Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Кенесарының көзіндей

3448
Кенесарының көзіндей - e-history.kz
Қазақ Ордасының ең ақырғы ханы Кенесары тұтынған заттардың сақталғаны көп емес. Кенесарының мылтығы, сауыты, қылышы, ас ішкен табағы...

Кенесарының қылышы

Солардың бірі – музей қорындағы құнды мұра деп есептелетін қызыл қынды қылышы. Атақты ханның қылышы туралы көп жазылды, оның ішінде Кенесарыны жүйелі зерттеп жүрген жазушы Думан Рамазанның деректеріне ден қоямыз. «Кенесарының қылышы» атты зерттеу мақаласында автор мылтық пен сауыттан айырылып қалғанымызға қынжылады да, ханнан қалған қылыштың музейге тап болу тарихын тәптіштеп баяндайды.

Қылыштың жайын хан ұрпақтары біледі-ау деген оймен Напуса Кенесаринаға хабарласқан ол расында да Оңтүстік Қазақстан облыстық музейінде жәдігердің сақталғанын айтады. Қылыштың құжаты да бар екен, онда  «152.8-VI-1931. Подарок внука К. Касымова — Азымхана Кенесарина. Сабля, принадлежащая султану Кенесары Касымову. Кривая, с ножными из кожи, рукаятка из кости. Материал железа. дл. лезвия 70 см. дл. рукаятка 15 см. Старая, ржавая» деген дерек келтіріледі.

Қазақ хандарының көне келе жатқан дәстүріне сай хан қаруы кіндігінен тараған ұрпағына, оның ішіндегі ең лайықты санағанына тапсырып отыру әдеті болған. Сол секілді Кенесары отбасында да осы дәстүр берік орнағанға ұқсайды, себебі қылыштың ендігі мұрагері Әзімхан Кенесарин болып шығады. 1841 жылы ақ киізге көтерілген қазақтың соңғы ханы 1847 жылы қазаға ұшырағаны ұлт тарихынан белгілі. Ол дүниеден озғанда екі әйелінен 8 ұл қалған, соның Күнімжаннан көрген ең кенжесі Ахмет 5 жаста болыпты. Ал Ахмет осы – Әзімханның әкесі болатын.

 

Кенесары ас ішкен табақ

Кенесарыға қатысты екінші дүние – ас табақ. Тікелей «ханның астабағы» дегеннен гөрі «Кенесары ас ішкен табақ» деп түсінгеніміз орынды. Бұл жәдігерді сақтап отырған белгілі жазушы Кәмел Жүністегінің ойы да осыны меңзейді.

Мұра иесі К. Жүністегінің журналист Қарашаш Тоқсанбайға берген сұхбатында Кенесары хан Шет өңірінде жүрсе, Дінасыл есімді қожаның үйіне түстенгенді жөн көргенін айтады. Бүкіл қазақты соңына ерткен хан қожаға сенім білдірген және қожа да Хан Кенені өзгеден артық құрметтеген. Сондай-ақ сол кезеңдің ірі дөкейлері Жанғұтты би, Шортанбай ақын, Қара есімді мықтылар Кенені кезек-кезек үйлеріне шақырып қонақ қылған. Жанғұттының шаңырағында қалған осынау табақтың жайы кейін ұрпақтарының тағдыры арқылы белгілі болып отырады. Жылдар ауып, ХХ ғасырдағы байларды қуғындау, оқығандарды қудалау процесі жүргенде жанғұтты бидің немересі Қарғажанның да басына күн туып, шетел асуға бел байлайды. «Содан менің немере əкем Көпжанға түн ішінде келіп: «Көпжеке, мына менің бабамның табағына сізден басқа ешкімнің ие бола алмасына көзім анық жетті» деп өз қолымен табыстайды» дейді К. Жүністегі.

Көпжан ұрпақтары буын-буыннан мирас болып сақталған табақтан кейінгі жылдары көз жазып қалады. Содан жоқ іздеу басталып, сұрастыра жүріп жазушы К. Жүністегі табаққа қол жеткізгенін айтады. Қазір бұл мұра жазушының қолында сақтаулы көрінеді.

Дайындаған Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?