Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті

4736
Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті - e-history.kz

1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленген. Бірқатар дамыған елдерде Президент күні ұлттық мереке болып табылады. Қазақстанда да жаңа дәстүр қалыптасуда. Оқырманға Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне арналған мақаланы ұсынамыз.

Сырт көзге Кеңестік елдің экономикасы өте берік көрінетін. Ал шын мәнінде, экономика, Кеңес мемлекетінің әлеуметтік өмірі тоқтаусыз дағдарысты бастан кешіріп, қиын жағдайды өткеруде еді. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік проблемалар, күнделікті тауарлар мен азық-түлік тапшылығы орын алды. Экономикадағы сәтсіздік халықтан жасырылып, статистикалық мәліметтер шынайы жағдайды көрсетпеді.

1985 жылдың наурыз айында мемлекет басшылығына келген М.С. Горбачев КОКП ОК сәуір Пленумында қайта құру және жеделдету қажеттілігі туралы сөз қозғады. Бірақ терең және ауқымды реформаларды жүргізу үшін экономика мен саяси құрылымның қыр-сырын терең түсінетін және жаңаша ойлайтын кадрлар қажет еді.

Сол кездегі Қазақстан Үкіметінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев жаңарту бағытын қолдаушылардың қатарынан табылды. Н.Ә. Назарбаев өзінің «Әділеттің ақ жолы» кітабында былай деп жазды: «бізде соңғы үш онжылдықта жоспарлы экономика немесе жоспарлы шаруашылық болмады да». Бұл істің жай-күйін жақсы білетін ірі республика басшысының қорытындысы болатын. Одан әрі ол «барлық істерді шешумен айналысатын ОК Бірінші хатшысына» тоқталып, саяси құрылымның ебедейсіздігі мен тиімсіздігін сынады.

КСРО-да еркін кәсіпкерліктің орнына тармақталған және көптеген кеңестік бюрократияға толық бағынышты біржақты ғана дамыған экономика орнады. Тіпті сталиндік кезеңдегі миллиондаған құрбандар да елімізді бай әрі гүлденген елге айналдыра алмады. Әкімшілік басқаруға негізделген аграрлық сектор елді азық-түлікпен қамтамасыз ете алмады, ал фабрикалардың адамдарды лайықты киіндіруге қауқары жетпеді. Киім-кешек пен азық-түлік тапшылығы кеңінен орын алды. Бір сөзбен айтқанда, «кеңестік» үлгі экономиканың іргелі мәселелерін шеше алмады.

Елде кейіннен «дамыған социалистік қоғам» тұжырымдамасына ауыстырылған «коммунистік қоғам» құру бағдарламасы барынша насихатталды. Сонымен қатар, «жарқын болашақ» құрылысы жолында құрбандыққа шалынған сансыз адамдар тағдыры қоғамнан жасырылып келді. Құпиялық жағдайда сталиндік қуғын-сүргін, депортация, ешқандай кінәсі жоқ азаматтарды қуғындау сияқты мәселелер жабық күйде қалды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында Қазақстанда орын алған қасіретті аштықтың тақырыбы да қатаң құпия жағдайда сақталды. Н.Ә. Назарбаев делегат болған Қазақстан Компартиясының XVI съезі өткір пікірталасты жағдайда өтті.

М.С. Горбачев бастаған реформалардың жартыкештігі Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Д.А. Қонаевты кенеттен орнынан алып, осы лауазымға Г.В. Колбинді тағайындауынан көрінді. Демократия мен  жариялылықтың идеяларын аяқасты ету, волюнтаризм 1986 жылдың желтоқсанында қуатты қоғамдық наразылықтарға ұласты.

Н.Ә. Назарбаев осы оқиғалардың нағыз эпицентрінде қалды. Ол өзінің сөйлеген сөздерінде және естеліктерінде желтоқсан оқиғасының (1986 ж.) себептері мен салдарларына бірнеше қайтара тоқталған болатын. Сонымен қатар, КОКП ОК 1987 жылғы шілде қаулысында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде көбірек сипатталды.

1989 жылы 22 маусымда Алматы қаласында Компартия ОК ХV пленумында ұйымдастыру мәселесі қаралды. КСРО халық депутаттарының съезінде Г.В. Колбиннің Халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайлануына байланысты, ол бірінші хатшы міндетінен және Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бюро мүшелігінен босатылды.

