Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Қазақ диссиденттері: Арман Қани

2564
#Қазақ диссиденттері: Арман Қани - e-history.kz

Артық сөйлемек түгілі өзгеше ойлаудың өзі қылмыс саналатын советтік империя қанша жерден қысып бақса да қазақ даласының әрбір түкпірінде елді оятуды мақсат тұтқан астыртын ұйымдар бой көрсетіп жатты. Солардың бірі – «Жас ұлан» деп аталатын қозғалыс еді.

Кереку өңірінде "құпия ұйым пайда болыпты!" деген сыбыс 1969 жылдың қазан айынан бастап айтыла бастаған еді. Өйткені, халық арасында қазақ мектептерінің жаппай жабылып, барлық мектептерде орыс тіліне басымдық беріліп жатқанына қарсылық білдірген үнпарақтар тарала бастайды. Әрине, о баста жұрт онша көп мән берген жоқ. Арнайы органдар да басында «бұзақылардың қалыпты тірлігіне» балап көп қозғала қоймаған еді. Алайда, көп ұзамай мұндай үнпарақтар стихиялы түрде тарай бастады. Желтоқсан айының соңына қарай белгісіз біреулер түн уақытында қала орталығындағы вокзал, бас пошта үйі сияқты жұрт көп жүретін жерлерге үнпарақтар жапсырып кететінді шығарды. Ең қорқыныштысы, «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар! Сендер ғасырлар бойы еркіндік іздеп, қаратүнек қанды жылдарда бақыт аңсаған елсіңдер!» деп басталатын бұл «қауіпті» үнпарақтарда халықты ашықтан-ашық советтік жүйеге қарсы үгітттейтін жазбалар бар еді. Кейін мұндай жүйеге қарсы  жазбаларға толы «қауіпті» үнпарақтар облыс орталығы ғана емес шалғайдағы елді мекендерге дейін  тарала бастады.

Бұл жағдай расы керек, құпия қызмет органдарын қатты тіксінтті. КГБ мамандары күн демей, түн демей аяқтарынан тозып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ақыры, «аса қауіпті» ұйымның ұясын тауып тынды. Ең қызығы, күштік құрылымдарды аяқтарынан тік тұрғызған «Жас ұлан» қозғалысының өкілдері жұрт ойлағандай арнайы дайындықтан өткен ұлтшылдар емес Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазіргі №3 гимназия-интернаты) оқушылары болып шықты.  Негізгі ұйымдастырушысы Арман Қани есімді тоғызыншы сынып оқушысы екені белгілі болады.

Іле-шала тергеу басталады. Тергеу жұмыстарына Алматыдан, Мәскеуден тіптен республикалық қана емес одақтық деңгейдегі Қауіпсіздік органдары қызметінің жоғары шенді өкілдері келіп қатысады. Кәмелет жасына толмаған балалар екен деп ешкім де беттеріне қарамады. Барлығын да жеке-жеке тергеуге алып, алдап-сулап, керек кезінде қорқыта отырып жауап алынады. Басында, тергеушілер «Жас ұлан» ұйымын сырттан келген біреу құрып кетті деп күдіктенген еді. Өйткені, бұл 1952 жылғы «ЕСЕП», 1965 жылғы Алматы қаласында М.Әуезовтың бастамасымен құрылған «Жас тұлпар» секілді ұйымдардың дақпырты әлі басылмай тұрған кез еді. Сондықтан да болар, тергеушілер Арман Қаниды жиі-жиі жауапқа алып біраз қинайды. «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз. Бірақ ол жөнінде өзің айтсаң, қылмысың жеңілдейді» деп бопсалап та көреді. Алайда одан ештеңе шықпайды. "Ұйымды өзіміз саналы түрде құрдық" деп алған бетінен қайтпай қояды. Ақыры, амалдары қалмаған тергеушілер ұйым мүшелерін жеке-жеке шақыртып алып үнпарақта жазылған сөздері жатқа айтқызып көреді. Тек осыдан кейін ғана тергеушілердің көзі жетіп, «кінәлілерге» ресми түрде айып тағылады. 

1970 жылдың сәуір айында қалалық комсомол комитеті бюросы отырысы болып ұйым жетекшісі Арман Қани және Рашит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Гүлбаршын Әлиева секілді ұйым мүшелеріне «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айып тағылып комсомол қатарынан шығарылады. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ  жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан шығарылып,   оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылады.

Қалған мүшелеріне қатаң сөгіс, ескерту секілді әкімшілік айыптар тағылады.  «Жас ұландарды ресми жазалау аяқталған соң Қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасы қызметкерлері: «Осымен істерің жабылды, енді тыныш жүріңдер, әйтпесе сотталасыңдар! Ұйым жөнінде ешкімге тіс жармаңдар, біреулерге айтқандарыңды біліп қалсақ, оңдырмаймыз!» деп ескерту жасады. Бірақ іс онымен тоқталмады. Үнемі бақылауда болдық. Көбіміз алған білімімізге сәйкес жұмыс істей алмадық.  Болат Какежанов, Алтын Махметова, Айгүл Жүнісова, Қайролла Кәженов сабақты жақсы оқығанымен, жоғары білім ала алмады. Қайрат Қабылбеков жоғары білім алғанымен, жоғары лауазымды қызмет істеуге өмірбаяндық дерегі сәйкес келмеді. Ал Гүлбаршын Әлиева, Рәшит Бейсекеев, Айгүл Жүнісова, Сембай Құсайынов  түрлі жағдайда дүниеден мезгілсіз өтті. Ал менің  білім алу құқыма және баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, жария емес жазалау мен қудалаудың өзге де түрлерін бастан өткердім. Кәмелетке толмай қара жұмыстар істеп, түрлі әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілік қазанында қайнадым, солардың өмір салтымен ғұмыр сүруге дағдыландым, орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып бітірдім» дейді сол кездегі «Жас ұлан» жетекшісі Арман Қани.

