Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркістан – туризм ордасы. I

3469
Түркістан – туризм ордасы. I - e-history.kz
Еліміздің қай өңіріне барсаң да киелі жерлерге толы. Соның бірі – Түркістан өңірі

«Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңірі берген несібі ғой..» деп қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға Мағжан Жұмабай жырлағандай, осы жерде туған әр қазақ рухани бай болуы тиіс. Екінші Мекке атанып кеткен бұл өңірге жыл сайын шет мемлекеттерден мыңдаған туристтер қатынайды екен. Жергілікті тұрғындар мен туристтер көптеп баратын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бөлек бөл өңірде ата-бабасына тағзым етіп, рухани азық алатын жерлер қаншама. Qazaqstan tarihy порталы #тарихитуризм айдарын бастап, көненің көзіндей болған жерлерді таныстырмақпыз.

Шығыс моншасы

Түркістан қаласындағы архитектура ескерткіші. Жартылай жер астына салынған көп күмбезді құрылыс күйдірілген шаршы кірпіштен қаланған. Қасбеттерінің сәндік әшекейлері жоқ, қабырғалары кірпіштен қаланған. Көлемі жағынан әр қилы 9 бөлмеден тұрады, олардың атқаратын өзіндік қызметі мен салыну уақыты жағынан ерекшелігі бар. Үйдің ішкі бөлігі құрамында: «балқы» күмбезімен жабылған моншаға кіре беріс бөлме, басты жуынатын зал – ортасында 8 қырлы тапшаны бар 8 қырлы зал, ыстық және салқын суағарлары бар залдар, т.б. орналасқан. Ыстық залда сылауға (массажға) арналған кең тапшан бар. Су суағарлар арқылы келеді. Моншаның іш жағы сыланған. Тапшандар мен едендері 1,5×0,8 м көлемдегі мәрмәр қалақтастан жасалған. Құрылымы дәстүрлі Oрта Aзиялық тәсілдегі қақпа үстіндегі күмбездерін, «балқы» күмбездерін, қорапты жабындыларды бейнелейді. Түтін жүретін көмейі мен жылытатын құрылым еден астына орналасқан. Оттықтан шығатын жылу басты залдың 8 қырлы тапшаны астына орналасқан күмбезді дөңгелек көмейге ағылып келеді де, осы жерден шеңбер секілді арналар жүйесі арқылы басқа бөлмелерге тарайды. Арналарда жылудың таралуын тез қамтамасыз ететін құдықтар бар. Кір су едендердің еңкіш төсемелеріне жиналып, сыртқа ағып кетеді. 1979 жылы ескерткіш қалпына келтірілді.

Ескерткіштің республикалық маңызы бар. Кесененің оңтүстік-батыс бетінен 80 метр қашықтықта жартылай жер астына орналасқан. Археологтардың  зерттеуі бойынша монша 1580-1590 жж. Абдулла хан тұсында кесенеге зиярат етіп келуші көпшілік қауымға арналып салынған. Моншаның жалпы көлемі 17х15 метр, биіктігі 4,8 метр, кірпіштерінің көлемі түгел біркелкі - 25х25х5 см. 1975 жылға дейін жергілікті  халық  монша ретінде пайдаланып келген. Монша жартылай жерасты, бес күмбезді, қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылған. Әр түрлі кезеңде, әр түрлі мақсатта пайдаланылған тоғыз бөлмеден тұрады: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж т.б. бөлмелер. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырылды.

Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы – тарихи архитектуралық кешен.

Ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Иасауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап Әмір Темір салдырған кесене (хакана) негізінде Түркістан қаласында 1991 жылы ашылған. Бүкіл түркі жұртының, мұсылман қауымының қадір тұтатын киелі орны. Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің құрылысы ХIV ғасырдың ақырында салынған. Кесененің тұрғызылғаннан бергі тағдыры қазақ халқының тарихымен тұтасып кеткен. Кесене төңірегіне Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қасым хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б. белгілі адамдар жерленген.

