Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих – халықты біріктіруші фактор

2694
Тарих – халықты біріктіруші фактор - e-history.kz
Қазіргі алмағайып заманда ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалап, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау ең өзекті мәселе болып отыр

Біз іске асыратын құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуы тиіс. Сондықтан да жаһанданып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету басты парызымыз.

Осыған байланысты ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған рухани жаңғыру үдерісіне көшу қоғамдағы экономикалық және саяси реформаларды табысты жүзеге асыруға негіз болды. Рухани жаңғыру қазақстандық ұлттық бірегейлікті сақтауды және қазақстандықтардың санасының жаңа уақыттың құндылықтарына ашықтығын білдіреді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихшыларға тың шабыт береді. Ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөлетін Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «әр қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады». Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр екені белгілі.

Президенттің бүгінгі мақаласы біздің ұлттық бірегейлігіміздің барлық тұжырымдамалық мәселелерін көтереді және сөзсіз, көптен күтілді. Өйткені, біздің тарихымыз тек Қазақ хандығының құрылуынан емес, одан әріден бастау алады. Біздің тарихымыз кезінде совет билігі тарапынан қуғынға ұшырады және біз қазір ғана өзіміздің ұлттық кодты сезіне бастадық.

Президент өзінің мақаласында адамзат тарихының және біздің ұлттық тарихымызға жаңа тұжырымдамалық көзқараспен, яғни, тәуелсіз Қазақстанның көзқарасымен қарауға шақырады. Бұл Ұлы Даланың әлемдік тарихтағы рөлі туралы ойлауға қозғау салады. Мәселен, Ботай мәдениеті, Берел қорғаны, Алтын адамның табылуы Ұлы Далада дамыған бірегей технологиялардың бар болғанын дәлелдейді және сөзсіз адамзат өркениетінің дамуына негіз болды.

Біздің тарихымыз – Қазақстан халқының біріктіруші фактор, барлық азаматтар үшін шабыт көзі болуы тиіс. Қазақстандағы көпұлтты қоғамның қазіргі ұлттық даму сатысындағы өзіне тән ерекшеліктердің бірі – әртүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан сан-алуан әлеуметтік-мәдени құрылымдардың қатар өмір сүруі және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы деп айтсақ болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласында қоғамды өз тарихынды құрметтеуге және зерттеуге, өткеннен сабақ алуға шақырады. Өйткені, кез келген ұлттың тарихы ерлікке, жеңістер мен қайғылы беттерге толы, біздің міндетіміз оларды сол күйінде қабылдау. Ол үшін ғылыми көзқарас керек. «Ұлы Даланың жеті қыры» тек қана қазақ халқына ғана емес, сондай-ақ, бүтін халықаралық қоғамдастыққа академиктерге, тарихшыларға, мәдениет және өнер қайраткерлеріне, мұражай және мұрағат ісі саласындағы мамандарға арналған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастықты Дала өркениетінің мәдени-тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырады.

Алдыңғы мақаласында Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың рухани әлемінің дамуын байланыстыратын ғаламдық, аймақтық және елдік әлеуметтік сана үрдістерінің үш өлшемін: өткен, бүгінгі және болашақтағы парадигмалармен байланыстыратын жобаларды атап өтті. Бұл өте күрделі және көп деңгейлі құрылым. Ол Мемлекет басшысы атап өткендей ұлттық кодты сақтай отырып, ұрпақтарды байланыстырады және сабақтастықты қалыптастырады.

 

Дархан ЖҰМАҒАЛИЕВ, Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?