Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған - тарихшы

2404

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі Бауыржан Ыдырысов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуіне өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy  порталының тілшісі. 

«Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдың ең жантүршігерлік зұлматы атанған сталиндік Саяси қуғын-сүргін  ұлттың небір асыл азаматтарының басын жалмады. Деректерге сүйенсек, Қазақстанның өзінде 103 мың айналасында кісі қамалып, оның 25 мыңнан астамын атуға үкім шығарылған. Айналдырған аз уақыт ішінде қазақ зиялы қауымының беткешығарлары, республика басшылығының біраз бөлігі құрбан болды»,-деді тарихшы. 

Оның айтуынша, 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы болып келген Ф.И. Голощекин «Қазақстанға «Ұлы Қазан» төңкерісінің ешқандай ықпалы тимегенін, сондықтан мұнда «Кіші Қазан» төңкерісін жасау керек» деген шолақ ойлы шешім шығарып, республикада ұрдажық, солақай саясат, жүргізуге кірісіп, ең алдымен ескі зиялыларға, әсіресе бұрын Алаш қозғалысының басында тұрған  Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков т.б. ауыз салды. Сондықтан да Қазақстандағы  репрессия 1928 жылдан басталды деуге толық негіз бар.

«Жалпы, 1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Әсіресе бұл жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтардың  бетке ұстар интелигенция өкілдері ұшыраған. Осы кезде қазақтар аштық пен сүргіннен кем дегенде 50 процентін жоғалтты. Қазақстан территориясындағы лагерлерге корейлер, поляктар, еділ немістері, қырым татарлары, кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері зорлықпен қоныс аударылды. Осыған байланысты, 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шығып, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды»,-деді Бауыржан Шаябиденұлы. 

Жас ғалымның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай 2020 жыл 30 мамырдағы үндеуінде «...Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым», – деуі, репрессия құрбандарының, оның ішінде ұлтымыздың шейіт болған ерлерінің, қолдан жасалған аштық нәубетінен шыбындай қырылған халқымыздың және жазықсыз жала жабылып, түрме мен лагерь тозағын басынан өткеріп, тоталитарлы жүйенің шектірген сан азабын басынан кешкен тағы да басқа зиялыларымызды ақтап алу мен олардың адами тұлғасы мен адал қайраткерлігін насихаттауда тарих ғылымында жаңа серпін тудырады деп сенімді түрде айта аламыз.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?