Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ жастары құрған құпия ұйымдар

3485

Басы артық сөз айтпақ түгілі, Сталиндік жүйе туралы сыни ойлаудың өзін үлкен қылмыс деп білген советтік империя қанша жерден халықтың аузын бағып, үнін шығармауға барын салса да қазақтың рухын баса алған жоқ.  Түбінде бір теңдік алып, жеке ел боламыз деген асқақ арман жетегіне ерген жас буын өкілдері еліміздің әр өңірлерінде әр түрлі астыртын ұйым құрып, езгіге түскен елдің еңсесін көтеру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатты.

Мұндай ұйымдардың алғашқысы – соғыс жылдары дүниеге келген ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымы. Түпкі идеясы «Алаш» көсемдерінің азаматтық идеясына негізделген алғашқы қадамдары 1940-41 жылдары жасалып, соғыстың басталуына байланысты уақытша тоқтап қалған. Кейін соғыс аяқталған соң қайта жанданған.

Бастапқы кездері «ЕСЕП»-тің негізін белгілі ақын, сталиндік репрессия құрбаны Рамазан Нәреш қалаған деп келдік. Шын мәнінде Рамазан ағамыз «ЕСЕП»-тің белді мүшесі әрі қолдаушысы болған. «ЕСЕП» – оның Бүркіт Ысқақ бастаған бір топ шәкірттері құрған ұйым.

1940 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Кертінді ауылының топ оқушысы Қарағанды қаласындағы екі жылдық оқытушылар институтына келіп оқуға түседі. Олардың ішінде кейіпкеріміз Бүркіт Ысқақ та бар еді. Бұлар сол жерде жүріп олар Рамазан Нәрешпен танысады. Ол кісі қазақ әдебиетінен сабақ берген екен. Ұзамай ұзтаздары құрған «Жас қазақ» ақындар клубына мүше болып қабылданады. Рухани ортаға тап болып шыңдалған жастар енді Алаш партиясы сияқты халықты сүйетін, тек халық үшін қызмет қылатын жаңа партия құрсақ деп ойға кетеді. Бүркіт Ысқақ бастаған студенттер бірден іске кірісіп ұйым құрып алады. Әуелі «Жас алаш»,  «Жас қазақ» деп атамақ болады. Ақыры «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқарта айтқанда, «ЕСЕП» деп атадық. Бұл 1941 жылдың бас кезі еді.

Ұзамай ұйымның бағдарламасы  мен жарғысы дайын болады. Оларды Бүркіт пен Махмет Темірұлы екеуі дайындап шығады. «ЕСЕП» партиясының жетекшісі болып Бүркіт Ысқақ тағайындалады. Орынбасары болып Махмет Темірұлы  бекітіледі. Елеш Бимағанбет, Дәкен Шалабек, Аманжол Дүйсенбай, Әшім Сүлеймен, Жанайдар Әубәкір бастаған студенттер белсенді мүшесі болып кіреді. Осыдан кейін студенттер, қызметтегі жастар, тіпті жоғарғы сыныптардағы оқушылар арасында үгіт жүргізіп қатарластарын толықтыра береді. Олардың қатарына Рақыш Бұйрабек, Кәмәли Рахмет, Қажыкен Тінтай, Аққошқар Мұқан, Балапан Сәкібай, Орынбай Сауқан, Сайдалы Кенжебай Дәулетбек Әкімбек, Қыздарбек Әкімбек сынды озық ойлы жастар келіп қосылады.

Алайда ұзамай соғыс басталып кетеді. 1942 жылы қараша айында Бүркіт Ысқақ майданға аттанады. Сәл уақыттан кейін Махмет Темірұлы бастаған басқа мүшелеріне де шақырту қағазы келіп соғысқа алынады. Бірақ, ұйымның жұмысы тоқтамайды. Басқа студенттер соғыс жағдайына қарамастан Алаш идеясын жалғастыра береді. Осылайша 1944 жылға дейін жалғасқан.  

Сол жылы ұйымның жұмысын жалғастырып жатқан Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбеков сынды біраз студент қамауға алынады. Оларға «ЕСЕП» атты құпия құрып, совет қоғамына қарсы үгіт жүргізді деген айып тағылған. Асығат Рүстемов пен Зейнолла Әбділдинді жастарына байланысты ұзақ тергеуден кейін қолхатпен босатады. Жаппар Өмірбековті бір жылға түрмеге жабады. Бейсембай Жақсылықов қана он жылға сотталады.

