Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмола дивизиясы

2414
Ақмола дивизиясы - e-history.kz

Биыл еліміз ХХ ғасырдағы ең қанқұйлы, ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлайды. Жылдар жылжып Ұлы Отан соғысы бізден алыстаған сайын ол енді тек архив құжаттарында, әдеби шығармалар мен кинофильмдерде ғана қалып бара жатыр.

Мыңдаған ақмолалық Отан үшін шайқаста қаза болды. Көпшілігі бұл мерейлі күнге жеткен жоқ. Қазір Нұр-Сұлтанда Ұлы Отан соғысының 44 ардагері тұрады.

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия опасыздықпен ССРО-ға шабуыл жасады. Республиканың әр тұрғыны сияқты Ақмола облысының халқы да ұлты мен тұрған жеріне, әлеуметтік шығу тегі мен жұмыс орнына, отбасы жағдайы мен біліміне қарамастан Үкіметтің фашистік Германияның шабуылы туралы Үндеуін түсіністікпен әрі қолдаумен қарсы алды. Ақмола жұмысшылары жиналыстар мен митингтерде өздерінің еңбек қуатын, бірлігі мен тәртібін он есе арттыруға белбайлағандары туралы жариялады. Теміржолшылар барлық әскери және халық шаруашылығы тасымалдарын қамтамасыз етуге дайындықтарын білдірді. Журавлевка, Колутон, Урюпинка және басқа да ауылдардың колхозшылары әскер мен елді қажетті азық-түлікпен жән шикізатпен қамтамасыз етуге уәде берді.   

1941 жылғы шілденің ортасында облыста әскер қатарына жұмылдыру басталды. Көлік байланысының арқасында Ақмола соғыс жылдары әскери бөлімдер мен құрамаларды құруда маңызды рөл атқарды. ССРО Қорғаныс халық комиссариатының бұйрықтары бойынша осы жерде үш атқыштар (310-шы, 29-шы, 387-ші) және 1 (106-шы) атты әскер дивизиялары жасақталып (аракідік жергілікті тұрғындар есебінен де), үйретілді. Жұмылдырылған ақмолалықтардың қалған бөлігі (көпшілігі) елдегі басқа облыстар мен республикалардың әскери бөлімдері мен құрылымдарына аттандырылды. Облыс тумалары барлық майданда да жаумен шайқасып жатты. Баренцев теңізінде екі жауынгерлік жорықта жаудың екі кемесін құртқан «Щ-401» су асты қайығының командирі капитан-лейтенант А. Е Моисеев қаза тапты. Сталинградта мерген Маменов вермахт әскерінің 253 солдаты мен 18 офицерін құртты (Украинаны азат ету кезінде қаза тапты).

 

Соғыстың басында қалалық және облыстық  әскери комиссариаттарға Ақмола, Атбасар, Вишневкадан еріктілер мен жұмылдырылғандар келе бастады. Орта Азиялық әскери округтің Әскери Кеңесінің 1941 жылғы 15 шілдедегі № 1 бұйрығымен 310-шы атқыштар дивизиясы құрыла бастады. Соғыс уақыты жағдайында дивзия құруға және жауынгерлер мен командирлерді жылдам үйретуге небәрі 1 ай ғана берілді. Дивизия командирі болып полковник Н.М. Замировский тағайындалды.

Қалалық кеңес мектеп, пионерлер үйі, шіркеу ғимараттарын уақытша казарма ретінде бөліп берді. Қалалық нан зауытының қуаттылығы жетпегендіктен, әскери қалашықта жорықтық екі наубайхана жұмыс істеді.

1941 жылғы 20 шілдеде дивизия командирі полковник Никифор Замировский әскери қалашықты тексеріп, бірқатар кемшіліктер тапқан. 1941 жылғы 20 шілдеде №9 бұйрық шығарылған.

«1. Жеке құрамды бөлімдерге бөлу баяу жүруде, жауынгерлер ұзақ күтіп, жұмыссыз отыр.

2. Оқу-жаттығуларға бәрі бірдей тартылмаған.

З. Қатардағы жауынгерлерде де, офицерлерде де саптық жинақылық жоқ.

