Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өскемен өңіраралық интеграцияға ұмтылады

1054
Өскемен өңіраралық интеграцияға ұмтылады - e-history.kz
Шығысқа жолымыз жиі түседі. Еліміздің бұрынғы қос облысын біріктірген, үлкен аумақты алып жатқан Шығыс Қазақстанның бүгінгі аяқ алысы жаман емес.

Шығысқа жолымыз жиі түседі. Еліміздің бұрынғы қос облысын біріктірген, үлкен аумақты алып жатқан Шығыс Қазақстанның бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Келген сайын мұндағы оңды өзгерістерді көріп, көңіл тоғаятынын айта кеткен жөн.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер мен тапсырмалар Шығыс өңірінде кезең-кезеңімен орындалып жатқанына куә болып жүрміз. Елбасы мен Үкіметтің тікелей қамқорлығының арқасында соңғы үш-төрт жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысында айтарлықтай өзгерістер жүзеге асырылып, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Біріншіден, Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуында жетекші орынға ие өңір саналады. Өйткені, мұнда ел индустриясының локомотивіне айналған «Қазмырыш», «ҮМЗ», «ТМК» сынды кәсіпорындар орналасқан. Өскемен қаласындағы «Азия Авто» зауыты отандық көлік шығару өндірісінде алғашқы орынға ие. Жалпы, бүгінгі таңда өңірде 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Индустрияландыру картасына аудандарды тартуда да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Екіншіден, электр қуатының балама көзін іздестіру жұмыстарын айтуға болады. Согра кентінде орналасқан «Kazakhstan Solar Silicon» зауытында алдағы уақытта күн энергиясынан электр қуатын алатын фотоэлектрлік пластиналар, яғни күн батареялары өндірілетін болады. Ең бастысы, бұл – электр қуатын өндірудің ең экологиялық таза әрі қауіпсіз тәсілі. Сондай-ақ, өңірге электр қуатын таратуда негізгі рөл атқаратын Өскемен және Шүлбі су-электр стансалары қайта жаңғыртылуда. Зайсан ауданында табылған газ кенішін тиімді игеру арқылы Өскемен мен Семей сияқты ірі қалаларды газдандыру және көліктерді газ отынына көшіру жобалары да қарастырылуда.

Үшіншіден, Шығыс Қазақстан облысы интеграциялық байланыстарды жолға қоюда өзгелерден көш ілгері деуге негіз бар. Атап айтқанда, көршілес Ресей Федерациясының Алтай республикасымен, Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағымен экономикалық байланыстарға қол жеткізді. Бүгінгі таңда Ресей, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің кәсіпкерлерімен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істей бастады.

Биылғы жылы өңірде «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан!» атты өңіраралық форум өткені белгілі. Қазіргі таңда Павлодар, Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары өзара қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне шықты. Бұл – облыс аумағында өндірілетін өнімнің нарықтық бәсекелестікке бейімділігін, оның өтімділігін, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз етеді. Сөйтіп, үлкен нарықтық кеңістікті қалыптастырады.

Мұның бір айғағы – жуырда Абай елінде өткен «Шыңғыстау» жәрмеңкесі. Осы жәрмеңкеге қатыса отырып, облыстың мал шаруашылығындағы қол жеткізген жетістіктерін көзімізбен көрдік. Бұл жәрмеңкеде өңірдің шаруа қожалықтары көршілес облыстармен сауда-саттық жасау барысында 1 миллиард теңгенің асыл тұқымды мал түрлерін өткізді. Өңірдегі мал басының саны бүгінде 4 миллионнан асады. Яғни, 260-қа жуық мал өсіру фермалары бар екен. Республика бойынша сүт өндіруден бірінші орынға, ет өндіруден екінші орынға табан тіреді.

Төртіншіден, Шығыс Қазақстанға ғана тән марал және бал шаруашылығына облыс бюджетінен жыл сайын 60-70 миллион теңге мөлшерінде субсидия бөлінуі, Отанымызда алдыңғы лектен табылатын мал және егін шаруашылықтарының «Жайлау», «Сыбаға» сынды бағдарламалар арқылы қаржыландырылуы өңірдің жеке кәсіпкерлеріне тың серпін беріп, мемлекеттік қолдау айқын сезіліп отыр. «Ертіс» ӘКК арқылы биыл 8 мың бас мал сатып алуға төмен пайызбен несие берілсе, өткен жылы басқа елдерден 11 мыңға жуық асыл тұқымды мал әкелініпті.