1946 жылы Бүркіт Ысқақ соғыстан аман-есен оралған соң «ЕСЕП»-ті өз қолына алды. Құпия жұмысты қайта жандандырады. 1951 жылғы 18 қаңтарда қйым жұмысы толығымен әшкереленеді. Бүркіт Ысқақ пен Махмет Темірұлы тұтқынға алынады. Тергеу жұмыстары жарты жылға созылады. 1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақстанның Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 10-11-тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров және Айтбай Нәрешевті 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл бойы азаматтық құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарды. Сонымен бірге Мұстахым Азанбаевты, Рамазан Нәрешевті, Жекен Қалиевті, Адырбек Аманқұлов бастаған белсенді жастар да  8-10 жылға сотталып кете барады.

Осылайша «ЕСЕП» ұйымы біржолата талқандалады. Бірақ азаттық аңсаған жастардың арманы аяқсыз қалмайды. Елдің басқа өңірлерінде елін сүйген ерлер партиясының Алаш жолына негізделген идеясы қолдау таба бастайды. Нәтижесінде басқа да астыртын ұйымдар құрылады.

Ендігі сөз осы «ЕСЕП» партиясының заңды жалғасы деп есептелетін - «Жас қазақ» құпия ұйымы. 1960 жылдың басында Қарағанды өңірінде дүниеге келген  бұл ұйымды Зейнолла Игілік және Кәмел Жүніс атты студенттер құрған еді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Советтік империяның дәурені әбден жүріп тұрған кез. Жұрт арасында «Арқа жақта сәбеттік жүйенің шат-шәлейін шығаратын құпия ұйым пайда болыпты, ұйымға жастар лек-легімен қосылып жатыр екен» деген сыбыс тарай бастаған шақ. Артынша бұл сыбыс расқа айналып Қарағанды қаласына барып қайтқан адамдар мен оқудан демалысқа оралған студенттер «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атаумен Совет өкіметінің жүргізіп отырған саясаты қазақ сияқты ұлттардың тілі мен мәдениетін құртуға негізделгенін, сонымен қатар, қазақ мектептерінің жабылып, барлық мектептерде оқу орыс тілінде жүргізіліп жатқанын ашық сыналған үнпарақтар әкеле бастайды. Кейін мұндай жүйеге қарсы «қауіпті» жазбаларға толы үнпарақтар Қарағанды ғана емес, Алматы, Ақмола қалаларына да таралып жатты.

КГБ мамандары күн демей, түн демей аяқтарынан тозып жұмыс істеуге мәжбүр болғанымен екі жыл бойы (Жас қазақ ұйымы 1960-1962 жылдары аралығында жұмыс істеді) дегенің үнпарақтардың қайдан шығып жатқанын, оларды кім жазып, кім тарататынын біле алмай дал болды. Бірақ Қарағанды өңірінен қатты күдіктенді. Негізгі жұмыстарын осы жаққа жүргізді. Ұзамай қауіптің ұясы анықталады. Құпия партияның негізгі жұмыстары Қарағанды қаласында болғанымен басты «штаб-пәтері»  Шет ауданына қарасты қазіргі Ақсу-Аюлы ауылынан табылады. Негізгі ұйымдастырушылары Кәмел Жүнісов және Зейнолла Игіліков атты жоғарғы оқу орындарының студенттері екені белгілі болады. Екеуі бірден 4 жылға сот­талып РСФСР-дің Орал тауындағы қатаң режимдегі саяси тұтқындар лагеріне айдалады. Мұнымен тынбай КГБ агенттері ЕСЕП» пар­тиясына тілектестік танытып, Совет өкіметіне қарсы үгіт жүр­гіз­ді деген айыппен  Кәрім Сауғабаев, Мақ­сым Омарбеков секілді біраз адамды әр түрлі мерзімге жазаға кесті.

