«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Рамазан – сауап жинап, күнәдан арылатын ай

2176
Рамазан – сауап жинап, күнәдан арылатын ай
24 сәуір күні иісі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды.

Исламның бес парызының  ішінде оразаның орны тым  бөлек. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, қылған ниетіңіз бен жасаған дұғаңыз, берген садақаңыз үшін жазылатын сауаптар еселенетін, шарапаты мен шапағаты өте мол ай.  Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сынақ мектебі саналады.  Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Сабыр еткендерге Алланың  қайтарар сыйы қисапсыз». Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады», –  деп айтқан.

Мұсылмандарға ораза ұстау Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Меккеден Мадинаға һижрат еткеннен кейін һижри екінші жылы, яғни шағбан айының бірінші дүйсенбісінде «Ей, иман еткендер! Ораза тұту сіздерден бұрынғыларға парыз болғаны секілді, сіздерге де парыз етілді» (Бақара/183) деген үкім арқылы парыз болып бекіді. Бұл біздің жыл санауымыз бойынша 623 жылдың 7 ақпанына сәйкес келеді.

Имам Ахмад ибн Ханбалдың айтуына қарағанда, көш реформасынан кейін мұсылмандардың ораза тұтуында біраз өзгерістер болған:

Алғашында мұсылмандар ораза тұту туралы арнайы аят түскенге дейін де әрбір айдың ортасында ай толған шақта үш күн және ашура күндері ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуірінде тұтас Рамазан айында ауыз бекіту парыз болып бекіді.

Кейінірек науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, омырауында сәбиі бар аналар, өзге ауыз бекіткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелді.

Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды білдіреді. Яғни ораза тұтқан жан таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және төсек қатынасынан сол секілді басқа да жаман қылықтардан тыйылуы тиіс.

Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. 

Созылмалы ауруы бар, үнемі дәрі немесе уколға сүйенетін яғни уақытылы ас ішіп тұрмаса болмайтын науқастарға ораза ұстау парыз емес. Сол секілді ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілерлерге де жеңілдік бар. Мұндай адамдар  оразаның сауабындай сауап алу үшін фидия төлеуі тиіс. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия дегеніміз бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Фидияны ақшалай да беруге де болады.  Тағы бір айта кетерлігі, фидия дені сау адамға жүрмейді. Ауыз ашар беру де өте маңызы зор сауапты істің бірі. 

Рамазан айында пітір садақасы (жан садақасы) мен зекет (мал садақасы) беру уәжіп болып саналады. Мұқтаж жандаға сақада берудің де сауабы мол.  

Пітір садақасы – қазақы танымда «жан садақасы» деп аталған. 85 грамм алтыны не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет Ораза айт намазы оқылғанға дейін пітір садақаны беруге міндеттелген. Көбінесе ораза айы кезінде беріледі. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген (беру міндетті емес, бірақ, берсе жақсы) садақа. Пітірді отағасы береді. Пітір ең алдымен туыс-туғандардың ішіндегі жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге және басқа да мұқтаждарға беріледі. Егер ондай туыс-туғаны болмаса, көрші-қолаң арасындағы мұқтаждарға беріледі.

Биыл пітір садақа Қазақстан бойынша жан басына шаққанда  370 теңгені құрайды. Оның мөлшері бидайдың  бағасымен белгіленген.  

Зекет – жылына бір рет жиған мал-мүлік есебінен мұқтаждарға берілетін садақа. Зекет - – мұсылмандардың бес парызының бірі, яки мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті. 

Зекет есебі «нисап» арқылы анықталады. Мысалы, қойы 30 тұяқтан асса бір мал, жүзден асса екі мал зекет ретінде берілуі тиіс.

«40-тан 121-ге дейін 1 қой, 121-ден 399-ға дейін 2 қой, 400-ден бастап жүзден бірі зекет түрінде садақаға берілуі керек. Сиырдың саны 30-ға жетсе, "нысапқа" толған болып, 30-дан 39-ға дейін 1 тайынша, 40-тан 59-ға дейін 1 құнан өгіз не құнажын сиыр, 60-тан 69-ға дейін 2 тайынша, 100-ден 202-ге дейін 4 тайынша, не 3 құнан өгіз, не 3 құнажын сиыр, бұдан жоғары сандарға жеткенде әр 30-дан бір тайынша, не әр 40-тан 1 құнан өгіз, не құнажын сиыр зекетке беріледі.

Түйенің саны беске жетсе, "нисапқа" толады. 5-тен 9-ға дейін 1 қой, 10-нан 14-ке дейін 2 қой, т.б., 196-дан 200-ге дейін 4 бесті інген зекетке беріледі де, одан жоғары санға жеткеннен кейін әр 50 түйеге 1 дөнежін інгеннен есептеледі. Айналымдағы алтын-күмістің салмағынан 40-тан бірі зекетке беріледі. Сондай-ақ, 20 мысқал (96 г) алтынның, яки 200 дирһам (641 г) күмістің бағасындай сауда мүлкінен де, ақшадан да 40-тан бір мөлшерінде зекет беріледі деп көрсетіліпті Уикипедия ашық энциклопедиясында.

Ал Садақаның нақты мөлшері жоқ. Адамның жағдайына қарай берілетін көмек түрі.

Оразаның рухани жағынан ғана емес денсаулыққа өте пайдалы екені белгілі. Яғни ораза ұстау арқылы әрбір адам өзінің мінез-құлқын түзетіп, рухани тұрғыдан шыңдалады, иманы күшеяді. Сабырлыққа, мейірімділікке, ауызбіршілікке және тағы басқа көптеген құндылықтарға жақындайды. Сол секілді ораза тұтудың денсаулыққа пайдалы екенін медицина мамандары да растап отыр. Ораза тұтқан адамдарда адреналин және кортизон гармондары қанға бұрынғыдан да оңай араласады. Бұл гармондар рак клеткаларының көбеюінің алдын алады. Ұзақ ашығу барысында дене құрылысы ретке келеді, ішкі мүшелердегі майлар еріп, дененің сергектігі артады, иммунитеті нығаяды, асқазан, бүйрек, қантты диабет, жүрек және бауыр ауруларына қарсы тұру қабілеті артады.

Ораза кезінде адам бауыры демалады. Есесіне қорғану жүйесін күшейтетін глобин ақуыздарын көп бөледі.

Асқазан да ораза кезінде бірнеше сағатқа демалады.

Қан қысымының төмендеуіне байланысты жүрек те бір сәтке тыныс алады. Дәрігерлер қан қысымы жоғары адамдарға ораза ұстауға кеңес беруі осыдан болса керек.

Оразаның тамыр бітелуінің  (Атеросклероз) алдын алатыны анықталған. Қысқасы, ораза өмірді ұзартады.