Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Балбалтас сырлары

4107
Балбалтас сырлары - e-history.kz
Ежелгі түркі дәуірінен бастап, орта ғасырға дейін сақталып келген балбал ескерткіштері қазақ даласының әр жерінде кездеседі.

Ежелгі түркілер дәуірінде тасқа қашалған тарихтың құнды мұрасы - балбалдар. Балбалтас-бабаның көзі, талай тарихтың куәсі. Ұлы бабаларымыз түркілер мәдениті мен өнері, тарихы мен өмірі, діни-нанымдық ғұрып туралы деректердің бүгінгі күнге жетуіне де әсер еткен - балбалтастар. Бабалар тарихи құжаттарды нақты таңбаланған етіп бастырып, тастарға қашаған. 

Балбал сөзінің шығу төркініне келетін болсақ. Ғаламтор бетіндегі «уикипедия» анықтамалығында: «Балбал – көне түркі сөзі. Бал+бал, яғни соғу, қағу, үру дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Бірақ бірыңғай мағынаны білдіретін ұғым»,-деп көрсетілген. Түркологтардың пікірінше, «тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер» деген мағынаны білдіреді. Ұлы Түркілердің озық мәдениетінен хабар беретін балбалтастар ертеден-ақ ғұрыптық, діни- нанымдық қызметтерді атқарған. 

Қазақстандағы балбалтас тарихы туралы алғашқы зерттеуді Әлкей Марғұлан жүргізген. Академик-ғалымның «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни ғұрыптық кешені екенін жазған. «Ежелгі түркі ғұрыптық кешенінің құрамы арнайы барық-кесенеден, қорғаннан, сандықтастан, мәтін жазылған бітіктастан және оның тұғыртасынан (немесе тасбақасы), сондай-ақ бәдіздер - Балбалдардан тұрды (саны 10-600 данадан астамға дейін барады). Ежелгі түркі ғұрыптық кешендерінің көпшілігі қаған, тегін, тархан, чүр, түдүн сынды билік иелерініңжәне атақты бекзадаларының құрметіне арналып жасалды. Қарапайым халықтарға арналғандарыда бар. Осы кешендерде аза тұту, ас беру немесе аруаққа бағышталған «жоқтау» сияқты этностың тіршілік циклының аса маңызды ғұрыптық жосындары атқарылған». 

6abc836b7a7ff7eccce1bbbf9116500d.jpg

Балбалдардың ерекше мәнге ие болып, этномәдени қызмет атқаруы ежелгі түркі дәуірінде айрықша болды. Ол уақытта балбал - өліктің аруағына арналған ғұрыптық кешендердің мәні мен қызметін атқарды. Ұлы бабаларымыз бұларды тас мүсін құрметіне емес, өлген адамға қойылатын белгі тас ретінде орнатқан. Түріктің ойшылы Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: «Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім»,-деген. Білге қағанға арналған балбалтастар Моңғолияның Орхон өзені бойында орналасқан. Бұл төңіректе балбалтастар тізбегі орналасып, 700-ден астам тастар шоғырланған. 

Түркілердің ғұрыптық мәдениетінен хабар беретін балбал ескерткіштерінің жекелеген комплектеріне тас мүсіндер, адам бейнесіндегі балбалтастар, тас дуалдар, жекелеген балбалдар жатады. Тарихи деректердің негізінде, тасқа қашалған жазулардың дерегіне сүйене отырып, ҮІ ғасырларда балбалтастардың көп пайда болғандығын байқаймыз. Ұлы бабаларымыздың жазуы туралы алғашқы деректі Дания ғалымы Вильгельм Томсен ашқан болатын. Ол ежелгі түркі жазба ескерткіштері. Тасқа қашалған «Күлтегін жазуыда» сол ұлы мұраның бір дерегі. «Күлтегін» ескерткіші Моңғолиядағы Қарабаласаған қаласының қираған орнынан 40 км жерге, Орхон өзені бойындағы Эрдени Цзу монастырының (8-ғасыр) жанына орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 3,15 метр, ені 1,34 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Бұл жазудың кілтін жоғарыда айтқандай дат ғалымы Вильгельм Томсен тапса, ресей ғалымы Василий Радлов мәтінді тәржімалады. Тіпті дания ғалымы Орхон жазба жәдігерлерін көне түркі тілінде жазылғандығын, алдымен оқыған сөздері «тәңірі» және «түрік» деген сөздер екенін жариялады. 

ccefad4d78bb1a970a770b2ee9e13fe1.jpg

Қазақ даласындағы балбалтар тарихын зерттеп, сырына үңілген академик Ә. Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-350-ден астам бағаналардан тұратын балбалдар тізбектері кездескен. Бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады. 

Қазақстан жерінен табылған балбалтастар кешендері түркілердің орта ғасырлардан қалған ғұрыптық ескерткіштері. Олардың көп шоғыры Орталық Қазақстанның Қарқаралы, Шет, Ұлытау өңірлерінде сақталған. Балбал тастар Шығыстың Алтай, Тарбағатай, Қалбатау жерлерінде, Мағыстау мен Ақмола облыстарында да көптеп кездеседі. Балбалтастарды зерттеуге қызыққан белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің дерегінше, балбалтастарды Қазақстанның әр жерінен кездестіруге болады. Саясаттанушының айтуына қарағанда балбал тастар Қытайда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда, Қап тауларында да, тіпті Германияда да бар екен. 

Қорыта айтқанда, Ұлы бабаларымыз Түркілерден қалған құнды ескерткіштер балбалтастардың әлі зерттеліп, сыры ашылмағаны қаншама. Қазақтың әр даласында, сай-саласында, таулы шатқалдарында ежелгі дәуірден сақталған балбалдар жетерлік. Солардың сырын ашып, тарихын таңбалау уақыт еншісінде.

Алтынбек БЕКНҰР

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?