Пленумда сөз сөйлеген КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, КОКП ОК хатшысы В.М. Чебриков «Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшылығына Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы жолдасты сайлауды ұсынды. Кандидатураны талқылағаннан кейін жабық (жасырын) дауыс беру өткізілді. Есеп комиссиясының төрағасы Ө. Байгелдиев Қазақстан Компартиясы ОК ХV Пленумының есеп комиссиясы отырысының № 2 хаттамасын оқыды. Келесідей Қаулы қабылданды: «Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшысы болып жолдас Н.Ә. Назарбаев (мәтінде солай – Б.А.)» сайлансын». Қаулы бірауыздан қабылданды.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Орталық Комитет мүшелеріне «көрсетілген жоғары сенімдері» үшін алғысын білдірді және «әрі қарай үйлесімді жұмыс істейтін боламыз» деп атап өтті. Одан әрі ол «Партия қайта құруды бастады, партия қайта құруды жүзеге асырып келе жатыр» деп айрықша баса айтты. Өз сөзін жалғастырған Н.Ә. Назарбаев былай деп мәлімдеді: «Біз қайта құру республика егемендігін құқықтық және практикалық мағынаға толтыратынына, экономиканы көтеруге мүмкіндік беретініне, қазақ халқының ежелгі тарихын, мәдениетін қайта жаңғырту үшін жағдай туғызатынына, оның тілінің әрине, барлық басқа тілдердің құқықтарына нұқсан келтірместен толыққанды өмірін қамтамасыз ететініне, сенімдіміз.

Қазақстан экономикасы, мәдениеті – бұл біздің ұлы еліміздің байлығы мен құндылықтарының ажырамас бөлігі екені барлығымызға түсінікті».

ХХ ғасырдың соңындағы консервативті және демократиялық саяси ағымдардың арасынан Қазақстандағы билікке демократиялық көзқарастар көшбасшысы келді. Көптеген функционерлерден айырмашылығы, Н.Ә. Назарбаев адамзат тарихы жөніндегі білімі жағынан ғана емес, сонымен бірге, нарықтың даму заңдылығы, саяси жүйе қалыптастыруды терең әрі жан-жақты игерген болатын.

КСРО-дағы онжылдықтар бойы үстемдік еткен орталық өктемдігі Қазақстанды артта қалған қайта өңдеу салаласының таза шикізат аймағына айналдырып, экономиканы құлдырауға алып келді. Қазақстандағы «тоқырау» кезеңіне белгілі бір экономикалық параметрлер тән. Мәселен, 1975 жылдан 1985 жылға дейінгі кезеңде экономика мен әлеуметтік саланың нашарлау процесі үздіксіз жүрді. Мемлекетке жыл сайын миллиардтаған пұт астық тапсыру міндеті жүктелу себебінен, әсіресе ауыл шаруашылығы зардап шекті. Күрделі құрылыстағы кемшіліктер де өсе түсті. Көптеген азық-түлік өнімдері үнемі тапшылықта болды – ет, сүт; тұрғын үй жетіспеушілігі қатты сезілді.

Кеңестік Қазақстан бүкіл тарихи жолында негізінен шикізаттық бағыттағы республика болып қалды, онда артта қалған технологияларға бағдарланған еңбек тиімділігі төмен өндіруші және аграрлық өндірістің салалары басым болды. Бұл теңсіздік әсіресе КСРО-ның Балтық жағалауы республикаларымен және оның еуропалық бөлігімен салыстырғанда байқалады. Қазақстанда өндірілген ұлттық табыс, мысалы, 1981-1985 жылдары 1,3%-ға тең болды, ал Белоруссияда бұл көрсеткіштер 5,6%-ды, Латвияда - 3,7%-ды, Литвада - 4,7%-ды және т.б. құрады.

Жағдайдың осындай арақатынасы басқа көрсеткіштер бойынша да байқалды. Нәтижесінде республика халқының жан басына шаққандағы табысы да төмен болды. Бұл ретте, әдетте, Қазақстан экологиясының нашарлауы сияқты келеңсіз фактілер назарға алынбады, әсіресе Семей ядролық полигонына, Арал теңізіне іргелес аймақтарда бұл жағдай айрықша болатын; Қарағанды, Өскемен және Жезқазған қалаларындағы жасырын жұмыссыздық, тұрғын үй сапасының төмендігі, денсаулық сақтау жүйесінің ақсауы сияқты жағымсыз фактілер де назарға алынбады. Қоғамның жай-күйі тұрақсыздана бастап, дағдарыс құбылыстарының өсуі белең алды.

