Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ: Ақиретке сақтар жылқыны, үйсіндер қойды таңдаған

2752
Әбдеш ТӨЛЕУБАЕВ: Ақиретке сақтар жылқыны, үйсіндер қойды таңдаған - e-history.kz
Үшінші Алтын Адамды тауып, әлемдік археологияға сенсациялық жаңалық әкелген профессор Әбдеш Төлеубаев қазба жұмыстары уралы ой бөлісті

– Сіз 2003 жылы Шілікті жазығындағы Бәйгетөбе обасынан үшінші Алтын Адамды таптыңыз. Қазақстан, ТМД, тіпті әлемдік археологияға қосылған бағасыз жаңалық болды. Сіздің атыңыз шықты, атағыңыз аспандады. Бірақ сонымен бірге ел азаматтарының сөзі де қатар жүрді.

– Нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндім, айналайын Заңғар бауырым. «Ауа райы бұзылды, шаруашылыққа зиян тигізіп жатыр, өмірі болмаған құбылыстар орын алуда» деп жүргендерге сенбеймін. Сенбейтінім, мен бұл өңірге шеттен келген қолайсыз адам емеспін, аруаққа сыйынған қазақпыз. Кейде қазақ айтады: Құдай кешірімді, ал аруақ пенде сияқты, кешірмейді» деп. Құбылған күн райын әлемдік катаклизмнің бір бөлігі, дүниенің төрт тарабында болып жататын жағдай. Ол тіпті біздің Қазақстанның әр ауылында да болып жататын күнделікті құбылыс. Нақты жағдай бойынша сөйлесек, Тасбастаудың бергі жағында 5-6 үй, барлығы ылғи қамыс немесе қанкірпіштен салынған үйлер ғой. Дауыл тұрып, іргетасына жетсе болды, құлап қалады. Сондықтан бұл анау айтқандай мәселеге айналатындай аса зор катастрофа емес. Алдыңғы жылы сиыр малынан аусыл шықты деп дүрлікті. Оны да бізден көрді. Бұл уақытша дүрлігістердің барлығы да ертең қалады, ел жадынан шығады, ұмытылады, ал ұмытылмайтын, мәңгілік ескерткіштер осы қазба нәтижелері. Шіліктіні дүниежүзіне танытып, аспан астына ашық музей саламын деп жүгіріп жүргендер қалады. Ашқан жеріне музей сала беретін Шлиман емеспін ғой, дегенмен Шлиманға құрметім зор. Егер осы Шілікті қорғанынан Алтын Адамды таппағанда не болар еді?!  Черников тапқан 500-дей алтынмен ғана шектелер еді. Ал біз 3000-дай алтын таптық. Және бұлар құйма алтындар! Черниковта бұлар құйма емес еді, Эрмитажда сақталған алтындарға қатысты ол кішкене кітапша шығарды. Соның өзінде ол сақтардың мәдениеті демей, скифтер, анау-мынау дейді. Ал бұның нағыз сақ мәдениеті екендігі және қазақтар сол сақтардың тікелей мәдениетін жалғастырушы, солардың этникалық, генетикалық ұрпақтары екендігін мен дәлелдеп жүрмін.

– Кәсіби жұмысыңызға сын тағатын азаматтардың пікірін оқып, ескересіз бе?

– Әлеуметтік желілерден уақытым боп жатса, қарап оқып тұрамын.

– Айдын Егеубаев мысалы...

– Сол Айдын менімен «аға-аға» деп сыйласады. Екі күн бұрын қоңырау шалды. Ол кезде менің менің экспедициям Алакөлдегі Ортағасырлық қорғанды қазып келіп, осында ауысты. Өзім емтиханды жүргенмін.  

15 шақты баламен бір шәкіртім Мәмбет қайтып келді. «Не болды?» десем, «3-4 күннен кейін осы жерге музей салмаса, біз сендерді кіргізбейміз, қайтыңдар!» депті. Аудан басшылары хабарласты. Оларға жағдайды айтып түсіндіріп едім, «ойбай бара жатырмыз, әңгіме өткіземіз» деді. Мен мына жақта жүргенде балаларыма бірдеңе болып қалса... Құрысын, «лагерлеріңді бұзыңдар да Зайсанның оңтүстік шығыс жағында Айнабұлақ деген жерге тігіңдер» дедім. Олар қазуды бастады. Әзірге төрт обадан керемет дүниелер шықты. Бұл енді сол мүлшермен V ғасырдан ары емес, IV-V ғасырлар болуы мүмкін. Бұл таза сақтар мәдениетіне тән.