Кәмел ағамыздың айтуынша, ол кез қазақтың күрт саны азайып,  30 пайызға да жетпей қалған шақ еді. «Осының салдарынан өзге ұлт өкiлдерi бізді басынып, күн көрсетпейтін халге жеттік. Қазақтың баласын ұрып кету, үлкендердi қорлау деген жағдайлар жиi кездесiп қалып жүрдi. Үлкендер «бiздi кәпiрлер билеп алды, өлгенде бұлар бiзге жаназа шығартпайды, ең болмаса қарағайға қақтырмай (табытқа салмай деген сөз), өз беттерiңше жерлеңдер» деп жылап отыратын. Осындай жайттар мені қатты күйзелтті. Сөйтіп жүргенде Зейнолла деген бір досым әскерден келе қалды. Екеуiмiз бiрiгiп, партия құру керек деген ойға келдік. Бұрынғы ЕСЕП партиясын құрған жастардың ізін жалғастырайық деген оймен ұйымымыздың атауын басында ЕСЕП деп атадық. Өзiмiздi сол «ЕСЕП» партиясының мүшесi санағанымызбен, үнпарақтарды «Жас Алаш», «Жас Қа­зақ» деген атпен тараттық. Үнпарақтарымызды алғашында қолмен жаздық, содан кейiн жазу машинкамыз болды. Оны Аюлы тауының бiр үңгiрiне жасырып қоятынбыз, сол жерде тығылып отырып жазып, жан-жаққа тарататынбыз», – дейді Кәмел ағамыз. Ұйым мүшелері үнпарақтарын басында барлық қалалардағы жоғарғы оқу орындарына тарата бастайды. Кейін бұларды қолдан көшіріп, өзге студенттер де таратуды қолға алады. Қаладан келген студент жастар ол қағаздарды өздерiмен бiрге ауылға әкелiп таратып жатты.

Ақыры бұл ұйым да әшкере болады. Ұйым мүшелері сол кездегі 58-ші бап бойынша яғни «Отанға опасыздық жасау» айыбымен сотталып кете барады. «Ол кезде мен 22 жаста едім. КГБ-ның түрмесіндегі жағдайлар деген өте ауыр, адам төзгісіз болды. Олардың жендеттері адам аяуды білмейді, ұрып-соғу дегеннің небір түрін көрдік қой. Қолың байлаулы, шашыңнан сүйреп сабаған кезде құйқаң бас сүйектен бөлініп кете жаздайды. Мен алғашқы жиырма күнде орнымнан тұра алмай қалдым, өздерінің ауруханасына апарып, түрлі уколдарды салып, 15 күннен кейін қайта шығарды. Екi жарым мың тұтқыны бар үлкен лагерьде төрт жыл отырып шықтым. Қара жұмыс iстедiк. Үнемі аңдуда болдық, түнде барақтан шыққандарды атып тастайтын. Несiн айтасың, көрмеген құқайымыз жоқ. Мен отырған саяси лагерьде қазақ диссиденттерінің алғашқысы Махмет Құлмағамбетов жазасын өтеді» деп отырады Кәмел ағамыз сол бір шақтарын есіне алған кездері.

«ЕСЕП» партиясының белсенді мүшесі, «Жас қазақ» ұйымының негізін қалаушылардың бірі, диссидент, ұлтшыл қазақ әрі жазушы Кәмел Жүністегі ағамыз бүгінде Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында тұрып жатыр.

Жас тұлпар ұйымы

1963 жылы Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов, Ерсайын Тәпенов Мәскеудегі қазақ студенттері «Жас тұлпар» атты мәдени-саяси бағыттағы ұйым құрғаны белгілі. Ұйым мүшелері ел аралап, халыққа концерт көрсетіп, лекция оқыған. Елдің рухын көтеріп, ұлттық салт-санасын сақтауға үндеген. Оларды халық барлық жерде де зор қошеметпен қарсы алып, ерекше сүйіспеншілік білдіріп отырған. «Жас тұлпарлықтар» дүбірі бүкіл республикаға жайылып, әр облыс орталығындағы жастар осы сияқты ұйымдар құра бастауынан қауіптенген Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті «Жас тұлпар» ұйымын күштеп таратып жібереді. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай жастар ұйымын құруға тыйым салады.

 

«Жас тұлпарлықтардың» өзінің эмблемасы, туы болған. Туы үш түстен (қара, қызыл, көк) тұрыпты.   Эмблемасында тұлпардың суреті салынған.  «Осы туды сол тұста Мәскеуде білім алған белгілі қырғыз суретшісі Асаналы Бейшенов салған екен. Идеясы белгілі суретші Бахтияр Тәбиевтікі», дейді дерек көздері. 

Сонымен қатар көптеген зерттеушілер Асқар Сәрсенбаев деген оқушы құрған «Таң шапағы» атты тағы бір ұйым болғанын айтады. Өкініштісі, аталмыш жасырын ұйымы туралы тұшымды дерек жоқ. Бұл ұйым Павлодар облысы, Көктөбе ауданында 1968 жылы дүниеге келіп, 1970 жылға дейін өмір сүрген. Ол кезде Асқар 9 сыныпта оқыған екен.   

Сол секілді Петропавл қаласын да «Жас ұлан» атты жасырын ұйым болыпты.

