Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Қожаберген Жәнібекұлы

2376
Қазақ батырларының тағдыры. Қожаберген Жәнібекұлы - e-history.kz
Абақ Керейдің Шыбарайғыр руының ұраны болған Қожаберген батыр Жәнібекұлы жоңғар, мәнжі-қытай шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерен ерліктің үлгісін көрсете білген тарихи тұлғалардың бірі.

"Абылай заманы – қазақ батырларының дәуірі" деп ғалым Шоқан Уәлиханов айтқандай, осы кезеңде өмір сүрген батыр, сардар әрі елші-дипломат Қожаберген Жәнібекұлы жайлы деректер орыс, қытай мұрағаттарында өте көп сақталған. Тарихи мұрағат деректерінде Абақ Керей руының басшысы Қожаберген батырдың ауылы 1744 жылы Чар-Гурван (қазіргі Шар) өзені бойында жоңғар қарауылдарына жақын орналасқаны [1], 1751-1752 жылдары Ертіс өзенінің жағасында Есілдің қосылар тұсында қыстағаны [2, 114 бет], 1758-1767 жылдары Тарбағатай өлкесі, Зайсан ойпатын [3] мекендегені жазылған. Қожаберген батыр бастаған керей рулары көші 1750 жылдардың өзінде-ақ Хабарға-Базар өзеніне жеткен. Қарғыба, Базар қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы өзендер атауы. Сонымен қатар, осы деректе қазақтың шығысқа қарай жөңкілген көшінің авангарды – керейлер екені айтылады [4, 175 бет].

Қожаберген батырдың саяси-дипломатиялық және қолбасшы батырлық портреті 1742-1767 жылдар аралығындағы тарихи мұрағат құжаттары негізінде айқындалады.

Ресей патшалық деректерінде 1745 жылы маусымның 30 күні Әбілмамбет ханның Орыс патшасының құпия кеңесшісі, Орынбор губернаторы И. И. Неплювке жазған хатын Орынбор қаласына Орта жүздің батыры Қожаберген жолдасы Киікбай батырмен бірге апарғаны жазылған [5, 87 бет].

1751 жылы күзде жоңғар ханы Лама Доржыға қарсы жоңғар нояндары Даваци, Әмірсана, Баньжурлар ауылымен көшіп келіп Абақ Керейдің басшысы Қожаберген батырдың елін паналаған. Осы жағдайға байланысты Қожаберген батыр жоңғарлардың нақты жағдайын анықтау үшін арнайы тыңшы жібереді [2, 94 бет]. Даваци, Галдан Серен билік еткен соңғы жылдары Чар-Гурван (қазіргі Шар) өзені маңын мекендеп, Жоңғар хандығының солтүстік аймақтарын қорғап, Сібірден Құлжаға баратын орыс керуендерін өткізуге жауапты болды [6, 377 бет]. 1744 жылы желтоқсан айында қазақтарға келіп қайтқан жоңғар елшісі Наурыз Хазының қайтар жолында жанында жүрген орыс офицерінің мәлімдемесінде Қожаберген батыр ауылы Чар-Гурван (қазіргі Шар) өзені бойында жоңғар қарауылдарына жақын орналасқаны айтылады [1]. Сондықтан Даваци бастаған жоңғар нояндарының шекаралас отырған қазақтарға қашып келіп паналауы көп қиындық туғызбаған. Жоңғар нояндары Қожаберген батыр арқылы, Абылайға адам жіберіп Лама Доржыға қарсы одақтасуды ұсынады. Жоңғарияның әліде әлді кезі болатын сондықтан келер жылғы хан кеңесіне дейін қашқын нояндарға әскери көмек берілмей тек қазақ жерінде тұруына рұқсат етіліп, жайылымдық жер, азық-түлік, көлікпен қамтамасыз етіледі. Жоңғариядағы жағдайды бақылау үшін Қожаберген батыр бастаған қазақ елшілері Лама Доржыға жіберіледі [7, 390 бет]. Кейін жоңғар ханы қазақтарға елші жіберіп, қашқын нояндарды ұстап қайтаруды талап етеді. Сол жылы қыста Даваци, Әмірсана бастаған жоңғар нояндары Абақ Керей басшысы Қожаберген батыр ауылдарымен бірге Ертіс өзенінің жағасында, Есілдің қосылар тұсында қыстаған [2, 114 бет].

1752 жылы жазда Ұлытауда өткен хан кеңесінде Жоңғариядағы жағдайды пайдаланып, жоңғар нояндарын еліне қайтармай Лама Доржыға қарсы жорыққа шығу қабылданды. Абылай сұлтан бастаған қазақтың басшылары қашқын нояндарды қайтармаған соң, жоңғарлар қазақтарға қарсы жорыққа шығады. Бұл жорық туралы орыс елшісі, капитан А. Яковлев 1752 жылы 13 қазанда Тобыл сыртындағы Арақарағай деген жерде Абылайға кезіккенде. Абылай оған өздерінің жоңғарларға қарсы соғысқа қамданып жатқанын, соның алдында ғана жоңғарлар Орта жүздің бірнеше ауылын шауып кеткенін айтады. Сайын Бөлек пен Cадыр бастаған 3 мың жоңғар әскері Ұлытау мен Кішітаудағы уақтарды, Жыланды бойындағы наймандар мен керейлерді шауып көп малды, 3 мың қазақты айдап әкеткенін айтады. Жоңғар қолына түскендердің арасында уақ-керейдің Баян батыры ұлымен, ақ найман Әжібек батыр бар. Абылай олардың соңынан Абақ Керейдің батырлары Қожаберген, Қошқарбай, Досымбек бастаған қуғыншы жасақ жіберген. Қазақтармен бірге жоңғар нояны Даваци бастаған 200 дей жоңғарларда соңынан кеткен. Қуғыншылар жаудың соңынан жетіп, жауды жеңіп. Тұтқындар мен қолды болған малды айырып алып, жоңғар шебіне жақын Баянтау деген жерде тоқтап, еру болған... [5, 73 бет].

1752 жылы қараша - 1753 жылы қаңтар аралығында Абылай бастаған қазақ қолы Ертісті өрлей – Давацидың қарсыластары дөрбеттерге соққы беріп, ал Даваци мен Әмірсана, Қожаберген батыр бастаған біріккен қол Жоңғарияның астанасы Құлжаға бет алып Лама Доржы ордасын шапты. Жоңғар ордасындағы таққа таласты пайдаланған Абылай бастаған қазақ елінің басшылары сәтті жеңіске жетті.

1755 жылы Әмірсана мәнжі-қытай әскерімен бірге жоңғар тағына отырған Давациды тақтан тайдырады. Әмірсананы жоңғар ханы болғызбай тек хойд тайпасының басшысы ретінде қалдырып, Жоңғария толық мәнжі-қытай билігіне өтеді. Давациды құртып өзі жоңғар ханы болуды армандаған Әмірсана 1755 жылы тамыз айында Үліңгір маңында Цин патшалығына қарсы көтеріліске шығып Құлжадағы әскерін жеңеді. Осы себептен Цин патшалық армиясы 1756 жылы наурыз айында екінші мәрте Құлжаға басып кіреді. Мәнжі-қытай әскерінен жеңілген Әмірсана бастаған жоңғарлар тағы бір мәрте қазақтарды паналап, олардың көмегін сұрайды.

