«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Армстронгтың айдағы сапары

2344
Армстронгтың айдағы сапары

Бүгін ғарышкерлер күні. Баршамызға мәлім «Аполлон-11» планетааралық кеме экипажының басшысы, Ай топырағына адамзат баласынан тұңғыш  табаны тиген жан  америкалық астронавт Нил Армстронг екендігі белгілі. Осыған байланысты біз ілгеріде Мәскеу қаласында жарық көрген  «Земля и Вселенная» атты  ғылыми-көпшілік журналында жарияланған Арместронгтың «Айда алғаш болғандағы алған әсерлерім» атты  мақаласын ана тілімізге аударып өздеріңізге ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Айға қону сәтіміз біз үшін тым ұзаққа созылғандай болып кетті. Осы уақыттың ішінде бізде бір минут та тыныштық болмады.  Айдағы алдын ала белгіленген кемеміз қонатын аумаққа дейінгі 30 мың футтан 5 футқа дейінгі жақындау аралығында біз ЭЕМ  приборларының жұмысын қадағалау қарбаласымен  болып, «қонатын орынды» еш бағдарлай алмадық. Тек ай бетіне  3 мың футтан да аз қалғанда ғана  кеме терезелерінен сыртқа қарауымызға мүмкіндігіміз болды. Ай көкжиегінің шеңбері өте жақын болғандықтан  көп нәрсені көре алмадық. Біздің жалғыз бағдарымыз алғашында еш аңғара алмаған әрі үлкен, әрі ерекше  батыс кратері болды. Алғашында біз кемемізді осы кратерден  онша алыс емес тегістікке апарып қондырсақ па деп ойлаған едік. Кеменің автоматты жүйелері де бізді солай қарай дедектетіп  алып бара жатқан болатын. Алайда, «Бүркіт» деп аталатын кемеміздің Ай бетімен жанасуына 1 мың фут қашықтық қалғанда біз ол жердің  еш ыңғайлы емес екендігін  байқадық. Сол жақ тұсымыздан  үлкендігі «Фольксваген» автомобиліндей болатын толып жатқан тастар көзімізге шалынды. Бір жағынан  кемемізді сол тастардың арасындағы шағын тегіс алаңқайға қондырсақ па деп те ойлап қоямыз. Мен мұндай үлкен кратерлерді  жанартаулардың  бірінен пайда болған Айдың атам заманғы дүниесі екендігін о бастан-ақ білетін едім.

Біз кемені әлгі толып жатқан тау жыныстарының үстімен кратердің батыс жағына қарай қалықтата ұшырып  қонатын жер таңдадық. Бірақ, төменде кемемізді қондыруға болатындай алаңқайлар көрінсе де, мен асығыс шешім қабылдаған жоқпын. Ал, бақылай келе, кемемізді қондыратын жеріміз үлкен бау-бақшаның ауданындай кең болып шықты. Оның оң жағын көлемдері әжептәуір келетін кратерлер көмкерген, ал екінші жағында жыпырлап майда тастар шашылып жатты. Қалай десек те ол жер біздің көңілімізден шықты. Мен «Бүркітті» сол орынға сәтті қондырдым. Қонудың соңғы секундында кемеміздің қозғалтқышы біршама Ай шаңын көкке көтерді,  сөйтіп ол шаңдар  жылдам сейіле бастады. Әдетте Жер бетінен көтерілген шаң,  ауада біршама тұрып барып, қайыра баяу түрде жер бетіне  шөгеді емес пе?

Айда атмосфера жоқ болғандықтан, ай шаңы жазықтық бойымен қалықтап ұшады екен. Кемеміз қонған сәтте қозғалтқыштардан жан-жаққа шашыраған шаң-тозаң сәт ғана сақталды да, бірден  алыстап кетті. Ол шаң арасынан мен ұсақ тастар мен кратерлерді анық көрдім. Бірақ олардан гөрі шаңның ғажайып қозғалысы менің көңілімді ерекше тебірентті десем болады. Біз бейнебір өзімізден де жылдам жөңкіп бара жатқан бұлтпен жарысқандай әсер алдық.

