Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұшқан құспен таласқан

2484
Ұшқан құспен таласқан - e-history.kz
Колхоз бастығының ат иесімен келісуі ұзаққа созылмаған, орнына бір құлынды бие айдап, айырбастап алады. Атақты атбегі мен сайыпқыран сәйгүлік осылайша табысыпты

Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, біз арғымақтан жаралғанбыз!

Асқар Сүлейменов.

Қазақ даласы – жылқы жануарының ең алғаш қолға үйретіп, жер жаһанға таратқан ерекше өлке. Адамзат баласын басқаруда үстемдікке жеткен ата-бабаларымыздың ерлік істері жылқымен тікелей байланысты болды. Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты»,  – деп жазды. Демек, бұл өз дәуірінде жылқыны жетік меңгерген жұрттың жаңа құрлықты ашу немесе ғарышқа сапар жасаумен тең оқиғаға баланған.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығы мен күллі дүниетанымында жылқыдан тыс тұратын дүниесі жоқ. Жоғарыда біз эпиграфта келтірген жазушы А. Сүлейменовтің сөзі осыған айқын дәлел. Бізді қайдам, жаны жылқыдан жаралған адамның бірегейі – Бошай Кітапбаев еді ғой.

Алтайдай асқардың ақиық қыранындай болған бұл ақсақал ғұмыр жүзінде жылқы малын жетік біліп-өскен, алыстан тұрып-ақ таныған талғампаз атпаз, жылдар бойы жинаған бай тәжірибесімен тұтастай мектеп қалыптастырған ерекше тұлға болды. Совет-герман соғысынан мүгедек болып оралғанымен, артта қалған сол кездегі Ленин колхозын (қазір бұл ауыл Алтынемел деп аталады) өрге сүйреп, миллионер атандырған жанкешті Еріміз осы кісі. Бошай атаның Үлкен Нарын ауылдарында қыста шанаға, жазда арбаға жегіліп, басшы адамдарды тасып немесе қой қайырған көп қойшының бірінің тақымында тепкіде жүрген мініс аттарын көріп қалып, шама-шарқын танитын айрықша қабілеті болыпты. ХХ ғасырдың 60, 70, 80 жылдары ішінде Самолеттен бастап атақты үш қара мен Тайжиренге дейінгі жүйріктерді шығарған Кітапбаевтың жылқы танудағы ішкі түйсігіне, интуициясына таң қалмасқа амалыңыз жоқ.

Сонарлы сөздің басы Самолеттен басталады.

Бұл бір қызық оқиға алпысыншы жылдардың басында болған екен. Бірде Ленин колхозының бастығы көлікпен бұрынғы Үлкен Нарын ауданы шаруашылықтарының бірінің аумағынан өтіп бара жатады. Жол жиегінде әлдебір совхоздың қойын қайырып жүрген қойшының астындағы аттан көз айырмай ұзақ қарайды. Отардан үркіп шығып, безе қашқан саяқ қойларды қайырмаққа қойшы үзеңгі тебінген кезде астындағы атының ытырылып шыққан шалт қимылы, елпек те шапшаң жүрісі шынымен де сырттан қараған кісінің назарын аудармай тұрмайтындай еді. Бошай ақсақал өз көзіне сенер-сенбесін білмей, әлгі қойшыдан тағы бір шауып өтуді сұрайды. Көңілі әбден сеніп, жылқының тегін емесін білген ол мұндай ғажайыпты көрмегенін айтып, таңдай қаға түседі.

Колхоз бастығының ат иесімен келісуі ұзаққа созылмаған, орнына бір құлынды бие айдап, айырбастап алады. Атақты атбегі мен сайыпқыран сәйгүлік осылайша табысыпты.

Кітапбаевтың қолына түскен жылқыға Самолет деген ат қойылады.  Абай атамыз жырлаған «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» дейтін ат сипаты Самолетке келетіндей. Марат Кітапбаевтың «Председатель» кітабында жүйріктің дене-тұрқы, түр-түсі мен мүмкіндігі жайлы қызықты деректер бар. Онда:

«Биік шоқтық, мықты және мейіздей қатқан түзілім өн бойында үйлесім тапқан. Жерге дейін шұбатылған жал-құйрығы жарыс кезінде желмен таласа желбірейтін. Түгі жиі кездесе бермес откүрең еді. Бойына лайық көсілетін ұзақ шабысы жылдамдығына жылдамдық қосатын. Куәгерлердің еске алуынша, Самолет сағатына жетпіс шақырымға дейін бағындырды. Жалпы, тұрқы биік жылқылар ұзақ қашықтыққа төзімділігімен ерекшеленбесе де, Самолеттің шыдамдылығы ерек еді», –

деп жазады.

Алпысыншы жылдардың ат бәйгесі аудан, облыстан ары ұзаған жоқ. Ең ұзады дегені Өскеменнен аспайтын. Облыстық ат жарыстар алаңы әр ауылдың кіл жүйрігі жиналып, бап мен бақ сынасатын айтулы кезеңі ғой, мұндайда әуелгі жаратылысынан талантты немесе өте жақсы бапталған сәйгүлік топ жаратынын белгілі.

Салған жерден ытырылып шыға келетін Самолет сол кездегі барлық бәйгеде көмбеге бірінші жетіп жүрді. Ол осы шабысынан танбай кетті. Оның жеңімпаз болуға деген ұмтылысын байқаған Юра Оразаев есімді шабандоз:

«Самолет байсалды еді, шабандозға қиындық тудырмайтын. Алайда өзге жылқының озғанын қаламайтын. Егер алдында шауып бара жатқан жылқыны көрсе, құлағын жымқырып алып жылдамдығын үдете, алға шықпайынша тыншымайды. Яғни, жаратылысынан жеңімпаз болып туған жылқы», –

деп еске алады.

Бір өкініштісі, двигателі бірден от алатын ұшақтай зырылдаған қайран Самолеттің атшабардағы жұлдызды сәттері қысқа болды. Жаттығулардың бірінде ол аяғынан ауыр жарақаттанады. Мал дәрігерлері ұзақ уақыт емдегенімен, Самолеттің зақымданған аяғы жазылмады. Ақын Ә. Рақымбекұлы жырлағандай: «Амал не, арғымақ қайта шаппаған».

Үлкен Нарынның жеңіс дәстүрін Самолеттен соң, Солдатов ауылынан шыққан торы тұлпар шығып жарқыраса, уақыт тілі тоқтаусыз 1970 жылдарға жақындай түседі.

Әңгімеміздің ендігі өзегі, құлақ күйі Құланқараға түседі.

Жалғасы бар...

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?