1755 жылы тамыз айында қазақ жеріне, дәлірек айтқанда орталық Қазақстанға қытай әскері басып кіруі мүмкін екенін болжаған Абылай алдын-ала дайындық жасап, Сібір шебінде дайын тұрған қазақ әскерлерін шығысқа қарай топтастырды. Қожаберген батырмен Құлеке батыр өздері, ал Құлсары батырдың қолын Қарғабай батыр бастап, Ертіс бойындағы Жәміш, одан әрі Железин бекіністерінің тұсынан өтіп барып, шығыстан келуі мүмкін қытай-шүршіт әскерлерін күтті. Бұл соған байланысты стратегиялық шоғырлану еді [8, 456 бет].

1756 жылы мамыр айында Әмірсана абақ-керей руының басшысы Қожабергеннің жеріне жетеді. Қожаберген Абылайға адам жіберіп, Әмірсананың келгендігін хабарлайды. Абылай Қожабергенге: "Әмірсана сенде тұра берсін. Мен сонда барып кезігермін. Шүршіттердің армиясы келіп жатса, мен өзім қол бастап сендер жаққа барармын" – депті [3, 25-26 бет]. Әмірсананың Қожаберген батырға барып паналағандығын қытайдың мұрағат құжаттары растайды.

1756 жылы 12 тамыздағы мәнжі тіліндегі құжатта қытайлар қазақтың Шұлық және Аралбай деген екі адамын ұстап алып жауап алған кезде, олар Әмірсананың Қожаберген батырмен бірге жүргенін және қол жинап соғысқа дайындалып жатқанын мәлімдейді. Сонымен қатар шілде айында қытай елшілері Қожабергеннің жеріне жеткендігін. Сонда Қожаберген Абылайға адам жіберсе, Абылай "Елшіні маған жібермей өз жеріңде тұрғыза бер. Мен өзім барып онымен кездесіп, ақылдасайын" дегенін естігенбіз дейді [3, 120 бет]. Қожаберген батыр, Әмірсанамен бірге 2000 сарбазды бастап қытайларға қарсы шыққан. Сондай-ақ Қожаберген Әмірсананы азық-түлік, көлікпен қамтамасыз еткен [3, 112-116 бет].

Абылай хан Жоңғар мемлекетінің соңғы билеушілерінің бірі – Әмірсанаға көмек көрсеудегі мақсаты олардың өзара таққа таластарын ұтымды пайдалана отырып, жоңғар елін әлсірету, қалған бөлігін Цин империясы аралығындағы буферлік мемлекет ретінде ұстауды көздеді. Жоңғар хандығын талқандап Әмірсананы ұстауды желеу етіп Цин патшалығының әскері "Батыс бағыт" және "Солтүстік бағыт" боп қазақ жеріне басып кірді. Батыс бағытының құрамына кіретін Фу Де генералдың әскері қазақтарға бірінші кездесті. 1756 жылы мамыр айында қытайлықтар Шаған Оба маңында Танғутай тайшыны қуып жүріп, қазақтың мыңдығымен қақтығысқа түсті. Осыдан кейін-ақ қанды шайқастар басталып кетті. Қазақтар қаша соғысып, қытай әскерін соңына ерте Сарыарқа төскейіне қарай шегіне берді. Фу Денің императорға жазған хатында: "Екі ортада он бір соғыс болды" – дейді.

Астана қаласындағы

ҚР ҚК Әскер-тарихи музейіндегі шапаны

1756 жылы 3 шілдеде Қожаберген мен Әмірсана бастаған жасақтар Дардана есімді генерал бастаған шүршіт әскерлерімен Есіл жерінде соғысады, Сонымен шамалас мерзім ішінде (екі күннен кейін), Баян тау жерінде Абылай бастаған қазақ әскерлері цин генералы Хадаха бастаған шүршіт күшімен шайқасты [3, 29 бет].

1756 жылы 27 қыркүйектегі қытай генералы Хадаханың мәлімдемесінде: қазақ сарбазын тергеу барысында "Мұнда әскер бастап келген – Абылайдың өзі. Ол алдын-ала 1000 әскер бастап келіп отыр. Ал Әмірсана мен Қожаберген де 1000 әскер бастап батыс бағытындағы армияларыңды іздеп кеткен" – деген жауап алады [3, 136 бет]. Батыс бағыт генералы Дарданада сол кезде Қожаберген мен Әмірсана бастаған мыңдыққа қарсы соғысқанын Цин императорына мәлімдейді. Хадаха әскери кеңеске жазған хатында "сонымен бірге біз Абылайдың Бөгенбай бастаған жасағымен де шайқастық" – деген мәлімет береді. Осы хатта Хадаха Қожабергеннің Әмірсананы ертіп Нияз тауына бекінгенін жазады [9, 110 бет].

Абылай мен Әмірсананың тұтқиыл шабуылынан сақтану мақсатында қытайлар әскери пошта мен қарауыл бекеттерін орналастырып жүйелі түрде бақылап отырды. 1756 жылғы 25 қазанда Цяньлун жылнамасында жазылғандай, Қожаберген, Қабанбай есімді екі басшы 500 әскер бастап, Серкіс қарауыл бекетті мен Айхас сынды 4 қарауыл бекетін тонап, одан әрі Қасулақ деген жерде шабуыл жасалғаны айтылады [3, 125 бет].

1756 жылыдың күзінде Қарқаралы-Қазылық маңында Жарлы өзенінің бойында ауыр шайқастар болды. Қазақ қолын қуып жетемін деп бірнеше ай бойы соғысып еш нәтиже шықпай Сарыарқаның төріне жеткен қытайдың екі қолбасшысының біріккен қолы Арқаның сарышұнақ аязына ұшырап арықарай әрекет етуі қиындады. Ал жарау атқа мінген қазақтың жанкешті жігіттері шетке шыққан қытайдың қосындарын баудай түсіріп қырып тастап отырды. Бұл саны көп жауды тойтаруға арналған Абылай сұлтан, Қожаберген батыр бастаған қазақ батырларының арнайы жоспары еді. Қазақ пен қытай әскері арасында соңғы шешуші соғыста қазақтар жеңіске жетіп, Шідерті өзенінің жоғарғы ағысындағы жерлер уақыт өте келе "Шүршіт қырылған", "Қанды адыр" аталды [10, 8 бет]. Селенгі бекінісінің коменданты бригадир В. В. Якоби бұл қырғын туралы "Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мыңынан Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып келді" деп жазады.