Кемеміздің қозғалтқышын сөндіріп, іштегі құрал жұмысын тексеріп алғаннан кейін иллюминатор арқылы сыртқа көз жібердік. Кемеміздің қозғалтқышынан көтерілген шаң жан-жаққа тарап, төңірегіміз түгел тазарғаннан кейін ғана  көрініс тым жақсара түсті. Кемеміз табан тіреген жердегі ең үлкен кратердің диаметрі 15 метр болса, ал ең кіші дегендерінің диаметрі  2 сантиметр мөлшерінде болды. Көкжиек тегіс емес. Үлкен кратерлердің қиялары көзімізге жайпақ төбелер сияқты көрініп тұрды. Бізден екі метр радиустағы Ай топырағы құм сияқтанып көрінді. Бұрыштанып немесе тақтайшаланып келген кейбір жыныс сынықтарының үсті құммен жартылай көмілген. Біз қонған сәтте  Ай  беті Күн сәулесінен қатты жарықтанып тұрды. Сондықтан да ол Ай үсті емес, аптапты күндегі құмды дала сияқты сезілді. Ал, егер тым қап-қара аспанға көз салсаң, онда өзіңді Айда емес, түн мезгілінде тұрғандай сезінесің. Қара аспаннан тек Жерімізден өзге жұлдыздар мен планеталарды көре алмадық.  

Мен жалпы не айтатынымды Жерден Айға аттанбай тұрғанымда-ақ тұжырымдап қойған едім. Қайыра айтайын, мен қандай сөз айтатынымды кемемен Айға қарай ұшып  бара жатқанымда-ақ шамалап қойған болатынмын.  Сол сөзді кемеміз Ай бетіне жайлап қонып, Ай топырағына табаным тиген бойда-ақ ойымды тұжырымдап: «Адамның бұл кішкентай ғана алғашқы қадамы – адамзаттың аспан денелерін игерудегі ғаламат қадамы», – дедім. Ал, ол сәтте мен қандай ішкі толқыныста тұрғанымды тілмен айтып  еш жеткізе алмаймын. Менен сәл кейін кемеден сапарласым Эдвин Олдрин шықты.

Ай атмосферасыз, гидросфера мен биосферасыз болғандықтан, оған алдын ала арнайы жасалған ғарыш скафандрын дайындап алғанымыз түсінікті ғой. Сондықтан да біз Ай бетінде Жеріміздегідей жалаң аяқ, жалаң бас немесе жеңіл киініп жүре алмаймыз. Кемеден сыртқа шықпастан бұрын, бір-бірімізге көмектесіп скафандрды киіп алған едік. Әрине, скафандр киіп, ранец арқалаған адамның қанша дегенмен де емін-еркін қозғалуы қиын. Соған қарамастан біз үнемі қозғалыста болдық. Ай бетіне аяқ басқаннан кейін-ақ бойымызды  ерекше бір күш-жігер пайда болды.

Ай топырағын басып тұрып төмен қарағанымызда Ай топырағы сарғыш әрі қоңырқай түсті болып көрінді екен. Бірақ ол түс еш тұрақты болмады. Біздің қозғалысымыз бен бұрылуымызға, еңкеюімізге қарай ол түстер  әп-сәтте құбылумен болды. Оның үстіне қатты толқығандықтан да, көп нәрсені дәл өз қалпында бағамдап үлгере алмадық.

Жерде жүргендегі 70 килограмм тартқан салмағымыз Айда 11 килограмға жеңілдегендіктен, жүріп тұруымыз негізінен жеңіл болды.  Тек Айдың сусымалы топырағынан етігіміздің табаны тайғанақтап, ара-тұра құлап қала жаздап жүрдік. Құлап қалмауымыз үшін тепе-теңдігімізді сақтап жүруіміз керек. Соған тырысып, басымыз бен белімізді алға қарай сәл иіңкіреп жүрдік. Ай табиғатында кедір-бұдыр жер өте көп екен. Сондықтан да тегіс жерді таңдап жүруге көп уақытымыз кетті. Негізі Ай бетінде жақсы жүру мәселесіне келгенде, ең тамашасы, онда қосаяқ жануары секілді секіріп-секіріп жүрген әлдеқайда тиімді болып шықты. Біз бұл әдісті жиі қолдандық.

Ай бетінде құлап қалсаң, ешқандай да жарақат алмайсың. Тартылыс өрісінің  пайдасын сонда ғана бір көреді екенсің. Бір жолы Эдвин кеменің үшінші тепкішіне дейін ұшып  барып, Ай бетіне қайта түсті. Ол биіктік кемі екі метрден де жоғары еді. Жер бетінде олай секіретін адам болса  дүниежүзілік рекордты сөзсіз жаңартатын еді. Ал біз Ай табиғатында ондай рекордты ешбір дайындықсыз-ақ жасап жүрдік.

