Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы

2794
Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы - e-history.kz
Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады

Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты.

Мұғалім беделінің төмендеуіне әсер ететін объективті және субъективті факторлар болатыны белгілі. Объективті факторлар қоғамдық жүйеге, мемлекеттің ішкі саясатына байланысты жәйіттар. Күнкөріс қамымен 90-шы жылдары көптеген мұғалімдер басқа салаларға ауысып кетті. Табыс жақсы болғандықтан мектепке оралғандары шамалы болса керек. Жаппай нарық экономикасына көшу кезінде жеке меншік оқу орындары көбейіп, арзан оқу ақысымен студенттерді оқытып, орта деңгейде білім алған мұғалімдер қатары да көбейді. Олардың қатарын жоғары оқу орындарының «сырттай оқу» бөлімдерін ақшаның күшімен оқып бітіргендер толықтырды. Осындай факторлардың бәрі мұғалім беделінің төмендеуіне тікелей әсер етті. Ал «орташа» деңгейдегі мұғалімдер шәкірттеріне өз деңгейінде ғана білім беретіні түсінікті.

Үш ауысымды мектептерде жұмыс істеу, жаз-күз мезгілінде оқушыларды апта сайын көше сыпыруға апару, сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарына, халық санағы кезінде үй аралап тізім жасау, жергілікті әкімдіктер тарапынан түрлі жиындарда залды толтыру үшін мұғалімдерді жұмсау және т.б. қосалқы тапсырмалар мұғалімдердің уақытын жеп, оларды шаршататын.

Ақпарат құралдарында мұғалімді балағаттау, жәбірлеу, ұру тәрізді оқиғалар жиілеп кетті. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төменгі балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандыққа баратын жағдайы да белгілі. Жалақының аздығынан, қалалық жерде пәтер алу мүмкіндігінің шектеулігінен, мұғалім жұмысының қиындығынан және т.б. себептерден мектептерде ер мұғалімдер үлесі де азайып кетті. Көп жылдық тәжірибесі бар мұғалімдердің айтып жүргеніндей бұл мектептегі ұлдар тәрбиесіне, болашақ ер азаматтың мінез-құлқының, батыл да жігерлі болып қалыптасуына зиянын тигізуі мүмкін. Мұғалім беделінің түсуі оқушылаардың білім сапасына ғана емес, кейбір өңірлердегі мектептерде химия, физика, математика, ағылшын тілі пәндері мұғалімдерінің тапшылығына да әкелді.

Ал, қазіргі бәсекеге толы дүниеде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналуда.

Философтардың пайымдауынша өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен XXI ғасырдың басы жаңа заман болып табылады. Жаңа қоғам жаңа қатынастар қалыптастырады. Жаңа заман жаңа адамды дүниеге әкеледі.

Жаңа адамды тәрбиелеу, білім беру мектептен, мұғалімнен бастау алады. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқанындай «жаңа формацияға жаңа педагог қажет» болуда.

Әлеуметтанушылар Қазақстан қоғамының әлеуметтік құрылымының өзгеруі басталғанын айтуда. Ұрпақ алмасуда. Өткен ғасырдың соңында және XXI ғасырдың басында туған жастар үлкен өмірге араласа бастады. Оларды бүгінгі қоғамның локомотиві деп бағалайды. Жастар заманауи жаңа талаптар мен технологияларға сай білім алуға ұмтылуда. Сондықтан жоғары оқу орындары да жаңа заман талаптарына сай, сапалы педагог мамандар даярлау ісіне баса назар аударуда. Талапты, дарынды жас ұстаздар мектепке жаңа идея, жаңа леп әкеледі.

Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында білім беру ісіне, ұстаздар қауымына үнемі көңіл бөліп отыратыны көпшілікке мәлім.

Елбасының тапсырмасымен құрылып, жұмыс жасап жатқан Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің білім жүйесіндегі үлгісі болуда. Үкімет тарапынан «Үздік педагог» конкурсы ұйымдастырылып, «Ең үздік ұстаз» атағы тағайындалып, конкурстардан үздік шыққандарға көлемді сыйақылар берілуде.

Елбасы Жолдауындағы педагог мәртебесін көтеру туралы хабар тек ұстаздар қауымын ғана емес барлық қоғам мүшелерін қуантты десе де болады. Өйткені еліміздегі әрбір балалы жанұя ерте ме, кеш пе мектеппен байланысты болады. Баласына білім мен тәрбие беретін мұғалімінің жалақысының аз, тұрмысының жұтаң болғанын ешкім де қаламайды.

Нарықты экономикаға көшкен тұста мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеру кезек күттірмес маңызды мәселенің біріне айналды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру ең алдымен оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер басталып та кетті.

2018 жылы мектеп мұғалімдері үшін біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде 34 мыңнан астам мектеп мұғалімі біліктілік санатына ие болды. Сынақтан өткен мұғалімдерге қосымша төлем қосылды. Жалпы, қосымша төлем ҚР Білім және ғылым министрінің мәлімдеуінше санатына қарай 30 бен 50 пайыз аралығында өзгереді.

Жасалатын жаңа заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатыны белгілі болды.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға тартуды тоқтатуды тапсырды. Сонымен қатар мұғалімдерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатынын мәлімдеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру мәселесін ерекше айтты.

Бұл заң мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын құқықтық тұрғыда реттейтін болады. Сонымен бірге мұғалімнің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі де нақты айқындалатыны белгілі.

«Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылдау қажеттігі ТМД елдерінде 2004 жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе екені белгілі. Елбасымыз ұсынған заң келесі жылы қабылданатыны белгілі. Осыған орай кезінде Ресей билігі қолданғандай біздің Үкімет 2020 жылды «Мұғалім жылы» деп жариялап, «Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асырудың бастамасы ретінде жарияласа дұрыс болар еді. «Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын - мұғалімдікі» деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай болашақта ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деп сенеміз.

Сейітқали ДҮЙСЕН, 

Мемлекет тарихы институының жетекші ғылыми қызметкері, 

педагогика ғылымдарының кандидаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?