1756 жылғы соғыста беті қайтқан қытай әскері келесі жылы қазақ жеріне қайта келетіні туралы хабар алып отырған Абылай сұлтан қыс бойы мәнжі-қытай басқыншыларына қарсы қорғанысқа дайындалды. Елдің шығыс шекарасына әскер күштерін топтастырып, халықты батысқа қарай қауіпсіз мекендерге көшірді. Қытай әскерлері жоңғар жерін қанға бөктіріп, қазақ жеріне қарай Фу Де және Жаохуэй (Чжао Хао) деген генералдардың қалың қолы келе жатты. Абылай сұлтан, Қожаберген, Құлсары, Құлеке батырлар алты мың қол жинап, маусымның басында Баянауыл тауларын бетке алып жорыққа аттанды. Осындай ел басына қатер туған сын сәтте Абылай хан кеңесін шақырды. Кеңесте Абылай "Қытаймен татуласып бітіспесек болмайды. Бұл соғыста қырғыннан басқа ештеңе таппаспыз" – деген пікірін айтады. Қазақ көсемдері, билер мен батырлар қолдап, Қытаймен келіссөзге Әбілпейіз сұлтан бастаған елшілік жасақтауға ұйғарылады [5, 77-78 бет]. 1757 жылдың күзінде қытай мен қазақ арасындағы саяси қарым-қатынас қалыптаса бастады. Қазақ батырларының арасында қытайлармен ең алғаш қарым-қатынасқа түскен Абақ Керей елінің басшысы Қожаберген батыр еді.

1757 жылды 20 тамыз күні Қытай шекара әскерінің генералы Жаохуэйдің (Чжао Хао) Нарит асуына жіберілген қарауылшылары "Қазақ Қожаберген мен Қара Барақ 700 әскер бастап  цзянцзюнь-ұлықтарымен кездесуге келе жатыр екен" деген хабар алады. Келесі күні Жаохуэй Қожабергеннің ұлы Байтайлақ пен Қара Барақтың інісі Мәми бастаған қазақтармен Үржар өзенінің бойында кездеседі. Қазақтың жас батырлары өздеріне тансық қытай дипломатиясымен алғаш рет арбасты. Байтайлақпен сұхбаттасқан Жаохуэй: «Қожаберген мен Қара Барақ – сендерде Абылайдан кейін іс атқаратын мәртебелі адамдар екен» - деп, олардың алдынан шығып сәлем беруге әскер жібереді.

ҚХР, Алтай аймағы, Қаба ауданындағы музейіндегі сауытының жұрнағы

1757 жылы 22 тамызда Жаохуэй жіберген Наваң мен Сахатай, Нарит асуының бас жағындағы Яр (Үржар) өзені жеріне жетіп Қожабергендермен кездескен. Өзара амандасып болған соң Қожаберген былай деген екен: "Армияларыңның жоңғарға қарсы жорық жасап келе жатқанын білеміз. Біз 10000 әскер бастап, Лепсі мен Шағантоғай сынды жерлерде тығылып жүрген жоңғарларды олжалауға келдік... Жолда біз Абылайдың Еженмен қарым-қатынас орнатқанын біліп, әскерімізді Аягөздің арғы жағына қайтарып, бірнеше жүз адамды бастап ұлықтарыңмен жүздесуге келдік" – дейді [3, 160-165 бет].

1757 жылы 23 тамызда Қожаберген мен Қара Барақ батырлар өздеріне қарасты 60-тан астам адамдарын бастап Жаохуэй мен Фуденің әскери лагеріне барған. Кездесу барысында екі жақ бір-бірінің тамырын басып, өздерінің маңызды деген талаптарын қойған. Құжаттың мәлімдеуіне қарағанда, Жаохуэй сындылар осы тұңғыш реткі кездесуде "Әмірсананы бізге тапсырсаңдар, біз бұл жерден шегінеміз" дегенді айтқан екен – осыдан Қожабергеннің әу бастан-ақ Цин патшалық күшіне "Бұл біздің жеріміз, сендер кері шегінсеңдер" деген талапты қойғандығын, ал осы кезеңдегі Цин билеушілері үшін Әмірсананы қолға түсіру ең маңызды іс есептеліп, ол үшін қазақтардың талабын мақұлдауға дайын екендігін білуге болады [3, 46 бет].

1757 жылы 24 тамызда қытай генералдары Жаохуэй мен Фуде, Қожаберген мен Қара Барақ бастаған қазақ батырларына ресми қонақасы береді. Осы жолы 130-дан астам қазақ келген [3, 47 бет]. Қожаберген батыр бастаған қазақтармен кездесіп, батырлардың құрметіне қытай басшылары ас беріп, әскери сайыс ұйымдастырып сый құрмет көрсетті. Қожаберген мен Қара Бараққа қытай генералы Жаохуэй арнайы «сенім хат» жазып береді. Осы кездесудің негізінде қазақ-қытай бейбіт қатынасының негізі қаланды.

1757 жылы тамыздың 26 күні қытайдың шет аймақтарды тыныштандыру армиясының генералы Жаохуэй патшаларына жолдаған хатында: өзінің Қожаберген, Қара Барақ секілді қазақ батырларымен кездескен кезде оларға Әмірсананың өте зұлым адам екенін, сондықтан император оны тұтқындау туралы бұйрық түсіргенін, егерде қазақтар Әмірсананы ұстап берсе сол адамға көп мөлшерде сыйлық берілетінін және оны іздеп, артынан қуып келе жатқан әскерлердің қазақтарға тиіспей қайта шегініп кететіні туралы мәлімдепті. Сондай-ақ қытай генералы Әмірсананың Қожабергенді "әке" деп танитынын, екеуі серттескені туралы сұрағанда, Қожаберген батыр: Әмірсананың өзін паналап келгенін, тіпті "әке" деп атайтынында растай келе, онымен бірлесіп мәнжі-қытай әскеріне қарсы соғысқанында айтады [3, 165-170 бет]. Әмірсана мен Қожаберген батырдың анда дос болғандығы туралы аңыз әңгімелер көп. Соның бірі:

"Баласы Жәнібектің Қожаберген,

Бәйгеге тай қоссада оза келген.

Әмірсана батырмен бәстескеде,

Көзге атып құралайды болған мерген" – деген жыр жолдары [11, 84 бет].

1757 жылы 30 қыркүйекте Железин бекінісінен түскен мәлімдемеде: ...Өзеннің дала жағынан кімдікі екені белгісіз көп әскер көш түрінде көшіп келіпті... Сол әскерден алты салт атты адам, екеуінің мылтығы бар, келіпті. Исет Мұратов деген татар арқылы Захарин сұрап білсе, олар былай депті: «Біз Абылай сұлтан әскеріміз, басшымыз Қожаберген батыр. Бір мың түндікпен Ертісті жоғары бойлап көшіп барамыз. Бұл жерде екі күн тұрамыз да, Осморыж бекінісіне және одан әрі Құлсары батыр әскеріне қосыламыз. Оның он мың әскері бар, Ертістің жоғарғы ағысында тұр»... [8, 503 бет]. Бұл Цин патшалығымен келісімге келген соң, қазақ руларының әскери тәртіппен Ертісті өрлей шығысқа көшкен көші еді.

1758 жылы 27 қаңтардағы Шундененің патшаға жазған мәнжу тіліндегі хатында: ...патшаның бұйрығы бойынша Абылай мен Қожабергенге сыйлауға тиісті айдаhар бейнесімен айшықталған торқа Бейжіннен бері жіберілмеген. Аталмыш торқалар келмеген соң, Цин ұлықтары Жаохуэй мен Фуде, Бөркөл жеріндегі әскери қоймадан 6 топ айдаhар бейнесімен айшықталған, 8 топ жай торқа алдырып, Абылай мен Қожабергенге сыйлау үшін шекара басшыларына жібереді. Сыйлықтар Шундене, Нұсан сынды шекара әскер басшыларына жеткенде, олар сол торғын-торқаны бөліп екі адам емес, бес адамға, яғни Абылай, Қожабергенмен бірге Әбілпейіз, Қабанбай және Дәулетбай сынды қазақ билеушілеріне сыйға тартқандығын мәлімдейді [3, 190-192 бет].

