Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Құпияға толы Қарқаралы

4004
Құпияға толы Қарқаралы - e-history.kz
Расында құпиясын бүгіп жатқан Қарқаралы тек сырын түсіне, ұғына білген жандарға ғана ашады. Ол үшін Қарқаралыны бар қырынан тану керек

Қарқаралы есімізге түскенде әрине біріншіден Мәди Бәпиұлының атақты 

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай,
Мен Мәди қуғын көрген Арқадағы»

деген өлең жолдары ойға оралады.

Шынында бұл бір табиғаттың керемет құбылысы ғой, Сарыарқадағы құдайдың жасап қойған кереметі ол!

Мәди Бапиұлына қойылған ескерткіші

Мәди туған өлкеде Қасым ақын да өмірге келіп:

«Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
Қадірінді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер»

деп толғануы да тегін емес.

Мәди мен Қасымнан өзге Қарқаралы талай дүлділ ақын мен қайсар батырларға сая болған. Мәселен, Қарқаралы атағы алты алашқа мәлім Қаз дауысты Қазыбектің және шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, Шөже ақынның, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің елі. Алаштың Қалибек, Жүсіпбек, Шолпан Жандарбекова, Хабиба Елебекова сияқты аяулы ұл-қыздары да Қараралыда дүниеге келген.

Жақып Ақбаевтың, Әлімхан Ермековтың, Әлихан Бөкейханның да тағдыры Қарқаралымен тығыз байланысты еді. Әміре Қашаубаев та Қарқаралы топырағында туған. 

Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында: «Қарқаралыдан шыққан адамдардың арасында көп оқымыстылар бар екен» деген сөзді Абайдың ауызымен айтады.

Расында бұл тізімге алғашқы білімін Қарқаралыда алған елімізге белгілі академик А. Сағыновты, Қазақстан Ғылым академиясының Президенті Ш. Шөкинді, академик А. Жәутіковті, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі А. Машановты қоссақ болады, бірі осында білім алса, екінші бірі қызметін киелі өңірде бастаған. Қазақстан ғылымына А. Рақышев, Б. Алдажұманов және басқа да көптеген Қарқаралы тумаларының сіңірген еңбегі зор. Ағалар жолын бүгінде геология ғылымдарының докторы Т. Диденко-Кислицина, медицина ғылымдарының докторлары Т. Сейсембеков пен А. Әбдірахманов, математика ғылымының докторы А. Дүрмағанбетов лайықты жалғастырып келеді.

Қарқаралыдан шыққан Серғазы Мыңжасарұлы Әдекенов – бүгінде әлемге танымал ғалым. Қарқаралыда туып, орта мектепті бітіріп білімге қанат қаққан Манат Жақсыбергенұлы Толымбеков техника ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сайлықтың лауреаты атағын алды.

Үш ғасыр куәсі – Қарқаралыдағы орманшының үйі

Бұл тізімді әлі жалғастыра беруге болады, кешегі күні Ресейдің тағдырын шешкен Л. Корнилов та Қарқаралы жерінде туса, ал 1882 жылы Қарқаралы қаласында тағы бір генерал Н.К. Мордвинов дүниеге келген еді.
Қасиетті өлкені «батырлар елі» деп тегін айтпаған шығар. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Қарқаралының мыңдаған ұлы мен қызы қан майданға аттанып, небір ерлік үлгілерін көрсеткен. Жалындаған ұшағын жау әскерінің төбесіне жасындай қылып түсіріп, елі үшін жанын қиған, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің ерлігі ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Екінші Дүниежүзілік соғыста Днепр өзенін алғашқылардың бірі болып өтіп, ерлік көрсеткен үшін, Совет одағының батыры Мартбек Мамыраевтың, Совет Одағының батыры атағын алған гвардия майоры Петр Теряевтің ерлігін де жас ұрпаққа мақтанышпен айта алады.
Совет Одағының батыры атағын алған Рәсіл Есетовтің де тегі Қарқаралыдан. Ерлік дәстүрі бүгінде жалғасын табуда. Оған дәлел – ғалымшар кеңістігіндегі қазақтың қыраны, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіровты айтсақ та жетіп жатыр.

Мың бояулы Қарқаралы 

Бәлкім, мұндай тамаша тұлғалардың тууы әсем табиғатпен байланысты емес пе екен?

Десек те, Қарқаралы табиғаты шынында керемет, ал мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алған соң Қарқаралыда ұлттық табиғи қорық құрған еді. Қорық аумағында өсімдіктердің сирек және жойылып бара жатқан 66 түрі өседі екен, және бір қызығы өңір флорасы ежелгі мұз дәуірінен бері ерекшеленеді әрі Қарқаралыға ғана тән өсімдіктерімен белгілі. Ал мұнда құстың 114 түрі кездессе, бауырымен жорғалаушылардың 6 түрі, сүт қоректілердің 40 түрі мен амфибиялардың 2 түрі кездеседі екен.

Тіпті, Солтүстік Америкадан әкелінген бизондар да жерсіндірілген. 

Қанша мақтасам да Қарқаралы табиғатының әсемдігін, көркемдігін сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек барып көру керек.

