Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құрманғазының мылтығы

2221
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің «Облыстық музейдің ашылуы туралы» қаулысы

Бастапқыда музейді ұйымдастыру жұмыстары облыстық білім беру бөліміне жүктеліп, облыстағы Ембімұнай трест, Балық ғылыми-зерттеу стансасы, Балықшылар одағы, Балық консерві комбинаты, Энергия тресі, Индербор құрылысы, азық-түлік өнеркәсібі, жергілікті комитеттер және басқа да мекемелер мен ұйымдар басшыларына облыстың өткен және бүгінгі кезеңдегі экономикалық-мәдени даму көрсеткіштерін көрсететін қажетті жәдігерлерді музейге жинақтап беру міндеттеледі.

1940 жылы 5 қарашада барлығы 300-дей жинақталған жәдігерлер негізінде музей 240 шаршы метрлік бұрынғы орыстың шіркеу үйі орнында мектеп музейі негізінде ресми түрде ашылады. 1999 жылдың 3 қыркүйегінде күрделі жөндеуден өткізіліп, музейге лайықталып өңделген екі қабатты бұрынғы мәдени-ағарту училищесі ғимаратына Б.Момышұлы көшесіндегі №3 үйге көшіріледі. Музейдің ашылуы рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысқан. Музейдің жалпы көлемі 2027 шаршы метр, экспозициялық көлемі 916,72 шаршы метр, қор сақтау бөлімі 60,4 шаршы метрге орналастырылған.

Музей экспозициясы 1999 жылы Астрахань мемлекеттік біріккен тарихи-архитектуралық музей-қорығы суретшілері және шығармашылық тобы қызметкерлерінің жасақтауымен көрме түріндегі археологиялық, тарихи-этнографиялық және этногра-фия залдары атауымен ашылды.  2000 – 2001 жылдары музейдің «ХІІ-ХХ ғасырлардағы өлке тарихы», «1917 – 1990 жылдардағы өлке тарихы», «ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы өлке тарихы», «Өлке табиғаты», «Этнография» экспозициялық залдары жасақталып, 2001 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері және суретшілерінің жасақтауымен «1917 – 1990 жылдардағы өлке тарихы» залының экспозициясы өзгертіліп, «Өлке мәдениеті мен әдебиеті» залы жасақталды.

Күні бүгінде музейде – «Тылсым дәуір» (Алтын киімді адам), «Этнография», «Археология», «ХІІ-ХХ ғасырлардағы өлке тарихы», «Атырау ардақтылары», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Өлке мәдениеті мен әдебиеті», «Тәуелсіздік», «Өлке табиғаты» атты 9 экспозициялық залдары көрермен назарына ұсынылып отыр.

1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің шешімімен ашылған «Әскери Даңқ» музейі Ұлы Жеңістің 65 жылды-ғын мерекелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық комиссияның 2009 жылғы 3 қарашасындағы №11 хаттамасына сәйкес бұрын облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ғимаратында орналасқан мұражайдың «Әскери даңқ» бөлімшесі 2010 жылғы 5 қаңтарында «Өлке тарихын ғылыми зерттеу» бөліміне қосылып, орталық музейге көшіріліп, жәдігерлер облыстық музей қорына өткізілді.

Күні бүгінде облыстық музей қоры палеолит дәуірінен бастап қазірге дейінгі өлкенің тарихынан, экономикасы мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, флорасы мен фаунасынан сыр шертетін тарихи құндылықтармен толығып, жәдігер саны 58 128 мың данаға жетіп отыр. Оның ішінде негізгі қор 28919, қосымша қор 29209 сақтам бірліктерді құрайды.

– Өлкеміздің тарихына үлес қосарлық құнды жәдігердің бірі – Құрманғазы бабамыз қолданған ұзын ұңғылы мылтық. Қару-дың ұзындығы 1 метр 46 см. Құндағы ағаштан жасалған, қайыстан белбеуі бар. Ағаштан жасалған бөлігінің ұзындығы 1 метр 26 см. Белбеудің ұзындығы 1 метр 13 см. Белбеудің қайысы екі жерден қиылған, қайыстың беткі қабаты әр жерінен қырылған. Оқтығы (оқпаны, түтесі), шүріппесі, шаппасы, пілтесі темірден жасалған. Оқтығы 1 метр 7 см. Салмағы 3350 гр. Құндағы мен оқтығы төрт жерден темірмен бекітілген. Мылтық залалсыздандырылған. Ұңғысындағы темір жапсырмада «1849» деген ойып жазылған жазу бар. Соған қарағанда, бұдан 163 жыл бұрын атақты Тула қару-жарақ зауытында құрастырылған сыңайлы. Ең бастысы, оны күйші «ер қаруы – бес қарудың» бірі ретінде пайдаланған. Мылтықты Қаңбақты деген жердегі Дыңғызыл шағылында отырған Наурыздың әкесінен алады. 1940 жылдар шамасында Ахмедияр ақсақал күйші бабамыздың туысқаны Ақбас ақсақалдың үйінен осы мылтық-ты көріп, қолқа салады. Өзі аңшы бол­ғандықтан, мылтық оқ атуға жарайтынын көреді. Бірнеше рет барып жүріп, мылтықты өз қолымен алып, біраз жыл пайдаланады. Соңғы жылдары баласы Қырғи Ахмедияров көз-дің қарашығындай сақтап, қастерлеп келген екен. Қазақстан халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қаршыға Ахмедияровқа сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов мұражайға тапсыруға қолқа салады. Нәтижесінде Қырғи Ахмедияров 2000 жылы қараша айында біздің мекеменің қарауына тапсырды, – дейді Атырау облыстық өлкетану мұражайының дирек-торы Серік Мұхамбетов.

Дәулескер домбырашы, Құрманғазы күйлерінің жалғастырушысы Қаршыға Ахмедияровтың көзі тірісінде берген сұхбаттарына сүйенсек, Қызылқұрт руының сұлтаны Дәулеткерей Шығаев бірде Мүсірәлі күйшіден балаларына күй үйретуді сұрайды. Сонда ол «нағыз күйші кеше түрмеден қашып кетті» деп жауап береді. Сұлтан: «Құрманғазыны ұстап әкеліңдер, бірақ қол көтеруші болмаңдар!» деп тапсырады. Қуғыншылар күй атасын Әуестің ауылынан тауып, өздерімен бірге алып кетеді. Аяқ астынан қуғын келгенде Құрманғазы мылтығын шөмеленің арасына тыға салған екен. Кейін ауыл адамдары тауып алып, қастерлеп ұстайды.

1946 жылы Қаршыға Ахмедияровтың әке-сі Нарын құмының бойында аңшылықпен жүріп, бір үйге түседі. Әңгіме-дүкен құрып отырып, төрде ілулі тұрған мылтықты көріп, мән-жайын сұрайды. Сөйтсе, үй иесі бұл жәдігердің Құрманғазыға тиесілі екенін айтады. Басында сеніңкіремегенімен, ақыр аяғында бала-шағасының нәпақасына жарап отырған жалғыз бұзаулы сиыры мен қасқыр ататын қосауыз мылтығын қоса беріп, әрең дегенде сатып алады. Әйелі ерте қайтыс болып, жетім алған балапандарын Ахмедияр ақсақал Құрманғазының қара мылтығымен құс атып, аң аулап асыраған көрінеді.

Түпнұсқа: Айқын
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?