4. Таңғы және кешкі түгендеулер барлық жерде бірдей өтпейді. Биттеуді тексеру ұқыпсыз жүргізіледі.

5. Аулалар, үй-жайлар жиналмаған, ластанған.

6. Ас әзірлейтін блоктарды дайындау баяу жүргізілуде, әсіресе 1082-ші атқыштар полкінде.

7. Санитарлық өткізулерде сабын жоқ, жеке заттардың бәрі бірдей дезинфекциялауға өткізілмейді. Моншалар бойынша кезекшілер тағайындалмаған».

Батальон командирлерінің көпшілігі Қызыл Армия қатарында қызмет еткен, Хасан көлі мен Халхин-Голдағы шайқастарға қатысқан ұрыстық тәжірибелері болды. Мысалы, кіші саяси жетекші Серік Шәріпов 1937-1939 жж Қызыл Армия қатарында әскери борышын өтеген, Халхин-Голда өткен шайқасқа қатысқаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Шілденің аяғына дейін жауынгерлер жылдамдатылған оқу дайындығынан өтіп, әскери іс-қимылдар жағдайында қазынып бекінуді үйренді, оттық дайындыққа  әр солдатқа небәрі 2-3 патроннан ғана берілді.

30 шілдеде дивизия бөлімдері әскери ант береді. 1941 жылғы тамыздың ортасына қарай дивизия толық қару-жарақ, киім-кешек, материалдық бөлікті алады да, 18 тамызда 310-шы атқыштар дивизиясының бөлімдері майданға аттанады.

310-шы атқыштар дивизиясы аттанысымен-ақ, жергілікті партия, совет органдары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарынан жұмылдыру бойынша келгендерден кезекті атқыштар дивииясын құру бойынша жұмыстарды бастап кетеді.

Дивизия бөлімдері жаңа ғана босаған әскери қалашықта, Соленая балка ауданында, ас әзірлеу блоктары мен қоршаулар тұрғызылып қойылған қаланың оңтүстік-шығыс жақ шетіндегі ауданға орналастырылды. Қатардағы жауынгерлер мен кіші командалық құрам үшін шатырлар қойылды. Үй-жайдың болмауына байланысты жекелеген бөлімшелер вагондарда орналасты.

1941 жылғы 20 тамыздан 6 қарашаға дейін дивизия жауынгерлері ЖШҚА (РККА) бөлімдерін жылдам дайындау бағдарламасы бойынша дайындалды. Жауынгерлік дайындықтың екі жарым айының ішінде жауынгердің жеке дайындығын, бөлімшенің, взводтың дайындығын ғана емес, сонымен қатар полктың және дивизияның оқу-жаттығуын жүргізуге қолжеткізілді. Дивизияның барлық бөлімдері шеруді, қарсы ұрысты, шабуылды, қорғануды меңгерді.

1941 жылғы қазанның аяғында дивизия бөлімдері әскери ант қабылдап, 1941 жылғы 7 қарашада техника мен әскери жарақтарын вагондарға тиеп дивизия Мәскеуді қорғауға аттанды.

1941 жылғы 12 қарашада «аса құпия» белгісімен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің «ССРО Одақтас Республикаларында ұлттық әскери құрамалар құру туралы» №894 қаулысы шығады.

1941 жылғы 24 қарашада Ақмола облысы Қалалық КП (б) К Бюросының «Ақмола қаласында ұлттық әскери құрама құру іс-шаралары туралы» отырысында (№87 Хаттама) Ақмола қаласында құрылатын ұлттық әскери құрама үшін совхоздар, қаладағы кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар есебінен жауынгерлерге арналған киім-кешек және ат әбзелдерін жеткізуге арналған қалалық комиссия құжаты бекітіледі.

Киім-кешек жиынтығы қысқа тон, етік, жылы шалбар, гимнастерка, құлақшын, жылы қолғап, 2 сүлгі, 2 қол орамал, киім-кешек салатын қап, саптыаяқ, ас қасық, белдік, бақыраштан тұрды.

Ат әбзелдері жиынтығына ер-тоқым, жүген, ноқта, терлік, қоржын, шөпке арналған тор, дорба, щетка, ат тарақ, ат жабу, шылбыр, қылыш жүзіне арналған портупея, суаруға арналған брезент шелек кірді.