1864 жылы маусымда Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтан қорғап тұрған кесенені Ресей генералы Черняевтің әскерлері зеңбірекпен атқылады. Әзірет Сұлтан мешітінің исламның Қазақстандағы басты орталығы ретіндегі діни қызметіне тосқауыл қоюға ұмтылған кеңестік тоталитаризмнің әрекеттері де ойлаған мақсаттарына жете алмады. 1978 ж. қыркүйекте Қожа Ахмет Иасауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы 28-ші тамызда Қазақстан Үкіметі жалпы көлемі 90 га жерді алып жатқан Түркістан қаласының көне ескерткіштер кешені негізінде Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын ашу туралы шешім қабылдады. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Иасауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, 12 ғасыр), Әулие Құмшық ата қылуеті (ХІІ ғасыр), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғасыр), Шығыс моншасы (XV-XVI ғасырлар), Есім хан кесенесі (XVII ғасыр), т.б. археологиялық, тарихи сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.

Қожа Ахмет Иасауи архитектуралық кешені ЮНЕСКО-ның Қызыл кітабына енгізілді. Ұлы Жібек жолының Алматы – Тараз – Түркістан бөлігінің қайта жаңғыруына сәйкес, Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтерінің қамқорлығымен Әзірет Сұлтанның мәдени, материалдық және рухани мұралары қалпына келтірілуде.

Гаухар ана кесенесі

Гаухар ана кесенесі оңтүстік жеріндегі көне ескерткіштердің бірі болып табылады. Өткен ғасырларда жартысы жаңбыр-суға шыдамай құлап қалған көрінеді, тәуелсіздік алған жылдары қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұл орынға ауруына шипа іздегендер көп келеді.

Тарихи деректер бойынша, Гаухар ана – Қожа Ахмет Иассауидің қызы. Гаухар ана бейіті – тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі, қазіргі Түркістан ауданы М. Әбенова ұжымы жерінде орналасқан, ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабыр орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қабыр жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды.

Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400 - 500 метр қашықтықта орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 174 метр. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. «2011 жылдың мамыр айында «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының Археология бөлімінің қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізіп, бірқатар мәліметтер жинақталды.

Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Дегенмен Ахмет Иассауидің 1101-1103 жылдары туылғанын, жиырма жасында үйленгенін есептей отырып, Гаухар ана шамамен 1122-1124 жылдары туылған деген болжам жасалған. 1167 жылы Гауһар ана 43 жаста болса, бұған тағы 20-30 жылды қоссақ, шамамен 1187-1197 жылдары дүниеден озған деп жорамалдауға болады. «Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар бас сақтаушы, кейіннен мұражай директоры болған О. Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша Гауһар аа қайтыс боларында «Мені інім Ибархим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті.

Аңызға сенсек, Ибрахимді Сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Гауһар ананың сағанасы жөнінде О. Дастанов ақсақал біраз ауызша берген дерегінде: «Біздің үйіміз Гауһар анаға жақын маңда болатын. Менің 5-6 жасар кезімде шешем жетектеп ертіп барып Гауһар анаға құран оқып, зиарат ететіні жақсы есімде қалыпты. Гауһар ананың басында күйген кірпіштен қаланған кесені бар болатын, келбеті қазіргі Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ кішігірім ғана еді. Күмбезі де көгілдір қышпен қапталған, бірақ жартысы құлап қалған, кесененің өзі төрт бұрышты болып келген өте ескі еді».

Қазіргі таңда Гауһар ана сағанасы мен зиарат үй көлемі 15х12 см топырақ тұғырдың үстіне орналасқан. Төртқұлақ сағананың сыртын айналдыра ені 0,7 м бетон жол құйылған. Құлпытастың ұзындығы 3,5 м, ені 1,5 м, биіктігі 1,6 м, күйген кірпіштен қаланып, сырты сыбалып, әктелген. Шырақшының бөлмесі көлемі 3,7х3,2 м, зиаратшылар бөлмесі 5,4х3, 1м. «Әзірет Сұлтан» қорық - мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014-2015 жж. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының бастамасымен Гауһар анамыздың басына кесене тұрғызылады. Кесене өлшемдері биіктігі – 9 метр, төрт жағының өлшемдері – 6 метр, порталды, бір жаппалы құрылыс. Жалпы қорғау аймағы 8 га аумақта орналасқан.

