Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түрік әлемі: МИФОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕР

2858
Түрік әлемі: МИФОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕР - e-history.kz
Арғы қазақ мифологиясында жиі кездесетін архетиптік бейнелердің бірі – үңгір, әр түрлі қасиетті қуыстар

Қазақ түсінігі бойынша үңгір қуыстар киелі саналады. Қауіп төнгенде жасырып қалатын, тыныш өмір сүретін қорғаныш аумақ. Яғни, ата-бабаларымыз мекен еткен, есте жоқ ескі замандардағы батырлар жұрты деп есептеледі. Бұған көк түріктердің бабаларының мекені деп есептелетін Отүкен, Ергенеқон секілді аңыздарды мысалға келтіруге болады.

Өтүкен – түрік халықтарына ортақ қасиетті атамекен саналады. Енді ел аузында сақталған осы аңызға назар аударсақ: Жаугершілік заманда, бір қанды шайқастан соң аяқ-қолы шабылған бір бала батпақта қалады. Оны бір қаншық қасқыр тауып алып, асырап, өсіріпті. Бірақ артынан жаулар жігітті тауып алып өлтіреді, ал сол жігіттен жүкті болған қаншық қасқыр жаудан аман-есен құтылып, Алтай тауына (Гаочан -Тұрфанның терістігіне) қашып барып үңгірге тығылады. Сол үңгірде қасқыр он баланы дүниеге келтіреді, он бала өсіп-өніп, ұрпақ көбейтеді, он баланың ішінен Ашина дегені сол жаңа қауымның көсемі болады, ал оның ұрпағы - Асянньшад халықты үңгірден шығарып, олар «көктүрік» деген атпен Алтайға таралыпты [1].

Ерте кезде, жаугершілік жылдары ұрпағын аман сақтап қалу үшін Нұқыз бен Қиянның ұрпақтарын  алып барып Ергенеқон шатқалына барып жасырыныпты делінетін Ергенеқон аңызы да үңгір оқиғасымен байланысты. Қиян мен Нұқыздың  арманы – артынан келген жау іздеп таба алмайтын, шөбі шүйгін жайылымы бар, жанға жайлы жерұйық мекен табу еді. Түркілер ақыры айналасын аса биік көгілдір таулар қоршаған, сарқырап ағып жатқан асау өзендері бар жерге тап болыпты. Сол үлкен дарияның бір жағы – жеміс ағаштары жайқалып тұрған бау-бақша, екінші жағы – шүйгін шөбінен түйе көрінбейтін кең жазира жайлау екен. Төрт жүз жылдан соң Нұқыз бен Қиянның ұрпақтары өсіп-өніп Ергенеқонға симай бастайды. Сол кезде ел ағалары Ергенеқоннан шығып бұрынғы ата-бабаларының жеріне қоныстануды ұйғарады. Сөйтіп таудан шығар жол іздейді. Бірақ жол таба алмайды. Іштерінде бір темірші бар екен. Ол былай дейді: «Осы шатқалдың бір жерінде темір кені бар соны ерітсе жол табылады» - деді. Ел ағалары сол жерге барып көріп, теміршінің айтқанын мақұлдады. Елге отын мен көмір жинатты. Таудың кең жеріне ағаш пен көмірді үйіп жетпіс жерден көрік жасап оны жетпіс жерге құрады. Көрікті барлығы бірігіп басты. Құдайдың құдіретімен тау темір болып аға бастады. Жүкті түйе шыққандай жол пайда болды. Ай, күн, сағатын есептеп бірнеше күнде таудан шықты [2].