Бесіншіден, ауыл, қалаларымен қатар, облыс орталығы да жыл өткен сайын өркендеп келеді. Өскеменнің орталық көшелері бүгінде түрлі композициялық мүсіндерге толы. Ертіс жағалауы толығымен абаттандырылған, серуен құрып, сейілдеген адамдар аяғы үзілмейді. Жастар саябағы, этноауыл сияқты демалыс орындарындағы ландшафттық дизайндар көз тартады және жасыл желек күтімі ерекше. Мұндай ықтиятпен жасалған қол еңбегі көрініп тұратын саябақтар еліміздің ірі қалаларында саусақпен санарлық. Бұл – көзге көрікті, көңілге жылы әсер қалдырады.

Алтыншыдан, Үкіметтің тірек ауылдар бағдарламасына әр ауданда жыл сайын үш-төрт ауылдан еніп, олар қысқа мерзімде әлеуметтік ахуалын жақсартуға қол жеткізді. Осы бағдарлама арқылы тірек ауылға ауқымды қаражат ағыны құйылып, түрлі маңызды нысандар инвестицияланды. Оның қатарында жаңа мектептер, ауруханалар мен амбулаториялар бой көтергенін, көшелер жөнделіп, жарықтандырылғанын, ауыл іші абаттанғанын айтуға болады. Бүгінде облыста тірек ауылдар бағдарламасына енген 50 ауыл бар.

Жетіншіден, «Туған жерге – тағзым» акциясы Шығыс Қазақстаннан түлеп ұшып, елімізде, шетелдерде кәсіпкерлігімен, іскерлігімен көзге түсіп жүрген азаматтардың облысты өркендетуге үлес қосуына кең жол ашты. Осы арқылы кәсіпкерлердің, елге белгілі азаматтардың демеушілігімен миллиардтаған теңге тұратын талай нысандар бой көтерді. Спорт кешендері, саябақтар, мәдениет үйлері, оңалту орталықтары сияқты халыққа қажетті, әлеуметтік маңызы зор нысандар пайдалануға беріліп, жол, су инфрақұрылымдары жөндеуден өткізілді. Тіпті, ел тарихында есімі ойып жазылған тұлғаларға арналған ескерткіштер мен мемориалдық кешендер де салынды.

Қазіргі кезде Шығыс өңірі өзінің рухани-мәдени орталық екенін де паш етуде. Биыл екінші жыл қатарынан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум өтеді. Өскемен мен Катонқарағай ауданының Берел қорғандарында өтетін форумға аса беделді, танымал ғалымдар қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Шығыс шынары» деп аталатын ақындардың жыр мүшәйрасы да қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің басын қосатын айтулы поэзия мерекесіне айналды. Бұдан өзге де мәдени шаралар жеткілікті.

Алдыңғы жылдардағы табиғаттың тосын мінезі талмау тұстан соқса да, есеңгіреген ауылдар Елбасы мен өңір басшылығының табандылығымен есін тез жиды. Бүгінде сол бір Көкжыра, Жәнтікей ауылдары қайта жасарып, жаңарған күйге енгенін байқауға болады. Ауыл тұрғындары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бір жылда өз ауылдарына 24 мәрте келгенін айтады. Бұл – облыс басшылығының әр сапары сайын ауылда бір күрделі мәселе шешімін тауып отырды дегенді білдіреді.

Талғатбек АБАЙДІЛДИН,

Сенат депутаты.

Жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғау керек

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмыс тобы отырысында «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Айта кету керек, бұл заң жобасы өткен сессияда Мәжілістің қарауына енгізілген болатын. Заң жобасына Мәжіліс депутаттары Алдан Смайыл, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Светлана Бычкова, Гүлмира Исімбаева бастамашылық жасаған.

Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты А.Смайыл заң жобасының өткен сессиядағы жұмыс тобы отырысында көптеген баптар бойынша талқыланғанын, жаңа сессиядағы алғашқы отырыста талқылауға шығарылған кейбір баптардың қаралатынын айта келіп: «Баспасөзге қатысты бір топ қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз ұсыныстарын берді. Оның бәрі ортақ салыстырма кестеге енгізілді. Жаңа түзетулер бойынша ортақ шешімге келуіміз керек», – деді.

Талқылауға қатысқан жұмыс тобының мүшелері Ұ.Сәдібеков, Г.Сейітмағанбетова, Г.Ықсанова, Г.Исімбаева, З.Саяпова, Қ.Қарекен, О.Асанғазы, Н.Нестерова кейбір баптар бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері депутаттар тарапынан туындаған кейбір сұрақтарға жауап берді.

Заң қабылданған жағдайда компьютерлік, электрондық ойындарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі туады. Ақпараттық өнімдерге сараптама жасаудың және жасалған сараптама қорытындыларын жүзеге асырудың заңды тетіктері айқындалмақ. Мемлекеттік атқару органдарының балаларды зиянды ақпараттық өнімдерден қорғаудағы өкілеттіктері сараланады. Сондай-ақ, заң жобасында сараланған міндеттерді қоғамдық қадағалаудың тетіктері белгіленеді.