Қарқаралыдағы бизон

Қарқаралы шаһарының өз басына келсек мұнда кезінде Абайдың ізі қалған, кентте Абайдың заманында тоқтаған үйі әлі тұр. Оны айтасыз-ау, Құнанбай қажы мешіті тіпті сәулет өнерінің ғажап ескерткіші десем артық айтқандық болмас. Қалада бірнеше ғасыр куәсі болып сақталған ғимараттар әлі бар. Өйткені, Қарқаралы Орталық Қазақстандағы алғашқы қалалардың бірі ғой, заманында үйездің бас қаласы ғана емес, ұланғайыр өлкенің әкімшілік орталығы да болды. 

Әрине, Қарқаралы өңірі ежелгі заман ескерткіштерінен де кенде емес. Тағы бір алтын адамның Кент тауларында табылуы да кездейсоқтық емес деп ойлаймын.

Қарқаралы тарихы тек Беғазы-Дәндібай заманымен басталмайды, тарихы тіпті тереңде, сол Қарқаралы өңірінде Орталық Қазақстандағы алғашқы қала жұртының да кездесуі тіпті таң қаларлық. Мәселен, Қызыл кеніш сияқты үлкен кешен орны Қарқаралы аумағында әртүрлі пішіндегі сәулет ескерткіштерінің көп болғанынан хабар беріп тұр, нақ Қарқаралы жерінде ежелгі заман адамдарының қазба орындарының қалдықтары әлі де кездеседі.

Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті

Одан өзге қанша табиғат кереметтері де бар.

Мысалы, Шайтанкөл туралы білмейтініміз жоқ шығар. Алайда Шайтанкөл әуелде Әулиекөл болған екен. Кешегі отарлау заманында көлге крестерін орнатқандар оны су астында жоғалтып алып, кейін Шайтанкөл атандырып жіберген деседі-мыс. Кім білсін, дегенмен халқымыз әр тауымызды, әр көлімізді, жеріміздің әр пұшпағын қадірлегені анық.

«Сәби көңіл жолдас ертіп қасыңа.
Сонда барда мінәжат қыл тасына.
Көлге айналып бір пұшпағы аспанның
Ағып түскен Қарқаралы басына»

деп ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әли жырға қосса, «Шайтанкөл – ғашықтар мекені» деп Серік Ақсұңқарұлы әнге қосқан, қасиетті де киелі, жұмбақ құбылыс, әсем Шайтанкөл - өзінің табиғи жаратылыс ерекшелігімен ертеден әсемдік пен сұлулықты қастерлеген қауымға шабыт берген, құтты мекен.

Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Табиғаттың ғажайып бір жаратылысы ол – Бассейн көлі. Биік таудың басында, қабырғалары тіп – тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көл, шынында да табиғи һауыз тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шындарында жиі кездестіруге болады. 

Мына жағында жарқырап жатқан Самал көлі бар. Бұл көріністі көрген адам өмірі ұмыта алмасы анық. Бұл сияқты адам жанына рахат сыйлайтын айдындар, Үлкен көл, Жартас, Шортанды көлдері Қарқаралы тауларын көмкере қоршап, ерекше келбет беріп жатыр. Тау сілемін бөктерлей Жарлы өзені ағып жатса, қала ішімен үлкен және кіші Қарқаралы өзендері ағады. Самал жел соққан сайларда бабалар суын ішкен Суық бұлақ, Мәлік сай бұлағы, Тас бұлақ, Тұнық бұлақтардың мөлдір суы қысы – жазы сарқылмай ағып жатады.

Бассейн десе, бассейін!

Расында құпиясын бүгіп жатқан Қарқаралы тек сырын түсіне, ұғына білген жандарға ғана ашады.
Ол үшін Қарқаралыны бар қырынан тану керек.

Оның тағы бір қыры – ол «Қалмақ қорғаны» деп аталатын, биіктігі 2 метр, ені 3 метр, ұзындығы 4-5 шақырым болатын жұрт орны деседі.

Қарқаралыдағы Абай тоқтаған үй

Әсілі, Қарқаралы алғашқы адамдар мекені болған сияқты, ол туралы Әлкей Марғұлан да жазып кетіпті.

Мұндай қасиетті өлкенің кейін ата-бабамыздың патшалық, хандық құрған жері болуы да заңды ғой, кей мәліметтер бойынша мұнда Ақ Орданың қазығы Қарақоқты алаңында қағылған десе, Абылай ханды басшылыққа ұсыну Қарқаралы-Қазылықта болған деген дерек бар.

Сондықтан да Қарқаралының тек туристік өңір ретінде ғана емес, жалпы, тарихымызда, мәдениетімізде алатын орны ерекше.

Дәл осы Қарқаралы жерінде, Қоянды жәрмеңкесінде ұлт зиялылары атақты Қарқаралы петициясын қабылдап еді. Оған тағы бір себеп Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралыдағы бала оқытуы мен Алаш көсемдерінің бас қосуы болатын.

Қарқаралы туралы таңды таңға арттырып айта беруге болады, дегенмен, осы жерден Сырбай Мәуленовтің мына өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр: 

«Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар,
Мендей сені сезді ме басқа жұрттар.
Ақ шашты әжем секілді тұрып алды
Қарқаралы басында ақша бұлтар».

Материалды жазу барысында Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық әкімдігі мәліметтері мен «National Geographic» журналы және Марфуға Шапиянның фотолары пайдаланылды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?