Арман Қани құрған «Жас ұлан» ұйымы

Кереку өңірінде «құпия ұйым пайда болыпты!» деген сыбыс 1969 жылдың қазан айынан бастап айтыла бастайды. Өйткені, халық арасында қазақ мектептерінің жаппай жабылып, барлық мектептерде орыс тіліне басымдық беріліп жатқанына қарсылық білдірген үнпарақтар тарала бастайды. Әрине, о баста жұрт онша көп мән берген жоқ. Арнайы органдар да басында «бұзақылардың қалыпты тірлігіне» балап көп қозғала қоймаған еді. Алайда, көп ұзамай мұндай үнпарақтар стихиялы түрде тарай бастады. Желтоқсан айының соңына қарай белгісіз біреулер түн уақытында қала орталығындағы вокзал, бас пошта үйі сияқты жұрт көп жүретін жерлерге үнпарақтар жапсырып кететінді шығарды. Ең қорқыныштысы, «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар! Сендер ғасырлар бойы еркіндік іздеп, қаратүнек қанды жылдарда бақыт аңсаған елсіңдер!» деп басталатын бұл «қауіпті» үнпарақтарда халықты ашықтан-ашық советтік жүйеге қарсы үгітттейтін жазбалар бар еді. Кейін мұндай жүйеге қарсы  жазбаларға толы «қауіпті» үнпарақтар облыс орталығы ғана емес шалғайдағы елді мекендерге дейін  тарала бастады.

Бұл жағдай расы керек, құпия қызмет органдарын қатты тіксінтті. КГБ мамандары күн демей, түн демей аяқтарынан тозып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ақыры, «аса қауіпті» ұйымның ұясын тауып тынды. Ең қызығы, күштік құрылымдарды аяқтарынан тік тұрғызған «Жас ұлан» қозғалысының өкілдері жұрт ойлағандай арнайы дайындықтан өткен ұлтшылдар емес Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазіргі №3 гимназия-интернаты) оқушылары болып шықты.  Негізгі ұйымдастырушысы Арман Қани есімді тоғызыншы сынып оқушысы екені белгілі болады.

1970 жылдың сәуір айында қалалық комсомол комитеті бюросы отырысы болып ұйым жетекшісі Арман Қани және Рашит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Гүлбаршын Әлиева секілді ұйым мүшелеріне «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айып тағылып комсомол қатарынан шығарылады. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ  жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан шығарылып,   оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылады. Қалған мүшелеріне қатаң сөгіс, ескерту секілді әкімшілік айыптар тағылады.

Арман ағамыздың айтуынша, бұз кезеңде «тың игеру» деген желеумен орыстандыру саясаты ашық жүріп жатқан. «Бұл орыс емес ұлттардың жас ұрпақтары сана-сезімінен елдік, халық­тық қасиеттерді өшіріп, нигилистік көзқа­расты орнықтыруға бағытталған әрекеттің басы еді. Отаршыл саясаттың осындай озбырлығы салдарынан 60-шы жылдары республикамыздың солтүстік аймақтарын­дағы қазақша оқитын балалар саны ­азайып, ана тіліміздегі орта мектептердің жабылу құбылысы белең алды. Павлодардағы қазақ балабақша­ларының болмауы, ұлт тіліндегі мектеп­тердің жабы­луы, көше, дүкен, ­кинотеатр атауларының орысша қойылуы секілді озбырлықтардың барлығын өз көзімізбен көріп, ішімізден сезіп жүретін едік.  Осылайша №3 қазақ мектеп-интернатының оқушылары болып 1969 жылдың күзінде негізінен тоғызыншы сынып оқушыла­ры­нан тұратын «Жас ұлан» ұйымын құрдық. Бұл кезде 15 жаста ғана болатынбыз. Өзіміздің ұйым үшін мұрат-мүдделерімізге сай келетін жарғы жасап қабылдадық. Арнайы жоспарымыз да болды. Жетекші­лігіне мен сайландым. Содан көп кешікпей облыстағы ұлтжанды деген жасөспірімдер ұйымымызға тартылып, жалпы санымыз 100-ге жуықтап барып тоқтады. Арнайы үнпарақтар шығардық. Оларды алғашында қолмен жаздық, содан кейiн жазу машинкамыз болды. Оны ұйымымыздың мүшесі Сембай Құсайынов деген оқушы тауып әкелді. Оның әпкесі Ермак қала­сындағы халық сотында істейтін еді», – дейді Арман ағамыз. Ұйым мүшелері үнпарақтарын басында жұрт көп жүретін жерлерге жапсырып кетіп жүреді. Кейін бұларды қолдан көшіріп, өзге студенттер де таратуды қолға алады. Қаладан келген студент жастар ол қағаздарды өздерiмен бiрге ауылға әкелiп таратып жатты. «Ондағы ойымыз алыстағы ағайындарды да дайындап алып 1 Мамыр мерекесіндегі ше­руге «Қазақ мектептері мен балабақша­ла­ры ашылсын!» деген ұран көтеріп шығу еді. Оған мүмкіндігіміз болмады. Ұсталып тындық. 1970 жылдың 15 қаңтары күні Мем­лекеттік қауіпсіз­дік комитеті (КГБ) облыстық басқар­ма­сының қызметкер­лері бәрімізді ұстап, бірден тергеу­ге алды.  Небары бірер ай ғана жұмыс жасадық. Алайда еңбегіміз еш кеткен жоқ.  Біздің бұл әрекеті­міз текке кетті деп айта алмай­мын. Оқиғадан кейін көп ке­шік­пей жергілікті билік орын­дары Пав­лодардағы бір бала­бақ­шада тұң­ғыш рет қазақ тобын ашуға бет­бұрыс жасады. Мектеп жа­сына дейінгі осы бүлдіршіндер бөлімі уақыт өте келе «Ақбұ­лақ» деп аталатын алғашқы қазақ балабақшасына айналды. Мұны «Жас ұлан» ұйы­мы жұмы­сы­ның жаңғы­рығы деп қабылдаған жөн. Бір өкініштісі, әлі күнге дейін «Жас ұлан» ұйымына мемлекеттік органдар тарапынан ресми саяси баға берілген жоқ. Әлі де сол берілетін шығар деген үміт жетегінде  келемін», - дейді Арман Қани.