Қытай елшілеріне Абылайдың өзі жаздырған 1758 жылғы ақпан айындағы Қазақ ру-тайпаларының отбасы саны туралы тізім дәптерде (мәнжу тілінде): «Абақ Керейдің 1000 отбасы Қожаберген батырдың билігінде» деп көрсетілген.

1758 жылы 24 наурыз күні Қожаберген батырдың ұлы Қалыбай Ертіске, Бурышын өзені құйылатын жері маңында Хошоци сынды Цин қолбасыларымен кезігіп, мынаны айтқан: «Қожаберген 1000 сарбазды бастап Ертіс пен Аярақ көліне дейінгі жерді барымталап шықты. Жорықта қолымызға түскен тұтқындар мардымсыз болды да Қожаберген ауылына қайтып кетті. Ол «ұлық патшамен дидарласуға барған елшілеріміз жақында қайтып оралар» деп 11 адамнан құралған бізді Қара Ертіс пен Қу Ертіс жерлеріне жіберіп, қайтып келе жатқан елшілерімізді күтіп алдырмақ болды. Біз Үріңгіден кіріп сіздердің іздеріңізді қуып осында келіп қалдық»... Қалыбай Цин қолбасшысына тағы: "Біз былтыр 12-айда ауылымыздан шыққамыз" дегенді айтқан [3, 199-200 бет]. Осы деректерге қарағанда, Цин ұлықтарымен бейбіт қарым-қатынас келісіміне келгеннен кейін 4 ай өткен соң Қожаберген батыр әскер бастап жоңғарларға қарсы үлкен жорыққа шыққан. Іс жүзінде, осы реткі Қожаберген батыр бастаған әскери жорық қазақ елінің жоңғарларға қарсы жүргізген аса үлкен көлемдегі әскери операцияларының бір бөлігі еді.

1758 жылы 23 наурызда жазылған Железин бекінісінің комендантынан атты деректемеде: Кіші Керей болысының Қожабергенге қарайтын ұлысы, оның қарауында Болпақ, Ханғали: Кереку бекінісінде тұтқында болған алты адамды қабылдап алды. Бұлар шекара шебінің ішіне рұқсатсыз мал баққан Құдайберді Сағындық, Табал Рысбай, Тебен Сағындық, Баймырза Аламан және Алтай болысының азаматы Керейбай Кәріпжанов, Керей болысының қазағы Қонысбай.

1758 жылы 29 наурызда жазылған Железин бекінісі комендантынан:

К.Л. Фрауендорфқа майор Кондырев жазған құжатта орыс бекінісінің жеріне қазақтардың малы түскені үшін олардың иелерін тұтқынға алғандығы туралы айтылады. Тұтқындағылар Қожаберген батырға қарайтын ауылдардың адамдары екен. ...Наурыздың 2 күні Ертістің арғы жағынан мылтықсыз төрт адам келді. Кіші Керей болысы Қожабергенге қарайтындар екен. Ішінде Ханғали Қойбас және Мәнгел Қонысбай деген ақсақалдары бар. Олардың Болпақ Қойбас, Өтел Қойбас жіберіпті. «Осында тұтқында жатқандарды тез босатыңдар, неге ұзақ ұстайсыңдар, олар кісі өлтірген жоқ қой, - депті. Жылқы табындарын шекара ішінен айдап әкетсек те, босатпапсыңдар». Біз оларға: «жоғары жақтан нұсқау келсе, босатамыз» - деп айттық. Қонысбай айтты: «Енді төрт күнде босатпасаңдар, шабамыз, кісілеріңді алып кетеміз», - деді. Біз осындай сөздері үшін оны тұтқынға алдық. Ол: «Мені қамасаңдар ертең 20, бүрсігүні 100 кісі келеді» - деп қоқан-лоққы жасады. ...23 наурыз күні Кіші Керей болысының ақсақалдары Болпақ Қойбас, Ханғали Қойбас қарусыз, аз кісі болып келсе Қожабергенге кісілерін қайтарамыз дедік (Құжатта бұл қазақтардың төрт мылтығы бар екендігі айтылған) [8, 533-534 бет].

1758 жылы 9-қазандағы Нұсанның қазақ Қабанбайдың ұлымен жылқы саудасын жасағандары туралы мәлімдемесінде (мәнжу тілінде): «...Біздің ұғысуымыз бойынша, Қабанбай – Орта жүзінің Қожаберген сынды 4-5 адамының ішіндегі мәртебесі биіктеуі. Былтыр патшаның құлдары Шундэна мен Нұсан мәлімдеме жазып, [патшадан] рұқсат алып, патшаның Абылай мен Қожаберген екеуіне сыйлық ретінде берген оқалы тон тігуге арналған молун торқасының біразын Қабанбайға бөліп бергеннен соң, патшаның шапағатына бөленген Қабанбай риза болды... Бұдан тыс, Наван әлі Қазыбектің жерінде болып, Абылайға кезіге алмапты. Бұл туралы біз патшаның құлдары, былай деп ойлаймыз: Наван Абылайдың өзімен кездесе алмағанымен, Абылайдың бауыры Әбілпейіз және Дәулетбай, Батыр, Қожаберген сынды адамдардың барлығы біздің шекарамыздың маңында тұрады, сондықтан Наван соңғы аталғандармен де кездеспей қалмас» - деп хабарлаған [12, 40-41 бет].

1758 жылы желтоқсан айында Қара Барақ пен Қожабергеннің ұлы Қалыбай 1000 әскер бастап жоңғарларды жою мақсатында жорыққа шыққан [3, 221-222 бет]. Құжаттағы айтылған хабарға қарағанда, олардың осы реткі жорықтары бір-біріне жалғасты мынадай бағыттарда болған: бірінші бағыт Тарбағатай, Ертіс, Зайсан көлі, Шаған Оба, Үліңгір, Жиделік. Екінші бағыт Жиделік, Еренқабырға өңіріндегі Манас жері. Үшінші бағыт Манас, Іле өзені, Бұратала, Көксу, Қаратал, Аққоңыр Қарағай, Гурбан Башай, Барлық, Жәйірдің Шилі жері, Орқашар. Жоғарыдағы мәліметтер мынаны көрсетіп тұр: 1758 жылдың соңындағы Қара Барақ пен Қожабергеннің ұлы Қалыбай бастаған қазақ жорығы Жетісу, Тарбағатай және Жоңғарияның батыс бөлігін қамтитын үлкен аймақта жүргізілген. Осы жорықтардың басты мақсаты – қазақтар атамекендері шығыстағы жерлерден қалмақтарды жойып, қазақ қауымын сонда оралуына мүмкіндік тудыру еді.

