Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарқаралы һәм «Құнанбай»

2732
Қарқаралы һәм «Құнанбай» - e-history.kz
Қасиетті құранның бірер сүресін қайырып, дұға-тілегімізді іштей қайталап болған соң, жол бастаушы 1850 жылдардан бастап пайдаланған мешіт құрылысының бірер ағашы орналасқан жерді көрсетті.

Мешіт имамының бөлмесі екен, төбедегі қоп-қоңыр тақтайлар жылтырап көрінді. Сірә, кейінгі кезеңде бетін сүртіп, лак құйып тазалап қойған көрінеді. Жарықтық заман куәгерінің жалқы жұрнағы осы боп тұр.

Мешіттің сол жақ қанатын бетке ала сыртқа шықтық, осы жылдың көктемінде мұқым қарқаралылықтар орнатқан әкелі-балалы Құнанбай-Абай ескерткішіне тағзым мәзіретін қылдық.

Ескерткіш әркімге әрқалай әсер етті. Арамыздағы жалғыз суретші Алмас Сырғабай аға-досымның да өз пікірі бар. Ол ат үстіндегі шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайды көргісі келеді. Ол елдің төбесінен қарап, тамам жұртқа ақыл айтып, сөз бастап, жол нұсқаған ақылман Құнанбайды көргісі келеді. Ол қылғын ісі ғибратқа толы, айтқан сөзі мақалға айналған парасатты Құнанбайды көргісі келеді. Ол өткен мен келгеннің, келген мен келешектің жөнін ұққан кемеңгер Құнанбайды көргісі келеді. Ұлы Абайды туған әке Құнанбайды көргісі келеді. Ол көргісі келді өз Құнанбайын. Өз Абайын да.

Қарқаралыдағы «Құнанбайдың» жасы егделеу сияқтанды, тарихтағы Құнанбайдың 45-47 жасы – қылшылдаған жігіт шағы. Аға сұлтан боп билеген үш-төрт жылында айбыны асып, айбары тасып тұрған Құнанбайды Әлекемнің көре алмауы содан ба екен, кім білген?!

Тас «Құнанбайдың» сол көзін соқыр етіп көрсетіпті. Халық артисі Тұңғышбай Әл-Тарази ойнайтын Құнанбай оң көзінен, тағы бір Халық артисі Досхан Жолжақсынов сомдаған Құнанбай сол көзінен жұмық. Бұл қалай болғаны?

Құнанбайды көрген поляк күрескері, атыңнан айналайын Адольф Янушкевич қай көзі екенін анықтап жазбайды. «Кезінде ол көрікті еркек болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бір-ақ шығара жаздаған, қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол көсіліп сөйлеп кеткенде, тыңдаушылар оның сиқы қашып, реңі тайған жүзін мүлде ұмытады. Қатерлі дерттің табы жерлестерінің мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын Құнанбайдың есіне әлсін-әлсін түсіріп отырады. Осының өзі оның қызметі мен маңызының дәлелі» деп тамсанады ғой ауропалық Адольф пақырымыз.

Ал біздің Мұхтар Әуезов ше? Ол атақты қайраткердің жалғыз көзін асқан шебер суреткерлікпен былайша өреді: «Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. Түсі суық. ...Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады».

Мұхаңа бақсақ, Құнекеңнің сол көзі сау! Ескерткіштегі деталь да үш елідей қате кеткен. Тұғырлы ескерткішке тамсана жүріп, сын ойларымызды сыналай болсын білдіре жүріп, жылы жаңбырдың тамшылай бастағанын сезбеппіз. Ақ жауын сеуіп тұр!

Ұлы Абайды оң иығына қолын салып ертіп жүрген Құнанбай таяқ тастам жердегі көк шатырлы еңселі үйге беттеп келе жатқандай. Біз енді көк кеседей көмкерілген аса сәнді үйге қарай аяңдадық. Ұлт тарихында «Абай тоқтаған көк үй», «Бекметевтер үйі» деп дәріптелетін бұл тарихи үй расында да еңселі, сұмдық салтанатты. Қазақтың баяғы би түсетін үйі осы болар-ау.

Би десең би, сұлтан десе сұлтан, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай үй иесі Халиолла Бекметевпен жақсы сыйлас болып, жақын араласып тұрған екен дейді ел аңыздары. Татардың атақты көпесі өз дәуірінің дүлдүл азаматы болғанынан бөлек, кем-кетік пен жоқ-жітікке қарайласқан, зор шапағатшыл кісі баласы болыпты. Ол кен қазып, өндірісті айналдырған, мешіт салып, медресе ашып, жастарды ағартыпты.

Бастапқы қалпынан көз өзгеріске ұшырамаған, қаққан қазығы мен сұққан шегесі дейін сақталған қара шаңырақ – ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап күні бүгінге дейінгі тарихи оқиғалардың тілсіз шежіресі, сөзсіз куәгері.

