Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөрілідегі бөгеліс

2884
Бөрілідегі бөгеліс - e-history.kz
«Ұлы Абайдың ізімен» деген жазуы өрнектелген және ақынның суретімен көркемделген көлігіміз Ырғызбай жерінде ызғытып келеді

Ырғызбай жері демекші, енді біздің сапарымыз бастабында Абайға қарасты жер болып, кейіннен Мұхтардың атасы Әуезге берілген Бөрілі өңіріне жалғасты.

Бөрілі десе дегендей. Қасқырлар жортқан адырлар, жота-белестер. Күннің көзі бұзылса, қасекең іске кірісетіндей өлке ме дерсіз.

Әйгерімді алып тыныш тапқан Абай Жидебайда бір жыл қыстаған соң, осы Бөріліден және бір қыстау салып алады. Бұл жер Семей шаһарына қатынау үшін, одан көп кітап алдырып оқу үшін Абайға өте қолайлы мекенге айналды. Бірақ көп ұзамай Абай Бөріліден де қоныс аударады. Себеп – жанға да, малға да жайлы өлкені қожа әулетінің аттай қалап сұрап келуі.

1886 жылдан бастап Әуез әулетіне бұйырған мекенге біз де келіп қалдық. Қарауыл-Семей күре жолынан үш-төрт шақырым ғана жерде тұрған Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі де кіріп-шыққан жолаушылар үшін өте ыңғайлы орналасыпты. Орналасқан дейміз-ау, бұл орындағы ескі тамда жазушының сәбилік шағы өткенін қалай ұмытамыз?!

Жазушы 1897 жылы, нақтырақ айтқанда, Бөріліге жақын Аяққарағанда қойдың күзем жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келіпті. Омыраудан шыққан соң атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің еркесіне айналып, бұла болып өседі.

Бөрілінің батыс бетінде әлемге әйгілі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың музей-үйі тұр. Ғимараттың ауласы екі жүз шаршы метр аумақты алады. Бау-бағы жайқалып өсіп, ғимараттың өзін көзден таса қылатындай аса көрікті, жап-жасыл бақшаға айналып үлгеріпті.

Музей-үйге енгенде сәби Мұхтар ойнап күлген ескі қыстаудың фотосуретін тамашаладық. Мұнда жазушыға қатысты дүниелердің дені жақсы сақталған, музей таныстырушы Гүлназ апай әрбір детальды жақсылап түсіндіріп жатыр.

Арамыздағы тарихшы ағайымыз «Абай арғын ба, қыпшақ па?» деп тағы бір қайталады. Естіген құлақ пен көрген көзде жазық жоқ, жол бойы Абай мен өз руын айтып келе жатқан ағамыздың әрекетіне де бойымыз үйрене бастапты.

Музей жәдігерлерімен танысу барысында Алаш тақырыбы қызықтыратын бізді Ақкенже Ақмағамбетовтың фотосуретін алғаш рет көріп, телефонға түсіріп алдық. Тарихи суретте ол Тұрағұлұлы Жебраилмен, Шәміл Қалиев есімді азаматтармен бірге түскен екен. Тарихи деректерде Ақкенже 1917 жылдың 7 маусым күні Абайдың Ойқұдықта үйінде қойылған «Еңлік-Кебегінде» пъесасында Кебек ролінде алғаш ойнағаны жайлы айтылады. Алаш қозғалысына жақтас болып, мінезімен, мырзалығымен аты шыққан. Ол 1928 жылы мал-мүлкі кәмпескеленіп, 1934 жылы қуғында Шымкентте қаза болған. Абайдың ақылды баласы Тұрағұлдың ғұмырымен сабақтас. Бұл бір аяулы азаматтың суретін түсіріп алуымыздың мәнісі Алаштың ауқатты байлары мен жақтас ниеттестері жайлы зертеулер жазатын досымыз Еркін Ерланұлына көрсету мақсатымыздан туындап отыр.

Мұхтар Әуезов музей-үйімен танысып болған соң, дәл алды, қыр үстіндегі үлкен тасқа беттедік. «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген Мұхаңның сөздері қашалған қоңыр тас бізге әуелден кітаптар мен әлеуметтік желілер арқылы таралған суреттер арқылы белгілі еді. Осы тастың түбінде маңдайға басқан суретшіміз Алмас Сырғабай Мұхтардың ата-анасына арналған ақ шаңқан кесенені не-бары бес минутта жазып шықты.

Басында ай белгісі жарқыраған, биіктігі тоғыз метр болатын, алып күмбезді, алдыңғы қасбеті салтанатты айшықталған мәртебелі кесенеде Омархан Әуезұлы мен Нұржамал Әбсеметқызының сүйектері жатыр. Іргесінде Омарханның інісі, жазушының аяулы ағасы Қасымбек пен жеңгесі Ғалия Ахметбекқызы жерленген.

Қыр төбесінен көрінеді, Бөрілі қазір отызға тарта үйі бар шағын ауыл екен. Қалаға қатынауға қолайлы, үлкен күре жолға жаяулап та шыға беретін ыңғайлы мекен боп тұр.

Енді бір әу баста Абай жаны қалап қыстау салдырып, кейін Әуез әулетіне басы бүтін сыйға тартқан Бөріліден Мұхтардай алып шығып, әлемге әйгіленген мұндай мың да бір рет келетін мұғжиза ісіне таң қалмасқа шараңыз жоқ-ау.

Осы музей-үйдің ұзақ жылдар бойы басшысы болған, көкірегі даңғыл шежіреші Бекен ақсақалдың сөзімен айтқанда «Мұхтардың «кіндігін кесіп, кірін жуған» алғаш жарық нұрын көрген, қарын шашы алынған, «тәй тәй басып», қаз тұрған орын болуымен бірге, бұл бұрынғы Абай мекен етіп өзінің болашақ ізбасары Мұқаң әулетіне сыйлаған қоныс болуымен де  даңқты, қасиетті. Ұлы Мұхтардың алтын құндақ, асыл бесігі – Бөрілі мекенінің мәртебесі биіктей  берсін!»

Біз бұл сөз асылын іштей тілек етіп, Бөріліде көп бөгелместен, Семейге қарай тарттық. Орта жолда сол тұстан алып батырдың дулығасындай ай маңдайы жарқыраған Күшікбай асуына бір тоқтап, шешек ауруы жанына батып, найзасын жерге тіреп, аттан түсетін батыр образы көз алдымызға келіп, етектегі мөлдір бұлақтан шөл қандырып алып, әлемдегі ең үлкен шаһарға қарай (жер көлемі бойынша Семей қаласы танылған) жүйтки жөнелдік.

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?