Қытай мұрағаттарындағы құжаттарда Қожаберген батырдың Абылай, Қабанбайлармен бірге алғашқылардың бірі болып қытай елімен сауда қарым-қатынасын орнатқаны айтылады. Бұл сауда "жылқыға-жібек" деген атпен тарихта қалған. Қазақтар мен Цин патшалық ұлықтары арасындағы сауда-саттық ең алғаш 1757 жылы 24 тамызда Цин генералдары Жаохуэй мен Фуде, Қожаберген мен Қара Барақ батырлар бастаған 130-дан астам қазақтарға ресми қонақасы беріп келісімге келгеннен кейін, өз әскери лагерінде ұйымдастырған айырбастау сауда жәрмеңкесінде жүзеге асады. Жәрмеңке екіге бөлініп тұрған цин әскери лагерінің ортасында болып: қазақтар саудаға 200-ден астам жылқы салып, өздеріне керек заттар алған. Кейін Абылай, Әбілпейіз, Қабанбай, Қожаберген сынды қазақ көсемдері қытай жағына «келешектегі сауда орыны Үліңгір және Қызылбас көл сияқты жерлерде болса» деп талап қойған. Алайда Цин патшалығы бұл талапты қабылдамай, Үрімжіні сауда орыны етіп таңдаған. Сөйтіп, тек қазақтарға арналған сауда жәрмеңкелері кейін келе көп реткі қазақтардың талабымен Құлжа, Шәуешекте ашылып, Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы халықаралық сауда қарым-қатынасы жарты ғасырдай уақыт бойында жанданып тұрған.

1759 жылы 11-тамызда Үрімжіге саудаға келу жөнінде Қалқаның орынбасар цзянцзюні Цэбдэнжабтың жолдаған мәлімдемесі (мәнжу тілінде): ... Біз, патшаның құлдары, оған былай дедік: «Осыдан бұрын біздің Жаохуэй есімді цзянцзюніміз сіздердің Абылай, Әбілпейіз, Ханбаба, Қабанбай, Қожаберген және Дәулетбай қатарлы адамдарыңызбен ақылдасқаннан кейін барып Үрімжіде сауда базарын ашу жөнінде патшамызға мәлімдеме жазған. Былтыр, патшамыз ол істі құптаған соң Үрімжіге көп мөлшерде тауар апарылып базар ашылған» [12, 60-61 бет].

1759 жылғы 26 тамыздағы «Қазақтар Үрімжіге саудаға бара жатыр» деген мазмұндағы Цебденжабтың мәнжу тіліндегі мәлімдемесінде: Біз, патшаның құлдары Цебденжаб қатарлылар, патша ағзамға тағзым ете отырып осы мәлімдемелерімізді жібердік. Патша ағзам мұндағы айтылған іс туралы хабар алғай. Осыдан бұрын біз, патшаның құлдары, патша ағзамның Үрімжідегі сауда жүргізу туралы түсірген бұйрығын Абылай мен Әбілпейіз қатарлыларға жеткізу мақсатында арнайы хат жазып, Қара-Барақ арқылы жолдап жібергенбіз. Қожабергеннің інісі Қазыбек және Өмір батыр қатарлы 260-дан астам адам жалпы саны 2400-ден астам жылқыны айдап, ілгері-кейінді біздің лагерлерімізге келіп, «сауда жасасақ» деген тілектерін білдірді. Біз оларға: «Бұл жер әскери лагер, саудаға жарайтын зат жоқ. Қазір Үрімжіде үлкен базар ашылды. Сіздер сонда барып сауда жүргізіңіздер... » [12, 62-63 бет], деп жол бастаушыларын қосып беріп олардың Үрімжіге қарай аттанғанын жазады.

1761 жылы 17-наурызда жазылған деректе:

... «Сауда жасауға екі топ қазақ келді. Құралбай қатарлы 13 қазақ Қожабергенге қарасты екен, өздерінің мінген және жүк тасыған көліктерін қосқанда олар 90-нан астам жылқы әкепті; ал Матан қатарлы 90-нан астам қазақ Абылайға қарасты екен, өздерінің мінген және жүк тасыған көліктерін қосқанда олар 700-нан астам жылқы әкеліпті. Оларды әрі қарай Үрімжіге Вешеңге бастап әкетті» [12, 113-115 бет] деген мәлімет берген.

1764 жылы 11 ақпанда Үрімжідегі Жіңгери қатарлылар өздерінің қазақтармен арадағы сауда туралы хатында патшаларына: ...Былтыр 12-айдың 21-күнінен биыл 1-айдың 3-күніне дейінгі аралықта арт-артынан Қожабергенге, Әбілмәмбетке және Абылайға қарасты Жігіт қатарлы төрт топ, жалпы саны 80-нен астам қазақтар келді. Өздерінің мінген және жүк тасуға арналған көлік малдарын қосқанда олар жалпы саны 500-ден астам жылқы әкеліпті [3, 310 бет], деп. Саудаласу нәтижесінде 344 жылқы айырбастап алғандарын мәлімдеген. Жіңгеридің 1764 жылы 25 ақпандағы хатында: 1-айдың 7-күнінен 21-күніне дейінгі аралықта Абылайға, Қожабергенге және Қара Бараққа қарасты Тұйғын бастаған жалпы саны 110-астам қазақтар 700-ден астам жылқы әкеліп [3, 314 бет]. Саудаласу нәтижесінде 523 жылқы айырбастап алғандарын мәлімдеген.

1764 жылы 27 қырқүйек Үрімжідегі Чокто қатарлылар өздерінің қазақтармен арадағы сауда туралы хатында патшаларына: ...Былтыр 7-айдың  27-күні Қожабергенге қарасты Жанұзақ қатарлы жалпы 100-ден астам қазақтар осында келді. Өздерінің мінген және  жүк тасуға арналған көліктерін қосқанда олар жалпы саны 200-ден астам жылқы, сондай-ақ 12 сиыр мен 2000-нан астам қой әкеліпті [3, 319 бет]. Олардан 31 жылқы, 11 сиыр, 1988 қой сатып алғандарын мәлімдеген.

1757-1759 жылдары Цин патшалығы үшін жоңғарларды бағындыруда қол жеткізген жеңісті сақтап қалу маңыздылығы басым болып, қазақтармен келісімге келіп сауда-саттық орнатып, қазақтардың жер мәселесіне қойған талаптарына көмескілеу жауап беруге тура келген болса, 1760 жылдарға келгенде Цин патшалығы өзгеше саясат қолдануға кіріскен. Бұл кездегі қазақ хандығының иелігін Абылайдың 1761 жылы ақпан айында Цин патшасы Цяньлунның қабылдауында болған елші Жолбарыс сұлтан арқылы жолдаған хатынан білеміз. Осы хаттың бізге жеткен мәнжу тіліндегі аударма нұсқасына сүйенсек, онда былай делінген екен: - елімнің қоныстары: шығысы Чорго жеріне, оңтүстігі Шарабелге, ортасы Лепсіге жетіп тұр. Чорго жері – қазіргі ҚХР СҰАР Дөрбілжін ауданы аумағына созылып кіретін Тарбағатай тауының шығыс сілемі [3, 67-70 бет].

Қытайлар Іле өзенінің аңғары мен Тарбағатай өңірінде әскери қарауылдар қойып, бекініс салуға әрекеттенді. Ондағы мақсаты – жоңғарлардан босаған жерлерге қазақтардың қайта оралуына жол бермеу. Қазақ рулары Тарбағатай өңіріне қарай қытайлардың рұқсатынсыз қоныстануын тоқтапады. Абылайдың жоңғардан босаған шығыс өлкені иемдену саясатын жүзеге асырушылардың бірі Абақ Керейдің басшысы Қожаберген батыр еді.