Ұзақ жыл үнсіздіктен кейін қоғамдық өмірдегі келеңсіз құбылыстар тіпті жоғары партия форумдарында, атап айтқанда КОКП-нің XXVII съезінде ашық айтыла бастады. Бірақ «коммунистік қоғам құрылысының» күллі концепциясын түбегейлі қайта қарау мен сыни талдаудың, ел дамуының балама жолдарын іздеудің орнына, КОКП басшылығы, әрбір жаңа көшбасшының билікке келуімен «ауру ағзаны қайта тірілту» сияқты реанимациялық шараларды ғана жүзеге асырды. Бұл заңдылықты көптеген зерттеушілер атап өтті.

Жоғарыда айтылғандар Қазақстанда Кеңес өкіметі жылдары экономикада, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларында ірі сапалы ілгерілеулер болғанын жоққа шығармайды. 1979 жылға қарай халқы 17 млн. адамға дейін өскен республикада жаңа қалалар мен елді мекендер тұрғызылды, ірі индустриялық орталықтар құрылды, жаңа тас жол, темір жол коммуникациялары және т.б. салынды.

ХХ ғасырдағы 80-жылдардың аяғында – 90-жылдардың басында қоғамда болып жатқан саяси үдерістер айтарлықтай жоғары қарқын алды. Қайта құру толқыны туа біткен талант, интеллект, түйсік, жігерлі мінез, үлкен табандылық сияқты қасиеттерді бойына сіңірген Нұрсұлтан Назарбаевты алдыңғы шепке итермеледі. Шарль де Голль сөзімен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев «іс-әрекет иесі» болып табылады. 1990 жылдардың оқиғаларын талдауда көрсеткендей, КСРО ыдырауы кезеңінде екі бағыт айқын көрінді. Кейбір республикалардың көшбасшылары кеңес қоғамының догмалары басым «консервативті» жолды таңдады - бір партиялы жүйені сақтау, толыққанды нарықтың болмауы және т.б.

Н.Ә. Назарбаев көппартиялықтың дамуымен, жеке тұлғаның құқықтарын құрметтеумен, нарықтың дамуымен жүргізілетін реформалар жолын таңдады. Бұл шаралар республикаға экономикада ауқымды және терең өзгерістер жүргізуге және рынокты халық тұтынатын өнімдермен және басқа да тауарлармен толықтыру сияқты маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді.

КОКП-ның монополиялық билігі қиратылды, Қазақстанда шынайы парламентаризм пайда болды. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бостандыққа ие болды.

Білім және мәдениет саласында түбегейлі өзгерістер жүріп жатты. Адамдар баламалы білім беру орталықтарында: жеке мектептерде, жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды, жеке медициналық орталықтар жұмыс істей бастады.

1993 жылы Қазақстан Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы тағайындалып, мыңдаған жас қазақстандықтар әлемнің таңдаулы университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды.

Қуғын-сүргінге ұшырап, заңсыз жазаланған саяси қайраткерлер мен мәдениет өкілдері ақталды. Көрнекті қайраткерлердің есімдері қалалар мен көшелерге берілді.

Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша мемлекеттік бағдарламалар , «Бизнестің жол картасы 2020» атты бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы қабылданды.

 2017 жылы қазақ тілінің латын графикасына көшу туралы шешім қабылданды.

ХХ ғасырдың аяғында бастау алған қазіргі Қазақстан аумағындағы ежелгі мемлекеттілікті жаңғырту объективті және субъективті сипаттағы әртүрлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық факторлардың тоғысуының нәтижесі болды. Ширек ғасырлық саналатын Қазақстанның қазіргі заман тарихы Қазақстан халқы мен бүкіл әлемдік қауымдастыққа басқа факторлармен қатар, Тұңғыш Президенттің көшбасшылық қасиеттерінің арқасында, Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алған тәуелсіз мемлекетке айналғанын дәлелдеді.

Осыншама қысқа мерзім ішінде ел ішіндегі қанды қақтығыстарсыз, экономикалық дағдарыстарсыз, терең саяси және әлеуметтік толқуларсыз тарихи серпіліске қол жеткізу, Қазақстанның Тұңғыш Президенті саясатының даналығының айқын дәлелі болып табылады.

Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттерін тану кеңес кезеңінде, яғни ол 1989 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болып, 1991 жылға дейін осы қызметті атқарған кезден басталды. Сол кездегі партия жарғысының жария етілмейтін заңдары бойынша КСРО Конституциясы мен Қазақ КСР Конституциясының ережелеріне сәйкес, ол одақтық республиканың нақты басшысы болды. 1990 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл лауазымды ҚКП ОК-нің Бірінші хатшысы лауазымымен қоса ала жүріп және осы қос мәртебені шебер пайдалана отырып, Н.Ә. Назарбаев одақтық орталықтың алдына Қазақстанның өз аумағында экономикалық мәселелерді шешудегі дербестігін кеңейту мәселелерін қойды. Ол жаңа Одақтық шарт жасау арқылы таратылған КСРО-ны түбегейлі жаңарту қажеттілігін негіздеді.

Саяси көшбасшының өміріндегі жаңа кезең басталады. 1990 жылы «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 1990 жылғы 24 сәуірдегі Заң негізінде Н.Ә. Назарбаевты Жоғарғы Кеңес депутаттары Қазақ КСР Президенті етіп сайлайды. Осы кезеңде ол республика Компартиясының бірінші басшысы болып қалғанымен, ел ішінде және халықаралық аренада Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР-інің заңды сайланған Президенті ретінде сөз сөйледі. Бұл жағдай оның көшбасшылық ұстанымын айтарлықтай күшейтті, өйткені ол заңды негізде елді басқаруға мүмкіндік алды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы.

1991 жылы Н.Ә. Назарбаевтың Президент болып бүкілхалықтық сайлануы және одан кейінгі Қазақстан КП ОК-нің Бірінші хатшысы өкілеттігін доғаруы, Н.Ә. Назарбаевтың басқарудың жаңа және тиімді құрылымына деген ықыласын нақты көрсетті. Президент сайлауына қатысқан сайлаушылардың 98,7%-ы Н.Ә. Назарбаевты қолдап дауыс беруі бұған дәлел бола алады.

Демократия құндылықтарына және Н.Ә. Назарбаевтың тиімді басқаруына адалдық қазақстандық қоғамға тоталитаризмнен демократияға қадам жасауға мүмкіндік берді. Қазақстан Президенті осы мәселе бойынша былай деді: «Біз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары мемлекеттілік негіздерін құру және танылмаған демократия толқынында айтарлықтай ыдыраған елді басқару туралы мәселе өткір тұрды, және де біз орталықтандыру жағына объективті түрде көштік. Сонымен қатар, ең алдымен, экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу басты міндет болды, бұл сондай-ақ, ең алдымен мемлекеттің қаржылық және кадрлық функцияларында орталықтандыруды күшейтуді талап етті». 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлттық валюта – Теңге айналымға енгізілді.

Н.Ә. Назарбаевтың саясатын халықтың осындай қолдауына оның бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қомақты үлес қосты.

Ассамблея құру идеясын Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халықтарының Бірінші форумында жариялаған болатын. 1995 жылғы 1 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен Ассамблея Мемлекет басшысы жанындағы кеңес беру-кеңесші орган ретінде танылды. Осы қоғамдық институт, кең конституциялық құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болып, республикада тұратын этникалық топтарды біріктірудің күшті құралына айналды.

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды және беделді мүшесі болды: БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі. Бірқатар жағдайларда Қазақстан қақтығысушы тараптар арасындағы бітімгер ретінде танылды. Қазақстан шекарасын делимитациялау және демаркациялау үлкен жетістіктер болды. Республика қысқа мерзім ішінде барлық шегаралық мәселелерді шешкен әлемдегі сирек кездесетін елдердің бірі болып табылады. Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды, шегара қызметі мен кеден органдары ұйымдастырылды. 1992 жылдың қаңтарында әскери стратегия бойынша тұжырымдаманы әзірлеу басталды, ал 1992 жылдың 11 ақпанында әскери доктрина қабылданды. Қабылданған шаралар нәтижесінде қазіргі заманғы талаптарға сай Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды.

Н.Ә. Назарбаев Қазақстаннан ядролық арсеналдарды шығару саясатын сөзсіз қолдады. Ірі державалардың көшбасшылары Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік шараларын жоғары бағалады. АҚШ Президенті Барак Обама ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерінде, Президент Назарбаев әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі екенін ерекше атап өтті.

Қазақстан азаматтары ғарышқа ұшты.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдары әлемнің, әсіресе дамыған елдердің мүлдем жаңа жағдайға көшкенімен есте қалды. Технологиялық дамудағы революциялар экономикалық қатынастарды да, саяси институттарды да өзгертті.

