Отандық оқулықта ұлттық мұрат, елдік мүдде алдыға шығады. Ұлт тарихының арғы-бергі кезеңдері, танымал тұлғалардың тағдыры мен тағылымы,қозғалыс-көтерілістердің шынайы шындығы, империялық-отаршылдық һәм әкімшіл-әміршіл жүйенің түп-төркіні кеңінен көрсетілуі керек. Халық тарихы мен дүниетанымына қарасақ, еліміз әуелден-ақ өткенге құрметпен қарап, келешекке үлкен үміт артқан. Ел тарихына жіті ден қойып, үміт-сенім артып, сергек қараған. Өйткені: «Сөздің ең ұлысы,ең сипаттысы-тарих»(А.Байтұрсынов) екені анық. Бұл-бір.

Екіншіден, оқулық табиғаты мен тағылымынан білім мазмұны (теориялық һәм практикалық тұрғыдан тұтастығы мен сабақтастығы нанымды көрсетіліп) терең танылып, оның өзі елдік мұрат-мүддеден бастау алып, қоғамдық жағдай,тарихи шындық, уақыт талаптары тұрғысынан кең көлемде қарастырылып, ақиқат жайттарға негізделіп, зерттеп-зерделенуі тиіс.

Үшіншіден, ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы – оқулықты орта және жоғары мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болған, адами сапасы жоғары, жан-жүрегі мейірім-шапағатқа толы, білім-білігі көп кәсіби маман,яғни тәжірибесі мен тағылымы мол ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, тәлімді әдіскер жазуға толық құқығы бары шынайы шындық.

Төртіншіден, оқулық-ұлт пен ұрпаққа қызмет ететіндіктен (бірнеше буынды оқып-үйретіп, рухани тұрғыдан өсіп-есейтеді. Қоғамдағы орнын тауып,өмір жолын ұсынады т.с.с.) асығыстық пен көзжұмбайлыққа, енжарлық пен тайыздыққа, самарқаулық пен селқостыққа, жемқорлық пен сыбайластыққа, жең ұшынан жалғасқан таныс-тамыр мен  көңіл жықпастыққа, қысқасы бармақ басты – көз қысты сынды ашық қоғамға, демократиялық үрдіске, адами сапаға кері әсер етер өрескел өктемдік пен жасанды белсенділікке, теріс әрекет, жат қылықтарға жол берілмеуі тиіс.

Бесіншіден, оқу құралы һәм оқулық-дәлдік пен нақтылыққа, шынайы шындыққа негізделеді. Романтизм әуенімен емес, керісінше ақиқат жайттарға, обьективтілік дәлдік тұрғысынан терең таразыланады. Тарих-ақиқат айнасы. Тегінде: «Тарихтың тірегі-дерек және дереккөз»(А.Сымайыл).

Алтыншыдан, «Қазақстан тарихы» атты оқулықты –«Қазақ тарихы», «Қазақ мемлекеті», «Қазақ елі тарихы», «Отан тарихы» т.с.с. деп атау туралы қилы көзқарас,әр алуан пікірталастар да орын алып келеді( «Егемен Қазақстан»,2013, 16 шілде; «Ақиқат», 2013,№ 7. – 27 бет). Асылы, ел мен жер  атын алған халық атауы (мемлекет) алға шыққаны жөн. Осы реттен келгенде, ұлттық оқулықты мемлекет атауымен – «Қазақ тарихы» деп атасақ, ақиқат үстемдік алып, шындық жүзі жарқырай түсер еді. Қалың көпшілікке керегі де осы. Өмір шындығы осыған келіп саяды.

Жетіншіден, оқулық, сөз жоқ безендірілімі мен бейнелілік, көркемдік пен көрнекілік қырлары жағынан айшықты да нақышты, тартымды болғаны нұр.

Сегізіншіден, ең негізгісі оқулық-ұлт қазынасы, ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығының басты негізі. Кешеден бүгінге жеткен біліми-ғылыми құндылықтардың жиынтығы. Өмір-тәжірибенің көрнекті көрсеткіші. Тарих пен танымның тұтастығы. Ақыл – парасаттың айбыны мен айдыны. Ендеше, ұлт тарихын зерттеп-зерделеу, оқыту мен насихаттау, қысқасы әдістемесі мен методологиясы, оқыту үдерісіндегі орын-үлесі барынша айқын, бедерлі болғаны керек-ақ. Бұдан, сөз жоқ дос – сүйсінеді, дұшпан  – күйінеді. Қазіргі кезеңнің шындығы  – осы.

Түйінді тұста айтарымыз:ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы-отандық оқулыққа қол жеткізіп, оны бар асылдан да жоғары қояйық! Қимасыңдай аялап, көздің қарашығындай сақтайық! Қазыналы биіктен  көрейік! Отандық оқулықтың ұнамды қыры мен ұтымды тұстары – осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?