1760 жылдары Қожаберген батыр мен оның елі мәнжу-қытай мұрағат деректерінде: Тарбағатайдың шығысыдағы Қара Еміл, Шорға, «Улисуту», «Темір-Чорға» деп аталатын жерлерде қоныстанғанын келтіреді. Тиісті деректердегі мәліметтерге қарағанда аталған жерлер Қожаберген елінің қыстауы болған. Қожабергеннің 1760 жылдардағы қонысының бірі болған «Улисуту» қазіргі қазақ-қытай шекарасындағы Бақты бекетінен солтүстікке қарай жүріп барып тауға тірелетін жерлер. «Темір-Чорға тауы» – қазіргі ҚХР СҰАР Дөрбілжін ауданы аумағына созылып кіретін Тарбағатай тауының шығыс сілемі. 1766 жылы Қожаберген елі Зайсан көлінің жағалауы, Шорға жерін мекендеген [3, 71-79 бет].

1760 жылы 19 мамырда Орта жүздегі Құлсары батырға барып келген орыс тыңшы Сафар Салиевтің айтқандарынан: ...Қытай шекарасына жақын жерде Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батырлар бастаған екі мың, көкжарлы Барақ батыр бастаған екі мың әскер тұр... [13, 92 бет]. Бұл көкжал Барақ батырдың Цин патшалығына қарасты уранхайларды барымталағаннан кейінгі шекаралық келіспеушілікке байланысты оқиға. Қытай әскерлері басып кіруі мүмкін деген хабар алып Абылайдың алдын-ала қам жасап, мүмкін боларлық басқыншылыққа қарсы үлкен қол жасақтап стратегиялық шоғырлануы еді. Кейін дипломатиялық жолмен бұл мәселе шешіледі.

Цин ұлықтары шекара қарауылдарынан шығысқа қарай ішкерлеп көшіп орналасқан қазақ руларын кері Тарбағатай, Зайсан ойпатынан ары қууды қолға алады. Осындай шекаралық аймақтарға талас жүріп жатқан уақытта қазақ рулары шекара маңына әскери тәртіппен шоғырланған. Қытай әскерлері қазақтарды қайтадан кері қуып шығу үшін жазалау операцияларын бірнеше рет жүргізеді.

1761 жылы 25 қыркүйекте Агуй бастаған Цин әскери отряды кенеттен Тарбағатайдың шығысындағы Улиясутай жеріне жетіп келгенде, бейбіт жатқан ел үдере көшкен. Келесі күні Агуй отряды солтүстікке қарай шарлап барып Улан-Ерхе жеріндегі Қожабергенге қарасты ауылдарды өз жерлеріндегі қоныстарын тастап батысқа қарай көшуге мәжбүр етеді. Содан кейінгі 20 күндей Тарбағатай тауы мен Зайсан көлі маңын шарлап,  қазақтардың өрістегі малдарын, әсіресе жылқыларын «иесіз қалдырылған малдар» деген сылтаумен жинап алады. 1761 жылы 14 қазанда Агуй әскері, солтүстіктен оңтүстікке қарай Зайсан көлінің батыс жағалауын бойлап келген өзге цин әскери отрядымен Бұғаз жерінде бас қосып, әр жер-жердегі қазақтарды Аягөздің батыс жағына қарай қуып жіберуге кіріседі [3, 79 бет].

1761 жылы 18 қазандағы Сібір губернаторы Соймоновтың мәлімдемесінде: орыс офицерлері қыркүйек айында Зайсаннан үдере көшкен қазақ ауылдары мен табындарын байқайды, бұл Қожаберген ауылдары екені белгілі болады [7, 401 бет]. Агуй сынды Цин патшалық шекара қолбасшылары қазақтарды батысқа қуумен бірге, олардың малын мейілінше тонап алу амалын қолданған. Олар, осындай тонауға ұшыраған қазақ жұрты қытайдың айбарынан сескеніп аталмыш өңірлерге оралмайды деп ойлаған. Қыс түсіп, қытай шекара әскери күші шегінген кезде қазақтар мекендеген жерлеріне қайтадан қоныстанған. Сонымен қатар, адам жіберіп Цин патшалық өкілдерінен тоналған мал-мүліктерді кері қайтаруды талап етеді. Осыған байланысы Әбілмәмбет хан сонау Түркістан жерінен елші жіберіп, Цин патшалығына аталмыш іс туралы наразылығын білдіріп хат жолдап, цин билеушілерінен қазақтардың малын қайтарып беруді сұраған. Осындай кейін Цин патшалық шекара басшыларына Абылай сұлтан осы іске байланысты наразылық білдірген. Қазақ елі басшыларының дипломатиялық араласуынан кейін Цин патшасы Цяньлун шекаралық аймақтағы қолбасшыларына «алынған жылқы-малдарды қайтарып беріңдер» деген бұйрық түсіреді.

Қожаберген батыр елі 1762-1763 жылдары Цин әскерінің орналасқан жерінен 15 күндік қашықтықта, Зайсан көлі маңын мекендеген [7, 401 бет]. Яғни Цин патшалығы қанша рет батысқа қарай ығыстырып отырсада, қазақ көші бір қадам болсада шығысқа қарай жылжуын тоқтатпаған.

1763 жылғы орыс мұрағат құжатында: «Өскемен бекінісінен 30 күндік жердегі Шыңғыстаудан ары Аягөз өзені бойында қытайлар қала салып, сол таудың жанына бекініс салмақ болған. Бірақ Қожаберген батырдың қарсылығынан сала алмады» дейді [7, 401 бет]. Цин патшалығының қазақтарды Тарбағатайдың батысынан бері асырмау жоспары іске аспай қалады.

1763 жылы наурыз айында Цин патшасы Цяньлун шекара қолбасшыларына: «Тарбағатай қатарлы жерлерге мал бағып жүрген қазақтарды кері қуудың қажеті жоқ» - деген бұйрық түсіреді. Содан соң патшадан тағы бұйрық келіп, онда: «Миңжу сындылар мен жіберген әлгі бұйрығыммен танысып болған соң, оны дереу осылай кері жіберсін. Сол бұйрығым осылай жеткізілген соң, оны Орда істер басқармасына апарып тапсырыңдар. Осы бір құжатты мұрағатқа апарып сақтаудың қажеті жоқ» делінген екен [3, 308 бет]. Осылай Цин патшалығының Тарбағатай өңірінде 1761-1763 жылдары бекініс салып орналысып, тың игеру ісін қолға алмақ болған жоспарлары сәтсіз аяқталады. Оның бірсыпыра себептері болды, басты себебі – қазақ көшінің одан әрі қарқынды жүргізілуі еді. 1762-1765 жылдары қазақ-қытай арасы тыныш шиеленіс болмай сауда-саттық қарым-қатынас дами түсті.

