Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Павлодар облысында сұлтандардың мазарлары табылды

2414
Павлодар облысында сұлтандардың мазарлары табылды - e-history.kz
Тарихшы, өлкетанушы, ғалым Дәурен Аяшинов Қазақстан мен Ресей мұрағаттарынан іздеп, Павлодар уезінің Маралды болысындағы Абылай хан туысқандарының мазарлары қай жерде орналасқанын анықтады.

Ғалым XVIII ғасырдағы қазіргі Павлодар облысының өңірінде қиралып жатқан мазарлар Маралды көлінің жиегіне көшіп келген сұлтандардың мазарлары болып табылғанын дәлелдеу үшін мұрағатта бір жылдай жұмыс істеді.

Өмірбаяндық анықтамалығы 

XIX ғасырға дейін қазақтар Ресей бодандығында тек шартты түрде ғана болған, өйткені Қазақ даласында патша үкіметінің шынайы білігі, атқарылымдық өкілеттілігі (Ертіс өзенінің оң жағасын есептемей-ақ қойғанда) болмаған. Бұл туралы 1798 жылғы 23 шілдегі Петр I жарлығында Ішкі Орданың қазақтарына.: «орыс бодандығын қабылдайтындарға, Омбы мен Семей қамалдарының арасындағы жерлерге көшуге рұқсат берілген, сол себептен Ертістің оң жағасына 15 мыңға жуық киіз үй көшірілген болатын, енді олар Құлынды даласында орналасқан», — деп айтылған құжатта [1]. Аталмыш жарлықтың шығар алдында көптеген сұлтандар Ертістің сол жағасында тұрған қазақтар үшін жаңа құнарлы жерлерді сұраған [2].

ba67ed70b7f7129c23ba26685d1b580e.jpg

Осы кезеңде Шаншар Сұлтанмаметов және Ұрұс Сұлтанмаметов (Сұлтанбетов, сұлтан Маметов — мұрағаттық және этнографиялық мәліметтерде Ұрұс әкесінің есімі түрліше жазылады) Басентиін және Уақ руларымен бірге Ертістің оң жағасына көшеді. 1785 жылы капитан Андреев Ішкі Орда жайлы еңбегінде былай деп жазған: «Сол болыстың басты тұлғасы ретінде (басентиін, авторлық еск.) Ұрұс сұлтан — Сұлтанмахмұт сұлтанның ұлы болған. Сұлтанмахмұт сұлтан алтын медальмен марапатталған болатын, ол қыс мезгілінде Ертіс сыртында орналасқан Черный (Қара) станицасында ағаш үйде тұратын болған. Бұл үй 1780 жылғы генералитет қолбасшысының шешімі бойынша салынған» [3]. Ұрыс хан және Шаншардың шежіресі Қанішер Абылай ұрпағынан өз бастауын алады. Осылай, Сұлтанмахмұт Абылай ханның немере ағасы болып саналады. 

Мен мұрағаттарда табылған 1800-1872 жылдардың аралығындағы сұлтандардың өмір жолына қатысты деректерді сіздердің назарларыңызға көрсетпекшімін. 

Сұлтандар мазарларын іздестіру 1878 жылдың 2-шақырымдық картасы бойынша (Мәскеу қаласындағы РФ-нің Әскери-тарихи мұрағатында карталардың тұпнұсқалары сақталуда, кейбіреулері — Омбы, Барнауыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан мұрағаттарында) [4] мен Тәтен Ұрұсов және оның ұрпақтарының мазарлары қай жерде орналасқанын анықтай алдым. 

Жаңа карталарға ескі карталарды салып қойғаннан кейін мазарлар орналасқан жері анықталды. Google карталары бойынша бұл орынның координаттары: 52°16’55.0"N 77°48’56.5"E.

28713e0405c6c769a0b1631cf07b80ba.jpg

2014 жылдың 8 қазанында Павлодар қаласынан ақсақал Шәмшіденов Қайырболат Қамариденұлының көмегімен және «Жылы Бұлақ» ауылының әкімі Мейірманов Меңдыбайдың тікелей қатысуымен осы орынға жеттік. Біз төрт мазарды, қабырғалардың қалдықтарын, 6-8 қиралған мазарды тауып алдық. Мазарлар дөңгелек түрінде орналасқан. Мазарлар қабыршақ кірпіштерінен салынған, құрылыс барысында былшық қолданғаны көрінеді. Жағаға қарай ең шеткі мазар қиралып қалған, оны ажырату қиын. Бір жақсы сақталып қалған мазардан сегіз қырлы құрылыс (сағана) көрініп тұр. Бастапқыда оның биіктігі екі метрге дейін болған. 

Әкім Меңдыбай Мейірмановтың айтуынша (мұнда ол көптеген жылдар бойы әкім болып жұмыс істеген), мазарда қандай адамдар жерлеген екендігі белгісіз болды. Бүгінде «Төре» ұрпағынан ауылда ешкім тұрмайды, сондықтан бұл жерде 50 жыл бұрын қандай оғиғалар болғанын анықтау қиын. Осы уақыттың ішінде Маралды көлі өз шекараларын кеңейтіп, жағаның 100-150 метрін жойған екен. Меңдыбай Мейірманов естеліктеріне қарағанда, ол бала болғанында бұл өңірде 10 мазар көрген. Бұл нені дәлелдейді? Жағаға жақын орналасқан мазарлар бұрыннан бері қиратылып жатыр. Өкінішке орай, бет алған үдеріс бүгін жалғастыруда.

987c5ba808006fc29ec743c77219e7a6.jpg

Көктем сайын ауылдықтар жағаға әкелінген адам сүйектерін жинап, оларды қайта жерлейді. Шындығын айту керек, соңғы 10 жылдың ішінде Маралды көлі павлодардықтар емделу орнына айналып кетті. Жаз сайын келген адамдар көл жағасында демалып тұрады, сондықтан сұлтандар мазарлары орналасқан жерін қоршау керек боп тұр, бұл өзекті мәселе болып табылады. 

a48d5f9f9d52f81d30b66b6b845e6287.jpg

Қазіргі кезде төбенің ең биік шыңы жағадан 150 метр қашықтығында орналасқан, бұл жерде ең көне мазарлар сақталған. Жерлеу кезеңі осы жерден басталады деп сенгім келеді, сонда ғана алғашқы мазарлар сақталған деп айта аламын. Қалай болса да, тарихи орынның қирату үдерісін тоқтатып, жағаны бекетуге арналған шараларды өткізу жөн болады. Өз өлкесінің тарихын сақтауды мақсат ететін адамдар үшін біздің жарияланымыз елеусіз қалмайды... 

Дәурен Аяшинов, 

тарихшы-өлкетанушы


Дереккөздер: 

1. Н. Я. Коншин. Семей өлкесінің қысқа тарихи очеркі. № 1 (14) «Наше хозяйство» («Біздің шаруашылығымыз»). 

2. З. Е. Қабулдинов. Ресей қазақтары. — Астана, 2010. 

3. И. Т. Андреев: Қырғыз-қайсақтардың Ішкі Орданың сипаттамасы. 2-ші басылым (1780–1785 жж.). Астана қ., 2007 ж. (этнорграфия бойынша 50 т.);

4. ПОММ. Ф-1355. Жерге орналастыру бойынша құжаттардың топтамасы. № 1805 іс. Әскери-топографиялық түсірілімнің планшеті. 14-ші парақ. 16-ші қатар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?