Депутат Гүлмира Исімбаева: «Заң жобасының өзіндік ерекшелігі мол және біздің қоғам үшін өте қажетті заң болмақ. Интернет ресурстары бойынша мәселелер туындайды. Ғаламторда таратылған материалдарға шектеу қою, зиянды ақпараттардан балаларды қорғау өте қажетті мәселе», – деді.

«Егемен-ақпарат».

Жұмыс тобының алғашқы отырысы

Парламент депутаттары заң шығармашылық жұмыстарын бастап кетті. Салалық комитеттерге бөлінген заң жобалары жұмыс топтарында қаралды. Айталық, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс тобының алғашқы отырысы болып өтті.

Онда Қазақстан мен Италия үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға Италия Республикасы Қарулы күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялауды қарастыратын заң жобасы қаралды.

Бұл отырысқа төрағалық еткен жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев заң жобасының маңыздылығына тоқталып өтті.

Қазақстан мен Италия үкіметтері арасындағы бұл келісім 2013 жылғы 19 ақпанда Астана қаласында жасалған. Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Италия Республикасының әскери мүлкі мен персоналының тран­зитін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

Аталған келісімнің іске асырылу жайы туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Иманжүсіп Ақпомбаев қысқаша баяндап берді. Баяндамашы депутаттар Қожахан Жабағиев, Төлеген Ибраев, Құралай Қаракеннің сұрақтарына жауап берді.

«Келісімнің кейбір баптарына қатысты анықтай түсуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Алдағы уақытта жұмыс тобы отырыстарында оның бәрі жан-жақты пысықталатын болады», – деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев.

«Егемен-ақпарат».

3-сессия: міндеттер мен межелер

Серік АҚЫЛБАЙ, Сенат депутаты:

– Елбасы 3-сессияны ашқандағы сөйлеген сөзінде Парламентке бес бағыт бойынша тапсырма берді. Мен өзім заңгер ретінде төртінші бағыт туралы, яғни құқық қорғау органдарының дамуын заңнамамен қамтамасыз ету мәселесін айтқанды жөн көріп отырмын.

Ол үшін заңдарымызды дамыған Еуропа елдерінің заңнамасына сәйкес келтіріп, демократиялық үдерістерді одан әрі қарай дамыту – уақыт талабы. Осы ретте Елбасы қылмыстық заңдарды ізгілендіру жайын сөз еткенде, ең алдымен, қандай да болсын құқық бұзушылыққа шыдамдылық болмау керектігін меңзеді. Жалпы, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын ұйымдастыру жаңа сипатқа ие болады және жаңа үрдіс қалыптасады деп сенемін. Бұл тарихи өзгерістер болғандықтан, Парламентке осындай жауапкершілік жүктеліп отыр.

Елена ТАРАСЕНКО, Мәжіліс депутаты:

– Мен бүгін Қазақстан парламентарийлерінің өмірінде маңызды оқиға болды деп есептеймін. Өйткені, бесінші шақырылған Парламенттің 3-ші сессиясы ашылып, онда Президент біздің осы уақытқа дейінгі жұмысымызға өзінің бағасын берді. Сонымен бірге, Елбасы біздің алдағы уақыттағы жұмысымыздың негізгі бағыттарын айқындады. Бұл бағыттардың бәрі де біздің дамушы еліміздің заңнамалық базасын жетілдіре түсуді мақсат еткен.

Үкіметтің алдына қойылған тапсырмалардың орындалуы біздің қабылдаған заңдарымыздың тиімділігіне байланысты. Әсіресе, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау барысында барынша жетілдірілген заңнамалық база қажет. Соның ішінде Президенттің сөзінде кәсіпкерлікті барынша дамытудың қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді одан әрі шешудің жолдары көзделіп отыр. Міне, осы бағыттардағы істерді жандандыру үшін біз қажетті заң жобаларын қабылдауымыз керек.

Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, Мәжіліс депутаты:

– Жақын арада Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті үш жылдық бюджет жобасын және республикалық бюджет пен облыстық бюджеттер арасындағы трансферт туралы жаңа әдістеме жөніндегі заң жобаларын қарайтын болады.

Соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген «люкс» кластағы көлік түрлері мен жылжымайтын мүлікке салынатын салықты көтеру мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда әлемде мұндай үрдіс бар. Толықтай алғанда, бұл – оң бастама. Әрине, бұл жердегі басты мәселе салықты есептеудегі әдіснама қандай болмақ және ол әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ауыртпалық алып келмей ме дегенге қатысты болса керек. Сондықтан, тағы қайталап айтайын, салық тек таңдаулы деген көліктер мен жылжымайтын мүліктерге салынатын болады.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты:

– Президенттің жаңа сессияның жұмысына жүктеген міндеттерінің арасында құқық қорғау саласын жаңғыртуды көздеген заң жобаларын қарастыру міндеті қойылып отыр. Бүгінгі күні біздің қоғамымыз құқықтық мемлекет орнату жолында еңбек етіп жатыр.

Осы орайда, құқық қорғау органдарының аражіктері барынша ашылып, олардың тікелей өз міндеттерімен айналысуының маңызы зор. Біздің осы сала бойынша бұрын қабылданған заңдарымыздың біршамасы тез өзгеретін заман талабына жауап бере алмай, адамның құқығын қорғау мәселесінде икемділік таныта алмауда. Сондықтан да Президент осы мәселеге жіті көңіл аудару мәселесін біздің алдымызға қойып отыр. Және мұны өте ойластырылған жайт деп есептеймін.

Мектеп туризмін қалыптастыруды жүзеге асырайық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясы айқындалған Жолдауында ұлттың тарихи санасын қалыптастыру міндетіне айрықша мән берген еді. Сол тарихи сана Қазақстан өрендерінің бойында қай кезінен қалыптаса бастауы керек? Тарихты құрметтеу сезімі бүгінгі балдырғанда бар ма? Жоқ болса, не істеу қажет?

Бұл сауалдарға қазіргі таңда мемлекет те, қоғам да, зиялы қауым да жауап іздеуде. Тарихқа оралу, жеңістер мен жеңілістерге, қателік пен даналыққа, өкініштер мен қуаныштарға толы ұзақ тарихқа оралу үрдісі қауырт жүріп жатыр. Тарихты, барлық ақиқатын ашық айтып, қайта жазу қолға алынды. Көнерген ғасырларды өзгелердің жаласы мен жалғандығынан тазартуға бет бұрдық.

Осы қарбаласта бір мәселе, біздіңше өте өзекті мәселе, жеткіншектерді тарихтың уызына жарыту мәселесі қалтарыста қалып барады. Біз бұдан былай мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз. Туған халқының тарихи ескерткіштерін бала өз көзімен көруі керек. Ұлт тарихына оның құштарлығын оятудың ықпалды жолы осы. Ұлытаудың ұлан өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерін Жетісу мен Ертістің, Көкше мен Сырдың оқушылары түгілі сол өлкедегі шәкірттердің өздері көре бермейді. Түркістанға, ондағы Ясауи мазарына балаларды арнайы апарған қалалар мен облыстарды табуың қиын. Маңғыстаудың тарихи жерлерін мыңдаған жеткіншек өңі түгілі түсінде көріп пе екен?!

Сонау 90-жылдары, ұлттық сана туралы әпіл-тәпіл айта бастаған шағымызда Целиноград қаласында өзіміз арпалысып жүріп ашқан бастауыш сыныптардың балдырғандары қазақ деген ұлы ұлт екенін, оның ұлы тарихы бар екенін көрсін және пәк жүрегімен сезінсін деп көптеген қиындықтарға қарамастан, Целиноградтан Ұлытау мен Түркістанға сапарға жіберген едік. Сол өңірлердегі тарихи-археологиялық ғажайыптарды көрген, емін-еркін аралап, әңгімесіне қанған жасөспірімдер мүлде басқа сезімде оралды, өздерінің қазақ халқының перзенттері екендігіне мақтанып оралды. Бірталайы Ұлытау мен Түркістан туралы өлең шығарса, біразы Алаша, Жошы кесенелері туралы шығарма жазып, Ясауи шумақтарын жарыса жаттады.

Біз қазіргі балаларды осындай патриоттық құлшыныстан тыс қалдырып жүрміз. Ұлытау, Қарқаралы, Жетісу, Маңғыстау өңірлерінде болған кезімізде осындай ойға бөктік. Талай тарихи жауһарлар құладүзде жетімсіреп тұр. Олар қазақтың бүгінгі ұрпағымен табыспай жатыр. Білім және ғылым министрлігі соны ескеріп мектеп туризмін қалыптастыру жөнінде арнайы бағдарлама жасағаны абзал ғой. Облыстар, қалалар мен аудандар әкімдіктері оқу озаттарын жаз айларында еліміздің тарихи жерлеріне сапарға жіберуді мақсат етсе, мүмкіндіктері жеткілікті емес пе?!

Егер осылай жасасақ, уақыт өте келе мектеп туризмі республикадағы жалпы туризмнің сүбелі саласына айналар еді.

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?