Арман ағамыздың айтуынша, бұз кезеңде «тың игеру» деген желеумен орыстандыру саясаты ашық жүріп жатқан. «Бұл орыс емес ұлттардың жас ұрпақтары сана-сезімінен елдік, халық­тық қасиеттерді өшіріп, нигилистік көзқа­расты орнықтыруға бағытталған әрекеттің басы еді. Отаршыл саясаттың осындай озбырлығы салдарынан 60-шы жылдары республикамыздың солтүстік аймақтарын­дағы қазақша оқитын балалар саны ­азайып, ана тіліміздегі орта мектептердің жабылу құбылысы белең алды. Павлодардағы қазақ балабақша­ларының болмауы, ұлт тіліндегі мектеп­тердің жабы­луы, көше, дүкен, ­кинотеатр атауларының орысша қойылуы секілді озбырлықтардың барлығын өз көзімізбен көріп, ішімізден сезіп жүретін едік.  Осылайша №3 қазақ мектеп-интернатының оқушылары болып 1969 жылдың күзінде негізінен тоғызыншы сынып оқушыла­ры­нан тұратын «Жас ұлан» ұйымын құрдық. Бұл кезде 15 жаста ғана болатынбыз. Өзіміздің ұйым үшін мұрат-мүдделерімізге сай келетін жарғы жасап қабылдадық. Арнайы жоспарымыз да болды. Жетекші­лігіне мен сайландым. Содан көп кешікпей облыстағы ұлтжанды деген жасөспірімдер ұйымымызға тартылып, жалпы санымыз 100-ге жуықтап барып тоқтады. Арнайы үнпарақтар шығардық. Оларды алғашында қолмен жаздық, содан кейiн жазу машинкамыз болды. Оны ұйымымыздың мүшесі Сембай Құсайынов деген оқушы тауып әкелді. Оның әпкесі Ермак қала­сындағы халық сотында істейтін еді», – дейді Арман ағамыз.

Ұйым мүшелері үнпарақтарын басында жұрт көп жүретін жерлерге жапсырып кетіп жүреді. Кейін бұларды қолдан көшіріп, өзге студенттер де таратуды қолға алады. Қаладан келген студент жастар ол қағаздарды өздерiмен бiрге ауылға әкелiп таратып жатты. «Ондағы ойымыз алыстағы ағайындарды да дайындап алып 1 Мамыр мерекесіндегі ше­руге «Қазақ мектептері мен балабақша­ла­ры ашылсын!» деген ұран көтеріп шығу еді. Оған мүмкіндігіміз болмады. Ұсталып тындық. 1970 жылдың 15 қаңтары күні Мем­лекеттік қауіпсіз­дік комитеті (КГБ) облыстық басқар­ма­сының қызметкер­лері бәрімізді ұстап, бірден тергеу­ге алды.  Небары бірер ай ғана жұмыс жасадық. Алайда еңбегіміз еш кеткен жоқ.  Біздің бұл әрекеті­міз текке кетті деп айта алмай­мын. Оқиғадан кейін көп ке­шік­пей жергілікті билік орын­дары Пав­лодардағы бір бала­бақ­шада тұң­ғыш рет қазақ тобын ашуға бет­бұрыс жасады. Мектеп жа­сына дейінгі осы бүлдіршіндер бөлімі уақыт өте келе «Ақбұ­лақ» деп аталатын алғашқы қазақ балабақшасына айналды. Мұны «Жас ұлан» ұйы­мы жұмы­сы­ның жаңғы­рығы деп қабылдаған жөн. Бір өкініштісі, әлі күнге дейін «Жас ұлан» ұйымына мемлекеттік органдар тарапынан ресми саяси баға берілген жоқ. Әлі де сол берілетін шығар деген үміт жетегінде  келемін», - дейді Арман Қани.

 

«Жас ұлан» ұйымының негізін қалаушы, диссидент, ұлтшыл қазақ әрі ақын, жазушы Арман Қани ағамыз бүгінде Кереку облысында тұрып жатыр.

Арман ағамыз 1954 жылы 22-ақпанда  Павлодар қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен ағайын, әжесі Кәсіп – «Үш Жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» қызы. Арман бала кезінен бастап өз жұрты мен нағашы жұртындағы сол екі ақынның өмірі мен өнерниетін өнеге тұтып өскен. 

Арман Қани орта мектепті де (1976 ж.), жоғары оқу орнын да (ПМУ-дың филология факультеті, 1995 ж.) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған. 1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқаруда. 
«Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014) жыр жинақтары жарық көрген.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?