Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тоғыз тоғыс және жеті амал

3911
Тоғыз тоғыс және жеті амал - e-history.kz
Қазақ халқы бір жылдың 365 күнін әрқайсысы 90 күннен тұратын төрт мезгілге (кейбір зерттеушілер мұны төрт дүлей деп атап жүр) бөліп қарастырады

Бұларды күнделікті өмірде көктем, жаз, күз және қыс деп шартты түрде атағанымызбен бұрынғылар бұл мезгілдерді су, от, топырақ және ауа секілді төрт жаратылыстың үстемдік құратын  уақыты деп санаған. Мәселен көктемде дүниенің барлығын су басады, жазда көк шалғын (от) және ыстық ауа райы орнайды. Күзде шөп сарғайып, ыстық қайтады. Топырақ көрініп, жер демалады. Ал қыста алдыңғы үш дүлей тыныштық тауып боран мен ұйытқыған желдің уақыты келеді. Осы төрт дүлейдің қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран секілді құбылыстарын амал деп атаған. Амалға қарап болжам жасаған, малын төлдетіп, көшін түзеген.

Қазақтың дәстүрлі ұғымында «күннің тоқырауы», «қарашаның қайтуы», «үркердің батуы», «мұздың қатуы», «киіктің матауы», «қыс тоқсан» және  «ай тоғамы» деп аталатын жеті түрлі амал бар.

Күннің тоқырауы деп күн мен түннің ең ұзақ мезгілдерін атаған. Яғни маусым айының  21-нен 22-сіне қараған күннің ұзарып, түн қысқаруы. Ал қысқы тоқырауда (21-22 желтоқсан) түн ұзарып керісінше күн қысқарады.

Ай тоғамы – айдың Үркер шоқ жұлдызымен тоғысуы. Бұл уақытта ай мен  үркер бір-бірінен алыс түссе  жайсыз ауа-райы келе жатыр деп алдын-ала қам жасап, малын жайлы жаққа айдаған. Керісінше үркер мен ай жақын туса көрінсе мал-жанға жайлы болады деп жорамал жасаған.  

Қарашаның қайтуы –  жаз бітіп күз басталатын уақыт. Бұл мезгілде құстар жылы жаққа қайтып, ауа-райы да құбылмалы күйге түседі.

Мұздың қатуы – судың бетін жұқа мұз басып, алғашқы қар жауған шақтан басталады. Бұл кезең  «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» кезі наурызға дейін жалғасады.

Киіктің матауы –қыркүйектің аяғы, қазан, қараша айының басына сәйкес келеді. Бұл кезде киік, таутеке, арқар секілді тұяқты жануарлардың текесі үйірге түседі. Бұл кезді осыған байланысты теке бұрқақ деп те атаған.

Үркердің батуы – үркердің мамыр айының 10-жұлдызында батып, маусым айының 20-жұлдызына дейін көрінбейтін 40 күн аралығы. Көшпелі бабаларымыз «үркер жерге түспей жер қызбайды», «үркер суға түссе, жаз жаңбырлы болады» дейтіні осыдан болса керек.

Сонымен қатар бұл амалдарға бесқонақ, және кіші қараша деген амалдарды да қосып жүр. Бұл амалдар көбінесе еліміздің батыс өңірлерінде айтылады.

Бесқонақ – наурыз айының 8-20 күндері аралығында болатын жауынды-шашынды күндер. Жұрт бесқонақтан қатты сақтанып, күтініп отырған. Бұл күндері тойдан қайтқан бес қонақ, боранға ұшырап, үсіп өліпті деген ел аузында аңыз бар.

Кіші қараша – 20-қазан мен 10 қараша аралығында. Ауа-райы құбылып, қар аралас жаңбыр жауады, ызғырық жел соғады.

