Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтар өлтірген Кондюрин кім?

3169
Қазақтар өлтірген Кондюрин кім? - e-history.kz
Шығыстағы Сауыр, Сайхан және Тарбағатай тауларындағы шекара бойы оқиғалары арыдағы Майқапшағай, Күзуін, берідегі Етікші, Хабарасу, Бақты асуларымен байланысып жатады

Ұлы Ертістің оңтүстігіндегі Зайсан қазаншұңқырында сұлап жатқан қоңыр тау Тарбағатай – қазақ көшінің қаралы күндерін басынан кешірген Қаратаудан кейінгі мекен. Сол таудың басынан кешірген тарих қанды соқпақтарының жарасы ұлт үшін әлі жазылған жоқ. 

Кәмпеске нәубеті

Отарлау тарихына қатысты деректерді жүйелі түрде оқырман назарына ұсынған белгілі журналист Бекен Қайратұлы: «Қазақ даласында жүргізілген тәркілеу һәм отырықшылық науқанын зерттеген Колумбия университетінің профессоры Л. Парк: «Совет үкіметі орнай сала мұсылман халықтарын саяси дискриминацияға ұшыратты. Олардың жері мен малын тәркілеп, жаңадан қоныстануға келген орыстарға бөліп берді. «Қазақтарды түгелдей отырықшы ету» деген желеумен құлдық тәртіп орнатылды. Шын мәнінде қазақтарды орыс шаруаларына бағынышты етті» десе, (1917-1927 жылдардағы Түркістандағы большевикшілдік) қазақстандық совет тарихшысы Григорий Фёдорович Дахшлейгер (1919-1983) «жаппай ұжымдастыру және байларды әлеуметтік топ ретінде құрту – қазақтарды жалпы ұлттық апатқа ұшыратты» деген тұжырымын келтіреді. 

Осы тұста республика басшылығына И. Голощекиннің келуі отқа май құйғандай тіпті асқындырып жіберді. Оның қолы қойылған арнайы бұйрық шығарылып, осы қағаз бойынша «ауылды «советтендіруге» қарсы, әлі де феодалдық көзқарас ұстайтын барлық жергілікті байларды қудалау керек» деген ұстаным салтанат құрды. Нәтижесінде тәркілеу науқаны басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда өте қарқынды жүргізілді. 1928-1929 жылдары осындағы тәркілеу науқанына 696 бай-бағлан ілінді.

Шекара бойындағы елді мекендер, шойын жол бармайтын, ежелден-ақ ата кәсібін ұстаған, ең негізгі күнкөрісі мал болып есептелген Тарбағатай жұртына бұл ауыр тиді. Кәмпескенің соңынан жеткен ұлы ашаршылық та онсыз да жүйкесі жұқарып отырған елдің үрейін ала түсті. Қолдан жасалған қитұрқы саясаттың салдарынан туған мекенін тастап, шекара арқылы арғы бетке – Шығыс Түркістанға бас сауғалауға мәжбүр болды.

Алайда амалсыз атамекеннен жырақтап үдере көшкен елдің алдын жайма-шуақ жайт күтіп тұрмағаны онсыз да белгілі жайт. Осы кезде Хабарасу арқылы арғы бетке өтпекші болған жұрттың әйел демей, бала демей, көмейінен оқ шашқан пулеметті арнайы тігіп қойдай жусатқан Василий Кондюрин бастаған қызыл шекарашылардың есімі әлі де аяулылардың қатарында.

Қаскүнем Кондюринді өлтірген кімдер? 

«Ақсуат. Құнарлы топырақ, құдіретті ұрпақ» атты кітапта екеуара сұхбаттасқан белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев пен журналист Ерғали Жұмахан былай деп жазады: «Застава отрядының командирі Кондюрин аса мейірімсіз, қанышер адам болыпты. Шекарадан бері қарай немесе әрі қарай асып бара жатқандар қолға түссе сотсыз, тергеусіз атып тастай берсе керек. Жәй өлтірсе, бір сәрі, атылған қазақтың біреуін екіншісінің үстіне айқара салып, өзі өліктердің үстіне отырып, жайланып шылым шегеді екен. Қыз-келіншек қолға түссе, құдайының бергені. Күйеуінің, ата-енесінің көзінше не өзі, не қарауындағы шекарашыларға зорлатады. Шектен тыс жауыздығы өзінің түбіне жетіпті ақыры» дейді де, сол кезеңде үш қазақ жігіт тәуекелге бел буып, қаскөйді алдап оңаша шығарып, кескілеп өлтіретінін баяндайды.

Сол Кондюринді өлтірген үш жігіттің біреуі Әбіш Шәріпов есімді кісі бертінге дейін өмір сүрген екен. Қыржы руынан шыққан ол 1990 жылы Сұлутал совхозына келіпті. «Жасы тура 92-де. Жүрісі әлі тіп-тік. Сөзі түзу. Қатарынан ешкім қалмаған. Тек екі кемпір ғана танып, амандасыпты. Әбіштің басынан кешірген хикаясы бір кітапқа жүк боларлық. Кондюринді өлтірер алдында Көкпекті түрмесінен қашып шыққан екен. Қызылтасқа келіп, қызыл комиссар Кенесары Бакиннің басы артық тапаншасын қорқытып алып кеткен. Кондюрин өлген соң қашып Алтай өлкесіне барыпты. Сонда фамилиясын өзгертіп, басқа құжат алыпты. Сол жақтан Отан соғысына аттанған» деп жазылады «Ақсуат. Құнарлы топырақ, құдіретті ұрпақ» атты кітапта.

 

Қашқан жұртқа көмектескен комиссар

Осы жерде қызыл комиссар, Тарбағатай өңірінің алғашқы милициясы Кенесары Бакин туралы айта кетейік. 

Бұл кісі өзі НКВД істесе де, Тарбағатай, Зайсан, Мақаншы, Ақсуат, Көкпекті өңірінің талай қазағын аштық жылдары Қытайға көшуіне көмектескен қайырымды жан болыпты. Ел арасында «Кенесары келе жатыр десе, жылаған бала уанады» деген сөз кейіннен қалған.

Зайсан шекара отрядының заставасы қазірдің өзінде Василий Кондюриннің есімімен аталады. Бұл туралы жергілікті және республикалық ақпарат құралдарында жазылып айтылып келеді. Елімізге белгілі заңгер Иса Момбаев «Шекара бекеті қандықол қарақшының атымен аталмауы керек» деген мақаласында қазақтың тарихында аты құрметпен аталатындай бір жақсы ісі жоқ екен. Есесіне аяусыз, қатігездігі сонша, арып-ашқан, босқын жұрттың алдына пулемет қойдырып, жусатып салған. Ал өзінің қазақ жігіттерінің қолынан опат болатыны – 1931 жылдың 8 маусым күні екен. Аталған мақаласында автор қаскөйдің ұлт батыры ретінде әспеттеліп жатқанына, оның қасындағы серіктерінің де есімдері құрметпен аталатыныа, ең сорақысы оларды жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетіп тәрбиелеу процесі қазіргі таңда да жалғасып жатқанын қынжыла баяндайды.

Шекарашы бойындағы тосын оқиғаларды зерттей отырып, ондағы қатысқан кісілерді тұлғасын құжаттармен дәлелдеп, Кондюринді өлтірген қазақ жігіттерінің аттарын анықтау – тарихымыздың ендігі міндеті екені даусыз.

 

Кейбір суреттердің авторы Айдын ЖҮНІСХАН


 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?