Цин патшалығының ірге кеңейту саясатына байланысты қолға алынған шараның тағы бірі – қазақтың қоныс жерінде қала салу. 1761-1763 жылдары бұл жоспарлары орындалмаған соң, Цин патшалығы екі жылдан кейін, яғни 1765 жылы Яр (Үржар) жерінде қала салу ісін қолға алып, 1767 жылы әскер шоғырландырмақ болады. Цин ұлықтары осылайша «Яр (Үржар) жерінде қала салынып, әскер шоғырланған соң, қазақтар сөзсіз алысқа қашып кетеді» - деп ойлаған. Осы мақсаттарын іске асыру үшін 1765 жылдың күзінде, сол кездегі Цин патшалығының Тарбағатай жеріне жіберген Удай бастаған қытай шекара әскерлері қазақтардың жеріне әскери шарлау жасайды. Осы 1765 жылы күзде Цин армиясының Тарбағатай, Зайсан өлкесіндегі жерлерді шарлау барысындағы ең үлкен оқиға Қожабергенмен байланысты болған.

Удайдың қазақтарды қарауыл бекеттерінен ары қууға жіберген әскерлері: «Біз Зайсан көлінің жағалауында тұратын 500 түтіннен астам қазақтарды қуып жібермек болған едік, олар жылжымай қойды. Біз қайта-қайта барып олардың малдарын әрі қарай айдағанбыз. Арт-артынан келіп біздің бұрынғы орнатқан қарауылдарымыздың бергі жағына қоныстанып жатқан осы қазақтарды тоқтата алмаған соң, біз оларды қорқыту үшін оларға қарсы оқ ату жөнінде садақшыларымызға нұсқау бердік. Алайда, олар мұныда елемей қойды. Олар тіпті еліріп тұрып: «Біздің Қожаберген батырымыз 1000 әскер даярлап, осында келіп қоныстанған. Сендердің бұл азғантай әскерлеріңнен кім қорқады» дегенді айтты. Бастап келген әскерлеріміз арқылы қазақтарды қууға біздің шамамыз жетпей-ақ қойды» [3, 90] - деп қайтып келеді. Бірнеше күннен кейін 1765 жылы 2-қарашада іске басшы боп жүрген цин ұлығы Удайдың жіберген әскері: «біздің ұлығымыз сізбен кездеспекші» - деп Қожабергенді ауылынан алдап алып шығып Удай тұрған жерге әкеледі. Содан соң Удай арнаулы әскер шығарып, Қожабергенді кепілдікке алады. Қожаберген елі батырларын осылай әкетілуін Цин тарапының өздеріне көрсеткен құрметі деп қабылдаған. Өйткені ауылдарына олардан кейін келген қытай әскерлеріне «ұлықтарыңыз адам жіберіп, батырымызды осыдан бұрынырақ әкеткен» деп жайбарақат жауап берген.  Қожабергенұлы Жандәулет әкесін іздеп Удай тұрған әскери лагерге барағанда оныда кепілдікке алады. Цин шекара әскері басшысы Удай Қожабергенді кепілдік ретінде ұстап, Жандәулетті өз әскерлеріне аманат ретінде ертіп, Темір-Шорға, Улиясуту және Қара Еміл жерлерінде тұрып қалған қазақ ауылдарын қуғындайды. Қазақтардың жылқылары мен басқа да мал-мүліктерін тартып алып, мол олжаға бөленеді де Қожабергенді босатады [3, 87-91 бет].

Осы жағдайға байланысты Әбілмәмбет хан, Абылай, Әбілпейіз сұлтандар қытай шекара басшыларына бірнеше рет елші жіберіп наразылықтарын білдіріп, олжаланған жылқыларды басқа да мал-мүліктерді қайтаруды талап етеді. Қазақ хан сұлтандарының наразылық хаттарынан кейін Тарбағатай өңіріндегі қыстаулық жерлерден қазақтарды қудалаған Цин шекара ұлықтарының асыра сілтеушілігі өз патшалары тарапынан қатты тексеріске түседі. Сонымен қатар Цин патшалық әскерлері кейін шегінген кезде қазақтар қайтадан Тарбағатай, Үржар, Зайсан өңірлеріндегі өздерінің қыстаулық жерлеріне оралады. Қазақтар Цин патшалығының қала салу мақсатында әскерлерін шоғырландырып жатқан Үржар жеріне дейін келіп, одан ары қоныс аудару жөніндегі талаптарын қояды. Қытай ұлығы оларға «сендер уақытша Үржар жерінде тұра беріңдер» дегенді айтумен бірге өз патшасына «мыналардың Жұлдыздыдағы бос жерге қоныс аударуына ұлықсат берсек» деген өтініш хат жазады. Цяньлун қазақтардың стратегиялық маңызға ие Жұлдыз жеріне қоныстануын ұйғармаған». Цин патшалығының осы бір құбылған саясаты іс жүзінде қазақтардың табанды күресі мен Цин патшалығы күшінің жетіспеушілігінен туындап отыр. Қытай билеушілері «қазақтарды біз жаққа жолатпай, әрі қуып жіберу керек» деген саясатынан бас тартып, қазақтардың шығысқа қарай қоныс аудару үдерісіне мойынсынды. Патшаларына: «...біз Үржардағы қаланы, Шәуешек жеріне көшіріп әкелуді ұсынамыз» - деп мәлімдеме жасайды [3, 101-102 бет]. Қожаберген батыр еліне байланысты оқиғалардан кейін, Тарбағатай өңіріндегі мүмкіншіліктеріне қарап Цин патшалығы Үржар жерінде қала салу жоспарынан бас тартып, Шәуәшек жеріне қала салуды ұйғарады. Осыдан кейін қытайдың әскери күші Тарбағатайдағы қазақ жерінен біршама шегініп кетті. Осы оқиға келешектегі қазақ-қытай шекарасының ресми түрде қалыптасуына ықпалын тигізді. Бұл, құрамында Қожаберген батырға қарасты Абақ Керей Шыбарайғыр руы болған Қазақ елінің тарихтағы ұлы жеңістерінің бірі еді.

1766 жылы қыркүйек айында Қожаберген батыр, Құлжа жеріне саудаға барады. Содан бір жыл өткеннен кейін, яғни 1767 жылы қыркүйекте Қожаберген батыр ұлы Ертісбайды ертіп Құлжаға сауда бастап барады [3, 410-414 бет]. Осы оқиғалардың барлығы қазақтар мен Цин патшалығы арасында мәміле-келісім құрылып, екі ел қайтадан бейбіт қарым-қатынаста тіршіліктерін жалғастыра бастағандықтарының белгісі.

1767 жылы 26 қыркүйек күні Қожаберген мен оның руласы Қазыбек өз ұлдары Жандәулет пен Бекмырзаны елші етіп, Шәуешектегі қытай ұлығы Улденге жіберіп, оған жылқы тарту етеді. Солармен бірге барған болса керек, Кіші жүз сұлтаны Ералының елшісі Атантай, Айшуақ сұлтанның елшісі Бодамбай да дәл сол күні қытай ұлығы Улденге барған [3, 418-420]. Ералы сұлтан мен Айшуақ сұлтанның елшілері өздерінің сонау шалғайдағы Кіші жүз жерінен Шәуешекке келгендіктерін былай түсіндірген: «Біздің Ералы сұлтанымыз бен Айшуақ сұлтанымыз сіздердің әскери күштеріңіз Үржар жерінен Шәуешекке көшкендігін естіді. Жеріміз алыс болғанмен көңіліміз жақын. Сол себептен сұлтандарымыз сәлемдесуге жіберіп отыр. Сіздерге Ералы сұлтан екі жылқы, Айшуақ сұлтан екі жылқы тарту еткен. Біздің келуіміздің басқа себебі жоқ». Цин патшалығының Үржар жеріне қалашық салып, әскери күшін шоғырландыру жоспары сонау шалғайдағы Кіші жүз қазақтарында алаңдатқан. Яғни қазақтардың шығыстағы көне жұрттарына оралу үрдісі тек Орта жүз бен Ұлы жүзге тән емес, ол тұтас қазақ халқының ортақ мүддесі еді.