Абайға ғана емес, Алашқа да қызмет еткен көк үйде Ə. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Ақбаевтар пікірлескен, тіпті 1905 жылғы атақты «Қарқаралы құзырхаты» осы үйде жазылуы мүмкін деген де дерек бар.

Үйдің ішін түгел аралап шығу үшін асыққан адамға жарты сағаттан артық уақыт кетті. Қазір Абай атындағы «Саз» музыка мектебі орналасқан бұл үйде Абайға, Алаш қайраткерлеріне арналған бөлмелер жабдықталыпты. Бекметевтер династиясын толық сипаттайтын шағын көрмелер қойылған.

Жолды қиып қарсы беттегі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан оқыған қызыл кірпішті мектепке бас сұқтық. Әлихан тақырыбының қамшы салдырмас хас жүйрігі, еліміздегі нөмірі бірінші әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы бізге қызық, тың да тосын деректі айтты. Қарқаралының бастауыш мектебі мен кəсіби училищесін 1879 жылғы 16 қыркүйек – 1886 жылғы 16 маусым арасында оқыған жас Әлихан «етікші» мамандығымен бітіріп шыққан! Етікші! Елдің ертеңін ойлаған есіл ер жаттың сұлтаны болғанша, өз жұртының ұлтаны болуды мақсат тұтыпты!

Ғалым ағаның айтуына қарағанда, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Г. Колпаковскийдің жұмбағын бала Әлихан осы мектептің алдында шешіп берген екен.

Қарқаралыдағы күніміздің соңғы сәтінде біз халық «Ақ кеңсе» деп атап кеткен тарихи орындағы алқалы басқосуға қатыстық. Мұнда аудан әкімшілігі мен музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Шын хәкім, сөзің асыл баға жетпес» конференциясы өтті.

Экспедиция мүшелері жиын барысында сапардың мақсаты мен міндетін түсіндірді, ел ағаларымен мағыналы әңгіме өрбітті, руханият жөніндегі әр түрлі мәселелерді көтерді. Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы аудан жұртшылығы үшін, әсіресе құйқалы өңірдің рухани қазынасы үшін деп Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы мен тұлғалық энциклопедиясын музейге сыйға тартты. Ал Астанада кеңсесі жоқ болса да, кеңесі көп Абайтану орталығының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызы аудандық кітапхана қорына 100 кітап тарту етті.

Қарқаралы сапарының түйінін айтқан экспедиция басшысы Ержан Еңсебай ыстық ықылас пен жылы қауышулары үшін қарқаралылық қандастарға алғыс білдірді, сосын орнымыздан қозғалдық.

Біз музей жәдігерлерімен таныстық. Қоянды жәрмеңкесінде ақша мен құнды құжаттарды сақтаған алып сейфті тамашаладық. Елдің есін алардай ғажайып дүние екен! «Сандықты кілт болмаса, не ашады» дегендей, ашып-жабудың өзі жатқан бір әлем, тұнған технология! Қызық болғанда ең алдымен кілттің алақан ұстайтын басындағы кішкене тетік сандық маңдайшасындағы көзге көрінер-көрінбес тесікке сұғылуы тиіс екен. Содан соң барып темір сандықтың үстіндегі ені екі елідей, ұзыны бес елідей тілше сырт етіп көтеріледі. Бұл жерде кілттің ұшына лайықталған құлып жасырылған екен! Соған үш кертік тісі бар кілтті салып, бір-екі рет бұрап қалғанда ғажайыптың ғажайыбы ашыла кетпек.

Музей жетекшісі Назым Әбішеваның айтуына қарағанда, қазірдің өзінде сегіз жігіт жабылып әрең көтеретін алып сандық 1845 жылы жасалыпты. Біздің Абаймен жасты! Келер жылы бұған да 175 жыл толады. 1848 жылы бастап ашылған атақты Қоянды жәрмеңкесінен түскен ақша осында сақталыпты. Бұл құнды жәдігерді Қарқаралы аудандық қазына басқармасының басшысы болған Мұрат Тойынбетов ағамыз тапсырған екен.

Ғажайып ғылым жатқан сырлы сандықты алақанымызбен сипап, әрі-бері ашып-жауып қызықтап біраз тұрдық. Ғасырдан астам құндылық жасырған ауыр да алып сандық сырын ашар дедік пе... 

Сыртта бізді әкім орынбасары, бізді күтіп алғаннан бері жанымыздан табылған елшіл азамат Сайлау Әлиұлы даладағы өрттің басылғанын, бүгінгі жауынның себі тигенін айтып қуантып қойды. Келіп бір қуантқан экспедиция кетіп бір қуантты. Нұр жауған күн болды!

«Аттандық сапарға, көңілде мол арман». Сүйріктей Sprinter-імізге секіріп мініп жолға шықтық.

Тағы да жол, жол, жол...

Алда – Абыралы!

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?