Киім-кешек және ат әбзелдері жиынтығын 1941 жылғы 5 желтоқсанға дейін дайындап қалалық әскери комиссариатқа тапсыру керек болды.

Ұлттық әскери құраманың жеке құрамы машинистер қалашығында, қырқыншы разъезде және қалалықтардың аттар тұруға арналған жабық ауласы бар жер үйлеріне орналастырылды. Мысалы, Аймишевтердің үйінде және жабық ауладағы қора-жайында барлық жабдығымен және аттарымен бірге 15 кавалерист орналасты.

1942 жылғы наурыздың басында 106-шы атты әскер дивизиясы 6-шы атты әскер корпусының құрамына соғысып жатқан армияға аттандырылды.

1941 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола қаласының КП (б) К Қалалық партия комитеті Орта Азия әскери округінен құрылғалы жатқан тағы бір дивизияның жауынгерлері мен командирлері үшін қысқы казармалар дайындау туралы телефонограмма алады. Дивизияны құруға және оның оқу-жаттығуына төрт айға жуық уақыт бөлінеді.

1941 жылғы желтоқсанда Ақмола қаласында 459-шы атқыштар дивизиясы (Орта Азия әскери округінің 04.12.1941 ж. № 00121 бұйрығы) құрыла бастайды. Ақмолада қысқы казармалар мен үй-жайлардың жетіспеушілігіне байланысты дивизия бөлімшелерінің бір бөлігін Қарағандыда пәтерге орналастыруға тура келді. Дивизия штабы бұрынғы көпес С.Хлебниковтың ағаштан жасалған жекежайында орналасты.

Орта Азия әскери округі № 00121 бұйрыққа өзгеріс енгізіп, 459-шы атқыштар дивизиясына 29-шы нөмірді беру туралы 18.01.1942 жылы № 004 бұйрық шығарады.

Егер 310-шы атқыштар дивизиясының құрылуы мен жылдамдатылған жауынгерлік дайындығына небәрі бір ай ғана бөлінсе, 387-ші атқыштар дивизиясына екі жарым ай, 29-шы атқыштар дивизиясына төрт айға жуық уақыт бөлінді. Бұл өз кезегінде дивизияның жауынгерлік құрамы дайындығының сапасына айтарлықтай әсер етті.

Төрт айдың ішінде 29-шы атқыштар дивизиясы барлық бөлімдерімен бірлесіп  қарсы ұрыс, шабуыл, қорғаныс, қар басқан жазық далада жаяу саптық шеру жасауды толық меңгерді. Оқу-жаттығу кезінде материалдық бөлім мен әскери техника толығымен қолданылды.

1942 жылғы сәуірдің ортасында дивизия бөлімдері Ақмола мен Қарағанды қалаларының теміржол стансаларынан вагондарға тиеліп, Жоғарғы Басқолбасшылық резервіне аттанады.

310-шы, 387-ші, 29-шы атқыштар дивизияларын және 106-шы ұлттық атты әскер дивизиясын құру барысында Ақмола қаласынан өз еркімен және жұмылдыру бойынша 9783 адам әскер қатарына шақырылды.

1942 жылғы мамырдан бастап Ақмолада соғысып жатқан армияны толықтыру үшін тек шерулік бөлімшелер ғана құрыла бастайды. Жұмылдырылған ақмолалықтардан құрылған шеру роталары бірінен соң бірі майданға аттанып жатты. Тек 1942 жылдың өзінде ғана 39-шы запастағы полк арқылы соғыстағы армияның бөлімдерін толықтыру үшін майданға 4784 адам аттандырылды. Ақмолалықтар Ленинград, Мәскеу, Сталинград түбінде Отанды абыроймен  қорғады, Украина, Беларусь, Молдова жерлерін азат етті. Олардың ерлігін әскери басшылық жоғары бағалады. 38 ақмолалық жауынгер Совет Одағының Батыры жоғары атағын алса, 7-уі үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Бірақ көпшілігі майдан даласынан оралмай, ерлікпен қаза тапты. Оларды тек Жеңіс күні ғана емес, басқа күндері де құрметтеу біздің парызымыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?