Үкаша ата зираты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі жерлердің бірі – Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана қазір көптеген туристерді қызықтырып отыр.

Халық арасындағы аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған екен. Үкаша сахаба сондай-ақ қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің қатарында болған. Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Ал кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.

Бірқатар деректерде Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес екені айтылған. Ол Пайғамбардың (с.а.у.) жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахабасы болғандығын көрсетеді. Пайғамбар сахабасы - Әли Мұхаммед (с.а.у.) алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған екен. Мұхаммед (с.а.у) өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады. Енді бір деректе Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы мынандай деректер айтады.

«Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», - дейді тарихшы.

Ал кейбір деректерде Үкаша ата бейітінің жанындағы қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Оның тереңдігі 22-25 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.

Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жер қайта жөнделіп, тәубе ететін орынға айналдырылды. 1996 жылы облыстық Мәдениет басқармасының «Әзірет Сұлтан» музейі қармағына берілді.

Үкаша ата зираты – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жырақта орналасқан. Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Мұнда адамның ниетіне қарай су берілетін құдық бар. Келушілер осы құдықтан бұйырған суын алып кетеді. Құдық тік емес, спираль тәрізді.

Үкаша ата құдығы

Аңыз бойынша, Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген” дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді. Аңызға жүгінсек, қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Үкаша атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді. Таң намазында басы сәждеге енді барғанда дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар. Себебі, құрбан болған сахабаның басы, сол балбұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті-міс. Бұл – Үкаша атаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек.

Жылаған Ата бұлағы мен үңгірі

Қаратау жотасының Жылаған Ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған Ата өзені бойындағы үңгір. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. «Жылаған Ата» үңгірі туралы аңыздың түбі бір болғанмен, бірнеше нұсқамен айтылады. Бірінші  нұсқасында ертеректе Қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Сонда әлгі кісі «Бір нәрсе бере гөр, бір нәрсе берсең болды!» дей береді екен. Әдетте адам баласы Жаратқаннан сәби тілегенде «Мейірімді, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеу қажет деген осыдан қалса керек.

Екінші бір аңызда: Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы «Балам, тоқташы!» деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой» деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір» дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбейді. Анасы «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін» дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол» дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен.

Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді. Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал пиғылы жаман қарау адамға ақпайды», – деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны – дегенмен де жұмбақ құбылыс.

Аңыздың үшінші нұсқасында: зайыбы дөп-дөңгелек мес (қарын) босанған соң, аң-таң болған жұбайлар тез арада молда шақыртады. Сонда молда: «Бұл тегіннен тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін шыдамдылық танытып, түсірмей жүруі абзал» деп өз жөнімен кете береді. Бірақ, қырық күн толғанда тағаты таусылған ана жолдасына қарап, «Қашанғы месті көтеріп жүремін» деп етегін жазып жібереді. Сайдан сырғи түскен доптай, әлгі мес домалап жерге құлап, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында асатаяғы бар кішкентай бала ытқып шығып: «Ата-анам, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадың ба?» – деп тауға қарай қаша жөнеледі. Артынан ата-анасы да қалыс қалмайды. Бала желаяқтай жеткізер емес. Таудың етегіне жақындай түскенде артына бұрылып қараса, ебіл-дебілі шыққан ата-анасын көреді. «Шөл қысқан болар» деп, аяушылық танытып, шар тәріздес дөңгелек тау тасын асатаяғымен түртіп қалады. Құдіреттің күшін қараңыз! Тастың дәл ортасы шытынап, үгіліп түседі. Сөйтіп бір қауға шелек сыятындай құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады. Содан бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, асатаяғымен айналасын түртіп, біршама жер қашықтықта қалған ата-анасын күтіп тұрады. Ахылеп-ухылеп жетуге таяп қалғанда, қайтадан тұра қашады (құдықтың айналасында баланың кішкентай іздері мен асатаяғының орны тасқа таңба басқандай өрнектеліп қалған). Бұл жолы бала таудың биік шыңына қарай өрмелеп, бейтаныс бір үңгірге біржолата еніп кетеді. Жалғыз перзентінен қол үзген ата-анасы егіле жылап қала берді. Міне, содан бері бұл жер (үңгір) «Жылаған ата» деп аталып кеткен. Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ суды ыдысқа құйып қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геологтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап таңғалған зерттеушілер «Бұл – шынында да Құдіреттің күші!» деген екен.