Тоғыс ұғымы

Қазақ қалқының үркер шоқжұлдызының қозғалысына негіздеп жасаған дәстүрлі күнтізбесін  «Тоғыс есебі» деп атаған. Бүгінде тоғыс есебі туралы деректер әлі бір ізге түсе қойған жоқ.  «Көнекөз қариялардың азайып кетуіне байланысты ұлттық танымға негізделген төл күнтізбемізден айырылып қалу қаупі бар. Бірақ соған қарамастан зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі – белгілі зерттеуші Қадан Қабисатұлы. Қадан ағаның айтуынша, әрбір тоғыс үш күнге созылады. «Айдың үркерді басып өтуі - тоғыс деп аталады. Осы үркерге қарап  қыс пен жаздың басын анықтаған. Халықтың «Үркер шаңырақтан көрінсе үш ай  тоқсан қысың бар, ел жатқанша үркер жанбасқа келсе жаз шықпағанда несі бар»  деп тәмсілдеген. Күз басында үркер іңірде күншығыстан, қыс басында іңірді төбеде, көктем басында іңірді күн батыстан көрінеді.  Өкінішке қарай, бүгінде тоғыс есебін жүйрік білетін есепшілер мен дана қариялар азайып кетті» дейді ол. Енді осы зерттеушінің мәліметтерін сөйлетейік:

Дәл тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында тасада қалады да, жердегі адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Бір тоғыстан  екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Үркер күн мен айдың орбитасына жақын болғандықтан оған қатысты күн мен айдың орналасуына қарап жыл мезгілін, айдың қай тоғыс екендігін анықтап отырған. Күнтізбені үркердің қозғалысына орай көшпелі халық шаруашылығын, науқанды жұмыстарын да тоғыс есебіне сәйкестендірген.

Тоғыс айының  ұзақтығын ғылымда 27 күн 7 сағат, 43 минут деп есептейді. Мұны жуық шамамен 28 күнмен есептейміз. Бір жылда 13 тоғыс айы немесе ай мен үркер бір жылда 13 рет тоғысады.

Жаз басында  үркер аспан сферасының екінші жартысында көкжиектен төмен кетеді де, жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күн көрінбейді. Қазақ мұны  үркер 40 күн жерде жатады деп айтады. Сол 40 күнде екі рет тоғысуға тиіс. Бірақ біз көре алмаймыз, тек он бір тоғысты ғана көре аламыз.

13 тоғысты 28 күнмен көбейткенде 364 күн болады. Бұл мизамша санаудан бір-екі күн кем деген сөз. Бұл күндер жыл аяғында тоғыстан тыс қосылып отырады. Тоғыс есебі бойынша жыл басы — бір тоғыс ай. Ол әрдайым мамыр айына сәйкес келеді. Бұрын жыл басын мамыр айынан есептеген. Бұл айда құстар келіп болады. «Жыл құсы» деген атау осыған байланысты.

Сонан соң 25, 23, 21, 19, 17, 15, 13, 11, 9, 7, 5, 3 тоғыс айлары келеді. Ең ақырғы тоғыс - 3 тоғыс айы. Тоғыс үнемі  тақ санға келе бермейді. 4, 6, 8 тоғыс та болуы мүмкін. Қалыптасқан дәстүр бойынша оны тақ санға сәйкестендіріп айта береді.

Тоғыс есебі ежелгі түркі және үнді халықтарына белгілі болған. Мәселен, қазақтар, қырғыздар, хакастар, алтайлықтар, тувалар қолданған тоғыс айларының әдеттегі айлармен сәйкестігі төмендегідей болып келеді.

23 тоғыс шілде

21 тоғыс тамыз

19 тоғыс мизам

17 тоғыс қазан

15 тоғыс қараша

13 тоғыс желді

11 тоғыс қаңтар

9 тоғыс үштің айы

7 тоғыс бірдің айы

5 тоғыс көкек

3 тоғыс мамыр

1 тоғыс маусым

Басқа да амал түрлері

Қадан Қабисатұлының нұсқасы

Тоқырауын амалы — қаңтардың жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Бұл -  күн тоқтаған кезге байланысты келетін амал.

Ақпан амалы - үт айының онында кіріп, он бесінде шығады. Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой  бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге ығып, далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан ақпан амалы қалған дейді. Үт амалы - үт айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады.

Наурыз амалы - бірдің айының онында кіріп, он бесінде шығады.

Әз амалы - бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Әзді ақ сақалды үлкен қария адамның бейнесімен бейнелеп түсінеді.