Бұл екі аңызда да үңгір түсінігімен қатар, от трафареті жатыр. Өтүкен сөзінің этимологиясы «от» және «кен» көне сөздерінің бірігуінен жасалғаны даусыз. Белгілі зерттеуші С.Қондыбай да өтүк сөзінің көне түркі тілінде «оттық» яғни оны, жалынды, алаулы дегенді білдіретінін айтады. Екінші түбір - қазіргі қазақ тіліндегі (кеңістік — пространство) мағынасын береді, сонда Өтүкен – «Отты кең», «отты кеңістік» деген таза мифтік ұғым шығады. Бұл космогониялық мифтегі ғалам оттан пайда болады деген түркі және үнді-иран түсінігін көрсетеді. Яғни Өтүкен, Ергенеқон аңыздарындағы бұл үңгір, шатқал түркілер мифологиясындағы протокосмос (алғашқы ғалам), космос (жаудан, хаостан қорғалған "өз" кеңістігі), эпостық ата-жұрт, мифтік "о дүниедегі ел" дегенді білдіретін көпқабатты ұғымның белгілі бір тарихи оқиға мен тарихи әулеттің идеологиялық қажетгілігіне орай жаңартылған мифтік кеңістік моделі. Яғни Қондыбайдың пайымынша, Ергенеқон немесе Ергене Кеңістік — жабық кеңістік. Оның жан-жағының бітеу тау аңғары болуы да осы мифке байланысты. Ергенеқон - "ата-баба кеңістігі" болып түсіндіріледі. Ергене немесе «Арғы ене» - мифтік бастапқы кеңістік, Арғы- Ана кеңістігі. Аңғардан шығардағы тауды балқыту сюжеті - мифтік іс-әрекет, ол жабық кеңістіктің, абақтың немесе ғаламдық алтын жұмыртқаның от қуатына шыдамай жарылуы, ғаламның оттан пайда болу процесін көрсетеді [2].

                                                                                             С.Қондыбай

Сол секілді ел ауызында жиі айтылатын «Тескентау» аңызы туралы да осыны айтуға болады.  Кейбір зерттеушілер  «Тескентау» деп жүргеніміз осы аңыздың басқаша сипаты дегенді айтады. Тескентау сөзінің мәні «тесілген, тесігі бар тау» дегенді білдіреді. Яғни тесіп кірген немесе тесіп сыртқа шыққан күйді білдіретін тылсым кеңістік. Кеңістігінің кірер тұсы  қақпа рөлін атқарады. Кейінгі орта ғасырдың түрктері осындай түсініктерді білген, оны «Тескентау» топонимі арқылы түсіндіруге болады. Тескентау - қазақ-ноғайлы заманының эпикалық дәстүрінен белгілі «қарабайыр» топоним. Аты айтып тұрғандай айқын мағыналы «тескен тау» (тесілген тау, таудың тесілген жері, бір жері тесілген, тесігі бар тау). Батыс Қазақстанның 19-ғасырдағы ақын-жырауларының өлең жолдарына үңілсек, ноғайлы заманының батырларының Тескентау асқанын көреміз. Ең алдымен осы ерекет Асан қайғыға қатысты айтылады. Яғни, қазақтың «Жерұйығын» да түйсік еріксіз түрде осы жақтан іздетеді. Міне, аңыз-жырлар мен толғауларда оқтын-оқтын кездесіп отыратын "тескентау асулардан" ұғуға болатыны — кейінгі орта ғасыр түрктерінің (қазақтарының) абстрактілік кеңістік танымындағы осы Ауған-Тескентау жерінің «әлдебір шекара», «белес» > басқа дүниеге өтер түс» деген мағыналарға ие болғандығы, «әлдебір уақыт пен кеңістік белесі» идеясы [2].

Көне түркілік шежіреге негізделген Ергенеқон, Өтүкен секілді аңыздарға ортақ тағы бір кеңістік бар. Ол «темір үй» және «темір қуыс» ұғымдары. Тағы бір айта кетерлігі, бұл қиғалардың барлығы да жер астында немесе өлілер елінде яғни басқа бір әлемде өтеді. Сол жерден кейіпкерлеріміз қалыңдық тауып немесе өз бақытын тауып сиқырлы ағаштың (Мықан ағашы) көмегімен сыртқа (жер үстіне) шығады. Сондай-ақ, «Темірхан», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ертөстік», «Айдаһар қатын», «Желкілдек», «Аюалпаң» және Қорқау «шал» секілді ертегілерде кейіпкерлерінің алдынан алдарынан төбет шығатыны бар. С.Қондыбайдың паймынша, ит өлілер дүниесінің белгісі: «Үнді-еуропа мифолгиясында ит өллер патшалығының иесінің күзетші, қызметшісі функциясын атқарады. Алып төбеті бар Темір де осы қисынға сай- өлілер дүниесінің әміршісі. Яғни темір ұғымы жер асты әлемінің белгісі.  Яғни тамұқ тозақ [2].