Бір күні бір жігіт ағасы ниет етіп үңгірдің басына түнейді. Ертесіне бір молданың намазға жығылғанын көріп, қасына отыра кетіп, ішінен дұғасын оқиды. Кенет арт жағынан нәрестенің шықылықтаған даусы естіледі. Жалт етіп бұрылып қараса, кішкентай бала құммен үйшік жасап, соны қызықтап отыр екен. Орнынан атып тұрған жігіт балаға жақындай бергенде, ол бірден үңгірге кіріп кетеді. Содан соңынан ілесуге тырысқан жігіт үңгірден аттай бере, ортада қысылып, шыға алмай қалады. Сөйтіп молдалар шақыртып, құран оқытып, әзер дегенде шығарып алған...  Рухани қастерлі жерлердің керемет энергетикасы болуы заңды, қазақ халқы мұндай тылсым жерлерді бір сөзбен әулиелі жер деп атайды.

Арыстан баб кесенесі

Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі ХІІ ғ. шамасында салынған. Мазар XIV ғасырда қайта жөнделген. Арыстан баб кесенесі ХХ ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35x12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жәнделді. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

Бұл кесене XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Сол құрылыстан кесілген айван тізбектері қалған. XVIII ғасырда көне мазардың орнында жер сілкінісінен кейін екі кесілген ағаш тізбекке тірелген айванмен салынған екі күмбезді құрылыс орнатылды. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынды. 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылды. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынды. Қазіргі кезде бұл кесене Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылман киелі жерлерінің бірі болып саналады Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда («Рисолаи Сарем-Исфижоб» және Куприлозада кітабы) Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізеді. Қазіргі кезде Арыстан баб мазары үстінде 30*13 метр аумағы бар кесене тұр. Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылды. Қожа Ахмет Яссауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туылып 1166 жылы қайтыс болған.

Арыстанбаб кесенесі - көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Бұл кесене XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Сол құрылыстан кесілген айван тізбектері қалған. XVIII ғасырда көне мазардың орнында жер сілкінісінен кейін екі кесілген ағаш тізбекке тірелген айванмен салынған екі күмбезді құрылыс орнатылған. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынған. 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылды. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған. Содан бері алғашқы салынған ою өрнектер сақталынған. Қазіргі кезде Арыстан баб мазары үстінде 30х13 метр аумағы бар кесене тұр. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік . Тарихи деректер бойынша XII-XVIII ғасырларда кесене бірнеше рет қайта салынып, қайта жаңартылған. Қазіргі кезде бұл кесене Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылман киелі жерлерінің бірі болып саналады.

Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: « Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: « Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда («Рисолаи Сарем-Исфижоб» және Куприлозада кітабы) Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізеді. Қожа Ахмет Яссауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туылып 1166 жылы қайтыс болған. Мұсылмандар ішінде Қожа Ахмет Яссауи Мұхаммед пайғамбардан соң екінші болып саналады. Арыстан баб кесенесі - Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы жерленген орны болып келеді. Аңыз бойынша, о дүниеге кетер алдында Мұхаммед пайғамбар Арыстан бабқа аманат тасбиғын берді, ал ол 11 жастағы бала Қожа Ахмет Яссауиге ұсынды. Арыстан баб кесенесі жанында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Оны аңыздар бойынша Қ.А Яссауидің ұстазы мен жол бастаушысы болып саналады. Арыстан баб XII ғасырда жерленген. Жуықтап сол кезде кесене де салынған. Бұл сақталған кесене XX ғасырдың басында  жергілікті халықтың қаражатымен қайта қалпына келтірілген. Бірінші бөлмеде Арыстан баб орналасқан, екіншісінде - шәкірттері Хермет-баба, Қарға баба, Лашын баба жерленген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған.

Дайындаған  Нұрлан НҰРЫШОВ.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?