От амалы - көкектің онында кіріп, он бесінде шығады. Сіріңке жоқ заманда  көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақтан адасып үсіп өледі. Осыдан от амалы атанған. Керейлерде «от амалы  - оңына бақса от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген тәмсіл сөз бар.

Сәуір амалы - мамыр айының онында кіреді. Кейбір жылы сәуірде ауа райы бұзылып 40 күнге жалғасады. Қариялар сәуір амалы кіргенде бұлтты бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойды дейді. Ол жылы сәуір амалы ұзаққа созылып, бұлт төніп, мұз жауады. Сондықтан «сәуір болмай тәуір болмас» деген тәмсіл.

Саратан Зауза амалы - маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Сартан-Зауза атанған. Амалдар жөнінде басқа қазақ жерлерінде әр түрлі варианттар айтылуы мүмкін. Бұлардың сыртында «көкірекшал», «құралайдың салқыны», «аласапыран», «бұлбұл торғай» сияқты амалдар айтылады. Наурыз айының жиырмасы кезінде аласапыран деген амал кіреді.

Құралайдың салқыны - шамамен мамырдың жиырмасында болады. Бұл — аң төлдейтін мезгіл. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Аң солай өрлеп бұлтпен тасаланып төлдейді. Амал бірнеше күнге жалғасады. Киіктердің құралайы аяқтанады. Амал аты осыған байланысты қойылған.

Бұлбұл торғай амалы - жаз басында болады. Жаз торғайының келуіне байланысты болуы мүмкін.

Есенгелді Нұршаевтың нұсқасы

Қазбек наурызы – 23 ақпанда болады. Бұл кезде інде жатқан тышқан жер бетіне бір шығып, қыс ызғары қатты болса, қайта ініне барып жатады, - дейді. Бұл көлденең шөпке жан кіретін кезең делінеді.

Наурыздың ақша қары – 10-15 наурыз шамасында жауады. Бұл ескі күнтізбе бойынша жылдың басы. Ертеде оны «Наурыз-айт» деп, мереке ретінде атап өткен. Қазір де ел арасында ескіше Жаңа жыл ретінде бір-біріне игі тілектер айтып, көрісіп жатады. Мұнда ешқандай діншілдік пиғыл жоқ.

Отамалы – 22-27 наурыз шамасында. Бұл кезде ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан, оны отамалы – ойылған қыс деп те атайды. Кейде орыстың қалталы қара Иваны ғой деп те қояды.

Бесқонақ – 8-20 сәуір аралығында. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып, 10 күнді құрайды. Сондықтан, бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Ертеде «осы күндердің ішінде көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел аузында аңыз да бар. Бесқонақтың дауылынан кейін Қаратамақ, Саршыбжық торғай келеді.

Құралай – 28 мамырдың о жақ-бұ жағында. Бұл киіктің лағын өргізетін кез. Киіктің құралайындай деген сүйкімділік ұғымы осыдан келіп шыққан.

Кіші қазан – 28 қыркүйектен кейін, 4-5 күн шамасында өтеді. Күн суытып, алғашқы салқындық болады. Жиналмаған егінге қауіп төнетіні осы шақ.

Үлкен қазан – 8 қазаннан кейін келеді. Салқындық болып, шөп солып, ағаштың жапырақтары түсе бастайды.

Кіші қараша – 28 қазан-8 қараша аралығында. Ауа райы құбылып, бұзылады. Қар аралас жауын-шашын, үскірік жел болып, күздіктегі малшыларға қиындық туғызады. Қараша, қаздар мекеніне қайта бастайды.

Үлкен қараша – 18-28 қараша аралығында өтеді. Бұл «кіші қарашадан» гөрі, қыстың алғашқы хабаршысы іспетті қаһарлы болады.

Киіктің матауы (бұрқағы) – 19-29 желтоқсан аралығында. Бұл кезде көбіне қар жауып, ұйытқыған боран болады. Осы уақыттың ішінде киіктің текелері өзіне табын құрып, шағылысқа кіріседі. Сөйтіп, бұл табиғи науқан 10 күннің ішінде ұйымшылдықпен өте шығады да, көктемде әр ұрғашы киік екеуден лақ өргізеді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?