Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Пір Бекеттің асатаяғы жайлы не білеміз?

5031
Пір Бекеттің асатаяғы жайлы не білеміз? - e-history.kz
Исі қазақта Пір Бекет аталған Бекет Ата Мырзағұлұлын білмейтін адам кемде-кем болар?! Кіші жүздің адай руынан шыққан Бекет бабамызды халық әулие тұтады

Өз заманында батыр, ағартушы, сәулетші болған Бекет Мырзағұлұлының біздерге қалдырған мұрасы аз емес. Сондықтан да болар, ел арасында аңызға айналғаны сонша, «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деген сөз қалды.


1750 жылы Құлсарыда дүниеге келген ол Хорезмге барып, Пақыржан қажыдан дәріс алады. Біз бүгін Пір-Бекет бабамыздың Хорезмдегі ұстазынан алған асатаяғы жайлы жазбақпыз. Бүгінде бұл баға жетпес құнды жәдігер – бабамыздың жетінші ұрпағы Бердіхан Аяпбергенұлының үйінде сақтаулы. Атадан балаға аманат ретінде көздің қарашығындай сақталып келе жатқан асатаяқты көрер алдында адал ниет етіп, мұсылмандық ғұрпымен дәрет алған жөн. Ал, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы Бердіхан ақсақалдың шаңырағы қайсы десеңіз, кез-келген адам жөн сілтеп жібереді. Себебі – бұл үйдің өзіне тән, адамның жанын тыныштандыратын ерекше бір қасиеті бар екен.


Бердіхан Аяпбергенұлы, Пір Бекеттің ұрпағы: «Асаны аталарымыз арқалап жүрген. Хиуа хандығында Шерқала дейтін мешіт болған. Хандықтың Мәскеудің Кремліндей болар қорғанында сол мешіт орналасқан. Бүкіл өнер-білімнің өкілдері сонда жиналған. Түркіменнің Мақтұмқұлы дейтін шайыры да Шерқала мешітінде білім алған. Бабамыз осы жерде оқыған. Пақыржан дейтін ұстазы дәріс берген. Бір күні қажы: «Мен асамды берем, асамды бергенге, батамды берем» деген. Шәкірттері таласқан. Әрбірі үміттенген. Шарасы таусылған ол, асасын лақтырады да, «кім тауып келсе, соған батамды беремін» дейді. Ал, аса Маңғыстаудың Аққолтық маңына келіп қадалады. Негізі қарасаңыз, Маңғыстау – Алланың әмірімен ерекше жаратылған мекен. Себебі, әулиелер бұл жаққа сынаққа жіберілген. Мысалы, Шолпан Ата, Шақпақ Ата алыстан келген. Бекет бабамыз да оқуын тәмамдап, елге келген соң мешіт салдырып, бала оқытып, өзінің қасиеті мен құдіреті халыққа көрсеткен. Елді ғылымға шақырып, ұстаздық еткен».

Осы жерде қоса кететін жайт, Пір Бекет бабамыздың ерекше төрт қасиеті болған: біріншісі – халықтың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан батыр; екінші – ғылымның қиын жолымен жүріп өтіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы; үшінші – ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші; төртінші – мүсәпірлер мен ауруларға қол үшін берген ерекше дарынды, атпал азамат және аса маңызды оқиғаларды болжай білген сәуегей.  

Бердіхан Аяпбергенұлы, Пір Бекеттің ұрпағы: «Пір Бекетке батасын берген Пақыржан қажы – Әзірет Әлінің ұрпағы, Үсен деген баласынан тараған. Қызынан туған Асан, Үсен дейтін немерелері батасын алған. Шежірелерге сүйенсек, Пір Бекет атамыз отызыншы адам ең соңғы адам болып, асатаяққа ие болыпты. Сонда, асаны апарып бергенде атамыз:
«Қиямет-қайымға дейін даңқымды бер,
бала-шағамның ырыс-несібесін бер,
ақ пен қараның ортасына оқ бер», – депті.

– Бердіхан ата, «ақ пен қараның ортасына оқ бер» деген не мағына береді?

– Ол кісіге пәлен деуге болмаған. Атып кетеді. Оқпен атпайды. Тек адамға бір қараса болды. Тіке жабысады. Ақ-һақ деген сөзіне оқ берілген дейді. Қара кісілер пәлеге ұшырап, түбі оңбаған дейді көнекөздер. Бәрекелді балам, Алла Тағаладан тілейсің, пайғамбардан шапағат тілейсің. Әулие, пірлер қолдап жүреді. Бұны неге айтып отырмын? Бүгін біз айтып отырған асатаяқтың ерекше қасиеттері бар! Исі мұсылманға ортақ нәрсе. Әулие дегеніміз ұлтқа, дінге, тілге бөлінбейді. 

Құдайдың құдіреті, қайбір жылы Томскіден бір топ орыс келді. Таң енді атып келе жатқан. Үйдің қасына үш «таблетке» (УАЗ) тоқтай қалды. Ояу едім. Есікті қақты. Шықтым. Тіл қатыстық. Орысшалап Бекет Ата жайлы, біз туралы сұрап алды. Жиырма шақты адам өздері. Үйге кіріп, аят оқуға рұқсат сұрады. Ас-суға қарамады. Ата туралы кітаптардың барлығын оқып тастапты. Бір аптаға келе жатыр екен. Пір Бекеттің басына шын ниетпен келіпті. Орысшалап бата қайырғанда, аузыңды ашып отырасың. Алла ортақ бәрімізге. Бөлінуге болмайды! 

Ал, асатаяқтың мынадай қасиеттері бар: асаның жүрген жерінде береке бар; Алла Тағаладан не тілек сұрасаң да тілегің қабыл болады; аса тұрған жерде жаманшылық болмайды; Алла Тағалаға ниет етіп, сұрасаң тілегің қабыл болмауы мүмкін емес. Алматыда бір туысымыз тұрады. Самса сатып жүрген шырақ қой. Түсіне аса кіріп, аян берілген ғой. Қалай байып кеткенін өзі байқамай қалды. Қазір он мыңға жуық түйесі бар. Бұрын аталарымыз асаны иықтарына арқалап жүрген. Салты сондай. Әлемдегі он екі асаның бірі. Кейде келген адамдарға кобра жылан болып көрінеді. Ол адамдар кейін жаман болмайды. 

Біз осыдан соң екеуара сұхбатымызды аяқтадық. Ал, асатаяқ туралы қызықты әңгімелер ел арасында өте көп. Алайда, кие қонған Маңғыстау облысына қарасты Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Бердіхан Аяпбергенұлының шаңырағына барып, асатаяққа маңдай тигізіп, сүйіп, Алладан тілек тілегенге ешбір нәрсенің жетпесі анық.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?