Ал енді мынау Қараталда қазып обаны бұрынғы жердің бетіне жеткен жерінен мен тағы сыртынан тас қоршау жүргізілген. Осыдан мен үйсін бе деп ойлап отырмын. Шәкірттерім «қазір бір обаның несіне түстік» дейді. Оны тонап кетіпті, бір жіліншігі ғана болыпты. Қалған жағын кеңейтіп іздеп жатырмыз. Мұнда топырақ пен тас аралас және тік шұңқыр болады. Содан кейін бір жағына қарай лақат қазылады да соның бергі жағын сырғауылдармен жауып, топырақ тастайды. Содан кейін ішінде міндетті түрде қойдың құлыншағы немесе құйрығы болып, бәкі болады, пышақ. Ақиреттік дүние деп берілген дүние ғой.

– Сонда үйсіндер қойды ең басты түлік деп санады ма?  

– Сақтар заманында ақиреттік өмірге адаммен жіберетін ең басты түлік жылқы болды. Ал енді үйсіндерде негізінен қойдың мүшелерін, әсіресе құйрығын қойып жерлеген. Үйсіндер жылқы арнамайды. Бірақ сақтардан келе жатқан дәстүр – өлікке жылқы арнау қазаққа дейін жеткен. Орта дәуірде түркілерде де болды. Тіпті қазірге дейін мола басынада, өзінің топырағына, қырқына, жылына сойылған жылқының басын іліп қояды. Біздің Ақсуат жақта қабірдің үстіне қояды. Бұл жақта құлағын іліп қояды екен. Бұл тура сол сақтардың дәстүрін біздей сақтаған халық жоқ. Бұған таңқалуға болады! Бұл 2500 дыл осы дәстүрдің сақталғаны адам таңқаларлық дүние. Қазір мен Шілікті жөнінде үлкен бір кітап бітіріп жатырмын. Амандық болса келесі жылы шығады. Сондағы бір тарау сақтардың, түркілердің және қазақтардың мәдени салыстырмалы параллельдері, ұқсастықтар деген. Кітабым «Сако-тюркские-казахские культурно-исторические параллели» деп аталады. Анау  сақтар мен мынау қазақтардың арасында жүздеген керемет адам таңқаларлық ұқсастықтар толық тарқатылады. Осы уақытқа дейін сақтарды үнді-ирандықтар деп білген, арийлар деп білген, арийлердің тұқымы деп білгендерге, яғни түркілерге ешқашан жақындатқысы келмегендерге берілетін жауап!  Сақтардың бүкіл мәдениетінің тіні, өзегі ол түркілік екен. Оған өзімнің көзім жетті. Қазақстанда мұны айтып жүрген мен ғана.

– Әбдеш аға, Шіліктідегі обалар сақ патшаларының қорғаны екенін көпшілік біліп қалды. Бірақ айрықша критерийлері толып тұрса да, біздің атқарушы билік орындары Берелге қатты мән беретін секілді. Бұл сізді ойландырмай ма?

– Бұл екеуін салыстыруға болмас, дегенмен екі түрлі жағдай бар. Берел 1997 жылдан бастап ашылды. Берелдің әрбір обасы ұтылмайтын, ұтылдырмайтын киелі жер. Қазсаң ішінен заттар да шығады, жылқы да шығады, адам да шығады – барлығы да. Тоң басқан обалардың бір артықшылығы, онда адаммен бірге қойылған ақиреттік зат 90 пайыз толық сақталады. Әйтпесе 100 пайыз! Бұл дегеніңіз уақытша тоңазытқышта қойылған секілді дүние.  Ағаш не сүйек зат сол күйінде сақталады. Өйткені, тоң сақтайды. Ал Шілікті секілді құрғақ жер астынан табылған заттардың 90 пайызы шіріп кетеді. Сақталса тас пен металдар сақталуы мүмкін. Металдың ішінде қоласы шыдайды, темір шіриді.

Мысалы, ағаш ғимарат екі қатардан құрастырылған. Оның сыртына тас, оның сыртына топырақ үйген, сөйтіп ерекше микроклимат қалыптастырған. Ондағы адам сүйегі шірімей, басқа да көп заттар жақсы сақталған. Сақтар осыны білген. Алтынға орап қою – ол мәңгіліктің белгісі. Патша мәңгілік болсын дегенн иеттен туған. Оның өмірі әрі қарай жалғассын деген мақсат. Алтынның шірімейтіні, оның мәңгілік болмаса да ұзақ уақытқа шыдайтынын ата-бабаларымыз жақсы білген.

 

Жалғасы бар...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?