Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Амангелді Иманов музейі және Сатыпалды ишан кесенесі

2076
Амангелді Иманов музейі және Сатыпалды ишан кесенесі - e-history.kz
NDH қасиетті Торғай өлкесі бойынша тарихи-өлкетану экспедицияның нәтижесінде Амандық Әмірхамзиннің Ахаң мен Жақаң жұртына сапар» атты жолжазбасын ұсынған болатын. Сол сапардың жалғасын оқуға шақырамыз

Сөйтіп Амантоғай кентінен кейін Амангелді ауданына да жеттік. Ауданға 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісі ошақтарының бірі болған Торғай жеріндегі кезінде 60 мыңға дейін сарбаздары болған, көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Амангелді Иманов есімі берілген. Амангелдінің есімі Әбдіғапар ханмен, Кейкі батымен қатар аталады. Ал негізінде Амангелді батыр көтерілісшілердің бас сардары. 

288 қашықтықтағы Арқалық-Торғай трассасының шамамен 150 шақырымын артқа тастап аудан орталығы Амангелді кентіне де келіп тоқтадық. Таңғы жетіде шыққан сапарымыздың осы бөлігін жақсы өткіздік, ешбір қиыншылық болған жоқ. Себебі трасса жақсы, қозғалыс ыңғайлы, бастысы күн ыстық емес, бұлтты болып тұрды. Осындағы туысқанымыздың дәмханасына алдын ала тапсырыс беріп қойып едік, түскі асымызды іштік, оған дейін Арқалық қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы Тасбұлақта таза ауа саясында таңғы асымызды ішкен болатынбыз.

Енді Амангелді кентінің басында не көруге болады деген заңды сұрақ туады?

А. Иманов атындағы мемориалдық музейдегі Амангелді батырдың анасының төсегі

Мұнда 4-5 негізгі нысан бар: бірінші – А. Иманов атындағы музей, былтыр оны облыс бюджетінен 12 млн теңге бөлініп қайта жаңғыртқан. Бұл ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы құрметіне жасалған шаруаның бірі еді. Осы жолы тағы да едәуір құндылықтармен толығып қалыпты. Екінші – Сатыпалды ишан кесенесі. Үшінші – «Шұғылы» кинотеатрының алдындағы Амангелді батырдың жерленген жері. Төртінші – Сатыпалды ишан мешіті. Бесінші – Әнуар Боранбаев атындағы музей.

Жалпы сапар барысында уақытымыз тығыз болғандықтан ең негізгі объектілерге соғуға тырыстық.

Бұл өлке 1930 жылдары Қазақстанның барлық өңірін шарпыған шаруалар көтерілісінің ошақтарының бірі болғаны тарихтан белгілі. Ол тарихта Батпаққара көтерілісі деп аталады.

Амангелді кентіндегі Сатыпалды ишан мешіті

Сонымен бірінші тоқтаған жеріміз – Амангелді Иманов атындағы музей болды. 

Айтқандай бұл күні демалыс болғанына қарамастан музей директоры Кәмшат Әбжанова бізге алтын уақытын бөліп, музейді емін-еркін аралауымызға мүмкіндік тудырып еді. Музейде Кейкі батырдың, Амангелдінің және олардың сарбаздарының тұтынған заттары көп. Былтырғы жылы Сапар Ысқақов ағамыз Амангелді кентіне тақау жерден археологтарды алып келіп, қазба жұмыстарын жүргізген еді, ол қазылған моладан табылған заттар да музейге қойылған екен.

Амангелді кентіндегі батырлар музейін аралаған соң Сатыпалды ишан кесенесі мен мешітіне соқпай кету күнә болар, сірә.

Былтырғы жылы қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер

Әуелі Сатыпалды ишан атындағы мешіт туралы баяндай кетсем. «Сатыбалды ишан» мешіті Амангелді ауданының орталығы Амангелді кентінде орналасқан. Оның іргетасы 1992 жылы қаланды. Жалпы ауданы 9 мың шаршы метр. 300 намазханға арналған. Мешітте сауат ашу курсына арналған 2 бөлме бар. Мешіттің маңызды әрі көрнекті орны михраб болғандықтан, оған көркем етіп «Фатиха» сүресі, төр жақ маңдайшасына «Аяту-л курси» жазылған. Мешіттің оң жақ қанатында имам бөлмесі, сол қанатына неке қию залы орналасқан. Мешіттің негізгі залы гипспен жасалған қазақи оюлармен өрнектелген. Ғибадатхана мұнарасының биіктігі 14,9 метр. Кіреберіс қапталға биіктігі 8,7, ені 24 шаршы метр үлкен күмбез орнатылған. Мешіт сөйтіп 1993 жылдың 29 қазанында намазхандарға есігін айқара ашты. Айтқандай мешіттің төбесінде кезінде космос кораблінің шар тәріздес қалдығы пайдаланылғанын жазған едім, аудан әкімдігінен оның адам өміріне залалсыздығы туралы хат та алғанбыз.