Барлық экономикалық және саяси қатынастардың құқықтық негізі елдің Негізгі Заңы – Конституцияда қаланды. Конституцияның ескі мәтіні және алғашқы жылдары енгізілген барлық өзгерістер кеңестік жүйенің бірқатар белгілері мен атрибуттарын қамтиды, бұл оны заңнамалық негізін жарамсыз етті. 1993 жылғы қаңтарда қабылданған Конституция да осындай болды. Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен еліміздің жаңа Негізгі Заңын қабылдау жұмыстары басталды. Конституциялық Комиссия құрылды, оның құрамына көрнекті құқықтанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді.

Н.Ә. Назарбаев Комиссия төрағасы және Мемлекет басшысы ретінде «1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Жаңа Негізгі заң қабылданар алдында Қазақстан азаматтарының жобаны ауқымды талқылауы болды. Барлығы 33 мың ұжымдық талқылау өткізіліп, оған үш миллионнан астам адам қатысты. Талқылау нәтижесі 30 мыңнан астам ұсыныстар мен ескертулердің енгізілуі болды. 55 бапқа 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Референдумға сайлаушылардың 90,6 пайызының қатысуы ерекше оқиға болды. Сайлаушылардың 90% басым көпшілігімен Конституция қабылданды. Содан бері бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып саналады. Елімізде алда жүргізілетін саяси және экономикалық реформаларға бұл жаңа Негізгі Заң еркіндік берді.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1994 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің профессорлық-оқытушылық құрамы алдында Еуразиялық экономикалық одақ құру бастамасы туралы сөз сөйледі. Еліміздің сыртқы саясаты халықаралық қоғамдыстықпен көршілік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. «Еуразияның күш-қуат беретін күретамырының ортасында орналасқан Қазақстанға, тағдырдың өзі көпвекторлық саясатты жүргізуді белгілеген»,-деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев.

1999 жылы Президенттің бастамасы бойынша «Отан» партиясы ретінде құрылған ұйым, 2006 жылы «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясына, ал 2013 жылы «Нұр Отан» партиясына өзгертілді. Ол Қазақстан Парламентінде депутаттық көпшілікке ие болды. 1999 жылы «Нұр Отан» партиясының 39 мүшесі Парламент депутаттары болды, олардың 12-і – Сенат депутаттары, 27-і – Мәжіліс депутаттары.

2005 жылы «Отан» партиясы Н.Ә. Назарбаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат етіп ұсынды және «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау үшін Қазақстанның Халық коалициясы» сайлауалды блогын құруға бастама көтерді.

Осы және басқа да жағдайларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Парламенті 2010 жылғы 14 маусымда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Конституциялық заңға түзетулер енгізді, оған сәйкес Президент Н.Ә. Назарбаев Ұлт Көшбасшысы деп танылды. Осылайша, Н.Ә. Назарбаевтың заңды институционалдануы жалпыұлттық көшбасшы ретінде жаңа деңгейге көтерілді. 1995 жылғы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданды, онда қазіргі заманғы демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттары көрініс тапты.

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында - 90-шы жылдардың басында тарихи аренада социалистік экономика мен саяси құрылым дағдарысынан туындаған мәселелерді шешу үшін халықты жұмылдыратын көшбасшы пайда болады.

Н.Ә. Назарбаев жаңа сын-қатерлерге жауап бере алатын және жүйені жаңа жағдайларға бейімдей алатын Көшбасшы ретінде әрекет етті.

Оның басшылығымен Қазақстан қоғамның ыдырауы мен тұрақсыздығын болдырмауға, қоғамдағы қайшылықты жағдайларды бәсендетуге, Қазақстанды демократиялық мемлекеттердің әлемдік қауымдастығына тұрақтандыруға және ықпалдастыруға қол жеткізілді.

Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы (Елбасы) саясаты заманауи түйінді мәселелерді шешетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін Астанада ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Қазақстан зымырандар ұшырылатын алаңнан, ғарыш державасына айналды.

Осы қысқа мерзім - 30 жыл ішінде үлкен, жаһандық өзгерістер болды. Нарықтық экономика, жаңа саяси жүйе құрылды. Бұл оқиғалар Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» монографиясында жүйелі және егжей-тегжейлі баяндалды. Н.Ә. Назарбаевтың айтуынша, бұл жаңа модельді іздеу болды. «Біз өз жолымызды - Қазақстандық жолды іздедік», - деп айрықша баса көрсетті.

