Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қайта жаңғыртылған Шоқай датқа кесенесі

2768
Қайта жаңғыртылған Шоқай датқа кесенесі - e-history.kz
2017 жылы «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Шоқай датқа кесенесі қалпына келтірілді деп хабарлайды Меруерт Ахан

Шоқай датқа кесенесі – Жамбыл облысы Сарысу ауданының Саудакент ауылының шетінде орналасқан. ХVІІ-ХVІІІ ғасырға жататын архитектуралық ескерткіш.

Ескерткішке зерттеу жұмыстарын 1946 жылы «Казпроектреставрация» мамандары мен Орталық Қазақстан археология экспедициясы мамандары жүргізді. 1982 жылы ескерткіш Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.

Шоқай датқа өз заманында беделді, ықпалды тұлға болған. Ел арасын тату ұстау үшін күш салып, қазақ-қырғыз арасындағы дау-дамайларды шешкен. Шоқай датқаның қызметі мен өмірі жайлы тәуелсіздік жылдарынан бастап жарық көрген біршама еңбектер бар. Атап айтар болсақ, Ж. Миллионовтың құрастыруымен шыққан «Шоқай датқа» кітабы, ақын Маралтай  Ыбыраевтың дастаны.

Шоқай датқа кесенесін бауыры Шәкен мен ұлы Төрегелді салдырған. Кесененің сыртқы қабырғасының ұзындығы 8 м, ені  7 м. Кесененің негізгі қабырғасы қам кірпіштен қаланып, сыртына күйдірілген кірпіштер қаптама ретінде қолданылған. Кесененің сырқы қабырғасына пайдаланылған кірпіштер құрылыс орнында күйдірілген. Кірпіштерді  күйдіру үшін сол аймақтарда өсетін баялыш шөбін пайдаланған. Баялыш шөбі кірпішті жақсы күйдіруімен қатар, кірпішке ерекше әдемі иіс береді. Кірпіштің құрылымы біркелкі болу үшін балшығын  арнайы жылқыға таптатып илеткен деген дерек бар. Үлкен бір бөлмеден тұратын кесене ішінде күмбезді белгі тастабыт орналасқан. Кесененің қасбетіндегі арка үшкіл пішінде болса, кесенеге кірер тұстағы арка тіктөртбұрышты. Кіре беріс қақпаның (арканың) бүйірлерінде әсемдік үшін тереңдетіп салынған текшелер бар.

2017 жылы «Қазақайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізген қайта жаңғырту жұмыстарының  нәтижесінде Шоқай датқа кесенесі толықтай қалпына келтірілді. Кесененің еденіндегі жарамсыз күйге түскен плиталар алмастырылып, күмбездің қаптама және ішкі бөлігіндегі кірпіштері ішінара алмастырылып, күмбезге гидрооқшаулау жұмысы жүргізілді. Шоқай датқа кесенесінің сыртқы қабырғасындағы беткі қабат (қаптама) кірпіштері толығымен алмастырылып, ішкі қабырғаны сылау жұмысы толығымен жүргізілді. Сонымен бірге, іргетастың іші-сыртындағы ылғалды реттеп тұру үшін арнайы жүйе орнатылды.

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?