Ай бетіне сүрініп кетіп құлап қалған адамның ешқандай жарақат алмайтынын бағана айттым ғой. Бірақ оның есесіне Айдың тез көтерілетін шаң-тозаңына бірден малтығасыз да қаласыз. Құлап түскен мезетте сол шаң-тозаң адамды бірден көміп тастайды.  Қызығы Ай бетіндегі топырақ та қалың. Өзіміздің басқан тарихи ізіміздің тереңдігін өлшеп қарағанымызда ол 5 сантиметр тереңдікке жетті. Ай топырағы ұн сияқты өте майда бөлшектерден тұратындықтан, скафандрымыздың сыртына шаң- тозаңдар көп жұғып қала береді. Біз скафандрларымызды ол шаң-тозаңнан кемеге мінер алдында арнайы щеткамен тазартып барып ғана ішке кірдік.

Жалпы Ай табиғаты өте қызық әрі ғажайып десем болады. Алысқа көз жіберіп қарап тұрсаң, ол тап бір мұхиттың беті сияқты толқынданып тұрады. Біз бір сәттерде өзімізді тап бір мұхит толқынының үстінде жүріп келе жатқандай да сезініп жүрдік. Сөйтіп ұлы Жаратушы жаратқан ғажайып аспан денесінде аз  уақыт болсақ та, одан өмірлік ұмытпайтындай әсер алдық. Сол әсермен уақытымызға сай көп іс те тындырдық. Айдағы жұмысымыз негізінен зерттеуге қажетті құрал-жабдықтар мен приборларды кемеден шығарып, Ай бетіне орнату еді. Сондай-ақ айнала төңіректен Ай тасын жинау, топырағынан үлгі алу, кей жерін қол бұрғымен бұрғылап тәжірибе жасау болатын.  Құрал-жабдықтарды біз бірнеше түрлі тәсілмен тасыдық. Айда біз 74,3 кг салмақ тартатын зерттеуге арналған құрал-жабдықтарымызды бір өзіміз-ақ көтеріп алып жүрдік. Өйткені ол салмақ Айда небары 12.4 кг еді. Ал қосымша жүк арқалаған кезде ол тіпті де пайдалы болып шықты. Салмақ артқан сайын біздің Ай үстіндегі жүрісіміз бен қозғаласымыз тұрақтана түсті.

Құрал-жабдықтарды Ай бетіне орнатуға  оны басқа да қажетті жерге жеткізу үшін  ранецті жиі қолдандық. Бұл жағдайда жабдықтарды арқалау мен оны Ай бетіне түсіруде бір-бірімізге көп көмек көрсеттік. Айда Жерге қарағанда күш аздау жұмсалады. Тек қатты еңкейген жағдайда құлап қалу қаупі көбірек болады екен. Әрине, Айда жүк тасуға арналған арнайы шағын қол арба жасалса, құба-құп болар еді. Күн желін зерттеуге қажетті жабдықтарды құрастырғанда, флагштокты бекіткенде және Ай жынысынан үлгі алғанда біз қол бұрғысын көбірек пайдаландық. Оны  20 сантиметрге дейін ғана Ай топырағына  енгізе алдық. Одан әрі тереңдеткенімізде бұрғылау тіптен қиындай түсті.

Ай қыртысының жынысынан қалақ күрекпен үлгі алған кезімізде қызықты жайды басымыздан кешірдік. Қалақ күректегі топырақ үлгісін ұстап тұрған үйкеліс күші Айдағы үлгі салмағына пропорционал болғандықтан ол тым  жеңіл тартады екен. Сондықтан да қалақ күрекке салынған ай топырағының үлгісін контейнерге дейін жеткізу үшін мейлінше жай әрі өте сақтықпен қозғалуға тура келеді. Айдағы бұл ғажайып ерекшелікті біле тұрсақ та біршама топырақ үлгісін жинап үлгердік. «Бүркіт» кабинасы ішіндегі бізге кеткен энергия шығыны сағатына 275-300 килокалорий нормасында болғандықтан  біздің Айды зерттеу уақытымыз болжаған жоспарымыздан төрт сағатқа  ұзара түсті. Әрине, мұның бәрі де біздің техникамыздың арқасы деуге болады. Біз Айда  зерттеу жұмысымызға  кедергі келтірген физикалық та, психологиялық та  еш ыңғайсыздықты көрген жоқпыз. Айдың тартылыс өрісі бұл жағынан бізге  ерекше жеңілдік жасады десек те болады. Сөйтіп, біз ғажайып аспан денесі – Ай бетінде миллиардтаған жылдарға айқын ізімізді қалдырып, сүйікті Жер шарымызға дін аман қайыра оралдық.