Ал, Сатыпалды ишан кесенесі туралы айтатын болсақ, мұнда өзіміз куә болғандай алыс-жақын шетелдерден зиярат етушілер көп екен. Аудан орталығында орналасқан кешенде Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы жерленген. Ескерткішті 1899 жылы оның үлкен ұлы салдырған деседі, сонда бұл ғимарат үш ғасырға куә болып отыр ғой.

Сатыпалды Ғабдоллаұлы – өз дәуірінің белгілі тұлғаларының бірі. Жас кезінен дін жолына түседі. Өмірінің 14 жылын оқуға арнап, Орта Азия мұсылман кеңесінің алдында сынақ тапсырып, одан мүдірмей өтеді, кеңес мүшелері оған бір ауыздан ишан атағына лайықсың деп сенім білдіреді. Заманында жерлестерін оқу-білімге, еңбекке тартқан, еліне зор қызмет қылған адам. Ел аузында сақталған аңыздың баяндауына қарағанда қазіргі кешен орналасқан жер ордалы жыланның отаны болыпты. Кейін аталған жерді жыландар Сатыпалдының дұғаларынан кейін тастап кеткен деседі. Аңыз ба, әлде шын ба, кім білсін, әйтеуір тегін адам болмаса керек. Кешенде Ғабдолланың баласы Файзулла және жақын досы Омар қалпе де жерленген. Бұл әулет көп қудалауға да ұшыраған.

Мемориалдық музейдегі Амангелді сарбаздарының байрағы

Наушабайдың Нұржаны Сатыпалды ишан қайтыс болғанда оған арнап мынандай жыр шығарған екен:

«Сатыпалды ишан әулие

Фәниден өтті бақиға,

Дін мұсылман жұрты үшін

Қайғылы, ауыр оқиға.

Тізеңді бүгіп, қолың жай,

Арнап құран оқырға,

Жақсылығы көп еді

Жетім менен пақырға.

Дарақ егіп, жеміс сап

Өсіріп еді тақырға.

Тәлім берген сол еді

Біз секілді соқырға».

Сөйтіп, осы өңірге білім нәрін сепкен тұлғалардың басына дұғамызды бағыштаған соң келесі бағытымыз – Құмкешуге қарай жол тарттық.

Ашқан қарынды бір тойдырып, шөлімізді тағы қандырып, енді Торғайдың Дубайына бет алған түріміз еді. Айтқандай, Амангелді кентінде бір соға алмай кеткен жерім бар: ол  – Әнуар Боранбаев атындағы музей, құдай қаласа тағы жол түсер деп ойлаймыз.

Құмкешу құмы

Сонымен Амангелді кентін артқа тастап, Торғайдың Дубайы деп аталатын Құмкешуге де келіп жеттік, бұл жер Арқалық-Торғай трассасының Торғай бағытындағы шамамен 180 шақырымында орналасқан. 

Жалпы, біз көбінесе Құмкешу құмдары туралы білеміз, негізінде жақын маңда Құмкешу атты ауыл және энеолит дәуірінің тарихи ескерткіштері ретінде белгілі қазылған қоныс та бар.

Аталған жерден жиырма мыңнан астам кремнийден жасалған заттар, көптеген қыш бұйымдар табылған. Дәл осы жерден Терсек дәуірінің 11 қонысының орны да ғылым үшін құнды. Айтқандай, 1917 жылғы 21 ақпанда Амангелді батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылар Құмкешуде патша әскерінің жазалаушы отрядтарына соққы берген болатын.

Тағы бір қызық дерек: Құмкешуде 22 әулие-әмбие жатыр екен. Қазақ жерінің әр төбесі, әр адыры сонысымен құнды. Ал Құмкешу құмы – табиғат-ананың кереметі. Бар болғаны 2-5 шақырым жерді алып жатқанымен, Сарыарқа жерінде кездесетін нағыз керемет құбылыс!

Құмкешу Қостанай облысы Амангелді ауданының аумағында орналасқан.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылардың қару-жарақтары. А.Иманов атындағы мемориалдық музей

Бұл жерде 10-15 минут аялдап, келесі бағытымыз Айтпай ауылы қайдасың деп жолға тарттық. Айтқандай жол бойы болса да арнайы тоқтап кідіруді қажет ететін жер – Үрпек ауылы.

Алла сәтін салса оған да жетіміз деп жүрміз.

Қонақжай қазақ шаңырағында

Әлқисса, Арқалық-Торғай трассасының бойымен келе жатырмыз, шамамен Арқалықтан 191 шақырым қашықтықтағы Айтбай ауылына да келіп тоқтадық. Мұнда Зекен деген туыс ағамыз тұрады. Ол кісінің үйіне соғып, аман-саулық сұрастық. Ағайындар дастархан басына шақырды. Бауырсақ пен қаймақты соғып алдық, бір сапар кеседен қымыз іштік те рахметімізді айтып, Тоқанай ауылына бағыт алдық.

Амандық ӘМІРХАМЗИН

Жалғасы бар...

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?