Осы секілді отты кеңістік, темір үй, темір үй секілді кеңістік элементтерін  «Жиделі байсын», «Жерұйық» секілді аңыздардан да байқауға болады. Серікбол Қондыбай өзінің «Жауынгерлік рух және Алпамыс ғаламы» атты кітабында Байсынның географиялық (рельефтік) сипаты да таулармен қоршалған аңғарды көрсетеді. Осы жерде әлдебір "Темір-қақпа" бар деп атап өтеді. Расында да осы «байсындық» аймақтың тағы бір аты — «Демир Қапығ» яғни «темір қақпа», «екі таудың тар шатқалындағы темір қақпа арқылы кіруге болатын аймақ» туралы Қытай деректері де, орта ғасырлық Еуропа деректері де бар, тіпті Күлтегін жазуындағы осы аттас белгісіз географиялық нысанды да «нақ осы жер» деп тұспалдайды. Міне, осы «Темір қақпа» бізге «Ергенеқонның есігі» мен қоңырат тайпасындағы «босағаны» еске түсіреді, яғни аталмыш образдардың тарихи сипат берілуінде осы «жиделі-байсындық» қақпаның ықпалы болғаны анық. Бір қызығы, «қақпа» ұғымы «Алпамыс» жырының өзінде де кездеседі: Қаражан мен хан Тайшықтың Гүлбаршын сұлуға таласатын жерінің аты «Дарбанда» делінсе, жырдағы ат жарысы сюжетіндегі тұлпарлардың байрақ-межесі тұрған жер де «Дербент» деп аталады. Бұл екеуі де парсы тілінде «қақпа», «күзет орны» дегенге сай келеді» [3] дей келе өз ойын былай қорытады: Жиделі-Байсын 2500 жыл бойына тұрақты өркениеттердің кіндігі болды. Оған дей-түрк ескерткіштері ғана емес, одан кейінгі Арйошайананың да, Бактраның да, Греко-Бактраның да, Кушанның да, Эфталиттердің де қоғамының бас ордасының нақ осы жерде болуы куә. «Эфталит» (эфтал, хейтал, итал) этнонимінің өзі «жиделі» сөзімен біртекті болуы мүмкін. Кангюй мемлекетінің бір пұшпағы осы Жиделі-Байсында жатыр. Қытайлық дерек «Шофанбэйгэй» өзбекстандық Қашқадария мен Сұрхандария облыстарының ауқымына кіретін «Темір қақпа» ─ «Жиделі Байсын» аймағы туралы мынадай дерек береді; "Государство Ши иные называют Гйеша или Гиешуанна, находится на юг от реки Дулюшидей (Это) прежде земля города Сусйе кангюйского малого князя. Имеет железные ворота, горы слева и справа обрывисты, камень цветом походит на железо"... Яғни Жиделі-Байсын жері сол заманда Кангюй елінің бес аймағының бірі Сусйенің қарамағында болған аумақ екен, кангюйлер - түрктер, олай болса б.з.д. 2 ғасырдағы Жиделі Байсынның тұрғындары түріктер болғандығында да күмән жоқ.

Сол секілді «Оғызнама» жырында да темір есікті үйді кездестірмейтін бе еді? Эрлик туралы аңыздар мен Темірханның темір қамалы секілді темір есікті ертегілер де өте көп: Бұл ертегілердің негізгі кейіпкерлер темір үйге қамалып қалады. Оның сыртынан от қойылады. Олар әлде бір ғажайыптың көмегімен («Ертөстікте» Көлтауысардың) аман қалады. Осылайша, жан қысылған ақырғы сәтте лаулап жанған темір үйдің есігін бұзып шығатын бұл миф-ертегілер мен кейінгі Ергенеқон, Өтүкен аңыздары және алғашқы жарылыс,  ғаламдық жұмыртқа секілді аңыздардың барлығының да түпнегізі бір болып отыр деуге болатын секілді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1984. – 350 б.
  2. Қондыбай С. Толық шығармалар жинағы  9 том Арғықазақ мифологиясы: 1- Кітап:Арыс, 2008.-528 б.
  3. Толық шығармалар жинағы Қондыбай, Серікбол ; [ред. Д. Секер. Ш. Жамықаева ]- Алматы : Арыс, 2008 .
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?