Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ерте сөнген жарық жұлдыз

3231
Ерте сөнген жарық жұлдыз - e-history.kz
Бүгін композитор, ССРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚазССР-нің еңбегі сіңген өнер қайраткері Мұқан Төлебаевтың туған күні

Осыған орай композитор туралы қысқаша дерек ұсынуды жөн көрдік.

Қазақ жазба музыкасының негізін қалаушылардың бірі Мұқан Төлебаев 1913 жылы 13 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауылында дүниеге келген.

Азан шақырып қойған аты – Мұхамедсәлім.

Әкесі Төлебай Үйсінбайұлы еңбекқор, ұста ретінде белгілі, анасы Тәжібала Ақшалқызының суырыпсалма ақындық дарыны болған екен. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Мұқан отбасы көмектесу үшін «Үлгі» ұжымшарында есепші болып қызмет еткен.

Өнерлі жастардың басын қосып, аудан орталығында «Жұмысшы жастар» театрын құрған. 1936 жылы дарынды жастар слетіне қатысып, Мәскеудегі П.Чайковский атындағы консерватория жанынан құрылған қазақ студиясына жолдама алып, оқуға түседі.

1941 жылы әрі соғыс басталып, әрі денсаулығы сыр берген Мұқан Төлебаев Алматыға қайтып оралып, 1942-1944 жылдары халық аспаптары оркестрінің дирижері болады. Е. Брусиловскийден сабақ алған Мұқан Төлебаев онымен бірлесіп «Амангелді» операсын жазады.

1946 жылы «Біржан-Сара» операсын жазып, оның сәтті шығуына орай 1949 жылы Мемлекеттік сыйлықты иеленеді. 1947 жылы Мәскеудегі оқуын қайта жалғастырып, оны 1951 жылы бітіріп шығады. Мәскеу консерваториясында оқып жүргенде « Мәскеуге сәлем», «Жастық шақ», «Шаттық жыры», «Есімде», «Әнші сыры», «Домбыра сыры», «Қанатым», «Фестиваль әні» деген сияқты әндерді шығарады.

1948 жылдан Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, ал 1956 жылдан 1960 жылға дейін Қазақстан композиторлар одағының басқарма төрағасы болған.

1958 жылы «Коммунизм оттары» кантатасы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иеленеді.

Ол – Е. Брусиловский және Л. Хамидимен бірге Қазақ ССР-нің алғашқы әнұранының авторы.

1958 жылы Мәскеудегі әдебиет пен өнердің онкүндігінің концертін Мұқан Төлебаевтың «Отан даңқы» шығармасы қорытындылап, көрермендердің қошеметіне бөленеді. 

1959 жылы М. Төлебаевқа «ССРО халық әртісі» құрметті атағы беріледі.

Музыка өнерінің көгіндегі Мұқан Төлебаев сынды ерекше жұлдыз 1960 жылы ерте сөнді. Бұған себеп – созылмалы өкпе дерті.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды ұлы композитордың 100 жылдығына орай «Мұқан Төлебаев жылы» деп атады. Осы мерейлі датаға орай сазгердің туып-өскен ауылында Мәдениет үйі ашылып, М. Төлебаев есімі берілді. Талдықорған қаласында М. Төлебаев ескерткіші ашылды. 1993 жылдан бастап Алматыда Мұқан Төлебаевтың мұражай-үйі жұмыс істеп келеді.

Ерте сөнген жұлдыздың соңында өлмес мұра боп қалған шығармалары: «Амангелді» операсы (Е. Брусиловскиймен бірге), «Біржан-Сара» операсы, «Коммунизм оттары» кантатасы, «Қазақстан» поэмасы және т.б. «Нияз бен Раушан» және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» опералары аяқталмай қалған.   

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?