Рухани өмір жаңартылды. «Мәдени мұра» (2004-2011 жж.), «Халық тарих толқынында» (2014-2016 жж.), «Рухани жаңғыру» (2017 ж.) және «Ұлы Даланың жеті қыры» (2018 ж.) сынды мемлекеттік бағдарламалар жаһандық трендтерге айналды және олардың іске асырылуы қазақстандықтардың дүниетанымын мүлдем өзгертті. АҚШ, ҚХР, Ресей, Германия, Түркия, Иран және басқа мемлекеттердің әлемдік мұрағаттарынан табылған материалдардың елімізге әкелінуі мен цифрлануы ұлттық тарихтың көкжиегін кеңейтті. Қоғамтанушылар қауымдастығы осы жобалар үшін Елбасына алғыс білдіреді.

Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті, сонымен қатар, әлемдік қоғамдық ойдың 100 оқулығы қазақ тіліне аударылуда. 2018 жылы 80-нен астам кітап жарық көрді.

1989 жылдан бастап 2019 жылға дейін үлкен демографиялық өзгерістер орын алды. Республика халқының саны 18 млн. астам адамды құрады. Н.Ә. Назарбаев қазіргі заманғы тәуелсіз, зайырлы және демократиялық Қазақстанның негізін қалаушысы болып саналады.

Тарихшылар салыстыруды жақсы көреді. Олардың есебінше, 1917-1947 жылдар аралығында, яғни 30 жыл ішінде Кеңес Одағын жаңғырту сылтауымен 50 млн адам өмірі қиылды, оның ішінде 28 млн-нан астамы Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған. Еліміз аштық, ГУЛАГ жүйесі, өзгеше ойлауды қудалау сияқты тар заманды бастан өткерді.

Сол секілді 30 жыл ішінде Қазақстан қан төгусіз, аштықсыз терең жаңғыртулар жүргізіп, тиімді және іс-әрекетке қабілетті мемлекет құрды.

Осы жетістіктердің барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы және оның серіктерінің салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр.

Тәуелсіздікті алғаннан гөрі оны сақтау қиынырақ. Осындай үлкен жауапкершілікті ала отырып, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Халыққа қызмет етуден өзге, менің басқа тағдырым жоқ», - деген болатын. Сонымен бірге, оның осы сөздерімен үндесіп жатқан істері оның бүкіл Қазақстанға шексіз қызмет етуінің жоғары дәлелі болып табылады.

2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев арнайы телехабарларда «...бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым» деп мәлімдеді. Бұл ретте Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, ҚР Конституциялық Кеңесінің өмір бойы мүшесі, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы лауазымында қалды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

– Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 5-том. - Алматы: «Атамұра», 2010. – 688 бет, суретті, карталы.

– Современная история Казахстана: Хрестоматия / Сост. А. Ауанасова, А. Сулейменов. Под ред. Б. Аягана. – Алматы: Раритет, 2010. - 560 с.

– Аяган Б., Ауанасова А., Сулейменов А. Новейшая история Казахстана: Кризис и распад советской системы. – I том. – Алматы: ТОО «Литера–М», 2011.– 320 с.

– Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян. - Астана: Деловой Мир Астана, 2016. - 306 б.

– Нұрсұлтан Назарбаев: әділеттің ақ жолы. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 288 б.

– Центральный Комитет КПСС принял постановление «О работе Казахской республиканской партийной организации по интернациональному и патриотическому воспитанию трудящихся» / Казахстанская правда. - № 165 (19.591). - 16 июля. - 1987. 

– Қазақстан Республикасы Президенті Архиві. – 708-қ., - 139-т., - 1324-іс.

– Қазақстан Республикасы Президенті Архиві. – 5-H-қ., - 6/1-т. – 1010-іс.

– Қазақстан Республикасы Президенті Архиві. – 5-H-қ., - 1/3-т., - 3345-іс. 

– Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. - Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 бет, суретті, карталы.

– 1998 год должен стать годом начала реализации Стратегии-2030 / Выступление Президента Н.А. Назарбаева на республиканском совещании акимов 23 декабря 1997 года // Казахстанская правда. – 1997 г. – № 269 (22469). - 25 декабря.

– Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 1994-1995 годы. – Астана: Деловой Мир Астана, 2011. – 576 с.

– «Мир о Нурсултане Назарбаеве» / Под ред. профессора Б.Г. Аягана. – Астана, 2010. – 230 с.

– Тоқаев Қ. Нұр мен көлеңке. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2008. – 576 б.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі // «Egemen Qazaqstan». - № 54 (29533). – 2019.– 20 наурыз.  

Аяған Б.Ғ.,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?