Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ САУДА ҚАЛАСЫ

4186
ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ САУДА ҚАЛАСЫ - e-history.kz
Тараздың көне қала тарихына Қарахан мемлекеті едәуір үлкен табыстар қосты

 

Тараз – тарихы тереңде жатқан қала. Талас өзені бойындағы сулы да, нулы шаһардың V ғасырға дейін салынғаны туралы көптеген жазба деректер дәлелденген. Алғаш рет 568 жылы византиялық елші Земарх Тараз қаласы туралы мәліметтер берген. 630 жылы Тараз қаласы туралы Қытай саяхатшысы Сюань-Цзан хабарлайды. Оның дерегінше, Таразда көпестер көп болған. Қазақтың археолог ғалымы, академик Ә.Марғұлан Тараз қаласының құрылу тарихы ерте ғасырға аяқ басатынын жазады. «Шаванна, Де-Грота, В. Бартольд және басқа да ғалымдардың зерттеулері бойынша ғұндар Талас өзенінің бойында б.з.б  ІІІ-ІІ ғасырларда орын теуіп, биік мұнаралы сарайлары бар Талас қаласын тұрғызған екен»,-дейді.

ІХ ғасырдың бірінші жартысында математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазған. X ғасырдағы араб географы Әл-Мақдиси: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші мединада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның  үстінен  өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр»,-деп жазады. Яғни бұл кезең Тараз шаһарының гүлденген дәуірі. Оның саяси орталыққа айналып, батыспен шығысқа қақпа болуына Қарахан мемлекетінің үлесі көп болды.  

Қарахан мемлекеті X ғасырдың орта кезінде Жетісу аумағында және Шығыс Түркістанның (Қашғардың) бір бөлігінде құрылған қуатты мемлекет. Орталығы  – Баласағұн қаласы. Кейіннен – Тараз қаласы болды.  Қарахан мемлекеті тарихының бастапқы кезеңі жөнінде сенімді мағлұматтар деректемелерде сақталмаған, ал алғашқы Қарахандар туралы әңгімелер жартылай аңыз сипатында болып келеді. Жазба деректерге қарағанда, Қарахан мемлекетінің құрылып, оның дамуының алғашқы кезенің саяси тарихында, қарлұқ тайпалар бірлестігінің орны ерекше болған.

Қарахан  мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Боғрахан Қарлұқ қағаны Білге Қыдырханның немересі. Сатұқ Бограхан Таразды билеуші Оғұлшаққа қарсы шығып, оны талқандайды, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырады.  942 жылы ол Баласағұнда билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялайды. Жаңа билік иелерінің басшысы өзін «қара хан» деп атады. Осыдан келіп тарихта бұл әулет қарахандықтар әулеті деп аталды. Шынына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталды.

2000 жылдық тарихы бар қала ерте кезден сауда өнеркәсібінің орталығы болып, талай жыл мәдени жәдігерлердің музейіне айналды. Мұнда сонау ерте кезден қала мәдениеті қалыптасып, Қарахан мемлекеті тұсында үлкен сауда-өнеркәсібінің орталығына айналып, Ұлы Жібек жолының қаласы пайда болды. Шаһарға Индия, Орталық Азия, Иран, Ирак және де көптеген мемлекеттерден  сауда көпестері келіп, бір-бірімен байланыс орнатты. Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа шыққан керуен жолдары арқылы Тараз қаласына ақындар мен жазушылар, ойшыл ғалымдар, дің таратушылар, миссонерлер, өнерпаздар келіп, өз халықтарының мәдениеті мен дәстүрін жандандырды. Қаланың рухани және мәдени дамуы көтеріліп, материалдық және рухани құндылықтар алмастырылды.

Тараздың көне қала тарихына жоғарыда айтқандай Қарахан мемлекеті едәуір үлкен табыстар қосты. Көне шаһардың құнды жәдігерлері қатарына қарахандықтардың тигізген пайдасы көп. Қарахан дәуірінен қалған моншалар, ескі қала орындар,  ғасыр ескерткіштеріне жататын «Қарахан мазары», «Айша Бибі» мазарлары соның айқын дәлелі.  Тараздың ерекше гүлденіп, қала ретінде үлкеюіне Қарахан әулетін басқарған өкіл Сатұқ Қарахан ерекше үлес қосты. Оның ұлы Боғра хан Харун Мұса 960 жылы Тараз қаласында исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Тараздың саяси дербестігі мен аймақтағы автономдығы экономика мен мәдениеттің дамуына әсер етпей қоймады. Осылайша қала әр ғасырдың айтулы тарихи өзгерістерін басынан кеше отырып, мол мұрасымен, құнды жәдігерлерімен біздің заманымызға жетті.

12 ғасырдың аяғында ішінара соқтығыстардың әсерінен Қарахандықтар мемлекеті едәуір әлсіреп қарақытайлар жаулап алды. Тараз қаласы да бұл уақыттан бастап қарақытайдың орталығына айналды. 1210 жылы қарақытайлар әскерін  хорезмшах Мұхаммед ойсыратты. Десе де оның билігі ұзаққа бармады. 1220 жылға дейін  Орталық Азия мен Қазақстанның бүгінгі аумағына кіретін жерлер моңғолдар иеленіп алған еді. Ғажайып қала моңғолдар билігі кезінде барлық маңызы мен күшінен айрылады. Отырықшы мәдениеттің гүлденуі қарама-қарсы процесс – күйреу мен тоқырауға айналады.  Осылайша, ортағасырлық атағы жер жарған қала гүлденген астанадан қарапайым мекенге дейін құлазып, кейін әлемдік тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетеді.

Тараз қаласындағы бүгінгі күнге дейін жеткен көне қала орындары, жәдігерлері әлі күнге дейін тарихи мәнін жоғалтпай, ескірмей сақталып келеді. Ежелден қазақ тарихындағы астаналар қызметін атқарған Тараздың заман көшіне ілесіп, көнелігін көгертіп, туристер қызығушылығын оятып келеді. Тараздың құпияға толы шежіресі әлі талай туристер мен зерттеуші ғалымдардың кәдесіне жарайды деген ойдамыз.

Әзірлеген: Алтынбек БЕКНҰР

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?