Арман ағамыз қазір Павлодар қаласында тұрып жатыр.

Хасен Қожа Ахмет құрған ұйым

1972 жылы белгілі диссидент Хасен Қожа Ахмет ағамыз «Жас қазақ» атты ұйым құрып озбыр жүйеге күресу жүргізгені белгілі. Сол үшін ағамыз екі рет істі болады.

1972 жылдан бастап астыртын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастады. Ол кездері Хасен Талдықорған облысының Сарқан, Ақсу ауданы орталықтарында мұғалiм, мектеп директоры секілді қызметтер атқаратын. 1975 жылдың күзінен бастап Совет үкіметіне қарсы  мақалалар мен үнпарақтар шығарып таратуды қолға алады. Осы аралықта «Одақ па, әлде отар ма?», «Халықтардың ассимиляциялануы жайында», «Ұлттардың ассимиляциялануы кімдерге қажет?» және «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» секілді мақалаларын жариялайды. Онда Совет Одағының патшалық отаршылдық саясатын жалғастырып, одақтас республикалардың ұлттық байлығын қанаудың арқасында байып отырғанын, интернационализм деген желеумен ұлттарды және ұлттық шекараларды түбірімен жоятын, орыс емес ұлттарды, оның ішінде қазақтарды да ассимиляциялау, орыстандыру саясаты жүргізіліп жатқанын  әрі Қазақстанның бүкіл байлығы Ресейге әкетіліп жатқаны ашық айтылады. Сонымен қатар халықты Қазақстанның ССРО құрамынан шығуы үшін бірігіп күресуге шақырады. «Тыңда, саған айтайын мен мұңымды» секілді өлеңдер мен сол кезеңдегі саяси оқиғаларды келемеждеп біраз карикатуралар сызған. 1979 жылы сәуір айында Алматыға келіп, мал дәрігерлік институты студенттеріне өзінің үнпарақтарын таратып жатқан сәтте қолға түсіп қамауға алынады. Көп ұзамай «советтік мемлекеттік және қоғамдық құрылысқа тіл тигізді» деген айып тағылып, Алматы облыстық сотының шешімімен екі жылға бас бостандығынан айырылады. 1986 жылғы Жел­тоқсан көтерілісіне қатысамын деп тағы қамауға алынады. Онсыз да Мемлекеттік тергеу комитетінің қара тізімінде тұрған Хасен Қожа Ахмет бірден  4 жыл­ға сотталып кете барады. Кейін жаза уақыты екі жылға азайтылды. Жазасын Арқалық қаласындағы түрмеде өтеп шықты. Жас демократ Хасен Қожа Ахмет абақтыда отырмын демеді. Темір торда отырып-ақ саяси  күресін жалғастыра берді. Оның түрмеде оты­рып жазған Желтоқсан жайлы саяси зерттеулерінің арқасында өзі сияқты жазықсыз айып­талғандар бостандыққа шығып жатты. Кейін бұл зерттеулері «Желтоқсан» ұлттық-демо­кра­тия­лық партиясына ұласты.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?