1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіне өткен казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың күнделік деректерінен: 1771 жылдың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тау бөктерімен, Шар өзенінің бойында керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындары өздеріне қарасты ауылдармен жаз жайлап жатқанын аңғаруға болады [14]. 2019 жылы қыркүйек айында ғылым-зерттеу нәтижесінде  Қожаберген батырдың зираты Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылды.

Қожаберген батырдың ақ туы: Батырдан қалған мұралардың ішіндегі ең үлкен жәдігер – ақ туы. 250 жылдан көп уақыт сақталған туды батыр ұлы Жандаулетке, ал сауытын ұлы Қалыбайға мұра етіп қалдырған. Батырдың туы Жандаулеттен тарайтын ұрпағы Мұқтажы ұлы Жұмаштың үйінде күні бүгінге дейін сақтаулы. Қаратамақ найзасы қалқанымен бірге бертінге дейін ту тұрған ауылда сақталып келді. Батырдың жоңғар, мәнжі-қытай шапқыншыларына қарсы қол бастаған кездерінде желбіреген ақ туын, 1943 жылы Баян-Өлгейден Шыңжанның Алтай аймағына гоминдандарға қарсы ұйымдастырылған соғыста Оспан батырға көмекке барған партизандар ұстап барған. Сол жылы Ақ туды ұстаған отряд партизандары Алтайдың Қаратүңке деген жеріне дейін барып, соғысқа араласып, жауды жеңіп аман-есен оралған соң туды қасиетті шаңырағына әкеп, арнаулы сандығына салған. Содан бері ол ту жарыққа шықпаған, яғни батырдың өсиеті бойынша сақтаулы. Теңселұлы Бақыттың үйінде сақталған батырдың шапанын 2018 жылы 28-ақпанда ҚР ҚК Әскери-тарихи музейіне салтанатты шара ұйымдастырылып тапсырылды.

Ұлықталуы

Қожаберген батырға 1993 жылы 23-шілдеде Монғолияның Баян-Өлгей аймағында ас беріліп, Өлгий қаласының орталығыдағы көшеге батыр есімі берілді.

1996 жылы Рысбек Зұрғанбайұлының "Шыбарайғыр Қожаберген батыр", 2017 жылы "Қожаберген батыр Жәнібекұлы, Үмбет залың Тұманұлы" атты кітаптары жарық көрді.

2018 жылы 28-ақпанда Астана қаласы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде Қожаберген батырдың шапанын тапсыру рәсімі мен тарих ғылымдарының докторы, ғалым Бақыт Еженханұлының мәнжі-қытай мұрағат құжаттары негізінде жазылған "Қожаберген батыр" атты кітабының таныстырылымы өтті.

2018 жылы 28-29 шілде күндері Қожаберген батырдың 320 жылдығына арналып Әлем қазақ жастарының халықаралық «Alash» футбол турнирі өткізіліп, Күйші Аршын Кәсімбайұлының «Қожаберген батыр жорығы» атты күйі алғаш рет орындалды.

2018 жылы 29-30 қыркүйекте Монғолияның Баян-Өлгей аймағында Қожаберген батырдың 320-жылдығы тойланып, Өлгей қаласында батырдың атқа мініп, ақ тулы найзасын ұстап тұрған ескерткіші орнатылды. Бұл қазіргі қазақ елінің шекарасынан тыс жерде орнатылған Абылай заманы батырларына қойылған алғашқы ескерткіш болды.

2018 жылы 19-қазанда Астана қаласы ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде Қожаберген батырдың 320-жылдығына арналған "Ұлы дала батырлары" атты ғылым-тәжірибелік конференция өтіп, "Қожаберген батыр ізі" атты көрме ұйымдастырылып, Әзірет-Сұлтан мешітінде ас берілді.

2018 жылы 11-қарашада Астана қаласында ҚР Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалы аясында, «Ұлы дала батыры – Қожаберген» атты халықаралық мүшайра өтті.

2018 жылы ғалым Досан Баймолдаұлының "Қожаберген батыр Жәнібекұлы" атты кітабымен ақын Жанат Боқашұлының "Қожаберген батырдың Ақ туы" атты поэмасы жарық көрді.

2019 жылы 20-қыркүйекте ҚР ҚК Әскери-тарихи музейі, "Жас сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, "Қожаберген батыр" қоғамдық қорының қолдауымен Қарағанды обылысындағы Шідерті өзенінің жанындағы «Шүршіт қырылған» шайқасы болған жерге әскери-патриоттық экспедиция ұйымдастырылып арнайы белгі орнатылды.

Пайлаланған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1 ЦГАДА, ф. 248 Правительcтвующий Сенат, оп. 133, д. 383, л. 1039.

2 Вельямнов-Зернов В.В. Исторические известия, о киргиз-кайсаках сношениях России со Среднею Азиею во времена кончины Абул-Хайр хана (1748-1765) – Т. 1 Уфа: 1853. - 90-115 бет.

3 Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017. – 496 б.

4 Ел ұраны – Ер Жәнібек: зерттеу мақалалары. – Алматы: Palitra Puess, 2014, -175-177 бет.

5 Баймолда Д. Қожаберген батыр Жәнібекұлы.  – Алматы: Мерей, 2018. – 75-87 бет.

6 Потанин Г.Н. Наши сношения с джунгарскими владельцами // История Казахстана в русских источниках XVII-XX веков. – Т. VII. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006 г.

7 Хафизова К.Ш. Степные властители и их дипломатия в XVIII-XIX веках. Монография. –Нур-Султан: КИСИ при Президента РК, 2019. -390-401 бет.

8 Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.1 – 456, 533-534 бет.

9 Цинская империя и Казахские ханства. Вторая половина XVIII-первая четверть XIX вв. – Алма-Ата, 1989 – 109-110 бет.

10 «Ұлы дала батырлары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жинағы. – Астана, 2018. – 8 бет.

11 Зұрғанбайұлы Р. Қожаберген батыр, Үмбет залың Тұманұлы. - Өлгий, 2017. -84 бет.

12 Еженханұлы Б. Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары. I том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2009 - 60-63 бет.

13 Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі өмірі мен қызметі//Ғылыми басылым, құрастырған З. Тайшыбай. – Алматы: Ел шежіре, 2011. Т.2 – 92 бет.

14 Cадықов С. Қожаберген батыр зираты табылды./Шығыс Қазақстан облыстық, Дидар газеті, 2019 жыл 3- қазан №112, -17 бет.

Жұлдызбек Қойшыбайұлы

Тау-кен ісі саласындағы ғылым магистрі

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?